Жаңалықтар

Отбасындағы қыз тәрбиесі (II бөлім)

Әдептен озбау – үлкен қасиет
Отбасындағы қыз тәрбиесі (II бөлім)
24.11.2021 11:34 31643

«Жүректен қозғайын, әдептен озбайын» дейді Хәкім Абай. Иә, расымен де әдептен озбау – үлкен қасиет. Ол – адамның білімділігін және мәдениеттілігінің көрінісі. Қазақ халқы бұрыннан жақсы мінез-құлқымен әрі өнегелі ісімен көпшіліктің көзіне түскендерді «әдепті бала» екен деген. Осы әдептілік, әдемілік жайында Жамал Байжанованың «Қызым, саған айтам...» еңбегін негізге ала отырып, әңгімелейтін боламыз.

Біздің тілімізде әдептілік, сыпайылық, ізеттілік деген мағыналас сөздер бар. Бұлардың түпкі төркіні — белгілі моральдық нормаларды мүлтіксіз орындау, яғни ата-ананы құрметтеу, үлкенді сыйлау, шыншыл, әділетті болу, сондай-ақ адамның көпшілік алдында өзін өзі дұрыс ұстай білуі. Әдептілік - адамның бала жасынан алған тәрбиесіне, өскен ортасына, төңіректегі адамдардың өзара қарым-қатынасына байланысты қалыптасатын қасиет. Олай болса, біздің социалистік қоғамдағы жоғары саналы, ой-өрісі кеңейіп, сезімі кәмілденген, білімді жастарымыздың бәрі де әдепті болуға тиіс.

Адамның әдептілігі оның сөйлеген сөзінен, істеген ісінен, мінез-құлқынан, әр түрлі жағдайда өзін ұстай білуінен, ағайын-туыстары, жолдас-жораларымен арақатынасынан, жалпы барлық жүріс-тұрысынан көрініп тұрады. Біз әдепті жасты толық мәдениетті адам дейміз. Ондай жастарды көргенде көзін тойып, көңілің көтеріліп, жаның жадырап қалады. Мысалы, автобустың яки трамвайдың ішіне үлкен кісілер кіріп келсе, қазіргі жастарымыздың көпшілігі ұшып түрекеліп, орнын ұсынады, кейбір кәрі кісілер немесе мүгедек адамдар автобустың басқышына көтеріле алмай жатса, іште тұрған жастар қолынан тартып мінгізіп алады. Әрине, мұндай жастарға үлкендер риза болып: «Көп жаса, қарағым» деп батасын береді. Міне, осы бір кішкентай мысалдың өзі біздегі қоғамдық құрылыстың артықшылығын, адамға деген қамқорлықты, жасы үлкен кісіге құрмет көрсетуді білдіреді.

Отбасындағы қыз тәрбиесі (II бөлім)

Біздің жастарымыз семьяда, мектепте, жоғары оқу орындарында, жұмыс істейтін мекемелерінде де мәдениетті адамдардың ортасында болып, әдептілікке үйренеді, үлкенді сыйлауға дағдыланады. Алайда, қандай орында өзін қалай ұстау керек, кіммен қалай тіл тауып сөйлесу керек деген сияқты әдептіліктің толып жатқан қыры мен сырын толық біле беру оңай мәселе емес. Сондықтан әдептілік әліппесінен бір қыдыру кеңес беруді жөн көрдік.

Ауылда болсын, қалада болсын әр түрлі себептермен көпшілік бас қосып, алыс-жақын адамдардың бір үйге жиналатын кездері жиі кездеседі. Сондайда бірін бірі білмейтін кісілерді таныстыру қажет болады. Мұндайда бас қосқан жерде көбінесе әйелдер өз алдына бірыңғай, тіпті кейде бөлек бөлмеде отырады. Ондайда осы жиын ішіндегі жасы үлкен әжеңе немесе алыстан келген бір сыйлы қонағыңа өзіңнің жақын-жарандарыңды, тетелес құрбыларды атын атап, мысалы, мынау — Дариға, менің жақын апам, мынау Кәлима менімен қызметтес құрбым деп таныстыру керек. Одан кейін Дариға мен Қәлимаға өздерін таныстырған үлкен кісінің немесе алыстан келген қонағыңның кім екенін, аты-жөнін айтасың. Егер жастары бір-бірімен тетелес құрбыларыңды таныстыру қажет болса ондайда алдымен өзіңе жақын адамды мәселен, сіңіліңді немесе апанды екінші адамға атын атап, менің сіңілім немесе апам деп таныстырасың. Үйіңе құрбыларың келгенде оларға өзіңнің ата-ананды таныстырудың қажеті жоқ. Ал құрбыларыңның бәрінің де аттарын атап, оларды ата-анаңа таныстыру керек.

Өзіңнің жолдастарыңды басқа біреуге таныстырған да: мынау менің досым. Нағима — дәрігер, ал мынау менің мектепте бірге оқыған құрбым Ғалия деп толығырақ атап таныстырған дұрыс.

Қызмет орнында. Әйел адам қайда жүргенде де өзінің әйел екенін ұмытпай, әдеп сақтауға тиіс. Мекемеге кіре берісте алдыңнан жасы үлкен қызметтес кісілердің біреуі кездесіп қалса, аяғыңды жылдамырақ басып, оның алдын орап өте шықпай, сәл тоқтап, басыңды иіп сәлем бер. Мекеме ішіндегі киім ілгіштің қасына барғанда қабылдаушы әйелге: «әй, Жәмила, мынаны ала қойшы!» деп, пальтоңды кезекте тұрған кісілерден бұрын өткізе қоюға тырыспа. Қай жерде болсын үлкен кісілерді кимелей алға ұмтылу әдепсіздік болатынын ұмытпау керек.

Мәдениетті жігіттер қызмет орнында да әйелдерді сыйлап, олардың көзінше жаман сөз айтпайды, есіктен қатар кіруге тура келген жағдайда әйел адамға есік ашып, алдымен кіруіне жол береді. Қиім ілгіштің қасына қатар барып қалған жағдайда алдымен әйел адамның пальтосын алып беріп, кигізіп жібереді. Бірақ, бұл сияқты сыпайыгершіліктің бәрі де мекемедегі жұмысқа бөгет жасамайтындай болуға тиіс. Сондықтан әйел адамдар өздерімен бірге жұмыс істейтін жігіттерге: «мен келгенде отырған орныңнан тұрмадың немесе мен сыртқа шығарда киім ілгіштен пальтомды алып беруді білмейсің» деген сияқты сөздер айтып, орынсыз кінәламағаны жөн.

Бір мекемеде қызмет істейтін адамдар арасында да өзара келіспеушілік, қызмет барысында әрқилы талас-тартыс болып тұрады. Мұндай жағдайда әйел адамның мекеменің бастығына барып, көз жасын төгіп, жылап отырғаны келіспейді. Ең жақсысы қызмет жүзінде ешкіммен жанжалдаспай, жұмысты көп болып ақылдасып істеген жөн. Ал егер кейбір қызметкер ақылға көнбей, менмендік жасап, ауыр сөздер айтып, тәртіп бұзатын болса, мекеме бастығына немесе партия, яки комсомол ұйымының хатшысына мәселені жыламай, долданбай, жайлап айтып ұғындыру керек.

Қызмет орнына барып отырғаннан кейін қолға ұстайтың сумканды, басыңа киген қалпағыңды немесе азық-түлік, яки басқа бір зат салынған тор қалтаны столыңның үстіне қойма. Стол басына келіп отырғаннан кейін кеңседегілердің көзінше сумкаңнан айнаңды алып қарап, бетіңе пудра, ерніңе помада жағу — ерсі әдет. Ондайларыңды үйден шығарда жағып шыққан дұрыс. Қызмет орнына келгеннен кейін коридордағы айнаға қарап, шашыңды дұрыстауға болады.

Қызмет орнында телефонмен сөйлесудің де өзіне тән ерекшелігі бар. Мәселен, телефон шырылдаған кезде трубканы ала салып: «Бұл кім?» деп сұрау дұрыс емес. Сондай-ақ, қызмет орнындағы телефонмен өзіңнің таныстарыңа звандап, өз басыңа қажетті шаруаларды сөз етіп, қасында отырған кісілердің жұмыс істеуіне бөгет жасамаған жөн. Егер бір өте қажетті шаруамен звандап қалсаңыз, ақырын және аз сөйлесуге тырысу керек.

Кейбір мекемелерде қызметкерлердің туған күнін атап өту дәстүрге айналған. Немесе бір мекемеде жұмыс істейтін әйелдер өзара бірлесіп ақша жинайды да, әрқайсысының туған күніне белгілі бір ескерткіш болатындай зат сатып әпереді. Қызметкердің туған күнін атап өту деген жақсы дәстүр. Бірақ та, мұны тым дүрілдетіп, тойға айналдырып жіберудің қажеті жоқ. Мекеменің аты — мекеме, оның ішінде ішкілік ішіп, ән салып,

би билеудің аяғы жақсылыққа апармауы мүмкін. Сондықтан, мұндай жағдайда дастарқанға ішімдік қоюдың қажеті жоқ. Жоғарыда айтылғандай, әйелдер өзара ақша жинап, біреуінің туған күніне сыйлық сатып әкелген жағдайда, туған күнін өткізетін әйел дастарқанға қойылатын салқын тағамдарды үйінен әзірлеп әкеліп, жолдастарына шай берсе болады.

Көшеге шыққанда. Көшеге шығар алдында аяқ киімнің шаңын сүртіп, үстіңе киетін киіміңді қағып-сілкіп, шөткелеп киген дұрыс. Көшеде жеделдете басып келе жатып, әрлі-берлі жүріп жатқан адамдарға да, ерсілі-қарсылы өтіп жатқан машинаға да бөгет жасамауға тырысу қажет. Мәдениетті адамдар көшеде бір танысын көріп, сонымен сөйлесу үшін көшенің ортасында кенет тоқтай қалмайды; тротуардың сол жағындағы газонды (көк шөп өсіп тұрған жерді) басып жүрмейді; көшеге қақырып-түкірмейді, көшеде жүріп шекілдеуік шақпайды; қолына транзистор ұстап, оны айқайлатып жүрмейді.

Көшеде жүру ережесіне көңіл аудармай, қалай болса, солай жүре беру адамның өз өміріне де қауіпті, сонымен қатар, ол шоферлердің қиын да күрделі еңбегін бағаламаушылық болады. Тағы бір жай, шоферлердің машинаны алды-артына қарамай айдап, көшеде кетіп бара жатқан жұрттың үстіне батпақ шашып кетуі нағыз мәдениетсіздік болып саналады.

Көшеде әйел мен еркек қатар келе жатса, әйел оң жағында жүруге тиіс. Үш адам қатар жүргенде ішіндегі ең сыйлы кісіні ортаға алған дұрыс. Мысалы, профессордың екі жағында екі студент немесе екі еркектің ортасында бір әйел жүруге тиіс. Егер екі әйел бір еркек қатар жүретін болса, онда ер адамды ортаға алып жүрген дұрыс.

Кейде кешкісін кезекшілік қызмет атқарып, таңертең жұмыстан шығысымен базарға немесе магазинге барып әр түрлі азық-түлік, жеміс-жидек т.т. сатып алуға тура келеді. Ондайда адамның қарны ашуы да мүмкін немесе бір жақсы көретін жемісіңді сатып алсаң, соны жегің келіп-ақ тұрады. Дегенмен, көшеде жүріп келе жатып тамақ жеу — мәдениетсіздікке жатады. Қайткенде де үйге жеткенше шыдап, жеміс-жидектерді үйге әкеліп, жуып жеу керек. Тіпті, балмұздақты да көшеде жүріп жеу дұрыс емес, оны сол балмұздақ сатылған жердің өзінде тұрып, немесе сол маңдағы бір орындыққа отырып жеу керек.

Көшеде қастарыңнан өтіп бара жатқан кісілерге қарап: ананың көзі қисық екен, әне бір жігіттің мұрны пұшық екен немесе ана кісінің үстіндегі көйлегінің жағасы кір екен деп, дабырлап мін таға сөйлеу де ұят болады. Сондай-ақ танымайтың адамға: «сіздің көйлегіңіздің етегі сөгіліп кетіпті» немесе «пальтоңызға батпақ шашырапты ғой, сүртіп алсаңызшы» деген сияқты сөздермен орынсыз ескерту жасау да ұят болады. Ал егер қасыңда келе жатқан бейтаныс әйелдің қолындағы сумкасының аузы ашылып кеткенін көрсең, оған: «сумкаңыздың аузы ашылып кетіпті» деп айтудың ерсілігі жоқ. Мұндайда ол адам саған рақмет айтуға тиіс.

Кино-театрға барғанда. Киноға, театрға барсаң, тиiстi уақытынан кешікпей бар. Әдетте, кешігіп келген адамдар өздерінен бұрын келіп, орындарына жайғасып қалған кісілерге ыңғайсыздық туғызады. Егер кешігіп келсең, өзіңнің орныңа жеткенше аптығып, жолда отырған кісілердің аяғын баспай ғана сәл еңкейіңкіреп, отырған адамға қарсы қарап еппен жылжып өткен дұрыс. Әдетте, мұндай орындарда әйел адам еркектің оң жағында отыруға тиіс. Егер басыңа қалпақ киіп келген болсаң, артында отырған адамдардың спектакльді немесе киноны көруіне бөгет жасамау үшін шешіп алған дұрыс.

Кинода, театрда қыз бен жігіт немесе жаңа үйленген жас жұбайлардың құшақтасып немесе бір-біріне сүйеніп бастарын түйістіріп отыруы әдепсіздікке жатады және бұлай отыру артында отырған кісілердің сахнаны, яки экранды көруіне бөгет жасайды. Кейбір әйелдер кино-театрға барарда үстіне әтір жағып, иісін бұрқыратып барады. Бұл да дұрыс емес, өйткені, қасына жақын жерде әтірдің иісін ұнатпайтын, яғни денсаулығы көтермейтін адам отыруы мүмкін. Сондай-ақ, спектакль яки кино жүріп жатқан кезде өзара сөйлесу немесе залдағы адамдарға дүрбімен қарап отыру да ыңғайсыз болады.

Киім ілгіштен жұрттан бұрын барып киіміңді алу үшін спектакль аяқталмай тұра жөнелу ұшқалақтық. Ойын аяқталып, актерлер сахнаға шығып, көпшілікке тағзым еткенше орныңнан қозғалмаған дұрыс.

Қонаққа барғанда. Халқымыздың «шақырмаған жерге барма, шақырған жерден қалма» дейтін мақалы асқан данышпандықпен айтылған сөз. Қазіргі біздің көп салалы шаруашылығымыз бен дамыған техникамыз өрге басып келе жатқан дәуірде пенсияға шыққан қарттар болмаса, жастардың бірі оқуда, бірі қызметте дегендей, жұмыссыз үйде отыратын адам жоқ. Сондықтан жұмыс уақытынан кейін немесе демалыс күндері болмаса, қонақ та шақыра алмайсыз, қонаққа да бара алмайсыз. Бір танысыңның немесе жек-жатыңның үйіне әлде қалай кешкілікте шақырусыз барып қалсаң, үй иесінің қысылып қалғанын байқайсыз, Қысылатын орны да бар. Өйткені, ежелден қонақжай халқымыз үйге келген кісіні дастарқанын кең жайып, жақсы ас, жайдары жүзбен күтуге әдеттенген. Ал біз қас пен көздің арасында дегендей, жұмыстан жаңа келіп, кешкі асын өздеріне шақтап пісіріп жатқанда немесе тіпті асын ішіп қойған кезде келдік. Сондықтан үй иесі өздеріне шақтап істелген шағын тамақты біздің алдымызға қоюға ұялады, жаңадан қазан асайын десе, ол ас пісіп, оны ішкенше түн ортасынан ауып та кетеді, ал таңертең үлкендеріне жұмысқа, балаларына оқуға бару керек. Жақын-жарандарыңды немесе жек-жатыңды мұндай әуреге салмау үшін шақырмаған үйге барудың қажеті жоқ. Егер бір шаруанын ретімен барып қалсаң, барған бетте сол үйдегі жеңгеңе яки замандасыңа: «мен бір жұмыспен келдім, асқа қарамаймын» деп ескертіп қойған жөн.

Егер жолдастарыңның немесе жақын-жарандарыңның біреуі қонаққа шақырса, оған баруға міндеттісіз. Егер бара алмайтындай бір жағдай болса, оны айтып, шақырған кісіден кешірім сұраған жөн. Ал егер шақырған жерге барамыз деп уәде берген болсаңыз, оған сол өздерінің айтқан уақытынан 5—10 минуттен артық кешікпей барған жөн. Өйткені, олардың сіздерден басқа да шақырған адамдары болса, сіздерді күтіп, келген қонақтарын сарғайтып отырғызып қою ыңғайсыз болады. Сондай-ақ, шақырған жерге мезгілінен ерте барған да жақсы емес. Онда үй иесінің қонақты қарсы алуға үлгірмей, үйін жиыстырып, ыдыс-аяғын салдыратып жүрген үстінен шығуыңыз мүмкін.

Шақырған үйге не апару керек? Егер біреудің туған күніне тағы басқа сол сияқты бір арнаулы қуанышқа шақырған болмаса, ешнәрсе апармаса да болады. Мәселен сол үйдің әйеліне гүл шоғын ала баруға немесе балаларына конфет апаруға болады.

Әдетте, әйелдердің қолға ұстайтын кішкентай сумкасы бар. Қонаққа барған жерде сол сумканы қолға ұстап немесе алдыңа қойып отырсаң, тамақ ішерде бөгет, ал орындықтың арқасына іліп қойсаң, түсіп кете береді. Сондықтан, ондай сумканы сол үйдегі туалет столының үстіне қойып, дастарқан басына сумкасыз отырған жақсы.

Қонаққа барған жерде дастарқанға әкелген тамаққа мін тағып, «мен мұндайды жемейтін едім» немесе «мына тамақ менің денсаулығыма жақпайтын еді» деген сияқты сөздер айтып, алдыңа қойған астан ауыз тимей отыру ұят болады. Жайшылықта жемейтін тамағыңыз болса да үй иесінің көңілі үшін үндемей ғана аздап жеп отыру керек. Ал ішкілікті (арақ, шарапты) қазір біреуге біреу зорлап ішкізбейді. Денсаулығыма жақпайтын еді деп кешірім сұрасаңыз, отырыстағы қонақтар да, үй иесі де өкпелемейді сізге.

Егер белгілі бір себептермен сізге ертерек қайту қажет болса, онда сол үйдегі жеңгеңізге яки замандасыңызға себебін түсіндіріп, рұқсат сұрайсыз да, қоштасып, рақмет айтып шығып кетесіз. Бірақ сыртқы киіміңізді киіп алып қоштасу лайықсыз болады. Әуелі қоштасып алып, содан кейін киінген дұрыс.

«Біреудің жаясын жесең, ұшанды дайындай бер» дейді халқымыз. Бұл өзіңді біреу сыйлап қонаққа шақырса, сен де оған дастарқаныңнан дәм татыруың керек деген сөз. Демек, қонаққа шақырған үйдің асын ішіп, рақмет айтып кетумен қатар, арада біраз күндер өткеннен кейін оларды өз үйіңе шақыруды да естен шығармауың керек. «Сыйға-сый, сыраға-бал» дегендей, сыйласқан семьялар бірін бірі кезек шақырып, риясыз араласып тұрғаны жөн.

Үйге қонақ шақырғанда. Бала туғанда, келін түсіргенде, қыз ұзатқанда тағы басқа жағдайларға байланысты өткізілетін тойда, сондай-ақ мереке күндерінде қонақ шақыру да халқымыздың ежелгі салты. Бұл сияқты жиын-тойға кісі шақыруға бірталай дайындық керек екені мәлім. Мәселен, соятын малды, дастарқанға қойылатын азық-түлікті, арақ-шарап тағы басқаларын әзірлеумен қатар, ең алдымен үй ішін біраз тәртіпке келтіріп алыңыз. Егер үйдің іші кірлеген болса, оны әктеп, есік-терезелерін сырлап, орамал-дастарқандарыңызды, терезе перделерін жуып, үтіктеп алыңыз.

Шақыратын кісілеріңіздің де санын белгілеп, оларға алдын ала хабарлап қойған жөн. Келетін кісілеріңізді қалай топтастырып, қайсыларын қайда және кімді кіммен бірге отырғызу жағын да ойластырып қойған дұрыс. Алдымен ең сыйлы қонақтарыңызға орын сайлап алыңыз. Мұндайда өзара тіл табысып сөйлесе алатын бір-бірімен жақсы таныс адамдарды, қызметі мен мамандығы жағынан ортақ тіл тауып әңгімелесе алатын кісілерді бірыңғай отырғызған жақсы. Ал бір-бірімен кикілжіңі бар адамдарды бір дастарқанға отырғызудың қажеті жоқ. Содан соң, қонақтарды жас ерекшелігіне қарай: үлкен кісілерді бір бөлек, жастарды бір бөлек отырғызған жөн.

Қонақтардың келетін кезіне орныңыз сайлаулы, дастарқаныңыз жасаулы тұрсын. Қонақтар тегіс жиналып болғанша, ертерек келіп қалған кісілерді бірден дастарқан басына апармай-ақ, басқа бір бөлмеге отырғызып, әңгімелесе тұрған дұрыс.

Қонақтар отыратын бөлменің ені кең болса, столды П әрпі тәрізді етіп, төр алдына бір столды көлденең қойып, соған жалғастыра екі немесе төрт столды екі қатар етіп, ұзыннан жалғастыра қойған дұрыс. Стол үстiне клеенка төсеп, оның үстіне ақ немесе гүлді матадан жасалған дастарқан жабыңыз. Дастарқан үстіне қойылатын салфеткаларыңыз да сол дастарқан түстес болғаны жөн. Стол үстіне 2—3 жерден гүл қойсаңыз, ол мерекелік дастарқанның сәнін келтіріп тұрады. Стол басында отырған қонақтардың дастарқаннан еңкейіп тамақ алуына бөгет жасамауы үшін гүлдерді аласа да шағындау вазаларға салып қойған жақсы,

Столдың орта шеніне жеміс салынған вазалар, бұрыш, қыша және сірке суы қойылады. Кішкентай сауыттарға салып бірнеше жерден тұз қойыңыз. Бұдан соң столдың ортасына таманырақ салқын тағамдар салынған және жұқалап тіліп нан салған тарелкаларды қоясыз. Арақ-шарапты, тағы басқа ішімдіктерді столдың ортасына бірнеше жерге топтастырып қойыңыз. Дастарқанға қояр алдында бөтелкелердің (шампан шарабы мен минералды судан басқасының) тығынын ашып,шынының аузын және сыртын мұқият тазалап сүртіп алыңыз. Шампан шарабы мен минералды судың аузын стаканға құярда ғана ашу керек.

Столдың шетіне тақау әрбір адамның алдына тамақ салып алуға арналған кішкене тарелка қоясыз. Бұл тарелкалардың оң жағына пышақ пен қасық, сол жағына шанышқы койыңыз. Пышақтың жүзін тарелкаға қаратып, қасық пен шанышқы төңкеріліп қойылады. Салфеткаларды төрт бұрыштап немесе үш бұрыштап бүктеп, тарелкалардың үстіне жайғастырасыз. Рюмкалар мен фужерлер тарелканың алдыңғы жағына орналастырылады.

Салқын тағам ретінде дастарқанға қазы, қарта, құйрық пен бауыр, ет турап қойылады. Бұлардың бәрін де жұқалап турап, жайпақ тарелкаларға қатарлап (әрқайсысын өз алдына бөлек) саласыз. Туралған бауырды тарелкаға қатарлап саласыз да, оның үстіне жұқалап туралған құйрықтан бір-бір жапырақтан қойып отырасыз. Балықты (майшабақты) турап, сопақ тарелкаға саласыз да, оның үстіне сақиналап (дөңгелектеп) туралған пияз қоясыз. Шпротты кішкентай тарелкаларға салған дұрыс. Бірнеше жерден әр түрлі салат қою керек. Қонақтар дастарқанға отырғаннан кейін бірнеше жерден шағын табақтарға салып ыстық қуырдақ әкеліп қоюға болады.

Қонақтар салқын тағамдармен біраз отырғаннан кейін ыстық тамақ беріледі. Біздің халқымыздың сый қонаққа беретін ең қадірлі ыстық тамағы — ет. Дастарқанға әкелер алдында үзіліс жасап, қонақтардың орындарынан тұрып шылым шегуіне, біраз бойларын жазып демалуына мүмкіндік беру керек. Осы кезде дастарқандағы босаған ыдыстарды, нан салған тарелкаларды жинап аласыз. Қонақтардың алдындағы кішкентай тарелкалар мен шанышқыларын жинап алып, жуып, қайтадан әкеліп қоясыз.

Қонақтар орындарына келіп отырғаннан кейін бірнеше жерден табақпен ет тартылады. Етті табаққа турап салып, сүйектерін табақтың жиегіне таман қойып әкелген дұрыс. Егер қонаққа қой сойылған болса, оның басын өз алдына бір тарелкаға салып, жасы үлкен немесе жолы үлкен қонағыңыздың алдына әкеліп қоясыз. Қонақтарыңыздың ішінде күйеу немесе жас келін болса, оған қойдың төсін бересіз.

Ет жеп болғаннан кейін тағы да бір үзіліс жасап, дастарқан үстіндегі табақтарды, қонақтардың алдарындағы тарелкаларын, салаттар мен арақ-шараптардың бәрін жинап аласыз (шай үстінде ішкілік ішілмейді). Сөйтіп дастарқан үстін тазартып алғаннан кейін шай жасауға кірісесіз.

Шай дастарқанын жасауға кіріскенде алдымен қонақтарға кішкентай (десерттік) тарелкалар, шай қасықтар мен тосап салып жейтін ыдыстар қойып аласыз. Одан кейін дастарқанның ортасына бірнеше жерден биік вазаларға салып бауырсақ, жайпақ табакка салып торт пирог, шәк-шәк, кішкентай вазалармен конфет, өрік-мейіз сияқты тәтті тағамдар қойылады.

Қонақтар қайта келіп, орындарына отырғаннан кейін самаурын мен кесе-аяқтарды әкеліп, самаурынды орын болса столдың бір шетіне немесе өз алдына бір кішкентай столға қоясыз. Қонаққа шай беру — халқымыздың ежелден келе жатқан дәстүрі. Осыған орай шай құюдың да белгілі дәрежеде қалыптасқан тәртібі бар. Қазақ бойжеткен қыз бен жас келіндерді шай құюына қарап сынайды. Сондықтан самаурынның басына шайды дұрыс құя білетін адамды отырғызу қажет.

Шайға қаймақ қосып пісірілген сүт немесе кілегей (сұйық қаймақ) құйған жақсы. Әйтеуір қою құйған жаксы шығар деп, аққұманды сарқып алмай, шайдың ағарып кетпеуі үшін оған ортайған сайын үстемелеп самаурыннан қайнаған су құйып отырған жөн. Шайды кесеге толтыра құймай, орта, тіпті орта кеседен де азырақ құйыңыз. Қонақтардың ішкен кесесінің түбінде қалған самасын төгіп, ыстық сумен шайқап тастаңыз.

Үй иесі немесе дастарқан басындағы қонақ күтуге араласып жүрген әйелдер қонақтарға торт, шәк-шәк, пиpor сияқтыларды кесіп, қалақшамен немесе пышақпен әрқайсысының тарелкасына салып беруі керек. Үй иесі конактарга: «алыңыздар», «ішіңіздер» деп, ілтипат көрсетіп отырған жөн. Қайтар кезде қонақтардың киімдерін әперіп, сыртқы киімін кигізіп, «келгендеріңізге рақмет» деп, жылы шыраймен шығарып салған дұрыс.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға