Жаңалықтар

Ардагер футболшыларға деген құрметті өзбектерден үйренуіміз керек - Құралбек Ордабаев

Ардагер футболшыларға деген құрметті өзбектерден үйренуіміз керек - Құралбек Ордабаев
Фото: «Қайрат» ФК баспасөз қызметі 17.04.2024 16:11 10075

Қазақ футболы дегенде, аға буын алдымен Сейілда Байшақов, Тимур Сегізбаев және Құралбек Ордабаев үштігін еске алады. Бірақ бүгінгі ұрпақ олардың аттарын білмейді де. Өкінішке қарай, алдыңғы екеуі арамызда жоқ. Ал «Қайраттың» аңыз қақпашысы Құралбек Ордабаев биыл 75 жасқа толады. Құралбек Ордабаев «Бірінші бол» подкастында біздің елде ардагер споршыларды ешкім іздей бермейтінін айтып еді. Бұл біздің қолдағы алтынның қадірін түсінуді әлі де үйрене алмай жүргенімізге дәлел болса керек.

– Аға, қазақ футболының аңыз ойыншыларының бірісіз. Сіздің қақпаны қалай қорғағаныңыз туралы талай естідік. Өкінішке қарай, қазіргі жастар футболшы десе, Роналду, Месси деп не өзімізден Асхат Тағыбергендерді айтады. Сіздерді тани бермейді. Бұл жайт сіздің көңіліңізге тимей ме?

– Танитындар бар, бірақ сол 50 жастан асқандар ғой. 40 жастан асқандар «ойыныңызды әкемізбен барып көретін едік» деп амандасып жатады. 

Көп айтылмаған соң кез келген дүние ұмыт қалады. Ал тарихты кім зерттеп отырады дейсіз. Өзім «Қайрат» клубында жұмыс істеймін, футбол ардагерлерімен кездесулер ұйымдастырамыз, жиналыс жасаймыз, шынымен де жастардың көбісі мені танымайды.

Бірақ қазір балалар бізді тану тұрмақ сабағын да оқып жарытпайды-ау. Білгені интернет секілді. Телефоннан, компьютерден бас алмай отырады ғой.

Қуанатыным, Қазақстан футбол федерациясының президенті Әділет Барменқұловтың бастамасымен футбол музейі ашылып, сонда көптеген тарихи деректер, суреттер қойылды. Бұл өте керек дүние. Ұрпақ сабақтастығы үшін қажет. Астанаға келген командалардың барлығын міндетті түрде сол музейге апару керек. Көрсін, білсін, таныссын.

– Қазір құрама ойындарын мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың өзі алаңнан тамашалап, қасында мықты спортшылардың отыратынын көріп жүрміз. Осындайда сіз секілді ардагер футболшы неге президенттің жанында отырмайды деген сұрақ туындайды...

– Маған ешкім хабарласып шақырған жоқ, еске алған жоқ. Ойынды теледидардан ғана көрдім, ол кезде шетелде болғаныммен, шақыртып жатса, бірер күнге елге келіп-кетуге жағдайым жететін. Сондықтан көңіліме алғаным рас.

«Қайрат» клубына 1971 жылы келсем, 1982 жылы карьерамды аяқтадым. Сонан соң Алматы клубында басшы болдым. 1992-94 жылдар аралығында федерация президенті Тимур Сегізбаевтың көмекшісі болып, вице-президент қызметін атқардым. 1995 жыл мен 2000 жылға дейін Қазақстан футбол федерациясының президенті болдым. Есептеп қарасам, футболда басшылықта жүргеніме 41 жыл болыпты. Сондықтан неге ескерусіз қалғаным маған да жұмбақ, жоғары жақтағылардың өз пайымы бар шығар.

– Құралбек Ордабаев дегенде, сіздің бір маусымда 16 пенальтиді қайтарғаныңыз қатар айтылады. Осы жайт туралы еске алып өтсек.

– 1972 жылы Кеңес одағының футбол федерациясы клубтар арасында өзара келісім болмас үшін ереже қабылдады. Тең ойнағандарға бес-бестен 11 метрлік пенальти тебуге мүмкіндік берілді. Яғни негізгі уақытта жеңіске жеткен клуб екі ұпай еншілесе, пенальтиде мықты болғандарға тек бір ұпай үлестірілетін. Сондықтан футболшылар да алаңда бос жүрмей, барын салып ойнады. Сол жылдары тең ойын деген шынымен азайып кетті. Себебі Мәскеудің «Динамо», «Торпедо» клубтарынан, сол кездегі Ленинградтың «Зенит» клубынан ұпай еншіледік. Қалай дегенмен азулы қарсыластар ғой, олардың жойқын соққыларын қайтару арқылы Кеңес аумағында атым шыға бастады.

­– Сіз ойнаған жылдары «Қайраттың» атынан ат үркитін еді ғой...

– 1971 жылы Шымкенттің «Металлург» клубынан «Қайратқа» ауысып, 11 жыл бойы алматылық команда сапында өнер көрсеттім. Екінші бапкерім Александр Убыкин болды. Алматыда ойнау деген керемет сезім сыйлайтын. 30 мыңнан астам жанкүйер жан-жақтан қиқулағанда нашар ойнауға құқығың жоқ екенін түсінесің. Қит етсе стадионға жиналғандар жеп қоятындай болады. Капитанымыз Сейілда Байшақов, Сергей Рожков, Юрий Семин секілді мықтылармен ойнап, талай жетістікке жеттік. Сол 11 жылдың ішінде Кеңес одағының чемпионаты аясында Алматыда тек бір ойында «Днепропетровскіден» ұтылдық. Бізге келетін клубтар да ерекше дайындалып келетін, сонда да жанкүйерлеріміздің алдында жерге қарамас үшін барымызды салып ойнадық.

Кеңес одағында Азия аумағында клубтар «Қайрат» пен «Пахтакордан» сескенетін, тиісінше өз алаңдарында бізге қасқырдай шабуылдайтын. «Қайраттың» ойынын Дінмұхамед Қонаевтан бастап алаңда отырып көретін еді ғой. «Пахтакормен» текетірес те ерекше болатын. «Спартактан» ұтылсақ та, «Пахтакордан» ұтылуға болмайды деген ұстаным бар еді. Өзбек клубында да сондай көзқарас болды. Сондықтан біз оларды Ташкентте, олар бізді Алматыда ұта алмады.

­– Өз сөзіңізде «Пахтакор» деп қалдыңыз. Аты дүркіреп тұрған клуб 1979 жылы әуе апатына ұшырады. Сіздер бұл хабарды қалай қабылдадыңыздар?

­– 1979 жылы кесте бойынша «Пахтакор» Бакуге аттанса, біз Беларусь астанасында ойнадық. Минскінің әуежайында отырғанбыз. «Пахтакор» Бакуден ұшып келіп, біз сол ұшақпен Бакуге аттануымыз керек еді. Сол ұшақ келмей қалды. Әуежайда отырып Дзержинскіде Азияның спорт командасы апатқа ұшырап, футболшылардың барлығы қайтыс болды деген хабар естідік. Алматылықтар хабарласты, қолдарымыз дірілдеп біз үйдегілерге «аманбыз» деп қоңырау шалып жатырмыз. Қиын жағдай болған. Соған қарамастан Бакуге кешке ұшып барып, матчты өткіздік.

Бұл жайт маған ерекше әсер етті, себебі сол жылы «Металлургте» ойнап жүрген кезімде «Пахтакор» басшылары әкеме келіп маған қолқа салған. Шымкент командасында нөмір бірінші қақпашы едім. Әкем болашағыма сенсе керек, жібермей қойды. «Қайратқа» барады деді. Екі-үш өзбек көршіміз бар еді, «Қайрат» ұтса, әкем мақтанады, «Пахтакор» ұтса, әлгі кісілер кеудесін керетін. Сондықтан әкем қазақ клубында ойнағанымды құп көрді, өте намысшыл кісі еді. Көп ұзамай Алматыдан арнайы адамдар келіп, мені Алматыға алып кетті.

Егер әкем келісімін беріп, мен «Пахтакорға» ауысқанда, қазір сіздермен әңгімелесіп отырмаушы ма едім, кім білсін.

2019 жылы апаттың 40 жыл толуына байланысты Өзбекстан билігі арнайы ас беріп, қайтыс болған футболшыларды еске алды. Біз де барып ескерткішке гүл қойдық.

Былтыр әлгі матчқа бармай, аман қалған «Пахтакор» ардагері Берадор Абдураимов 80 жылдығын дүркіретіп атап өтті. «Қайрат» клубының атынан шапан жаптық.

Өзбекстан футбол федерациясының бір ерекшелігі, олар қайтыс болған ойыншылардың отбасыларына әлі күнге дейін көмектесіп, жылына бір рет шетелге демалысқа жіберіп тұрады. Өзбектер ардагерлеріне құрметпен қарайды, футболшыларына да, бапкерлеріне жұмыс тауып беріп отырады.

– Бізде жағдай қалай?

– Өзбектерден үйренетін тұстарымыз көп. Екі елдің федерациялары өзара келісімге келіп, байланыс артып жатыр, соған қуанамын. Былтыр «Қайрат» сырт алаңда «Пахтакормен» жолдастық кездесу өткізді. Маусым айында олар Алматыға қонаққа келді. Биыл ақпан айында тағы сондай жолдастық кездесу ұйымдастырылды. Шілде айында оларда үзіліс болады, сол кезде Алматыға келіп жаттығу жасайды. Осылайша өзара келісімнің арқасында ересектер ғана емес, жастар, ардагерлер де кездесулер өткізеді деп отырмыз.

– Соңғы жылдары допинг дауы футболда да жиі кездеседі. Бұрынғы мен қазіргіні салыстырып отырмыз ғой, осы орайда сіздің заманыңызда допинг болды ма деген сұрақ туындайды.

– Біз ойнаған кездері допинг дегенді білмейтін едік. Оны қолданудың қажеті де болған жоқ. Футболға допингтің не керегі бар дегенімізбен, өкінішке қарай, Бауыржан Исламхан, Руслан Валиуллин секілді беткеұстар футболшыларымыздың қан құрамынан тыйым салынған препараттар анықталды. Сондықтан оның кері әсерін федерация, клубтардың басшылығы, бапкерлер штабы мен тілшілер айтып отырғаны жөн. Кейінгілерге сабақ болсын дегенім ғой. Әйтпесе кейде білместікпен де допингпен ұсталып қалатын жайттар кездеседі. Сондықтан ауырып не мұрын бітеліп дәрі қабылдар алдында міндетті түрде дәрігерлермен ақылдасу керек.

Қазір насыбайдың да жағдайын білесіздер. Бұған дейін оңтүстік өңірлердегі клуб ойыншыларының көпшілігі насыбай ататын. Көзім көргендерге «бір күні тұншығып қаласың» деп ескертіп жүретінмін. Бүгінде тыйым бар, сол дұрыс болды.

– «Қайрат» клубының президенті Қайрат Боранбаев абақтыдан босатылған соң академияға барып, бапкерлермен, ойыншылармен кездесті. Басшы оралған соң клубта қандай да бір өзгерістер болды ма?

– Қайрат Советайұлы екі жылдай болған жоқ. Соған қарамастан жұмыс қаз-қалпында жалғасты, футболшылардың жаттығуы, жарысқа қатысуы – бәрі-бәрі жоспармен жүзеге асып отырды. Айлықты кешіктіру немесе жұмыстан шығару деген болған жоқ. Ол кісі Алматыға 5 қарашада келіп, бір күн отбасымен болды. Келесі күні өзі іргетасын қалаған академияларды түгел аралап шықты. Әбден сағынып қалған екен. Біз де қуандық.

Өзгерістер болуы мүмкін, себебі биыл «Қайраттың» 70, ал академияның салынғанына 10 жыл толады.

Клубтың биылғы мақсаты – Қазақстан чемпионы атану. Одан қалды кубокта да топ жарсақ деп жоспар құрып отырмыз.

– Футболдағы легионерлер санын көбейту туралы шешімге қалай қарайсыз?

– Өз басым қарсымын, себебі өзіміздің жастарға алаңнан орын бұйырмай қалады. Шынымен мықты шетелдік болса, олар да Еуропаны таңдаушы еді. Одан қалды соңғы үш жылда ұлттық құрама тәп-тәуір өнер көрсетіп жүр. Еуропалықтар Қазақстан дегенде дір ететін күйге жетті. Футболшыларымыздың ойын тәжірибесінің аздығы ертең құраманың нәтижесіне кері әсер етеді. Премьер-лигада 14 клуб болса, соның 9-ында шетелдік бапкерлер жұмыс істейді. Сырттан келген мамандар қазақтың бүгінін, болашағын ойлайды дейсіз бе? Жоқ, оларға нәтиже керек, сондықтан алаңға 11 легионерді шығарады. Ал жергілікті ойыншылар тек соларды алмастырумен шектеледі.

Біз ұлттық құраманың арқасында бір қадам алға жылжысақ, легионерлерге шектеудің алынуынан екі сатыға төмен түсуіміз мүмкін. Федерация оны бәсекелестік артады деп түсіндіреді, бірақ біздің балалар сол бәсекелестікке төтеп бере ала ма, мәселе сонда ғой.

Бұрын жеті легионер, төрт жергілікті ойыншы болатын. 14 клубта 4 футболшыдан болғанның өзінде 56 ойыншы шығады, яғни сол 56-ның арасынан құрамаға 11-ді таңдап алу әлдеқайда оңай еді.

Одан қалды легионерлер бір клубтан екінші клубқа көшіп жүре береді, мен мұны да құп көрмеймін. Бір агент бірнеше клубты ойыншылармен қамтамасыз етеді, бұл да дұрыс емес. Оны болдырмас үшін еліміздің футбол федерациясы Антикормен келісімшартқа отырып, тексерсін. «Ордабасы», «Тобыл», «Қызылжар», «Астана» секілді клубтардағы жағдаймен танысып, лауазымын асыра пайдаланған басшыларын отырғызсын, сонда басқаларға сабақ болады. «Ордабасында» Бақтияр Байсейітов ақшаны алды да тайып тұрды, клубтың 5 млрд қарызы бар, ал Байсейітовті әлі күнге дейін ұстай алмай жүр, «Ертісте» де сондай жағдай болғанын білесіздер. Ақтауда да үш-төрт жыл бұрын директорды қамаймыз деп еді, ол да құтылып кетті. Бюджеттің ақшасы болған соң, басшылар ойына келгенін істейді. «Қайрат» секілді жекеменшік клубтардың басшыларымен агенттер де басқаша сөйлеседі. Себебі бізде әр тиын есептеулі.

– Бүгінгі ізбасарларыңызға не айтар едіңіз? Қақпашылар көңіліңізден шыға ма?

– Балалардың аяқ алысы жаман емес, бірақ шыдам жетпей жатады, сосын менмендікті қою керек. Балаларға ойынның бірінші минутынан бастап соңына дейін босаңсуға қақың жоқ деймін. Қақпашы қай кезде де тың болуы қажет, себебі сен арт жақтағы капитансың.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға