Ерте қартайған Нұржан: Бір кездері ел шулаған тағдыр бүгінде қалай өзгерді?

 жеке мұрағат
Фото: жеке мұрағат

2000 жылдардың басында Атырау облысындағы жас баланың ерте қартайып бара жатқаны туралы жаңалық көпшілікті елең еткізген еді. Сирек кездесетін терінің ерте қартаюы (прогерия) дертіне шалдыққан Нұржан Өркешбаев сол жылдары ел ішінде ғана емес, шетелдік телеэкраннан жиі көрінді.

El.kz тілшісі Нұржанмен соңғы рет 2024 жылы тілдесіп, оның шешімін таппай жүрген бірқатар мәселелері жайлы жазған болатын. Араға уақыт салып, кейіпкердің қазіргі тыныс-тіршілігін білу үшін қайта хабарластық.

Нұржанның бүгінгі тіршілігі

Нұржан Өркешбаев – бүгінде 35 жаста. Ол Атырау облысының Қызылқоға ауданына қарасты Мұқыр ауылында дүниеге келген. Туған жерінен ұзап көрмеген Нұржан осы күнге дейін сол ауылда өмір сүріп келеді.

Қазір ол анасымен бірге тұрады. Сондай-ақ інісінің екі кішкентай қызы бар. Нұржан күнделікті сол бүлдіршіндердің қызығына қарап, уақытын отбасымен бірге өткізетінін айтады.

Айтуынша, соңғы екі жылда өмірінде айтарлықтай өзгеріс болмаған. Дегенмен денсаулығына қатысты жағдайы тұрақты.

Аллаға шүкір, денсаулығым жақсы, бәрі ойдағыдай, – дейді ол.

Нұржанның айтуынша, жұмысқа орналасу мәселесі әлі де шешілмеген. Денсаулығына байланысты түрлі мекемелер арасында түсініспеушілік туындап, еңбекке жарамдылығы жөніндегі құжат мәселесі кедергі болып отыр.

коллаж El.kz

Аурухана жұмысқа жарамдысың дейді. Ал жұмысқа барсам, жұмыс берушілер арнайы қағаз сұрайды. Оны сұрасам, аурухана ондай құжат жоқ дейді. Солай мәселе шешілмей келеді, – дейді Нұржан.

Қазіргі таңда ол нәпақасын құрылыс саласында табады. Қолынан келгенше құрылыс жұмыстарына араласып, күнделікті тұрмыс қажетіне жаратар табыс тауып жүр. Ал демалыс күндері той-томалақтарға шығып, қосымша табыс табатынын жеткізді.

Естеріңізде болса, Нұржан Өркешбаев 2015 жылы шаңырақ көтеріп, Әсемгүл есімді арумен отбасын құрған еді. Туған ауылы Мұқыр ауылында дүркіретіп той жасап, келін түсіргені көпшілікке әлеуметтік желіде тараған шақырту билеті арқылы мәлім болды.

Сол кезде тойларда домбыра тартып, ән айтып, өз нәпақасын тауып жүрген Нұржанның қуанышына шамамен 300-ге жуық қонақ жиналып, төрт бірдей асаба жүргізген болатын. Алайда бұл қуаныш ұзаққа созылмады. Отау құрған Нұржанның жұбайымен дәм-тұзы жараспай, қос жұптың жолы екіге айырылған еді.

Нұржаннан қазіргі жеке өмірі жайлы сұрағанымызда, ол әзірге бойдақ екенін айтты.

Жоқ, қайтадан шаңырақ көтерген жоқпын, әзірге бойдақпын, – деп қысқа қайырды.

«Қазір ешкім іздемейді»

2024 жылы El.kz тілшісі Нұржан Өркешбаевпен сұхбаттасқанда, оның 2012 жылы Атырау қаласындағы «Нұрсая» ықшамауданынан бір бөлмелі пәтер алғанымен, әлі күнге дейін баспананы өз атына рәсімдей алмай жүргенін жазған едік.

Сол кезде Нұржан пәтерді өз атына аудару үшін үшінші топтағы мүгедектік туралы құжат қажетін, сондай-ақ қосымша төлем жасау керектігі айтылғанын жеткізген болатын. Бұдан бөлек, зейнетақы мәселесі де шешілмей келе жатқанын айтып, түрлі мекемелерден нақты қолдау көрмегеніне қынжылған еді.

жеке мұрағат 

Нұржанның сол кездегі басты тілегі – Атыраудағы пәтерді өз атына рәсімдеу және зейнетақы мәселесін оңтайлы шешу болатын. Өйткені баспана өз атында болса, оны сатып немесе айырбастап, жер үй алуға мүмкіндік туар еді.

Араға уақыт салып, бұл мәселенің шешілген-шешілмегенін сұрағанымызда, Нұржан жағдайдың әлі өзгермегенін айтты.

Иә, 2012 жылы Атыраудан пәтер алдым. Бірақ қазіргі таңда ол пәтер әлі күнге дейін өз атымда емес. Қашан аударатыны белгісіз. Кезінде танымал болдық қой, қазір ешкім іздеп жатқан жоқ. Тек құрдастарым, достарым хабарласып тұрады. Басқа жақтан көп іздеп жатқан ешкім жоқ, – дейді ол.

Нұржаннан бүгінде қандай арманы орындалмай жүргенін сұрадық. Оның айтуынша, арман көп, тек соның бәріне біртіндеп жетуді қалайды.

Арман көп. Айта берсем, шексіз ғой. Қазір ең алдымен несием бар, соны жауып, баспанамды өз атыма аударсам деген ниет бар. Үйленіп балалы-шағалы болып, анама қуаныш көрсетсем деймін. Тұрақты жұмысқа да тұру қажет, – деді Нұржан Өркешбаев.

Кезінде көпшіліктің назарында болған Нұржан Өркешбаев бүгінде қарапайым ауыл тіршілігін кешіп отыр. Денсаулығына шүкіршілік етіп, адал еңбекпен күн көріп жүрген ол да ел қатарлы баспана, тұрақты жұмыс, отбасы бақыты секілді қарапайым армандарға ұмтылады. Жылдар өтсе де, оның кейбір мәселелері шешімін таппаған. Соған қарамастан Нұржан үмітін үзбей, ертеңнен жақсылық күтетінін аңғартты.

Оқи отырыңыз