Қасқыр мен жылқының дауысын айнытпай салатын қазақ қызы көпшілікті таңғалдырды

Қасқыр мен жылқының дауысын айнытпай салатын қазақ қызы көпшілікті таңғалдырды
Фото: Айзаданың архивінен

Қасқырдың ұлығанын, жылқының кісінегенін, құстардың сайрағанын ешбір аспаптың көмегінсіз айнытпай салу екінің бірінің қолынан келе бермейді. Көкшетаулық өнер иесі Айзада Кемел үшін бұл әуелде баласының көңілін аулаудың бір тәсілі болған. Кейіннен ерекше қабілетін ұлттық аспаптардың үнімен үйлестіріп, көпшілікке таныла бастады. El.kz тілшісі музыкантпен өнер жолы, табиғат дыбыстарына еліктеудің ерекшелігі және шығармашылық ізденісі туралы әңгімелесті.

Өнерге он жасында келген

Айзада 1998 жылы Көкшетау қаласында дүниеге келген. Әкесі – Айыртау ауданындағы Үкілі Ыбырай ауылының тумасы. Бала күнінен музыкаға қызыққан ол он жасында алғаш рет қолына домбыра ұстаған. Көкшетаудағы музыкалық мектепте білім алып, кейін Біржан сал атындағы музыкалық колледжді домбыра класы бойынша тәмамдаған. 2019 жылы Алматыдағы Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясына оқуға түскен. Жоғары оқу орнында білім алып жүріп, қазақтың көне музыкалық аспаптарына қызығушылығы арта түскен.

Музыкалық мектепті де, колледжді де домбыра аспабы бойынша бітірдім. Кейін сазсырнай аспабын меңгеріп жүргенде сыбызғы мен шаңқобызды көріп, қызығушылық таныттым. Оларды өз бетімше меңгере бастадым, – дейді өнер иесі.

Фото: Айзаданың архивінен 
Фото: Айзаданың архивінен 

Айзаданың туыстарының арасында да өнер жолын таңдаған жандар бар. Олардың бірқатары дәстүрлі ән өнерімен айналысады. Бүгінде музыкант Көкшетаудағы Ақан сері атындағы жоғары мәдениет колледжінде шәкірт тәрбиелеп, Ақмола облыстық филармониясында солист болып еңбек етеді.

Таланттың өзі жеткіліксіз

Бірнеше музыкалық аспапты қатар меңгерген өнер иесі әр аспаптың өзіндік ерекшелігі бар екенін айтады. Мәселен, домбырада ойнау қолдың икемділігін қажет етсе, сазсырнай мен сыбызғыда тыныс алу техникасының маңызы зор. Дегенмен музыкант өнерде жетістікке жету үшін табиғи қабілеттен бұрын еңбекқорлық қажет деп есептейді.

Өте талантты, бірақ жалқау музыканттарды көп білемін. Жетістіктің 99 пайызы – еңбек, бір пайызы – талант деген сөз бар ғой. Қаншалықты талантты болсаң да, өзіңмен жұмыс істемесең, кәсіби шеберлігің, дүниетанымың, шығармашылығың дамымайды. Сондықтан ең алдымен еңбекқорлық, табандылық және өз мамандығыңа деген сүйіспеншілік қажет, – дейді Айзада.

Фото: Айзаданың архивінен 
Фото: Айзаданың архивінен 

Баласының көңілін аулаймын деп аң-құстардың дауысын салуды үйренген

Музыканттың табиғат дыбыстарына деген қызығушылығы студенттік шағында басталған. Ол әсіресе саха халқының музыкалық өнеріне, хомус аспабында ойнау ерекшеліктеріне назар аударған. Айзаданың айтуынша, Саха елінде қазақтың шаңқобызына ұқсас хомус ұлттық аспап саналады. Жергілікті орындаушылар аспаптың үніне аң-құстардың дыбысын қосып, өзіндік орындаушылық мәнер қалыптастырған.

Фото: Айзаданың архивінен 
Фото: Айзаданың архивінен 

Айзада табиғат дыбыстарын қайталауды 2021 жылы үйрене бастаған. Ол кезде музыканттың ұлы бес-алты айлық болған.

Күні бойы баламмен үйде отыратынмын. Бір кезде оның көңілін қалай аулауды да білмей қалдым. Кішкентай болғандықтан, музыкалық аспаптарымның көбінің дыбысы оған ұнамайтын. Содан YouTube желісінен аң-құстардың дауысын салатын ерекше қабілеті бар адамдардың видеоларын қарай бастадым. Оларды тыңдап, дыбыстарын қайталауға тырыстым. Ал балам менің шығарған дыбыстарымды естіп, мәз болып күлетін. Сөйтіп, өзім де байқамай күн сайын жаттығып жүрдім, – деп еске алды музыкант.

Бір тойдағы өнері миллион қаралым жинаған

Күнделікті жаттығудың арқасында Айзада табиғат дыбыстарын музыкалық нөмірлеріне қоса бастаған. Алғаш рет мұндай өнерін туысының тойында көпшілікке көрсеткен. Сол жиында түсірілген видео әлеуметтік желіде тарап, миллионға жуық қаралым жинаған. Кейін музыкантты телеарналар хабарларына шақыра бастайды.

Музыкалық аспаптарда ойнайтындықтан, аң-құстардың дыбысын өзімнің нөміріме қосып көруді ұйғардым. Бір тойда солай өнер көрсеттім. Тамада видеоны өзінің парақшасына жүктеген екен. Содан ол тарап кетті. Кейін «Қазақстан» телеарнасы шақырды. Шынымды айтсам, ол кезде мұның бәріне аса мән берген жоқпын. Алла бақ берем десе, бір күннің ішінде де береді деп айтады ғой, – дейді ол.

 

Жылқының кісінегенін салу әлдеқайда қиын

Айзада алғашында құстардың дыбысына еліктеуді үйренген. Кейін қасқырдың ұлығанын, жылқының кісінегенін салуға машықтанған. Оның айтуынша, ірі жануарлардың дауысын қайталау көп күш пен энергияны талап етеді. Ал құстардың дыбысын салудың өзіндік техникасы бар.

Қасқырдың, жылқының және бірнеше құстың дауысын сала аламын. Нақты қанша құстың дыбысын қайталай алатынымды санап көрмеппін. Бірақ мен үшін әлі күнге дейін ең қиыны – жылқының кісінеуі. Жылқы – өте қуатты жануар. Оның дауысын салған кезде өзім қалағандай қуат әлі де жетіспейтінін сеземін. Сондықтан әлі көп жұмыс істеуім керек, – дейді өнер иесі.

Музыкант табиғаттағы дыбыстардың алуан түрлі екенін, олардың барлығын бірдей адамның дауысымен қайталау мүмкін еместігін айтады. Өзінің қазіргі қабілетімен де шектеліп қалғысы келмейді.

Фото: Айзаданың архивінен 
Фото: Айзаданың архивінен 

Өзіне көңілі толмаған музыкант дамуын тоқтатпайды

Әлеуметтік желіде көпшіліктің ықыласына бөленгеніне қарамастан, Айзада өз өнеріне сын көзбен қарайды. Тіпті өзінің сахнадағы орындауларын қайта тыңдағанда, кемшілік іздейтінін жасырмайды. Оның пікірінше, өнер адамының өзіне жоғары талап қоюы кәсіби дамуына ықпал етеді.

Шынымды айтсам, әлі күнге дейін өзімнің орындауларымды тыңдаған кезде көңілім толмайды. Музыканттарда үнемі өзіне деген сын болады. Бір нәрсе жетіспейтіндей, әлі де жұмыс істеу керектей көрінеді. Негізі музыканттың өзіне көңілі толмауы – жақсы белгі. Өйткені ол әрі қарай дамиды. Ал өнер иесі өзін мінсізбін деп есептеген сәтте оның кәсіби өсуі тоқтайды, – дейді Айзада.

Баласының күлкісі үшін басталған әуестік бүгінде оның орындаушылық өнерінің бір бөлігіне айналған. Айзада ұлттық аспаптардың үніне табиғат дыбыстарын қосып, өзіндік шығармашылық мәнерін қалыптастырып келеді.

Фото: Айзаданың архивінен 
Фото: Айзаданың архивінен 

Ерекше өнерді үйренгісі келетіндер бар

Айзаданың өнеріне қызығып, аң-құстардың дауысын салуды үйретуін сұрайтындар да аз емес. Алайда музыканттың айтуынша, бұл өнерді меңгеру кез келген адамның қолынан келе бермейді. Оған қызығушылық таныту бір бөлек, жүйелі түрде жаттығып, нәтижеге жету бір бөлек. Осы уақытқа дейін Айзада бір шәкіртін оқытып, оған арнайы диплом табыстаған.

Шәкіртіме екі айдай теориялық білім бердім. Аптасына бір рет кездесіп, қалған күндері өз бетінше жаттығуына мүмкіндік бердім. Қазір ол Алматыда білім алып жатыр. Оқу курсын толық аяқтағанымен, әзірге бұл өнерді тәжірибеде қолданып жүрген жоқ. Жалпы, адамның шынайы қызығушылығы болса, үйрену процесі де нәтижелі болады, – дейді музыкант.

Дене қызуым 39 градус болса да, сахнаға шыққан кездерім болды

Бүгінде Айзада түрлі мәдени іс-шараларда, халықаралық жиындарда және шетелдік делегациялардың алдында өнер көрсетіп жүр. Оның айтуынша, ұлттық аспаптар мен табиғат дыбыстары үйлесім тапқан музыкалық туындылар шетелдік көрермендердің де қызығушылығын тудырады.

Кейде сахнаға шыққанымда көрермендер телефондарына қарап, өзара әңгімелесіп отырады. Ал құстардың дауысын сала бастағанымда бірден назарларын аударып, видеоға түсіруге кіріседі. Бір музыкалық нөмірдің барысында үш-төрт рет қол шапалақтайтын кездері болады. Өйткені орындау барысында бірде аспапта ойнасам, бірде аң-құстардың дауысын саламын. Халықтың ықыласын сезінген сайын арқам қозып, шабыттана түсемін, – дейді өнер иесі.

Фото: Айзаданың архивінен 
Фото: Айзаданың архивінен 

Айзада тіпті денсаулығы сыр берген сәттерде де көрерменнің қошеметі ерекше күш сыйлағанын айтады.

Дене қызуым 38-39 градусқа көтеріліп, тамағым ауырып тұрған кезде де сахнаға шыққанмын. Сөйлесем, жөтеле бастайтынмын. Бір қызығы, өнер көрсетіп жатқан бірнеше минутта ауырғанымды мүлдем сезбей қалатынмын. Ағзам сол сәтте бар күшін жинай ма, әлде халықтың қолдауы әсер ете ме, білмеймін. Бірақ сахнадан түскен соң қайтадан әлсіздік басатын, – деп еске алды ол.

Дауысын арнайы күтпейді

Түрлі дыбыстарды қайталау үшін дауыс мүмкіндігін кеңінен пайдаланатын Айзада даусына арнайы күтім жасамайтынын айтады. Өнер иесі мұны бала кезінен аспапшы ретінде білім алуымен байланыстырады.

Вокалистер дауысты қалай күту керегін жиі айтып жатады. Ал мен аспапшы болғандықтан, мұндай күтімге дағдыланбағанмын. Мұз қосылған сусын ішемін, ащы тағам да жеймін. Алматыда студент кезімде жатақханада вокалист қыздармен бірге тұрдым. Олардың тамақтануына, дауыс күтіміне қатысты өзіндік тәртібі болатын. Ал мен аң-құстардың дауысын салуды меңгергеннен кейін де күнделікті әдеттерімді өзгерткен жоқпын, – дейді музыкант.

Оқи отырыңыз