Әкімшілік айыппұл: тексеру, төлеу және шағымдану жолдары

Әкімшілік айыппұл: тексеру, төлеу және шағымдану жолдары
Фото: El.kz/Артем ЧУРСИНОВ

Әкімшілік айыппұл кез келген қазақстандыққа салынуы мүмкін. Бір жағдайда оның мөлшері аса үлкен болмаса, енді бірде қалтаға едәуір салмақ түсіреді.

Айыппұл төлеу мерзімін өткізіп алмау үшін оны қайдан тексеруге болады? Қате салынған айыппұлға қалай шағымдануға болады? Төлем уақытында жасалмаса, қандай салдары бар? Осы сұрақтарға жауап іздеп көрейік.

Көбіне әкімшілік айыппұл туралы хабарлама азаматтарға SMS арқылы немесе банк қосымшаларына келеді. Алайда кейде ескерту мүлде түспеуі мүмкін. Мұндай жағдайда адам айыппұл салынғанын төлеу мерзімі аяқталар кезде, тіпті мерзімі өтіп кеткеннен кейін ғана білуі ықтимал.

Кейде айыппұл қате рәсімделетін жағдайлар да кездеседі. Біреулер мұндайда дауласпай, соманы төлеп құтылады. Бірақ кез келген азамат өзіне негізсіз салынған айыппұлға шағым түсіріп, оны қайта қаратуға құқылы.

Ендеше, әкімшілік айыппұлдың бар-жоғын қалай анықтауға, оны қайда төлеуге және келіспеген жағдайда қалай даулауға болатынын қарастырайық.

Әкімшілік айыппұл дегеніміз не?

Әкімшілік айыппұл – әкімшілік құқық бұзушылық жасағаны үшін салынатын ақшалай жаза. Мұндай құқық бұзушылықтарға жол қозғалысы ережелерін бұзу, қоғамдық орында темекі шегу, жолды белгіленбеген жерден кесіп өту немесе тыныштықты бұзу сияқты әрекеттер жатады.

Соңғы уақытта Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекске де бірқатар жаңа норма енгізілген.

Айыппұл заңды күшіне енген күннен бастап оны төлеуге 30 күн беріледі. Белгіленген мерзімде төленбесе, іс сот орындаушыларына жолдануы мүмкін. Мұндай жағдайда қосымша шығындар туындап, төленетін сома ұлғаюы ықтимал.

Маңызды: жол қозғалысы ережесін бұзғаны үшін салынған кейбір айыппұлды 50 пайыз жеңілдікпен төлеуге болады. Ол үшін айыппұл туралы хабарлама алынған күннен бастап жеті күн ішінде төлем жасау қажет. Бұл мүмкіндік құқық бұзушылықты мойындаған жағдайда ғана қолданылады. Белгіленген мерзім өтіп кетсе, айыппұлды толық көлемде төлеуге тура келеді.

Айыппұлды қалай онлайн тексеруге болады?

Айыппұл туралы хабарламалар уақытылы келуі үшін азамат мобильді азаматтар базасында (МАБ) тіркеуде болуы керек. Егер тіркелмеген болсаңыз, ескертулер келмеуі мүмкін.

Сондықтан SMS немесе банк қосымшасы арқылы хабарлама түспегеніне қарап, айыппұл жоқ деп ойлауға болмайды. Оның бар-жоғын арнайы онлайн сервистер арқылы өзіңіз тексерген жөн.

Мұны бірнеше жолмен жасауға болады:

  1. eGov.kz электрондық үкімет порталы

Порталға кіріп, «Көлік және коммуникация» бөлімін ашу керек. Одан кейін айыппұлдарды іздеу қызметін таңдап, көліктің мемлекеттік нөмірін, техникалық паспорт деректерін, жүргізуші куәлігінің нөмірін немесе хаттама мәліметтерін енгізесіз.

Айыппұл анықталса, оны сол жерден бірден төлеуге болады. Төлем түбіртегі жеке кабинеттегі тарихта сақталады. Сондай-ақ жеке кабинеттегі «Досье» бөлімінен де айыппұлдар туралы ақпаратты көруге болады.

  1. e-Salyq Azamat қосымшасы

Қосымшаны жүктеп алып, ЖСН арқылы жүйеге кіресіз. Содан кейін айыппұлдарды тексеру қызметін таңдап, қажетті деректерді енгізу жеткілікті. Егер төленбеген айыппұл болса, оны қосымша арқылы өтеуге болады.

  1. Банк қосымшалары

Көптеген банктің мобильді қосымшасында мемлекеттік қызметтер мен төлемдерге арналған арнайы бөлім бар. Сол жерден «Айыппұлдар» қызметін таңдап, ЖСН немесе көлік деректерін енгізесіз. Жүйе бар берешек туралы ақпаратты көрсетіп, төлем жасауға мүмкіндік береді.

  1. qamqor.gov.kz порталы

ҚР Бас прокуратурасының Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитетінің qamqor.gov.kz порталында да айыппұлды тексеруге болады.

Ол үшін «Айыппұлдарыңды біл» бөлімін ашу қажет. Жеке тұлғаның айыппұлын тексеру үшін ЖСН немесе жеке куәлік деректері енгізіледі. Ал жол қозғалысы ережесін бұзуға қатысты айыппұлды іздегенде көліктің мемлекеттік нөмірі мен техникалық паспортының деректері қажет.

  1. Айыппұлды офлайн тексеруге болады

Онлайн сервистерді пайдаланғысы келмейтін азаматтар айыппұл туралы ақпаратты халыққа қызмет көрсету орталығынан (ХҚКО) немесе әкімшілік полиция бөлімшесінен де ала алады.

Ол үшін жеке куәлік пен көлік құжаттарын көрсету қажет. Мамандар жүйе арқылы тексеріп, азаматқа атына тіркелген айыппұлдардың бар-жоғын хабарлайды. Егер төленбеген айыппұл анықталса, оны ХҚКО кассасында немесе банк қосымшасы арқылы өтеуге болады.

Айыппұлды «Қазпошта» филиалдарының кассалары арқылы да төлеуге мүмкіндік бар. Ол үшін 204106 есепшотын көрсетіп, хаттаманың нөмірін енгізу қажет.

Ескеріңіз: басқа адамның айыппұлын оның рұқсатынсыз тексеру мүмкін емес. Әр азамат тек өзіне қатысты мәліметтерді қарай алады.

Сондай-ақ айыппұл төленгеннен кейін ақпарат жүйеде бірден жаңармауы мүмкін. Әдетте деректерді жаңартуға екі жұмыс күніне дейін уақыт кетеді. Сондықтан төлем жасалғанымен, осы аралықта айыппұл жүйеде әлі де төленбеген болып көрінуі ықтимал.

Айыппұлмен келіспесеңіз не істеу керек?

Егер айыппұл негізсіз салынған деп ойласаңыз, оған шағымдануға болады. Ол үшін айыппұл салу туралы шешім қабылдаған мемлекеттік органға жүгіну қажет. Шағымды онлайн немесе тиісті мекемеге барып, жеке тапсыруға болады.

Айыппұлға шағым түсіруге негіз болатын жағдайлар:

  • құқық бұзушылық қате тіркелсе;
  • құжаттарда немесе жеке деректерде қате кетсе;
  • құқық бұзушылық тіркелген сәтте көлікті басқа адам басқарса;
  • көлік бұған дейін сатылып кеткен немесе басқа адамға берілсе.

Егер айыппұлмен келіспесеңіз, хабарламаны елемей жүре бермей, мүмкіндігінше тезірек шағым түсірген жөн. Өйткені белгіленген мерзімдерді өткізіп алу істі қайта қаратуға кедергі келтіруі мүмкін.

Айыппұлға қалай шағымдануға болады?

Қате салынған айыппұлға qamqor.gov.kz порталы арқылы онлайн шағым түсіруге болады.

Порталда әкімшілік іс материалдарын, құқық бұзушылық туралы нұсқамаларды, сондай-ақ фото және бейнетіркеу жазбаларын қарауға мүмкіндік бар. Қажет болған жағдайда материалдарды жүктеп алуға да болады.

Шағым беру тәртібі:

  1. qamqor.gov.kz порталына кіріңіз.
  2. «Әкімшілік құқық бұзушылықтарға шағымдану» қызметін таңдаңыз.
  3. «Әкімшілік істер бойынша өтініш беру» бөліміне өтіңіз.
  4. Электрондық цифрлық қолтаңба (ЭЦҚ) арқылы жүйеге кіріңіз.
  5. Ашылған іздеу жолағына әкімшілік істің нөмірін енгізіп, іздеу батырмасын басыңыз.

Егер іс нөмірі қате енгізілсе, жүйе бұл туралы ескертеді. Ал деректер дұрыс болған жағдайда экранда іс карточкасы және «Өтініш беру» батырмасы пайда болады.

Одан кейін батырманы басып, өтініш формасын толтыру қажет. Онда айыппұлмен неліктен келіспейтініңізді нақты түсіндіріп жазасыз. Қажет болса, өз уәжіңізді растайтын құжаттар мен басқа да дәлелдерді қоса тіркеуге болады. Соңында өтінішке ЭЦҚ арқылы қол қойып, қарауға жібересіз.

Бұдан бөлек, әкімшілік айыппұлға мына платформалар мен мекемелер арқылы да шағымдануға болады:

  • eGov порталы;
  • eOtinish платформасы;
  • Әкімшілік құқық бұзушылықтардың бірыңғай тізілімі (ӘҚБТ);
  • Полиция департаментінің Әкімшілік полиция басқармасындағы әкімшілік практика бөлімшесі.

Айыппұл туралы хабарлама алмасаңыз да, оның бар-жоғын өзіңіз тексеріп отырған жөн. Ал қате салынған айыппұлды бірден төлей салмай, алдымен істің материалдарын қарап, келіспеген жағдайда, белгіленген тәртіппен шағым түсіруге болады.

Оқи отырыңыз