Бір кездері 10 мыңға жуық адам өмір сүрген Шаған бүгінде қаңырап бос тұр. Семей ядролық сынақ полигонының тарихымен тығыз байланысты әскери қалашықта ең ірі аэродром болған. Мыңдаған тұрғын неге тастап кетті? Кеңес Одағының құпия қалашығынан бүгін не қалды? El.kz тілшісі Шағанның ұмыт қалған тарихына үңілді.
Семейден шамамен 76 шақырым жерде бір кездері мыңдаған адам өмір сүрген әскери қалашық бар. Кезінде мұнда әскери ұшқыштар, олардың отбасылары мен әскери бөлім қызметкерлері тұрған. Өзінің инфрақұрылымы, мектебі, балабақшасы, стадионы болған шағын қала Кеңес Одағы кезінде жабық әскери нысан саналды. Ал қазір оның көшелері қаңырап, көпқабатты үйлері бос тұр. Бұл – Шаған қалашығы.
Саяхатшылар арасында «өлі қала» аталып кеткен Шағанның тарихы Семей ядролық сынақ полигонымен және Кеңес Одағының стратегиялық авиациясымен тығыз байланысты.
Құпия қалашық қалай пайда болды?
Абай облысы әкімдігінің ресми сайтындағы тарихи деректерге сүйенсек, Шаған кенті 1956 жылы құрылған. Оның іргетасы әскери қалашықтың қажеттіліктеріне қызмет көрсету мақсатында қаланған.
Кеңес Одағы тарағанға дейін мұнда 10-11 мыңға жуық адам тұрған. Қалашық тұрғындарының басым бөлігі оңтүстік-батысқа қарай шамамен 10 шақырым жерде орналасқан әскери аэродром қызметкерлері болған.
Шаған тек әскери қызметкерлер орналасқан жабық қалашық болған жоқ. Мұнда адамдардың күнделікті өміріне қажетті барлық жағдай жасалған. Қалашықта мектеп, балабақша, дүкен, кітапхана, мәдениет үйі, монша жұмыс істеген. Тіпті азық-түлік өндіретін орындары да болған.
Бұрынғы тұрғындардың естеліктеріне сүйенсек, әскери қызметкерлердің балалары 1 500 оқушыға арналған мектепте білім алған. Қалада әлеуметтік инфрақұрылыммен қатар, демалыс орындары да болған. Тұрғындар мәдени іс-шараларға қатысып, балалар спортпен айналысқан.
Шағанның табиғаты да назар аударуға тұрарлық. Қалашық шөлейтті аймақта орналасқанына қарамастан, кезінде оны көгалдандыруға ерекше көңіл бөлінген. Ағаштар отырғызылып, көшелер мен аулалар суарылған. Ертіс өзені арқылы жолаушылар тасымалдайтын кемелер де қатынаған. Бұл қалашықтың сыртқы әлеммен байланысы болғанын көрсетеді.
Ал әскери нысандардың қауіпсіздігіне айрықша мән берілген. Қала аумағында бомбадан қорғанатын панаханалар көптеп салынған. Аэродромның ұшу-қону жолағының ұзындығы шамамен 4 шақырым болған. Кей деректерде бетон жабынының қалыңдығы бір метрге жеткені айтылады. Мұндай инфрақұрылым ауыр стратегиялық ұшақтарды қабылдауға арналған.
Көпшілік арасында Шағанның тіпті сол кезеңдегі карталарда көрсетілмегені айтылады. Бұл оның стратегиялық маңызы бар жабық әскери нысан болғанымен байланыстырылады.
Әлемдегі ең қуатты бомбалаушы ұшақтар қонған аэродром
Шағанның стратегиялық маңызын арттырған басты нысан – әскери аэродром. Ол қалашықтан шамамен 10 шақырым жерде орналасқан. Кеңес Одағы кезеңінде мұнда 79-ауыр бомбалаушы авиациялық дивизиясы орналасқан.
Дивизия құрамында әрқайсысында 20 ұшақтан болған екі ауыр бомбалаушы авиациялық полк қызмет еткен. Олардың негізгі қаруы – ядролық қару тасымалдауға қабілетті Ту-95МС стратегиялық бомбалаушы ұшақтары. Әр ұшақ алты зымыранға дейін алып жүре алған.
Бұл Шағанның жай ғана әскери қалашық емес, Кеңес Одағының стратегиялық қорғаныс жүйесіндегі маңызды нүктелердің бірі болғанын көрсетеді.
Саяхатшы Ернар Алмабектің айтуынша, аэродромның ұшу-қону жолағы ерекше ауқымымен көзге түскен. Оның ұзындығы мен техникалық мүмкіндіктері ауыр стратегиялық ұшақтарды қабылдауға арналған.
Шағанды тастанды, өлі қала деп атайды. Семейден 80 шақырым жерде орналасқан. Кезінде құпия шаһар болған. Тіпті карталарға да белгіленбеген дейді. Өйткені бұл қаланың стратегиялық маңызы зор еді. Семей полигоны кезінде мұнда әскерилер, ұшқыштар тұрған. Жалпы Шағанда 10 мыңға жуық тұрғын болған деседі. Қазір тірі жан жоқ. Шағаннан 9 шақырым жерде үлкен аэродром бар. Бұл әлемде теңдесі жоқ бірегей аэродром болған. Өйткені ол ең жойқын, ең алапат ұшақтарды ұшырып, қондыра алған. Аэродром қазір бос жатыр, – дейді саяхатшы Ернар Алмабек.
Посмотреть эту публикацию в Instagram
Айта кетейік, Ресейдің Біріккен авиациялық корпорациясының ресми мәліметінде Ту-22М3 ұшағы алыс қашықтыққа ұшатын дыбыстан жылдам зымыран тасымалдаушы-бомбалаушы ретінде сипатталады. Дегенмен Шаған аэродромында орналасқан негізгі авиациялық күш Ту-95МС ұшақтары болғанын ескерген жөн.
Неліктен мыңдаған адам қалашықты тастап кетті?
Шағанның тағдыры Кеңес Одағының ыдырауымен тікелей байланысты. 1991 жылы Қазақстан тәуелсіздік алғаннан кейін бұрынғы әскери нысандардың мәртебесі өзгере бастады.
Абай облысы әкімдігінің дерегіне сәйкес, 1995 жылы Шағандағы барлық әскери бөлімдер Ресейге шығарылып, әскери қалашық Қазақстан Республикасына берілген.
Әскери бөлімдердің кетуімен бірге қалашықтың негізгі тіршілік көзі де тоқтады. Өйткені жергілікті инфрақұрылымның басым бөлігі әскери қызметкерлер мен олардың отбасыларына қызмет көрсетуге бағытталған еді. Тұрғындар біртіндеп көшіп, үйлер бос қалды. Бір кездері мыңдаған адам өмір сүрген елді мекен уақыт өте келе елес қалаға айналды.
Семей полигонының тарихымен сабақтас
Шаған атауы Семей ядролық сынақ полигонының тарихында тағы бір ерекше оқиғамен байланысты. 1965 жылғы 15 қаңтарда полигон аумағында қуаты 140 килотонна болатын жерасты ядролық жарылысы жасалды. Оның мақсаты – жасанды су қоймасын қалыптастыру еді.
Қазақстан Республикасының Ұлттық ядролық орталығының мәліметінше, жарылыс нәтижесінде тереңдігі 100 метрден асатын, диаметрі шамамен 430 метр болатын алып шұңқыр пайда болған. Кейін оған Шаған өзенінің суы жиналып, халық арасында «Атом көлі» аталып кеткен жасанды су қоймасы пайда болды.
Бір қызығы, 1960 жылдардың соңында ғалымдар бұл көлде радиацияның тірі ағзаларға әсерін зерттеу мақсатында тәжірибелер жүргізген. Оған балықтардың 36 түрі, шаянтәрізділер мен басқа да жануарлар жіберілген. Олардың арасында Амазонка пираньялары да болған. Ұлттық ядролық орталықтың дерегінше, тәжірибеге енгізілген ағзалардың шамамен 90 пайызы уақыт өте қырылған. 1974 жылы тәжірибелік станция жабылған.
Бұл жерде бір жайтты ажырата кеткен жөн: Шаған әскери қалашығы мен «Атом көлі» – бір-бірінен бөлек нысандар. Дегенмен екеуінің де тарихы Семей полигонының әскери-ғылыми бағдарламаларымен байланысты.
Бүгінде Шаған қандай күйде?
Бір кездері әскери қызметкерлер мен олардың отбасылары өмір сүрген Шаған бүгінде өткен дәуірдің үнсіз куәгеріндей. Көпқабатты тұрғын үйлер, бұрынғы әлеуметтік нысандар мен әскери инфрақұрылымның қалдықтары кеңестік кезеңдегі жабық әскери қалашықтың қандай болғанын еске салады.
Ал кезінде стратегиялық авиация ұшақтары қонған аэродромның да әскери маңызы қалмады. Оның тарихы Кеңес Одағының әскери қуатын ғана емес, сол кезеңдегі Қазақстан аумағының геосаяси маңызын да көрсетеді.
Шаған – жай ғана тастанды елді мекен емес. Бұл – бір кезеңде мыңдаған адамның тағдыры тоғысқан, ядролық сынақтар дәуірімен қатар өмір сүрген және Кеңес Одағы ыдырағаннан кейін бұрынғы маңызынан айырылған тарихи мекен.