Карел Герартс ресми түрде «Ордабасының» бас бапкері атанды

Карел Герартс ресми түрде «Ордабасының» бас бапкері атанды
Фото: «Ордабасы» ФК

Шымкенттік «Ордабасы» футбол клубы бельгиялық маман Карел Герартсты бас бапкер қызметіне ресми түрде тағайындады.

44 жастағы маман Қазақстан чемпионымен 2028 жылдың соңына дейін келісімшарт жасасты.

Герартс футболшы ретінде бельгиялық «Брюгге» және «Стандард» клубтарында өнер көрсеткен. Бельгия ұлттық құрамасының сапында 20 матч өткізіп, төрт гол соққан.

Бапкерлік мансабын «Юнион Сент-Жиллуаз» клубында бастаған. Команданың 48 жылдан кейін Бельгияның жоғары дивизионына оралуына көмектесіп, кейін бас бапкер ретінде ел чемпионатының қола жүлдесін иеленді және Еуропа лигасының ширек финалына дейін жетті. Осы жетістіктерінің арқасында Бельгияның үздік бапкеріне берілетін Раймон Гуталс атындағы сыйлықты жеңіп алды.

Кейін немістің «Шальке 04» және франциялық «Реймс» клубтарын жаттықтырды.

Герартс «Ордабасының» басты мақсатын жариялады

Бельгиялық маман тағайындалғаннан кейінгі алғашқы сұхбатында команданың алдағы маусымдағы мақсаттары туралы айтты.

– Көптеген матчта жеңіске жетіп, әдемі футбол көрсеткіміз келеді. Ең маңыздысы – барлығымыздың бірлігіміз. Чемпионат пен Қазақстан кубогын жеңіп алғымыз келеді. Өткен маусымда команда «алтын дубль» жасады, сол жетістікті қайталауға тырысамыз. Алдымен Суперкубоктан бастаймыз. Барлығымыздың үлкен мақсатымыз – Чемпиондар лигасының жалпы кезеңіне шығу. Ол үшін қолдан келгеннің бәрін жасаймыз. Шымкенттен не күтемін? Әрине, қонақжайлылықты. Бұл қала өзінің қонақжайлығымен танымал. Мұнда керемет адамдар тұрады. «Ордабасының» өткен маусымда қандай мереке ұйымдастырғанын көрдім. Сол қуанышты қайталағым келеді, – деді Герартс.

Еске салайық, «Ордабасы» 2026 жылғы маусымда молдовалық маман Андрей Мартиннің жетекшілігімен 68 ұпай жинап, Қазақстан чемпионы атанды және ел кубогын жеңіп алды.

Оқи отырыңыз