Жаңалықтар

«Дәрігер мен мұғалімге құрметі бөлек». Түркияда оқу орталығын ашқан Әсел Қайролламен сұхбат

«Дәрігер мен мұғалімге құрметі бөлек». Түркияда оқу орталығын ашқан Әсел Қайролламен сұхбат
Фото: instagram.com/assel_kairolla 09.04.2024 17:00 12832

Түркияда білім алғысы келетін шетелдік студенттердің қатары көбейіп келеді. Бүгінгі таңда Анадолы елі Орталық Азия, Парсы шығанағы, Африка мен Балқан елдері талапкерлерінің бірінші таңдауына айналып отыр. Мысалы, 2022-2023 жылдарыТүркияда оқитын шетелдіктердің саны 302 мыңға жеткен. Ал оның ішінде 9 мыңға жуығы Қазақстаннан барған. Түркияға оқуға түсіріп, түлектерге жол сілтейтін Әсел Қайролла бұл елде оқудың артықшылықтары мен өзіндік ерекшеліктері туралы айтып берді. Сондай-ақ еліміздің мұғалімдері мен дәрігерлері үшін тағылымдамадан өтіп, тәжірибе жинау үшін түркиялық орталықпен келісім орнатып жатыр екен.

El.kz: Әсел, алдымен қазақ балаларының Түркия сияқты елде білім алуына қолғабыс етіп жүргеніңізге алғыс айтамыз. Осы ретте сұрақтарымызды қойсақ. Өзіңіздің Түркияда тұрып жатқаныңызға бірнеше жылға жуықтап қалған екен.Түрік халқының қайнап жатқан тыныс-тіршілігіне тоқталып, қандай қасиетттерін үйрену керек екенін айтып өтсеңіз...

Әсел Қайролла: Түркияда тұрып жатқаныма 5 жылдан асты. Түріктердің маған ұнайтын қасиеті туралы көп айтуға болады. Мысалы, біз қазақтар көбіне ұят емес нәрсені де кейде «ұят қой» деген тізімге қосып жібереміз. Білім саласына қатысты мысал келтірейін. Біздің елде «11-сынып бітіргеннен кейін бірден университетке түсіп кетпеу – ұят» деген көзқарас бар. Ал бұл жақта сен қанша жерден мектепті үздік бітірсең де, университетке бірден түспеуге құқығың бар. Оқымасаң да болады деген емес. Дайындалып, отбасылық шағын кәсіпке көмектесе аласың немесе кафелерде даяшы бола аласың. Осылайша, түлектер оқуға түсе алмадым деп арланбайды, еңбек етуден ұялмайды. Екінші жағынан, демократиялық құндылықтары ұнайды. Мысалы, 31 наурызда әкімдердің сайлауы өтті. Түріктер өз құқықтарын қатты қорғайды. Ыстамбұлда атақты әнші-блогерлерге дейін сайлау учаскелерінде бақылаушы болды. Алдын-ала өтініш жазып, бәрін қатаң қадағалап отырады. Дегенмен, кішкентай қалаларында тәртіп-бұзушылықтар анықталып жатқаны жасырын емес. Үшінші жағынан, Түркия әйелдерге қатысты зорлық-зомбылық пен тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын-алу және осылармен күрес жөнінде «Стамбул конвенциясын» қабылдаған еді. Құжатты тек Түркия емес, кейбір еуропа елдері, араб елдері де қабылдады. Бүгінде біздің елімізде өзекті боп тұрған отбасылық зорлық-зомбылыққа қарсы мәселелері қамтылған. Міне, сол келісімнен 2021 жылы Түркия шығып кетті. Ақ партияның соңы кездері абыройынан айырылуына экономикамен қатар осы себеп те әсер етті. Содан кейін Түркияда әйел культі пайда болды. Біз әрдайым әйелді құрметтеу, гендерлік теңдік туралы көп айтамыз ғой. Бірақ бұл елде бәрі де іспен дәлелденіп келеді. Мысалы, қазіргі сайлауда 11 өңірдегі 80 облыстың 2019-дағы сайлауда 4 облыста әйел әкім болып сайланса, биылдан бастап 11 облыста әйел әкім болып сайланды. Облыстан бөлек аудандарда да әкім әйелдердің үлесі артып келеді. Мысалы, өзім тұратын Измирдің 30 ауданның сегізінде әкімдер сайлауында халық әйелдерді сайлады. Осы сайлауда таңқалғаным, әйелдердің құқығы қатты тапталатын, дәстүр мен дінді жамылып, әйелдердің құқығына қол сұғатын, зорлық-зомбылық көп тіркелетін Шығыс Анадолы жақта да Диарбакир облыстарында де әйелдер әкім болды. Менің ойымша, бұл өте жақсы тенденция. Әркім өзінің құқығын талап ете алатыны да ұнайды.

Мұғалімдер мен дәрігерлерге көрсетілетін құрметін де атап өту керек. Біз мұғалімдердің мәртебесін көтеру, жағдайын жасау туралы айтқанда жалақысын көтеру деп қабылдаймыз ғой. Қоғамға қажет ең басты 3 мамандық бар. Мұғалімдер, дәрігерлер және полиция қызметкерлері. Осы 3 саланың мамандарына өте жақсы жағдай жасалған. Сол жағынан үлгі алуымыз керек. Дәрігерлер заңмен ерекше қорғалады. Себебі, дәрігерлерге шабуыл мен қастандық оқиғалары жиі болып тұрады. Бірақ, заң бойынша іс қозғалса, дәрігерлерге қастандық жасағандар қарапайым адамға жасағаннан бөлек қарастырылады. Яғни, ақ халаттыларға зиян тигізгендер қатаң жазаланады. Түркиядағы тағы бір ұнайтын тұс, полиция ешқандай партияға мүше болмайды. Полиция ашық, өзінің көзқарасын білдіре алмайды. Яғни, ертең президент заң бұзса, полиция ешкімге қарамай, тұтқындауға құқылы. Сайлауға қатыса алады. Бірақ ашық түрде саяси позициясын білдіре алмайды. Полиция билік болсын, оппозиция болсын, барлық азаматқа тең қарауы тиіс екенін айтып, университеттерде арнайы оқытады.

El.kz: Түркияда оқудың қандай артықшылықтары бар деп ойлайсыз? Білім сапасына көңіліңіз тола ма?

Әсел Қайролла: Түркияда оқудың басты артықшылығы – саған қателесуге, қатеңді түзетуге мүмкіндік беруі. Ең бірінші, ұнайтын тұсы осы. Мектепте болсын, университетте болсын жазу үшін қара қарындаш қолданылады. Бірнәрсе жазсаң, сен оны өшіріп, қайтадан түзетуге құқығың бар деген сөз. Ол баланың түпсанасында «Мен қателестім, қатемді түзете аламын» деген сезім қалыптастырады. Мен өзімнің оқыған кезіммен салыстырсам, мысалы, диктант жазғанда асығып бір жерде бір әріпті ұмытып кетуің мүмкін, «ң» әріпінің орнына «н» жазуың мүмкін. Сондай кезде кәдімгідей күйзеліс болады. Менің әпкем қазақ тілінен сабақ берген. Сондықтан үйімде қазақ тілі мен әдебиетінен қате жіберуге құқығым болмайтын. Дәптердің бәрін толтырып, көшіретінмін, әдемі жазуға тырысатынмын. Қазір қарасам, оның бәрі кәдімгідей күйзеліс екен. Ал бұл жақта «ештеңе етпейді, қателестің бе, түзетуге тағы бір мүмкіндік беріледі». Бұл үлкен өмірде де көп затты күрделендірмеуге үйретеді. «Ойбай, мен қателестім» деген сөз емес, «Жарайды, қатеңді түзет, әрі қарай алға жылжы» деген түсінік қалыптастырады. Сосын университетте біздің елдегідей оқуды 4 жылда аяқтап шығу керек деген талап жоқ. Бұл жақта оқу процесін 7 жылға дейін созуға болады. Бірінші курстың бірінші семестрінде екі сабақтың емтиханын тапсыра алмай қалсаң да екінші курсқа өтесің. Осылайша, екінші курстың бағдарламасын оқып жүріп, бірінші курста өте алмай қалған емтиханды қайтадан тапсыруға болады. Сосын университеттерде жазғы курс деген бар. Мысалы, бір оқу жылында түсінбеген пәндеріңді жазда қайтадан оқуға болады. Яғни, студенттердің сабақты барынша түсінуіне, бойына білімді жақсылап сіңіруіне барлық жағдай жасалған. Бір сабақтан өте алмай қалса, келесі жылы сол пәнді қайта қосып өтеді. Маған осы жүйе ұнайды. Шыны керек, шетелден келген студенттер үшін Түркияның ғылыми тілі күрделірек. Біздің елден келген студенттер сондықтан да қиындық көруі мүмкін.

El.kz: Ол жақтағы сыбайлас жемқорлық мәселесі қандай деңгейде? Қазақстандық студенттерді парамен оқуға қабылданатын жағдайлар туралы айтылып жатады. Бұл қаншалықты кең ауқым алған?

Әсел Қайролла: Өкінішке қарай, сыбайлас жемқорлық, парақорлық бұл жақта да бар. Бірақ біздегідей емес. Астыртын немесе бәрі білетін оқу орындары бар. Бірақ, жемқорлық схемасы бір ашылса, соңы өте жаман болады. Өзім осында келгелі бір университетте профессорды ұстап, кейін оның профессорлық дәрежесін алып қойды. Сондай-ақ университеттерде сабақ беру құқығынан айырылды. Қатаң жаза қолданылады. Сосын Қазақстаннан, Қырғызстаннан ұсталған студенттер болды. Профессормен байланысы анықталған, пара беріп түскен студенттерді депорт жасады. Кейін оларға депортпен құтылғандарына қуану керегін айтып, елшіліктің көмегі болғанын айтты. Университеттерде емтихандарды «аға-көке» деп парамен жаба алмайсың. Дегенмен, сол оқуға түсетін кезде астыртын пара беру фактілері болады. Бірақ құзырлы органдар біліп қойған жағдайда соңы өте өкінішті болады. Өкінішке қарай, біздің азаматтар соны ескермейді. Пара беріп, қазір оқуға түсіп алайын деп ойлайды. Менің тәжірибемде бір қыз болды. Анасы қоймай «Измирде қалсын, университетке түсір» деді. Ал ол қыздың балы өте төмен, аттестаттағы бағасы да төмен. Онымен оқуға түсе алмады. «Сен басқа шағын қалаға түсіп тұрсың. Измирге болмайды», дедік. Ол басқа қалаға барып, пара беріп түскен. Одан кейін ондай студенттермен байланысымызды үземіз.

El.kz:  Әлеуметтік желіде  түрік профессоры мен студенттің арасындағы қарым-қатынас түсірілген видео кең таралды. Желі қолданушылары профессордың студентті ерекше жылы қарсы алып, шай беріп, оқуға қатысты мәселені емін-еркін талқылағанын көруге болады. Жалпы осы мәдениетті біздің елдегі оқу орындарынан сирек көреміз. Түркиядағы оқытушылар мен студенттер арасындағы байланыс туралы айтып өтсеңіз..

Әсел Қайролла: Мен Қазақстанда университетті 2004 жылы бітіріп кеттім. Шыны керек, қазіргі жүйе қандай екенінен хабарсызбын. Бірақ ол кезде де үлкен субординация болатын. Тең дәрежеде сөйлесе алмайтынбыз. Әрнәрсенің орны болады, бірақ, бұл жақта еркіндік бар. Мұғалімдер белгілі бір деңгейде шекарасын сақтай отырып, еркіндік береді. Мектеп оқушыларында да сондай жақсы үрдіс қалыптасқан. Тарихтан білеміз, түріктердің жаулаушы халық болғанын, сондықтан шығар ДНҚ-да сол еркіндік сақталған. Мұғалімдері де студенттермен қалжыңдасудан бөлек кафе-ресторандарға бірге барып жүреді. Біз талай офисымызға шақырып, бірге шай ішіп, сырлас болып кетесің. Мысалы, түрік тілін оқытқан Төмер-дегі мұғалімімнің үйіне барып қонатынмын. Мен топтағы жасы үлкені болғандықтан әрі менің бұрын журналист болғаныма қызығып, әңгімелескісі келетін. Бүгінге дейін достық қарым-қатынастамыз. Ол бұрын журналистикаға түсуге қызыққандықтан, екеуміз екі елдегі журналистиканы көп талқылайтынбыз. Сөйтіп, ол Түркияның басылымдарына мақалалар жаза бастады. Оларда «Мен мұғаліммін, бәрін білемін» деген нәрсе жоқ. «Мен саған мынаны үйретемін, сен де маған мынаны үйрет» деген сияқты көзқарас ұстанады. Измирдегі Катиб Челеби университетінде халықаралық қатынастар факультетінде оқып жүріп, ректордың алдында екі рет болдым. Олар шай, кофесін дайындап қойып, әңгімесін айтып отыра береді.

El.kz: Қазір Түркияда «Turan Education» атты компанияның негізін қалап, жұмысын жүргізіп отырсыз. Осы орталықтың қызметі мен жұмыс барысы туралы толығырақ айтып берсеңіз.

Әсел Қайролла: Кезінде Түркияға оқуға түсіп, тіл үйреніп жүргенде 100 шақты қазақ балалар келді. My Turkey деген компания балаларды әкеліп, осындағы серіктестеріне тастап кеткен. Ол балалар 11-сыныпты жаңа бітірген, тіл білмейді, Түркияда тұруға ықтиярхат қалай алынатынын білмейді. Бұл жақтағылар да шетелдіктермен бірінші рет жұмыс істегендіктен көп нюанстарды білмей жатты. Мысалы, біздің елде қазақстандықтар өз құқығымызды жақсы білсек, ал шетелдіктер үшін олардың құқықтары қандай екенін білмейміз ғой. Түркиялықтар да дәл солай болды. Сол кезде осындай бір ой келді. Осылайша 2019 жылдан бері көптеген студенттерді оқуға түсірдік. Бұрын біз студенттерді оқуға түсірімен ғана айналысатынбыз. Енді осы 2024 жылдан бастап біз оқуға түсетін емтихандарға дайындаймыз. Бұрын арнайы орталықтармен келісіп, солардың репетиторларының көмегіне жүгінетінбіз. Енді өзіміздің мұғаліміміз бар. Бірақ жылдан жылға Түркияға келетін студенттердің білім деңгейі, оқу сапасы төмендеп жатыр. Өйткені, көптеген компаниялар қалай жарнамалайды? «Оқуға түсу оңай, пара беріп, емтихансыз түсесіз» дегенге жұрттың бәрі қызығады. Аттестатындағы бағасы үшке толы болса да, келіп, уақытты созып жүреді. Сондықтан да қысқа мерзімді курстар ұйымдастыру туралы ой келді. Қазір біз сән әлеміне қатысты курстар аштық. Ол бірінші аяқ киім мен сөмке, тері өнімдеріне қатысты. Әлеуметтік желіден қарасам, Қазақстанда тері өндірісі дамып, белең алып келе жатқан секілді. Көптеген тері өнімдерін өндіріп, дайын өнім жасап шығаратын компаниялар бар екен. Соларды көріп, бәсеке болса арзанға түсер деп ойладым. Түркиядан үйреніп қайтсын деген оймен курс аштық. Бізде «брендім бар» деп айтады, ал олар Қытайдан тіктіріп әкеліп, сатып жатады. Біз киім өндірісі, күнделікті киімдер мен іш киімдердің өндірісімен таныстыратын, үйрететін курстар аштық. Халыққа осындай курстар қажет деп ойлаймыз. Оқу бітірмесе де, кәсіпті үйреніп алып, Қазақстанда жеке бренд ретінде қалыптастыруға болады. Үш айлық курста менеджмент, маркетиң салаларын қамтып, білім береміз. Сонымен қатар, мұғалімдер мен дәрігерлердің тәжірибе жинауы үшін де курстар аштық. Білім беру саласында жүріп, айырмашылықтар мен артықшылықтарды көріп, қазір бастауыш мектеп мұғалімдеріне арналған курс ашқалы жатырмыз. Мамырдың соңында болады. Одан кейін дәрігерлер өндірістік тәжірибеден өте алатындай мүмкіндіктерді қарастырдық. Aspendos деген академия Түркиядағы ауруханалармен келісім шартқа отыратын орталық бар. Сол орталық арқылы Түркияның ең мықты ауруханаларында ақылы түрде тағылымдамадан өтуге болады. Бұл дәрігерлердің тағылымдамасын Қазақстанның Ыстанбұлдағы елшілігі де ұйымдастырып жатыр. Бірақ ол көбіне ауылдық дәрігерлердің тегін өтуі үшін бағытталған. Біз кез келген дәрігердің өтуіне мүмкіндік жасаймыз. Дәрігерлер ағылшынша, түрікше жақсы білсе, операцияларға кіріп, үйрене алады. Біздің мақсатымыз  - кадр тапшылығын, соның ішінде барынша сауатты, білікті мамандарды даярлау. Елімізге мықты кадрларды даярлап, тәжірибе алмасу. Осы ойды көптеген компаниялар ақшаны ойлап, бизнеске айналдырып жатыр. Біздің басты ерекшелігіміз – біздің құндылығымызда, миссиямызда. Егер тек ақша табуды көздесек, Қазақстандағы танымал блогерлер мен әншілерді, аудиториясы бар адамдарға айтып, жарнама жасатар едік. Бүкіл нарықты жаулап алуға болар еді. Кез келген адамды ала бермейміз, білімі мен талабына назар аударамыз. Біздің қызметке бөлген ақшасын елге барып ақтағанын мақсат етеміз. Білікті маман болып, елге үлесін қосуы керек. Қысқа курстарды ашудағы мақсатымыз осы. Сән әлемімен, тері өндірісімен ғана шектелмей, тағы да қандай мамандарды даярлауға болатынын зерттеп жатырмыз. Осылайша кеңейтілген мектеп ашқымыз келеді. Қазір ізденіс үстіндеміз.

El.kz: Бүгінге дейін қанша студент сіздердің көмектеріңізбен шетелге оқуға түсті? Қай университеттерде білім алуға сұраныс көп? Студенттерге қандай жағдайлар жасалған?

Әсел Қайролла: Осы уақытқа дейін 5 жыл ішінде 300-ге жуық студенттің оқуға түсуіне көмектестік. Көп компаниялар жыл сайын 100 студентті әкеліп тастайды. Бірақ біз сапалы университеттерге түсіруге тырысамыз. Біздің елдегідей мықты топ университеттердің көпшілігі Анкара мен Станбұлда орналасқан. Бірақ шағын қалаларда да рейтингке кіретін университеттер бар. Мысалы, Элязыг қаласында, Коньяда, сосын Эрзурумда Ататүрік университеті өте мықты болып саналады. Бірақ, олар шағын қалаларда болғандықтан жергілікті студенттердің қауіпсіздігі мәселесі бар. Түркия контрастқа толы мемлекет екені белгілі, көбінесе, теңіз жаққа жақын аймақтардың халқы либерал көзқараста. Шетелдіктерге ашық, қатты қысым көрсете бермейді. Ал тау жақта, Шығыс Анадолы жақтардың халқы консервативті болып келеді. Шетелдіктерге басқаша қарайды. Сондықтан, қыздардың құжаттарын ол аймақтарға тапсырмаймыз. Негізінен үлкен қалалардағы универсиеттерге тапсыртуға тырысамыз. Емтиханнан жинаған бағалары төмен, атестатының орташа балы төмен болып жатса, үлкен қалаларға жақын маңдағы шағын қалаларға, мысалы, Анкараның жанында Кютахья бар, Ыстанбұлға жақын Bilejik университеті бар. Сондай жақтарға орналастыруға тырысамыз. Университеттерді керемет етіп мақтап, аудандық деңгейдегі аймақтарға орналастырып жататындар көп. Біздің басты құндылығымыз – мықты маман болу үшін мықты университетке түсуі тиіс. Сондықтан қызыл атестаты бар, орташа балы 4-тен жоғары студенттердің бәрін жақсы университеттерге түсіруге тырысамыз. Сондықтан бәріне емтихан тапсыруға кеңес береміз. Шетелдіктерге арналған біздің ҰБТ сияқты емтихандар бар. Әркімнің өз таңдауына қарай сұраныстарын қанағаттандыруға тырысамыз. Кішкентай университеттердің өзінде студенттерге жақсы жағдай жасалған. Бүкіл лабораториялар бар. Бұл жақта ең мықты университеттердің медицина факультеті бар. Яғни, бір университетте медицина факультеті болса, басқа салаларында да мықты білім беріледі деген сөз. Сондай-ақ әр университеттің жеке емханалары мен ауруханалары бар. Аулы шаруашылығы мамандығы болса өзінің жеке жер учаскесі болады, тәжірибе жасайды, өнімді өсіріп көреді. Мысалы, Эгей университетінің туризм факультеті Чешме деген алыс ауданында орналасқан. Себебі, ол жерге туристер көп келеді. Байқағаныңыздай, университеттердің корпустары үлкен стратегиямен жасалған.

El.kz: Ақылы оқу орындарындағы баға қалай? Қазақстандық студенттер ақылы оқуға түсе ме әлде көбіне грантқа түсе ме? Грант жеңіп алу үшін ең тиімді бағдарлама қандай?

Әсел Қайролла: Ақылы оқу орындарындағы баға университеттің рейтингіне байланысты. Университеттің акционерлерінің беделіне байланысты. Мысалы, осы жақта Сабанджы, Яшар деген олигархтардың отбасылары бар. Олардың әрқайсыларының өзінің университеттері бар. Олардың рейтингтері де мықты, әлемнің мықты университеттерінің қатарына кіреді. Сондықтан олардың бағалары да жоғары. 6-7 мың доллардан басталады. 1,5-2 мың долларға да ақылы оқу табуға болады. Бірақ олардың білімі сол бағасына сәйкес болады. Біз негізінен мемлекеттік университеттерге 2 грант түрі бойынша оқуға түсіреміз.. Түркия бурслары мен дінге қатысты мамандықтарға байланысты Ислам банкінің беретін гранттары бар. Осы екі бағыт бойынша ғана грант бар. Бұл гранттарға өтініш беру мерзімі қаңтар-ақпан айларында өтіп кетеді. Көп компаниялар жыл 12 ай грантқа түсіру туралы айтып жатады. Бірақ мамыр айында ешқандай грантқа түсіре алмайды. Сондықтан алданып қалмау керек. Грант жеңіп алу үшін ең тиімді жалғыз бағдарлама, ол – Түркия бурслары. Ол жерде де сіздің оқу үлгеріміңізге ғана емес, отбасылық жағдайға да қарайды. Екінші жағынан, белсенділікке қарайды.

El.kz: Түркия халқы аса ауыр зілзаланы бастап өткерді. Қазіргі ахуал қандай? Оқиғадан кейін қайта қалпына келе алды ма?

Әсел Қайролла: Әлі де толық қалпына келді деп айта алмаймын. Әлі де үйсіз-күйсіз отырғандар көп. Сондықтан ол жақтарда сабақтар офлайн режимге көшті. Дегенмен де, физикалық-материалдық жағынан қалыпқа келсе де, зілзаланы бастан өткерген оқушылардан психологиялық проблемалар анықталып жатыр. Оның бәрі оңай емес. Жан жарасы тезірек жазылсын дейсің. Бірақ отбасынан, ата-анасынан толықтай айырылып қалған балалар бар. Олар оңайшылықпен қалыпқа келе қоймауы мүмкін. Мемлекет барынша қолдау көрсетіп жатыр.

El.kz: Сұхбатыңызға көп рахмет!

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға