Жаңалықтар

Атам мені кішкентайымда қазақ тілді балабақшаға апарған – Карина Рабе

1 мамыр – Қазақстан бірлігі күні
Атам мені кішкентайымда қазақ тілді балабақшаға апарған – Карина Рабе
Фото: Коллаж El.kz 01.05.2024 13:11 14807

1 мамыр – Қазақстан халқының бірлігі күні. Бұл мейрам 1996 жылы Президент Жарлығына сәйкес кең көлемде тойланып келеді. Қазақ елі көптеген өзге ұлт өкілдерін бауырына басты. Бүгінде олар бір шаңырақ астында тату-тәтті өмір сүруде. Қазір еліміздегі түрлі ұлт пен дін өкілдерінің бір-біріне деген сый-құрметі артып, ортақ құндылықты насихаттау жұмыстары жалғасын табуда. Тіпті, қазақша сөйлейтін өзге ұлт өкілдерінің қатары айтарлықтай көбейді. Мерекеге орай  El.kz ақпарат агенттігінің тілшісі қазақ тілін жетік меңгерген жанның бірі Карина Рабемен тілдесіп, әңгіме өрбітті.

Мемлекеттік тілді жетік меңгеруге кішкентай кезінде атасы ықпал еткен көрінеді. Атасы Каринаны қазақ тілді балабақшаға береді. Содан бастап ол қазақ тілінен облыстық, республикалық олимпиадаларға қатысып жүлделі болады.

Ұлтым – неміс. Өзім Павлодар қаласының тумасымын. Қазір Павлодар облыстық Ertis телеарнасында бас жарнама менеджері болып жұмыс істеймін. Қызметке тұрғаныма жазда бір жыл болады, – дейді ол.

«Қазақ тілін үйренуімнің өзі қызық» деп бастады әңгімесін Карина.

Атам бала күнімде тілім қазақша шықсын деген мақсатта қазақ тілді балабақшаға берді. Содан бастап ана тілге деген қызығушылығым одан сайын арта түсті. Мектепте қазақ тілінен облыстық, республикалық олимпиадаларға қатысып жүлдегер атанған едім. Қазіргі  таңда одан сайын тіл байлығымды жетілдіру мақсатында журналистика мамандығына оқуға түстім, – дейді Карина Рабе.

Ол олимпиадаларға қатысып, қаншама ойы терең жандармен танысып, лауазымы жоғары адамдармен тіл табыса алуды өмірінде маңызды қадам ретінде есептейді. Өйткені бұл қазақ тілін дамытуға үлкен рөл атқаратынына сенеді.

Әрдайым қандайда бір дүниеге құлшынысы бар адамдармен тіл табысып, араласқан кезде өзің де жақсы жаққа өзгересің. Осындай ортада жүріп өскенімнен тілге деген ынтам да арта түсті. Қазақ тілінде еркін сөйлей бастадым. Кейде адамдардың таңқалап қарайтын кездері болды. Десе де, қазақша жақсы сөйлейтінімді біледі, – дейді ол.

Екі тілді жетік меңгеру бұл қызметке де әсер етеді. Себебі қазір қазақ тілін білуге басымдық көп беріледі. Каринаның жұмысқа орналасуына да қазақ тілін білуде септігін тигізген екен.

Көптеген ұйымдар мен кәсіпорындар мемлекеттік тілде сөйлейтін қызметкерлерді көбірек жұмысқа алады. Бұл өз кезегінде қосымша мансаптық мүмкіндіктерді ашуға көмектеседі. Мен үшін үлкен артықшылық – тілді білу. Әрине, жұмыста қазақ тілін білу міндетті болып табылады, – деді.

Карина: «Қазақ тілі – мәдени мұраның негізгі элементі. Тіл үйрену және қолдану ол біздің дәстүрлерді, әдет-ғұрыптарды және құндылықтарды келешек ұрпаққа сақтауға, насихаттауға  көмектеседі», деп санайды.

Ана тілін білу және қолдану ұлттық болмысты нығайтады. Бұл өз еліне және мәдениетіне деген мақтаныш сезімін қалыптастыруға септігін тигізеді, – дейді.

Айтуынша, отбасы қазақтың салт-дәстүрлерін қатты сақтайды. Атасы, тәтелері бес уақыт намаз оқып, ораза ұстайды екен. Үйіне келген қонақтарды құшақ жая қарсы алып шығарып салатынын жеткізді. 

Қонақжайлық  – қазақ халқының сүйегіне сүтпен сіңген қасиет. Үйге тосыннан қонақ келіп қалса, «құдайы қонақ» деп шырайлы жүзбен қарсы алып, бар тәтті-дәмдіні алдына қойған. Қазақ халқында қонақтың белгілі төрт түрі арнайы қонақ, құдайы қонақ, қыдырма қонақ және қылғыма қонақ болғанымен, қазақ үшін қонақтың аты қонақ болып қала берген. Қонақ күту маған ұнайды. Қонақпен бірге үйге ырыздық келеді, – деп есептейді. 

Қазақстан халқының бірлігін елімізде тұратын барлық ұлт өкілдері ерекше қарсы алады. Бұл күннің маңызы да зор. Кейіпкерімізден мейрамның маңызы мен қалай қарсы алатынын сұрадық. Айтуынша бұл мейрам еліміздегі ең ірі мерекелердің бірі.

Қазақстан халқы үшін ең ірі мерекелердің бірі. Еліміздің барлық өңірінде 1 мамыр ерекше тойланады. Мақсаты – ел ішіндегі түрлі ұлт пен дін өкілдерінің бір-біріне деген сый-құрметін арттырып,  татулықты, бірлікті, ортақ құндылықтарды  насихаттау. Қазақстанның саяси жүйесінде маңызды тұтқа болып табылатын Ассамблея бүгінгі таңда барлық этностардың мүддесін ортақ қазақстандық мүддеге айналдыруды, ұлттық ерекшеліктеріне қарамастан, барлық азаматтардың құқығы мен еркіндігін сақтауды қамтамасыз етіп келеді. Бүгінде қоғамдық институт ретінде толығымен қалыптасты деуге болады. Осының барлығы әрине, әрбір жан үшін өте маңызды, – дейді кейіпкеріміз.

Елмен қатар отбасымен де бірге атап өтетін Каринабұл күнді шаңырағында ерекше тойлайтынын айтты.

Барлығымыз қара шаңырақтың астында жиналып, дастархан жаямыз. Алаңға шығып, мерекелік шараларға қатысып, отбасымызбен қыдырамыз. Қазақстан – көп ұлтты мемлекет, 140-тан астам ұлт пен ұлысты біріктіріп отыр. Сол себепті еліміз үшін бұл өте маңызды. Осындайда кез келген ұлттың жүрегінде патриоттық сезім ұялауы қажет. Өзге ұлт өкілдері қазақ тілін екінші ана тіліндей қабылдап, салт-дәстүрлерді ұстанып, түрлі мерекелерді атап өтеді. Бұл керемет емес пе?! Бірлікте, татулықта өмір сүрейік,  – деп ақжарма тілегін білдірді.

Карина өзі неміс ұлтынан болса да, атасы қазақ екен. Ал әжесі неміс болса да, отбасында тілге деген құрметтері ерекше екен. Барлығы қазақша сөйлейді.

Бәріміз отбасында қазақ тілінде сөйлейміз. Менің әжем таза қазақша сөйлейді. Оның бешбармақты қалай дайындайтының көрсеңіз, таңқаласыз және тамсанасыз, – деді.

Ол қазақ жерін бірлік пен татулықтың мекені ретінде көріп, ал ең басты жетістік мемлекеттік тілді меңгеруде екенін айтады.

Мен Қазақстанды таңғажайып табиғаты бар, алуан түрлі ландшафттары, шығыс тыныштығы мен батыстық сән-салтанаты жарасқан, көптеген асыл дәстүр мен азиялық мәдениеттің нағыз экзотикасын біріктіретін мегаполис қалаларының сәні бар тартымды ел ретінде көремін. Қазақ жерінде бәрі бар. Бұл шексіз жазық дала, оның тұщы және тұзды көлдері адамды ерекше сүйсіндіреді. Суда жүзетін мыңдаған құстар мен жәндіктер, ерекше қарағайлы орман, таңғажайып таулардың бәрі керемет. Қазақстан жерінде көп құнды дүниелер жасырылған. Ал ежелгі көшпенділердің атамекеніне бармаған және қазақтардың ежелгі ата-бабаларынан қалған киіз үйлерін өз көзімен көрмеген адам мұны түсіне алмайды, – дейді Карина Рабе.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға