Жаңалықтар

Түркістанның жаңа театрында «Бөрте» көрерменге жол тартты

Түркістанның жаңа театрында «Бөрте» көрерменге жол тартты
13.10.2021 11:08 4535

Түркі әлемінің бесігі саналатын Түркістанда жаңа театр ғимараты бой көтеріп, халық игілігіне берілді. Сән-салтанаты мен сәулеті келіскен музыкалық драма театрдың алғашқы шымылдығы жазушы, драматург, мемлекеттің сыйлықтың иегері Дулат Исабековтің «Бөрте» қойылымымен түрілді.

Түркістанның жаңа театрында «Бөрте» көрерменге жол тартты

Қойылымға жазушымен бірге «Нұр Отан» партиясы төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбек, Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев, Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов, Қызылорда облысының әкімі Гүлшара Әбдіқалықова және зиялы қауым өкілдері мен өнер майталмандары, қалың көрермен қатысты. Зал халыққа лық толы. Сағат тілі 19.00-ді көрсеткенде зал сілтідей тынды. Шыңғыстың әкесі Есукей мен қоңырат тайпасының көсемі Дайдың құда болып, қол алысуы,10-11 жастағы Темучин (Шыңғыс ханның шын есімі) мен Бөртенің алғаш танысуы лед-экранда бейнелеген анимациялық бейнемен басталды. Спектакльде өжет, қайсар, ақылды, ешкімнің қаһарынан тайсалмайтын Бөртенің ғұмыры баяндалады. 

Түркістанның жаңа театрында «Бөрте» көрерменге жол тартты

Үш сағатқа жуық қойылымды көрермен тапжылмай отырып тамашалады. «Бөрте» спектаклін қоюға белгілі режиссер Давиде Ливермор мен Карло Шаккалуга және сценограф Анна Варалдо Италиядан арнайы шақыртылған. Ал Бөртенің рөлін жас актриса Айя Шәріп пен Ақбота Қаймақбаева, Шыңғыс ханның рөлін Еркебұлан Дайыров пен Нұркен Өтеуілов сомдады. Бұдан бөлек еліміздегі басқа театрлардың мықты әртістері келісімшарт негізінде Түркістанға жиналып отыр. Сахна шымылдығы Бөртенің Қыпшақ даласымен қимай қоштасқан сәтімен жабылды.

Түркістанның жаңа театрында «Бөрте» көрерменге жол тартты

Дулат Исабеков, жазушы, драматург:

«Бөртені» жазып шығу үшін «Моңғолдың құпия шежіресі» кітабына сүйендім. Біз «қазақ» деген сөзді тарихта 14 ғасырда пайда болды деп адасып жүр екенбіз. «Моңғолдың құпия шежіресінде» қазақ деген сөз қаптап жүр. Қазақ арба деген сөз кездеседі. Шыңғыс хан қайтыс болғанда қазақ арбаға тиеп, о дүниеге аттандырдық дейді. Не себепті Бөрте туралы жазғаныма келетін болсақ, қазақ сахнасында, қазақ экранында тарихи қаһарман қазақ әйелінің образы жоқ екен. Сол себепті Бөрте туралы жазуға міндеттімін деп ойладым. Тарихи пьесаны осы жасқа келгенде жазғаным дұрыс болған сияқты. Егер де бұдан ертерек, 40-45 жасымда жазғанымда эмоцияға беріліп кетуім мүмкін еді.Тарихи шындықты бұрмалап жіберуім мүмкін еді. Немесе көркемдігін солғындап алуым мүмкін еді. Екі ортасын тең ұстау, тарихтан алыстап кетпеу және көркемдікті ұмытпау, осындай жаста келетін сияқты болып көрінді де, көп ізденіп, бүкіл күш-жігерімді жазуға жұмсадым. Жазып біткеннен кейін өзім жыладым. Бөртеге өзім ғашық болдым. Бөрте деген сұлу, Бөрте деген ақылды, Бөрте деген өжет. Шыңғысқанға сен деп сөйлеген жер бетіндегі жалғыз адам сол. Ей, Тимучин деген сол. Шыңғысханның бүкіл қателігін бетіне басып, айта алған адам сол. Сондықтан оны Шыңғысхан талай рет ордадан аластатып, басыңды аламын деп қылышын суырған. Шыңғысханның әйелдері көп ғой. Бірақ тарихта Бөрте ғана қалды. Әлемді жаулаған Шыңғысханның жүрегін Бөрте ақылмен, айламен, сөзбен, қайтпас қайсарлығымен жаулады. Еуропаның Мельбурн, Люксембург, Швейцария және Венаның театры «Бөртені» қоймақшы. Италияның Генуя ұлттық театры да спекталді қою туралы ұсыныс айтып жатыр. Әлемнің ең мықты бес театрында қойылып жатса, «Бөртенің» жоғары бағаланғандығы. Ал жаңа Түркістан театрының шымылдығы «Бөртемен» ашылып отырғанына қуаныштымын. Театр ұжымы үнемі хабарласып, өзгертетін, толықтыратын жерлерін бірге ақылдасып өзгертіп отырды. Театр әртістерінің де ойыны ұнады. Бәрі талантты.

Түркістанның жаңа театрында «Бөрте» көрерменге жол тартты

Карло Шаккалуга, қойылымның режиссері:

Қойылым біздің көңілімізден шықты. Театрдың ашылу мәртебесі «Бөртемен» ашылып, онда біздің үлесіміз болғанына қуаныштымыз. Біз «Бөрте» спектаклін шетелдік сахналарда қоюды жоспарлап отырмыз. Оның ішінде Италия театры да бар. Қойылымның бас режиссері Давиде Ливермор бұл бағытта жұмыс істеп жатыр. Еуропа мен қазақ мәдениеттерінің араласуы, әрекеттесуі әлемдік театр өнеріне үлкен бір жаңалық алып келеді деп ойлаймын.

Түркістанның жаңа театрында «Бөрте» көрерменге жол тартты

Айнұр Көпбасарова, қойылымның көркемдік жетекшісі, театр директоры:

Бөрте жай тұлға емес, тарихи тұлға. Ананы қадірлеген, пір тұтқан халықтың ұрпағымыз. Аналарымыз аманат еткен дүниеге, қалдырған дәстүр мен мәдениетке қиянат жасамай, келесі ізін жалғастырушы ұрпаққа жеткізсек, тәрбиелесек, осы қойылым арқылы әр адамға ой салсақ мақсатымыздың орындалғаны. Техникалық жағынан озық шешімдерге негізделген. Бірінші бөлімнің өзінде 15 переход болды. Соның бәріне сөзді, иекемді келтіру үшін қысқартулар болды. Пьеса 76 беттен тұрады. Оның барлығын сахнаға икемдеп, Дулат ағамызбен жинап, жұмырлап қойдық. Бағасын қойылымды көрген халық, көрермен өзі берер. Алдағы уақытта да жаңа, ерекше қойылымдармен Түркістан халқы мен қала қонақтарын қуантатын боламыз.

Түркістанның жаңа театрында «Бөрте» көрерменге жол тартты  

Айя Шәріп, Бөртені сомдаған актриса:

Бөрте анамыздың рөлін сомдау – үлкен жауапкершілік. Бүгінгі күн есімде мәңгі қалады. Қатты толқып, қобалжып, бір жағы өзімді бақытты сезініп тұрмын. Бұл рөл маған оңай берілген жоқ. Еңбектің арқасында жеттім. Ұжымға, театр басшылығына алғысымды білдіргім келеді.

Түркістанның жаңа театрында «Бөрте» көрерменге жол тартты

Фотосуреттерді түсірген автор.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға