«Ши ораулы болмаса, үйдің сәні келмейді»

Қазақ әйелдерінің тоқымашылық өнері

Қазақ әйелдері көшпенділердің күнделікті тұрмыс-тіршілігі үшін аса қажетті бұйымдарды қолдан жасаған. Он саусағынан өнер тамған, ісмер қыз-келіншектер қарапайым материалдардың өзінен қазақ халқының эстетикалық биік өресіне сай келетін қолөнер бұйымдарын әзірледі. Қазақ халқының мәдени танымының белгісіндей, тігіншілік пен тоқымашылық өнер туындылары қай уақытта да жоғары бағаланды.

Атақты орыстың ғалымы Э.С. Вульфсон: «Қазақтар – отбасындағы үй жұмыстарының барлығы әйел мойнында. Киім тігетін де, мал сауатын да, түйені теңдеп, түсіретін де – әйел. Көш кезінде қосты да әйел тігеді. Тіпті, сол қосқа жабылатын киізді, яғни, текеметті де әйелдер басады. Кшізді әйелдер асарлап жасайды. Киіз басқысы келген әйел ауыл әйелдеріне бір-екі күн бұрын құлаққағыс жасайды, айтылған күні өзге әйелдер арнайы шақырусыз-ақ келе береді. Киізді қой жүнінен жасайды. Ал бұл далада. қой да, қой жүні де жеткілікті. Сондықтан киіз де көп», - деп айтқан. Осы деректерден-ақ қазақ әйелдерінің шаруаға, қолөнерге бейім, пысық келетінін аңғаруға болады.

1908311207332719f.jpg

Жүн өңдеу әдісі

Үй ішіне қажетті сан алуан бұйымдарды жасау үшін қазақтар үй жануарларының, яғни, төрт түлік малдың барлығының жүнін, атап айтсақ, қой жүнін, түйенің шуда жүні мен мамық жүнін, ешкінің түбітін, сондай-ақ, жылқының жал-құйрығын кәдеге асыра білді.

Қолөнердегі ең басты шикізат қой жүні болды. Қазақ мал шаруашылығындағы басты орындардың бірін қой түлігі алуына байланысты оның жүні де мейлінше жеткілікті болды. Жыл мезгілдеріне қарай қой жүнінің сапасы да өзгеріп отырды. Соған орай қазақтар қой жүнін ежелден-ақ екіге бөлген. Жабағы жүн деп көктемгі қырқымда алынған жүнді атаса, күзем жүн деп күзгі қырқымда алынған жүнді айтқан. Сондай-ақ шүйке деп аталатын өрмек түйенің жабағы жүнінен жасалып, одан шу-бау есілетін болған, өрмек жіптер, әртүрлі жиек жіптері жасалып, белдеу арқан, басқұрлы арқан, шалмалы арқан, бастырғы арқан, тағы да өзге арқан түрлерін ширатты. Сондай-ақ жабағы жүнді көрпелердің арасына, киімдерге салды, бесікке салатын жаялыққа пайдаланып, атқа терілік жасады. Иіруге келмейтін, тез ұйысып қалатын күзем жүннен негізінен киіз басып, киіз етік сияқты киім-кешектер жасалады.

Ешкінің түбітін сәуір айының ортасына қарай арнайы тарақпен тарап бөліп алады. Бұрынғы кездері ол түгелге жуық базарға кететін еді. Ешкінің қалған қылшығы жаз ортасында қырқылып, әртүрлі арқан ширатқан кезде қосымша материал ретінде пайдаланылды.

Түйе жүні жылына бір рет қана, шамамен көктемнің аяғы, жаздың бас кезінде түйе түлер уақытта қырқылды. Сапасы мен қолданылуына қарай оны да мамық жүн және шуда жүн деп екіге бөлді. Ең жылы әрі жұмсақ мамық жүн түйенің қабырға тұсынан алынады. Түйенің мамығынан шекпен мен әртүрлі белбеулер тоқыды. Қысқы суықта киетін түйе жүн күпі мен үйде жамылатын түйе жүн көрпе әрі жеңіл, әрі мейлінше жылы болады. Түйенің шудасы мойын мен өркеш және тізе тұсынан қырқылады. Мамық жүнге қарағанда қылшық жүн ұзындау және қаттырақ болғандықтан одан шуда жіп иірді. Қатты әрі сапалы шуда жіпті аяқ киім тігуге және кілем тоқып, сырмақ жасауға пайдаланды.

Жылқының қылы тек арқан дайындауға қосымша материал ретінде ғана қолданылды. Жылқының қылына қойдың өлі жүнін қосып ширатқан арқандар мықты болады. Кейде жылқы қылын қабаттап, су, сүт секілді сұйық тағамдарға сүзгі ретінде пайдаланды.

1551185666_7d9db882f4fd8404c48749c2b9ce8919.jpg

Киіз басу

Киіз басу қазақ халқының тұрмыс-тіршілігінде де маңызды рөл атқарды. Киізден киіз үй туырлықтарын, киімдер мен төсеніштер, әртүрлі тұрмыстық бұйымдар жасады.

Киіз басу – белгілі бір машықтарды талап ететін күрделі жұмыс. Киіз басуға қыз-келіншектер ғана емес, қажет болса бүкіл ауыл тұрғындары жабыла кіріседі. Ең әуелі жүнді түр-түсіне қарай іріктеп алып, қоқыстан тазалайды. Бұл түту деп аталды. Содан кейін төмендегідей шарттардан тұратын киіз басу үдерісі басталады:

- Әйелдер алқа-қотан отырып, тулақ үстіне тасталған жүнді шыбық таяқтармен шабақтайды, бұл – жүн шабақтау деп аталады.

- Шабақталған жүнді ши үстіне жайып, жүнді шимен орайды, бұл – шиге орау деп аталады.

- Әрбір орамнан кейін шиге ыстық су себеді, бұл – су себу деп аталады.

- Оралған шиді аяқпен айналдыра тебеді, бұл – ши тебу деп аталады.

- Біршама қатайған киізді шиден алып, қол білекке салып білектейді, бұл –білектеу деп аталады.

- Cодан кейін, киіз дайын болғанша қарпу, қазандау және ұзындату аталатын жұмыстардан өткізеді.

Дайын болған киізден үй жабындылары жасалады. Киіз үй жабындысының өзі үзік, туырлық, түндік секілді жеті бөліктен тұрады. Олардың көлемі киіз үй сүйегінің ыңғайына қарай жасалды.

Халық шеберлері дайындаған ою-өрнекті киіз үйлер қазақ киіз үйінің бірден-бір белгісіндей еді. Киіз басудың алуан түрлі әдіс-тәсілдері мен қайталанбас өрнектері көрген көзді таңғалдырмай қоймайды.

Қазақ тұрмысында кеңінен тараған киіз түрлерінің бірі – киіз үйлер мен кәдуілгі үйлердің еденіне төсейтін ою-өрнекті текеметтер. Жартылай дайын болған киіз үстіне басқа түске боялған жүндерден ою-өрнек салу – текемет дайындау тәсіліне тән әдістерге саналады. Содан кейін текемет те киіз басудың қалған сатыларынан өтеді.

Текемет оюлары көбіне бір тектес оюлардан құралады. Атап айтсақ, киіздің орта тұсына қарай бірнеше жерге қима тәрізді өрнек салынып, оған қошқар мүйіз оюды жалғастырады. Текеметтер, әдетте үлкен көлемде жасалады да, бір-бірімен ұштасып жатқан бетіндегі оюлары да соған сәйкес ірі болып келеді.

Ал сырмақ дайындау киіз басудан гөрі күрделірек әрі соған сәйкес бағасы да айтарлықтай қымбатқа бағаланды. Ою-өрнегі мол сырмақты әзірлеу барысында безендіру әдістерінің түр-түрі қолданылады. Бір қарағанда ол түр-түсі өзгеше екі киіз жаймасын қабаттай жасаған секілді әсер қалдыруы мүмкін. Ою-өрнектерінде біріне-бірі қарама-қарсы екі түс өзара үйлесім тауып жатты, ал үйлесімді дәл келтіру үшін мол тәжірибе қажет екені анық. Дайын сырмақ киіз астарға жапсырыла тігіліп, шет-шетінің барлығы әдіптеп қайырылады. Әртүрлі оюлармен безендірілген сырмақтар өрнектерінің ірілігімен ерекшеленеді. Киіз сырмақтың әсемдігі ең әуелі жүн сапасы мен бояуына, жиегінің өрнектелуі мен көркемділігіне тікелей байланысты. Киіз сырмақ жасау өнері негізінен кілем тоқумен азырақ шұғылданатын Қазақстанның шығысы мен оңтүстік-шығысында және кейбір орталық аудандарында жақсы дамыды. Мейлінше көркем де әсем әрі сапалы сырмақтар қазақ киіз үйлерінің көркіне айналды.

Сонымен қатар киізден жасалатын заттардың қатарына төсек киіз бен төсек сырмақты жатқызуға болады. Бұл заттар ұзатылған қызға берілетін жасауға міндетті түрде қосылатын. Төсек киіз төсек ағаштың көлеміне шақтап, екі қабаттап жасалды, шет-шеті қара немесе қызыл пүліштермен қапталды.

Бірін-бірі қайталамайтын сан алуан өрнек салынған киіз бұйымдардың бірі – ошақ сырмақ. Жетісу қазақтары оны откиіз деп те атайды. Дөңгелек пішімді ошақ сырмақпен ошақ айналасы түгелдей жабылады.

Аталған заттардан өзге тұрмыс-тіршілікке қажетті бұйымдардың тағы да біразы киізден жасалды, әртүрлі заттарды алып жүруге қажетті: үйдің керегесін алып жүруге қажетті кереге қап, уықтарды жинап, тасуға арналған уық қап, ыдыс-аяқтарды алып жүру үшін аяқ қап сияқты қаптамаларға да киіз пайдаланылды. Сонымен бірге аспалы сөмкелер, атап айтқанда, шай сақтауға арналған шай қалта,тұзға арналған тұз қалта, киіз кебежелер мен сандықтар жасалады.

Аспалы киіз сөмкелер кереге басына іліп қоюға қолайлы екі жағында екі ілгегі бар жұқа киізден істеледі. Мұндай сөмкелердің көлемі де, түр-түсі де, атқаратын қызметі де әртүрлі болып келеді.

Төртбұрышты, тікбұрышты-төрткіл, сопақша сөмкелердің жапқышы үшбұрышты немесе дөңгелек етіп жасалады. Екі шетіне шашақ тағып, сыртқы жағына мата немесе киіз қиындыларынан әдемі өрнек салды. Сонымен қатар жұқа киізден қалпақ, шапан, байпақ секілді киімдер де тікті.

b63aab8cbdfd7cb7d3c0105b57eb1017.jpg

Ши тоқу өнері

Әйелдер арасында ең көп тараған қолөнертүрлерінің бірі – ши тоқу. Ши тоқу – ұрпақтан ұрпаққа жалғасып келе жатқан көне халықтық шығармашылық өнер түрі болып есептеледі.

Жасалған мақсатына қарай тоқыма шилерді ақ ши және орама ши деп негізгі екі түрге бөлсе, ақ шидің өзін құрт пен ірімшік жайып кептіруге арналған өре ши, киіз басқанда жүн шабақтауға арналған шабақ ши және жай ши деп бөледі. Шиді үй ішіндегі заттарды бөліп тұратын қабырға ретінде де пайдаланды.

Түрлі-түсті өрнек салынбаған орама шиді кереге мен уықтың арасына салады да, екі шеті есік жақ қапталына жинақталады. Мұндай тоқыма өрнектер киіз үй ішін безендіріп, сән береді. «Ши ораулы болмаса, үйдің сәні келмейді. Қызыл, жасыл кимесе, қыздың сәні келмейді» деген нақыл сөз де осыдан шықса керек.

Өрнекті ши тоқу үшін үлкен шеберлік пен талғам қажет. Ши тоқу барысында жүннен иірілген түсі қанық бес-алты жіп пайдаланылады. Ораулы шидің биіктігі, әдетте кереге биіктігімен сай болса, ұзындығы үш метрге жуық, кейде тіпті бес метрге дейін жететіндері де бар. Кейбір киіз үйлер ораулы шимен түгелдей қапталса, кейбірінде есіктің екі жағы ғана қоршалады.

Ораулы ши үйдің көркін келтіріп қана қойған жоқ, ол, сонымен қатар, үйдің жылуын ұстауға, шаң тозаң кіргізбеуге де септігін тигізеді әрі кереге мен туырлықтың арасында тұрып, біріне бірінің ізі түсіп, жабысып қалмауына да әсер етеді. Ал шағын көлемді өрнекті тоқыма шилер киіз есіктің ішкі жағына қабатталады.

Биіктігі отыз-қырық сантиметр шамасындағы шидің тағы бір түрі іргелік немесе ірге шиді үйдің төменгі жағына желге қалқан ретінде орналастырады. Басқа шилерге қарағанда іргелікке ақ немесе қара түсті жіптер қолданылады.

5.jpg

Тоқымашылық өнер

Киіз үй ішін тоқыма заттарынсыз елестету қиын. Сол себепті де үйдегі қолөнер бұйымдарының ішінде тоқымашылық өнер туындыларының орны ерекше, оның ішінде терме тоқудың орны бөлек.

«Терме» деп аталатын халықтық атау «жинау», «іріктеу» деген мағынаны білдіретін қарапайым «теру» деген ұғымнан шыққан.

Үй ішілік тоқыма бұйымдарына пайдаланатын басты материал кәдуілгі жүннен иірілген жіп. Қолдан тоқылған мұндай заттар еденге төсеніш ретінде, қабырғаларды сәндеуге арналды. Тіпті, көш кезінде тең артылған түйені жабуға да әдейілеп тоқылады.

Тоқу үдерісі қарапайым тоқыма станогы – өрмекте өтеді. Көктем мен күз кезінде киіз үй алдына, жан-жағы ашық, көкорай шалғын далаға құрылатын өрмек айналасына мереке-мейрам шуағын шашып тұрар еді. Өрнекте тұрмыстық заттармен қатар, киіз үйдің өзіне арналған заттар да тоқылды. Кереге басын таңатын таңғыштар мен жел бау, үзік бау, туырлық бау, басқұр бау, уық бау секілді бір жағынан, үйдің беріктігіне қажетті болса, екінші жағынан, сән беріп тұратын заттар тоқылды.

Бұлардың барлығын өрнегіне қарай бір түсті, жолақ түсті және әшекейлі деп негізгі үш түрге бөлуге болады.

Бірақ қай мақсатқа арналғанына және жолақтарының композициялық құрылымына қарамастан барлығының жиектері ерекше өрнектермен әдіптелді. Екі жиектің арасына ұдайы қайталанып отыратын ортасы үшкіл, айналасы сыңар мүйіз немесе қос мүйіз деп аталатын т.б. ою түрлері салынды. Жиектерін әдіптеу кезінде шеберлер негізінен су, таңдай, тіс деп аталатын өрнектер салды.

Бірнеше тоқыма жолақтардан еденге жаятын алаша әзірледі. Сонымен қатар дайын тоқымалардан қоржын секілді заттар мен атқа жабатын жабу – кежім жасады.

Кесте тігу

Қазақ тұрмыс-тіршілігінде кестемен безендірілген заттар аса мол. Әрбір қазақ қызы кесте тігуді бала жастан-ақ үйренді. Кестемен түрлі тұрмыстық бұйымдар мен киім-кешектер безендірді. Киіз бетіне, мақта маталарға, мауыты-шұға мен барқыт, жібек маталарға кесте түсірді.

Қабырғаға ілетін тұскиіз, жас келіннің отауы шымылдық, жастық тысы жастыққап, төсек тысы төсек жапқыш, бет сүртетін сүлгі әдемі оюлармен кестеленді.

Сонымен қатар тақия мен сәукеле, кимешек, белдемше, шалбардың балағы, киімдердің жеңі мен жағасына кестелі ою тігілді.

Дегенмен ең көп кестеленетін заттардың бірі тұскиіз еді. Әдемі тұскиіз үйдің ғана көркі емес, сонымен қатар байлықтың да белгісі саналады. Бір киіз үйдің қабырғасында бірін-бірі қайталамайтын ою-өрнектер кестеленген бес-алты, кейде тіпті одан да көп тұскиіз ілінеді. Өзінің жасауына қосылатын тұскиізді қыздың өзі өз қолымен тігуге міндетті болды. Тұскиіздің әсемдігіне байланысты болашақ келіннің ісмерлігіне де баға берілді. Тұскиіз бойтұмар секілді қастерлі зат саналды. Оны асқан шеберлікпен дайындай отырып, сүйіспеншілікпен қарады, мақтаныш тұтты, ұрпақтан ұрпаққа қалдырды.

Кесте тігу жіпті керіп тұратын кергіш деп аталатын қарапайым құрылғыда өрнектелді. Бұрын ою-өрнекті матаға немесе шиге түсіретін болса, кейіннен көшірме-үлгі пайдаланып, ою-өрнектің өзін бөлек дайындайтын болды. Көшірме-үлгіні дайындау үшін кестені бедерлеп түсіретін қалың қағаз пайдаланылды. Сонан соң барлық сызықтары инемен тесілді.

Одан әрі сүт пен тұз және аздап ұн қосылған қоспаны мата бетіне түсірген үлгіге жақты. Үлгі тесіктері арқылы материалға өткен қоспа болашақ кестелі оюдың ізін қалдырды. Бұл әдіс кестелеу процесін біршама жеңілдетті. Аталған қоспа қара немесе көк түсті материалдарға арнап жасалды, ал ақ түсті материалдар үшін оған басқа бояу қосты.

Пайдаланылатын құралдарына байланысты кесте біз кесте және қол кесте деп аталатын екі түрге бөлінді.

Қазақ кестелеу өнерінің біз кесте, шым кесте, баспа, шалма, шырыш кесте, деп аталатын әртүрлі дәстүрлі тігістері бар. Халықтық қолданбалы-безендіру өнері әрбір ұлттың этникалық ерекшеліктерінен туындайды және оның ұлттық болмысының белгісі болып табылады.

(Суреттер ашық интернет көзінен алынды)

Ұқсас материалдар