Жаңалықтар

Жас кәсіпкер: Кәсіпкер болу үшін тәуекел мен шыдамдылық керек

Жеңілдетілген несие алып өз кәсібін бастаған шебер.
Жас кәсіпкер: Кәсіпкер болу үшін тәуекел мен шыдамдылық керек
16.09.2022 16:29 3954

Кәсіп ашу жасқа қарамайды. Іске икемі барлар мемлекет тарапынан беріліп жатқан жаңа мүмкіндіктерді пайдалынып, бизнестерін ашып, кәсіптерін дөңгелетіп отыр. 

Кәсіп ашып жатқан жастардың қатары жыл санап артып келеді. Әр өңірден бизнеске қызығушылық танытқан жастар үкіметтен жеңілдетілген несие алуда. Президент жуырдағы Жолдауында жастарға жеңілдетілген несие беру арқылы кәсіпкерлікті дамытуды қолға алу қажет деген болатын.

Бүгін біз сөз еткелі отырған кейіпкеріміз - Павлодар өңірінен.

Павлодар облысының кәсіпкерлер палатасының мәліметінше, нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасы аясында «Бастау Бизнес» жобасын 5 жыл ішінде 3294 жас бітіріп, оның ішінде 747 жоба жүзеге асырылған екен.

Алғашында кәсібін өз күшімен бастап, кейіннен мемлекет қолдауымен 555 мың теңге көлемінде грант алып, бүгінде кәсібінен нәсіп көріп отырған Ернұр Сағынтай ерекше кәсіпті қолға алғандардың қатарында. Жас кәсіпкер аймақта таныла қоймаған кәсіпті алғашқы болып қолға алып, аз уақыттың ішінде табыс көзіне айналдырыпты.

Жас кәсіпкер: Кәсіпкер болу үшін тәуекел мен шыдамдылық керек

Эпоксидті үлгіде үстел жасау оңай жұмыс емес. Технологиясы да қиын дейді кейіпкеріміз.

Алғашында Ернұр бұл кәсіпке қанша қаржы жұмсалатынын, табыс көзіне қалай айналдыруға болатын біраз уақыт зерттеп көрген екен.

«Бұл өнерге деген қызығушылығым әлеуметтік желіден пайда болды. Америка, Канада, Еуропа елдерінде осындай үлгідегі заманауи үстелдерді көп жасайды. Содан көріп, қызығушылық туындады. Жасау процестерінің өзі бірден өзімді баурап алды. Жер үйде тұрғасын, ауладағы құрылыстардың бірін шеберханаға айналдырдым. Қолым босаған уақытта осы жерден шықпайтынмын», - дейді Ернұр.

Карантиннің де септігі тигенін жасырмады. Осыдан кейін, жас кәсіпкерде неге өзім жасап көрмеске деген ой пайда болыпты. Алдымен ол жеңіл заттарды жасаудан бастайды. Мәселен, тақтайлар, нан, ет кесетін заттарды таза ағаштан жасап көреді. Бірсыпыра заттар жасағасын клиенттері де көбейе бастапты. Ақырындап үйренгесін диван, журнал, қонақ үстелдерін жасауды қолға алған.

Жас кәсіпкер: Кәсіпкер болу үшін тәуекел мен шыдамдылық керек

«Еңбекақымнан түскен қаражатты осы кәсіпке салып, құрал-жабдықтарды сатып алып отырдым. Ең алғашқы сатып алған затым - ағаш кесетін лобзик. Үйдегі қажетсіз қалған ағаштар мен тақтайларды кесіп, ақырындап жұмыс жасаудың қыр-сырымен танысып, қолдарымды жаттықтырдым», - деген кәсіпкер алғаш рет 2 метр болатын 2 слэб тақтайын алғанын айтады.
Ол материалдарды алып ас үйге қажетті заттарды жасағаннан кейін жарнама жасау құралы ретінде әлеуметтік желілерді пайдаланады. Қазір интернет желісінде кәсіпті тез дамытуға мүмкіндіктердің көп екендігін байқаймыз. Ол алғашқы бұйымдарын осылайша жарнамалап, тұтынушылардың назарын өзіне аударта білді.

Бастапқыда қиыншылықтар болғанын жасырмады. Эпоксидті шайырды құю, сыртқы қалыпты дұрыс жасау да үлкен рөл атқарады екен. Кейде өнімнің кеппей қалған сәттері де болды деді. Осылайша, тынбай еңбектенгеннің арқасында жақсы нәтижеге жетіп отырғанын айтады.

Айтуынша, заманауи өнердің ерекшелігін оның дизайынында. Сондай-ақ ағашты кептіретін арнайы технологиясы да бар екен.

«Эксклюзивтік мұндай үстелдер бір рет ғана шыға алады. Оның дизайынын қайталап жасау мүмкін емес. Өйткені, әр ағаштың өзінің құрылымы, суреті бар. Әртүрлі болады, оны ешкім қайталай алмайды», - дейді ол.

Жас кәсіпкер: Кәсіпкер болу үшін тәуекел мен шыдамдылық керек

Яғни, әрбір тұтынушының жеке үстелдері болады. Заманауи үлгідегі үстелдерді қара ағаш, грек ағашы және емен ағашынан жасайды. Оған қажетті құрал-жабдықтарды Алматыдан және Ресей елінен алдыртады. Бір өзі бәріне үлгеріп жүрген жас кәсіпкер өз кәсібіне жан-тәнімен берілген адам екенін көруге болады.

«Әзірге көмекшілерім жоқ. Бірақ алдағы уақытта шеберлік сыныбын өткізетін ойым бар. Соның ішінен өзіме жұмысшы аламын деген ойдамын», - дейді.

Жалпы, эпоксидті үлгіде үстел жасаудың артықшылықтары мен ерекшеліктері өте көп. Тіпті, бұған бөлме температурасы да өз әсерін тигізеді.

«Бөлме температурасы +20 градустан аз болмауы қажет. Сондай-ақ ылғалды болу да әсер етеді. Сондықтан бәрін бақылап, қажет кезде бөлмені желдетіп отырамын», - дейді кәсіпкер.

Ернұр Сағынтай «Бастау бизнес» бағдарламасы арқылы грант алып қана қоймай, 2021 жылы облыста ұйымдастырылған «Жас халық Ертіс» жастарға арналған кредитттік бағдарламасына қатысқандығын да айтты. Ол бұл бағдарлама арқылы 6 миллион теңге көлемінде ақша алып, оған шеберхана салып, қажетті құрал-жабдықтар мен керекті шикізаттар сатып алған.

Жас кәсіпкер: Кәсіпкер болу үшін тәуекел мен шыдамдылық керек

«Сосын 500, 400 см өлшемді дивандарға арналған ерекше үлгідегі үстелдер жасай бастадым. Кейін 6-12 кісілік ас ішуге арналған үстелдер жасауға көштім. Өткен жылдан бастап серіктестермен жұмыс істеуге бел будым», - дейді жас кәсіпкер.

Сөз арасында өзі айтқандай, ағаш өңдеу және эпоксидті смоланы қолдану бойынша шеберлік сағатын өткізуге дайындықты бастап кетіпті.

«Сабақ бойынша Telegram каналым бар. Ол жерде үйренушілермен тығыз-қатынас жасайтын боламыз. Оларда осы кәсіптің дамуына өз үлестерін қосса деймін. Бір-бірімізге көмектесу арқылы еліміздегі шағын кәсіпкерлік дамитын болады», - деді шебер. 

Болашақта жас кәсіпкер бизнесін ұлғайтып, шеберханасына жұмысшылар алып кеңейтуге ниетті. Сондай-ақ қазақы нақышта таза ағаштан және эпоксидті смоланың қосындысымен жасалған жер үстелдер жасау ойда бар деді.

Жас кәсіпкер: Кәсіпкер болу үшін тәуекел мен шыдамдылық керек

Байқасаңыздар, эпоксидті үстел үй жиһазына ерекше көрік береді. Бұл өнім кез келген бөлмені безендіріп, сәтті дизайынның қалыптасуына ықпал етеді.

Соңғы бірнеше жылда эпоксидті кестелер үлкен танымалдылыққа ие бола бастағанын байқаймыз. Бастапқыда ол желім, электр оқшаулағыш лактар ​​және пластик өндірісінде қолданылған. Қазір эпоксидті дизайнерлер эксклюзивті интерьер заттарын жасау үшін кеңінен қолданады.

Суреттер кейіпкердің жеке мұрағатынан. 

 

 


Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға