Жаңалықтар

«Намыстарың болсын, адал жұмыс істеңдер». Кеңес Одағының батыры жас лейтенантқа қандай ақыл айтты?

«Намыстарың болсын, адал жұмыс істеңдер». Кеңес Одағының батыры жас лейтенантқа қандай ақыл айтты?
Фото: Коллаж El.kz 09.05.2024 11:05 8971

Биыл – Халық қаһарманы Рахымжан Қошқарбаев пен армия генералы Сағадат Нұрмағамбетовтың туғанына 100 жыл. Даңқты батырлардың неміс басқыншыларына қарсы соғыс жолындағы теңдесіз үлесі мен олардың қайраткерлік, батырлық жолдарын бүгінгі өскелең жас ұрпақ білуі тиіс. Осы ретте көзі тірісінде Сағадат Нұрмағамбетовпен кездескен Ұлттық қорғаныс университетінің профессоры Қуандық Ақшолақовпен  El.kz ақпарат агенттігінің тілшісі аз-кем әңгімелескен болатын.

Просфессор Қуандық Ақшолақов 1993 жылы аға лейтенант болып жүргенде Кеңес Одағының Батыры, Халық қаһарманы, Қазақстан Республикасының тұңғыш Қорғаныс министрі, армия генералы Сағадат Нұрмағамбетовпен жолыққан. 

«Бұл кез 1993 жылы еді. Ол уақытта мен аға лейтенант қызметінде жүрдім», деп бастады әңгімесін профессор.

Халық қаһарманымен кездесіп, азда болса тілдесуім сол кездегі жас маман үшін мақтаныш болды. Көрген сәтте батырлығым оянды. Кеудемді мақтаныш кернеді. Қара торы, ірі денелі, бойы ұзын, түр келбеті келіскен адам болды. Денесі, сөйлеген сөздері қандай? Өмірді көрген кісі. Елімізде Сағадат Нұрмағамбетов сияқты намысты жандар көп болса, бізде бәрі жақсы болады деп ойлаймын, – деді ол.

Сағадат Нұрмағамбетовпен кездескенде Қазақстан Қарулы күштері туралы сұрағанын баяндады. Халық қаһарманының не айтқаны да күні бүгінге дейін әлі есінде екен.

«Намыстарың болсын, адал жұмыс істеңдер». Кеңес Одағының батыры жас лейтенантқа қандай ақыл айтты?

El.kz

Жалпы батырымыздан ҚР Қарулы күштерінің әлеуеті жайында сұрадым. Сол кезде маған: "балам жұмыс жетеді. Доктрина жазу қажет. Әскерімізді көтеру үшін істелетін жұмыстар көп. Сендер сияқты жастар оны көтеру тиіс. Намыстарың болсын, адал жұмыс істеңдер. Елді-жерді ешқашан ұмытпаңдар деді. Сол сөздері миымда қалды". Одан артық не керек?!, – дейді Ақшолақов.

Көзі тірісінде батырмен тілдесіп, аз-кем әңгімелескеннің өзінде ол кісінің намысшылдығы, батырлығы, мықтылығы бірден байқалғанын жеткізді. 

Қазір жастар өсіп келеді. Оларды патриоттыққа тәрбиелеу үшін осындай батырларымыздың ерлік істерін, жасаған еңбектерін насихаттауымыз және көрсетуіміз керек, – дейді Қуандық Ақшолақов.

Даңқты батырлардың ерлігі әлі де зерттеуді қажет ететінін тілге тиек етті.

Сол арқылы қазақтың рухын көтеріп, қазақ жастарын тәрбиелей аламыз. Сонда ғана еліміздің жастарының бойында намысы, рухы оянады, – деп отыр.

Полковник Рақымжан Қошқарбаев туралы былай деді:

Берлинге барған бір сапарымда батырымыз туралы сұрадым. Сол кезде неміс музейінде болғанымда, Рейхстагқа ту тіккен кім деп әдейі сұрадым. Сонда олар Рақымжан Қошқарбаев тірі кезінде Рейхстагқа келгенін, өзі қалай туды ілгенін, қалай көтергенін бәрін айтып берді деді, – дейді қорғаныс университетінің профессоры.

Өзі Мәскеуде оқып жүрген уақытта батыр туралы архивтен талай құжаттарды тапқанын жеткізді.

Сол бір құжатта аға лейтенант Қошқарбаев «Проходил туннели под прикрытием» деп жазылған екен. Туды кеудесіне тығып қойып, үш-төрт сағат Рейхстагқа кіріп, ең жоғарғы жағына мініп, туды ілген кісі осы Рақымжан Қошқарбаев. Рақымжанның батырлығын, жасаған ерлік істерін зерттеп қарасаң өте үлкен. Одақтар кезінде бұл адам туралы көп айтылмаған және жазылмаған. Бәлкім идеология болған шығар, – дейді әскери маман.

Тәуелсіздік алған уақыттан бастап батырдың әскери қызметтері енді зерттеліп жатқанын атап өтті.

Бүгінде ол кісінің көп батырлығы шығып жатыр. Қос батырды еске алу мақсатында жақында Ұлттық музейде «Ерлікке тағзым – елдіктің белгісі» атты көрме мен дөңгелек үстел өтті. Онда ғалымдар бас қосып, батырлығын насихаттау, ерлік істері жайында кітап жазу туралы мәселелер де көтеріліп жатыр, – деді Қуандық Ақшолақов.

Көп жылдар бойы кеңестік жүйенің сұрқия саясатының кесірінен қазақ жауынгерінің ерлігі бағаланбай келгені рас. Тек 62 жылдан кейін ғана Рақымжан Қошқарбаев пен оның майдандас серігі Григорий Болатовтың бірінші болып Рейхстагқа жеңіс туын тіккені мойындалды.

Бүгінде Астанада батырдың құрметіне арналған ескерткіш бар. Ал Кеңес Одағының батыры Сағадат Нұрмағамбетовке Ақкөл елді-мекенінде ескерткіш орнатылмақ. Одан бөлек, аты аңызға айналған генералдың өмірі мен қызметі жайында деректі-биографиялық фильм жарыққа шығады. Ал, маусым айында Алматыда Халықаралық «Айбын» әскери-патриоттық жиын болады деп күтілуде. Онда Ұжымдық қауіпсіздік туралы Шарт Ұйымына мүше елдер мен қатар Әзербайжан және Өзбекстан командалары да қатыспақ. Жалпы батырлардың 100 жылдық мерейтойына арналған шаралар 17 қаңтардан басталды.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға