Жаңалықтар

Қазақстан боксы IBA-дан кетуі керек – Геннадий Головкин

Қазақстан боксы IBA-дан кетуі керек – Геннадий Головкин
Фото: ҰОК 07.07.2024 13:26 6834

Ұлттық Олимпиада комитетінің президенті Геннадий Головкин Қазақстан бокс федерациясының басшылығына Халықаралық бокс қауымдастығынан (IBA) шығуға кеңес берген, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

IBA ұйымын ресейлік Умар Кремлев басқарады. Халықаралық Олимпиада комитеті IBA-ны жемқорлыққа батқан ұйым деп танып, 2020 жылдан бері Олимпиада ойындарынан аластатқан. Ал, мамыр айында ХОК боксшыларды IBA ұйымдастыратын жарыстарға қатыспауға шақырды. Қатысқан жағдайда олар 2028 жылғы Олимпиада ойындарына жіберілмейді.

Сондай-ақ, ХОК Кремлевтің Олимпиада чемпиондары мен жүлдегерлеріне тағайындаған жүлдесі үшін наразы екенін ашық білдірді. IBA Парижде жүлдегер атанған спортшылар үшін 3,1 миллион доллар жүлде қорын қарастырғанын мәлімдеген еді.

Осы орайда Геннадий Головкин Қазақстан бокс федерациясының басшылығына ресейліктер басқаратын аталған ұйымнан шығуға кеңес беретінін айтып отыр. Оның орнына жаңадан құрылған World Boxing ұйымын таңдау қажет дейді ол. Өйткені ХОК осы ұйымның жұмысына оң баға берген.

Біз өз тарапымыздан ҚБФ-ны World Boxing ұйымына кіруге үгіттейміз, ол үшін қолдан келгеннің бәрін жасаймыз. Бірақ, ҚБФ-ның таңдау құқығы бар. Шешімді өздері қабылдайды. Құқықтық тұрғыдан мен оларға қысым көрсете алмаймын, - деді Головкин Reuters тілшісіне берген сұхбатында.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға