Жаңалықтар

«Ұлы дала жорығы» марафон-бәйгесінің бірінші кезеңі аяқталды

«Ұлы дала жорығы» марафон-бәйгесінің бірінші кезеңі аяқталды
Фото: Ultsport.kz/©Tazhkuranov M 20.05.2024 10:32 395

Таңғы 7.00-де 19 команда Павлодар қаласы маңындағы «Атамекен» елді мекенінен Екібастұзға аттанды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Ат спорты әуесқойлары мен еліміздің әр өңірлерінің өкілдерін біріктіретін спорт әлеміндегі ерекше оқиға қазақтың көрнекті геолог-ғалымы Қаныш Сәтбаевтың 125 жылдығына арналып отыр.

Жол қашықтығы 500 шақырымды құрайды және бағыт Павлодар, Ақмола облыстарын қамтиды. Марафон 23 мамырда Астанада аяқталады.

Жорық бағдарламасына сәйкес, командалар марафон-бәйгенің алғашқы 100 шақырымын бағындырып, бірінші кезеңнің мәресі Екібастұз маңында аяқталды.

Алғашқы кезең қорытындысы бойынша, Шығыс Қазақстан облысының командасы жеңімпаз атанды. Маңғыстау облысының шабандоздары мәре сызығына екінші болып жетсе, Солтүстік-Қазақстан облысының командасы үштікке ілікті.

Өкінішке қарай, алғашқы кезеңде бірден үш команда (Алматы мен Қызылорда облыстары, Шымкент қаласы) жарыстан әртүрлі себептермен шығып қалды.

Аттардың шама-шарқын бағамдаған шабандоздар сәйгүліктерін қинамай, дер кезінде жарысты тоқтатқандары жақсы шешім болды, -  дейді Бас төреші Надежда Купцова.

Бірінші кезеңде Батыс-Қазақстан мен Солтүстік Қазақстан облыстары екі аттан, Абай облысының командасында бір ат жарысқа жарамсыз деп танылды. Жалпы 20 мамырда 2-кезеңді 16 команда жалғастырады. 

 100 км:

  1. ШҚО - - 5 сағ. 47 мин.
  2. Маңғыстау облысы - 5 сағ. 49 мин.
  3. СҚО - 5 сағ. 51 мин.
  4. Жамбыл облысы - 5 сағ. 52 мин.
  5. Жетісу облысы - 5 сағ. 55 мин.
  6. Алматы қаласы - 6 сағ. 09 мин.
  7. Ақмола облысы - 6 сағ. 23 мин.
  8. Павлодар облысы - 6 сағ. 29 мин.
  9. Қостанай облысы - 6 сағ. 30 мин.
  10. Астана қаласы - 6 сағ. 35 мин.
  11. Абай облысы - 6 сағ. 35 мин.
  12. Түркістан облысы - 6 сағ. 39 мин.
  13. Қарағанды облысы - 6 сағ. 40 мин.
  14. Ұлытау облысы - 6 сағ. 55 мин.
  15. БҚО - 6 сағ. 57 мин.
  16. Команда «Рекорд».

Жеңімпаздардың марапаты: Алғашқы үш жеңімпаз 5-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойындары алдында 3-7 қыркүйек аралығында өтетін  халықаралық марафон-бәйгеге қатысуға лицензия алады. Халықаралық кезеңге шет мемлекеттерден кемінде 15 команда қатысады деп күтілуде (Түркия, Сауд Арабиясы, Моңғолия, Венгрия, Түрікменстан, Иран, Өзбекстан және т.б.). 

Сараптамалық қорытынды: Марафон жұмысына 2 халықаралық және 3 қазақстандық судья, сондай-ақ 2 халықаралық және 3 қазақстандық мал дәрігері қатысып, жоғары стандарттарды сақтау мен жылқылардың денсаулығына қамқорлық жасауға кепілдік береді.

Өткен екі жыл қатарынан елімізге есімі танымал әуесқой велошабандоз Раббим Борашов аттылы шабандоздармен бірге Астанадан Түркістанға дейінгі 1200 және 1300 шақырымды бағындырған еді. Раббим Борашов – Маңғыстау облысы, Бейнеу ауданының тумасы, Қазақстанның құрметті құрылысшысы. Спортшы бұл жолы да 5 күндік аламанға қатысып, 500 шақырымды бағындыруды жөн көріпті.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға