Жаңалықтар

Отандық танымал ғалым өмірден өтті

Отандық танымал ғалым өмірден өтті
Фото: biosafety.kz 29.04.2024 16:33 7353

Отандық белгілі ғалым Жайлаубай Қыдырбаев 77 жасқа қараған шағында дүниеден өтті. Бұл туралы Биологиялық қауіпсіздік проблемаларының ғылыми-зерттеу институтына сілтеме жасай отырып El.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Институт мәліметінше, елімізде вирусология, эпизоотология, патологиялық анатомия салаларына және вакцина препараттарын өндіруді ұйымдастыруға, үй құстары мен ауыл шаруашылығы жануарларының қауіпті вирустық ауруларына қарсы зор үлес қосқан көрнекті ғалым, профессор 27 сәуірде бақилық болған.

Жайлаубай Қыдырбаев биологиялық қауіпсіздік проблемаларының ғылыми-зерттеу институтында 1996 жылдан бастап 30 жылға жуық жұмыс істеді, оның ішінде 15 жылдан астам Індеттік аурулардың алдын алу зертханасын басқарды, 200-ден астам ғылыми еңбек авторы, оның ішінде 36-сы жоғары рейтингті халықаралық журналдарда жарияланған, 37 өнертабыстың және 24 нормативтік вакцина құжаттарының тең авторы, - делінген мәліметте.

Профессор Жайлаубай Қыдырбайұлы үй құстары мен ауыл шаруашылығы жануарларының қауіпті вирустық ауруларына қарсы вакциналарды, оның ішінде А/H5N1 Kazfluvac және А/Н1N1 Refluvac пандемиялық тұмауына, ҚР денсаулық сақтау саласына арналған Kazfluvir маусымдық тұмауына қарсы вакциналарды дайындау технологияларын әзірлеуге арналған нысаналы республикалық ғылыми-техникалық бағдарламалардың бірқатар жобаларына жетекшілік етті және орындауға тікелей қатысты, аталған вакциналар Қазақстан, Ресей ғылыми орталықтарында клиникаға дейінгі және клиникалық сынақтардан сәтті өтіп, ҚР ДСМ-де тіркеуге алынды.

Соңғы жылдары ірі қара, ұсақ мал және адам бруцеллезіне қарсы векторлық вакциналарды әзірлеуге айтарлықтай үлес қосты. Халықаралық және отандық жобалардың менеджері болып ғылыми жұмыстарды атқара отырып Қазақстан аумағындағы жабайы және үй құстарының инфекциялық патологиясы мен иммундыпрофилактикасына елеулі үлес қосты.

Үкіметі Жайлаубай Қыдырбайұлының сіңірген еңбегін жоғары бағалап, оны 2019 жылы «Құрмет» орденімен, ҚР БҒМ «Қазақстан Республикасының ғылымын дамытудағы сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісімен, «Еңбек ардагері» медалімен (2016) марапаттап, ҚР БҒМ Ғылым мен техниканың дамуына зор үлес қосқан ғалымдар мен мамандарға арналған мемлекеттік ғылыми стипендия тағайындады (2013-2014), «Ғылым көшбасшысы» тәуелсіз сыйлығының лауреаты атанды (Thomson Reuters).

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға