Жаңалықтар

Қазақ туризмі қалай дамиды? Мамандар ұсыныстарын айтты

Қазақ туризмі қалай дамиды? Мамандар ұсыныстарын айтты
Фото: ©El.kz/Артем ЧУРСИНОВ 20.05.2024 15:30 583

Еліміздің Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Шекара қызметі былтырғы жылы Қазақстанға шетелден 9,2 миллион адам келді деген статистика ұсынды. Өткен аптада Үкімет отырысында премьер-министр Олжас Бектенов «елімізде көздің жауын алатын көрікті жерлер көп. Бірақ оларға жетудің өзі бір мұң. Әзірге жағдайдың өзгеретін түрі байқалмай отырғанын» айтқан еді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев елімізде инфрақұрылымды кешенді түрде дамытып, сервис сапасын түбегейлі жақсартуды тапсырды. Өйткені, дәл осы проблемалар туризмнің дамуына тұсау болып отыр.  Осы тұста El.kz ақпарат агенттігінің тілшісі Қазақстанда туризм саласының дамуы неліктен тежеліп тұрғанына үніліп көрді.

Елімізде туристерге арналған тур компаниялар, арнайы орталықтар жұмыс істейді. Өткен жылы 1,1 миллион адам орналастыру орындарының қызметін пайдаланған.

Туризм және спорт министрлігі келтірген статистикалық деректерге сәйкес, 2023 жылы еліміздегі 19 курортты аймақта 3,8 млн адамнан аса турист демалған. Бұл көрсеткіш алдыңғы жылмен салыстырғанда 311 мың адамға өскен. Нәтижесінде курортты аймақтардағы қонақ үйлер былтыр 130 млрд теңгеден астам табыс тапты. 

Халықаралық бизнес университеті «Туризм және қонақжайлылық» кафедрасының аға оқытушысы Нұржан Әбдіразақтың сөзінше, Қазақстан ДЭФ 2021 мәліметіне сәйкес туризм баға бәсекелестігі бойынша тізімге енген 120 ға жуық елдің ішінде 4 орынды иеленген. Яғни, дүниежүзіндегі туристер үшін ең арзан мемлекеттердің рейтингінде көш бастап келеді.  

«Қазақстанның туристік бренді жоқ»

Ұлттық индустрия туризм қауымдастығының президенті Раушан Шамиль Қазақстанда туризмнің дамымауына кедергі – бір жүйенің жоқтығы дейді.

Әлі күнге дейін туристік ұлттық брендіміз жоқ. Жыл сайын Қазақстанның туризмін басқа мемлекеттерге таныту үшін халықаралық көрмелерге қатысамыз. Сол кезде Қазақстанның туристік бренді жоқ екенін көруге болады. Мысалы, әр қаланың өзіндік визиті бар. Сол сияқты жалпы Қазақстанның визиті, бренді құрылмаған. Бір брендтің болсын атауында жоқпыз. Бұл бір жүйенің әлі күнге дейін жоқтығы деп есептеймін, - дейді сарапшы.

Раушан Шамильдің пікірінше, көршілес жатқан елдермен салыстырғанда Қазақстан туристік инфрақұрылым мен структураны дамыту жағынан артта қалған. 

Кеңес үкіметі кезінде бізде туризм деген түсінік болған жоқ. Ол кезде тек ауыл шаруашылығы мен жер шаруашылығына көбірек көңіл бөлінді де, Қазақстанды туризм жағынан қарастырмады. Бүгінде көрші мемлекеттер ішінде Өзбекстанның туризмі жақсы дамып жатыр. Тәжірибені алысқа бармай-ақ жанымыздағы Өзбекстаннан алсақ та болады, - дейді ол.

Жыл сайын Қазақстан KITF туристік халықаралық көрмесіне қатысады. 2001 жылдан бері өтетін көрмеде Орталық Азияның елдері ұлттық, спорттық және тағы басқа туристік бағыттарын көрсетеді. Биыл көрме 24 сәуірде басталды. 

Мұндай ауқымды көрмелер еліміздің туризмін халықаралық аренаға таныстыруға үлкен мүмкіндік береді. Көрмеде қонақ үйлер, тур операторлың қызметі, мамандары, тарихи орындары, техникалары, бағалары барлығы көрсетіліп, таныстырылады. Былтыр Қазақстан бойынша бұл көрмеге бар болғаны 7 облыс қатысты. Бірі тендерлерін ала алмай қалған, енді бірінің жеткізушілерімен проблема туған. Басқа елдерде көрме павильондары екіге бөлінеді. Бірі халықаралық туризмге арналса, екіншісі ішкі туризм. Бізге де осы тәжірибені ескерген жөн деп ойлаймын. Бұл Қазақстанның туризмін ашық жарнамалауға көмектеседі, - дейді Раушан Шамиль.

«Аш адам саяхаттау туралы ойламайды»

Халықаралық бизнес университеті «Туризм және қонақжайлық» кафедрасының аға оқытушысы Нұржан Әбдіразақтың сөзінше, қазақстандықтарда еліміздің қалаларына саяхаттау мәдениеті қалыптаспаған. Оны туризм және сервистің халықтың тұтынушылық себетінде мүлдем орын алмауынан да байқауға болады. Мысалы, Ұлыбританияда тұтынушының себетінде 30%-ға жуық орынды туризм және оған жанама қатысы бар шығындар алады. Ал қазақстандықтардың тұтынушылық себетінде азық-түлік шығындары ең көп орын алатыны белгілі. Одан артылғандары басқа қажеттіліктерге жұмсалады. 

Елімізде туризм мәдениеті неге қалыптаспаған? Біріншіден, «аш» адам саяхаттау туралы ойламайды. Аш адамның басымдықтары басқа нәрселер. Әл-ауқат жақсарып, артық қаражат пайда болған күннің өзінде адамдар жиған-тергенін үйдің жөндеу жұмыстарына, жаңа үй салуға, той жасауға, көлік алуға деген сынды дүниелерге жұмсайды. Екіншіден, кеңестік дәуірдегі туризм индустриясының әлсіз болуы халықтың саяхаттау мәдениетінің қалыптаспауына әсер еткен болуы мүмкін. Үшіншіден, тұрғындар саяхат шығындарын тым қымбат деп санауы мүмкін. Өзім жүргізген бір зерттеудің сауалнамасында бір респондент «Мен Қазақстанда тек туысқандарым бар қалаларға ғана саяхаттаймын» деп жауап берген еді. Бұндай көзқарас көпшілікке тән болуы ғажап емес. Туысқаны бар қалаға саяхаттаған кісі туысқанының үйінде тұрақтайды, туысқанының көлігімен қатынайды және туысқанының үйінде тамақтанады. Яғни, қонақ үйге қаражат шығармайды, ресторанға бармайды, және тағы сондай сияқты қызметтерді қолданбайды, - дейді маман.

Өткен аптада Үкімет басшысы Олжас Бектенов министрліктер мен әкімдіктерге туристік аймақтарда инфрақұрылымды қамтамасыз етіп, инвесторлар үшін қолайлы жағдай жасау қажет екенін жеткізді. Өз кезегінде бизнес тарапы туристік аумақтарды ұқыпты пайдаланып, қолжетімді бағамен сапалы сервисті қамтамасыз етуге тиіс. Бұл әуе және теміржол билеттерінің бағасына да қатысты. Шағын азаматтық авиация мүмкіндіктерін де туризмді дамытуға пайдалануға болады. Бектенов ол үшін Көлік министрлігі инфрақұрылымды қайта қарап, әлеуетті инвесторларды тарту үшін тиісті жағдай жасау керек екенін айтты. Сонымен қатар қауіпсіздік мәселелерін пысықтап, көршілес елдермен қатар алыс шетелдердің де тәжірибесін зерттеп көруді тапсырды.

Туризм сарапшысы Нұржан Әбдіразақ  Қазақстандағы туризмді дамыту үшін бір елдің тәжірибесіне жүгіну дегенге скептикалық тұрғыдан қарайтынын айтып, бірқатар мысал келтірді. 

Әрине Түркия, БАӘ, Египет, Тайланд стратегияларына қарауға болады. Бірақ әр ел өзіне тән туризмін өзіне тән жолмен дамытуы керек деп есептеймін. Жоғарыда көрсетілген кейбір елдер шамадан тыс көп келген туристердің кесірінен өз табиғи ресурстарына зарар келіп, туризмнің тұрақты дамуы үшін үлкен зиян тигізді. Мысалы, Тайландтың кейбір аралдарына шамадан тыс көп келген туристердің кесірінен табиғаты мен экологиясына орасан зақым келіп, қазір сол аралдарын толығымен жабуға мәжбүр болды. Сондықтан, біз де табиғи және мәдени мұрамыздың сақталуына кепіл болатындай, ресурстарымызға зиян келмейтіндей туризмнің тұрақты даму стратегияларын жүзеге асыруымыз тиіс, - дейді ол.

Қазақстандық турлар және жол мәселесі...

Былтырғы жылы Қазақстанның киелі жерлері мен табиғи орындарына апаратын 200 шақырым автомобиль жолдары салынған. Ол үшін Үкіметтен 28,1 миллиард теңге жұмсалған.  Туризм министрлігінің мәліметінше, бүгінде туристік орындарға апаратын 1120 шақырым автокөлік жолы жөндеуді қажет етеді.

Елімізде табиғи туристік аймақтар шалғай орналасқан, сондықтан транспорт  және жол мәселесі өзекті. Одан бөлек, мәселен, курортты жерлер Балқаш пен Алакөлді алып қарасақ, не сапалы жол жоқ, не аялдайтын арнайы тұрақтар мен кемпингтер қаралмаған. Туристер кеткен күйі демалыс орындары мен ондағы санитариялық талаптарға сай келмейтін қолайсыз жағдайларға мойынсұнуға мәжбүр.

Сондықтан үкіметте бұл мәселе қаралып, шағын авиацияны дамыту күн тәртібіне қойылды.  

Кішігірім ұшақтар мен тікұшақтарға бетон жолақтар қажет емес, шағын инфрақұрылым салса жетіп жатыр.  Мұндай техникамен Өскеменнен Қатонға немесе Рахман қайнарына тезірек жетуге болады. Бұл біздің табиғи және тарихи аймақтарымыздың әлеуетін арттырып, турлардың жаңа пулын қалыптастыруға ықпал етеді, - деп мәлімдеді Бектенов.  

Нұржан Әбдіразақтың сөзінше, туризм өз алдына бөлек жатқан сфера емес, бұл мультипликативті басқа салаларға байланысы үлкен сала. Яғни, туризмге қатысты үнемі айтылатын факторлардың әсері орасан зор. Олар: әлсіз инфрақұрылым, сапасыз сервис, әлсіз халықаралық имидж, кадр тапшылығы деген сынды айта берсең бұл тізім кете береді.

Осы факторлардың әрқайсысы туризм секторының алдында тұрған қиындықтарды күшейтіп, бір проблема екінші проблеманы тудыратын цикл жасауы мүмкін. Айталық, Бурабай курортында туристік инфрақұрылым әлсіз, қонақ үйлер саны аз дейік. Аз дегеніңіз бәсекелестік жоқ деген сөз. Бәсеке жоқ жерде монополия болады. Монополистер сервис сапасына тиісті дәрежеде көңіл бөлмеуі мүмкін және өз ойына келген бағаны қоюы әбден ықтимал. Сәйкесінше, қымбат бағалар туындайды. Қымбат баға мен сапасыз сервис көп турист тартпайды. Мультипликативті деп отырғаным осы, - дейді маман.    

Үкіметте айтылғандай, енді «Самұрық-Қазына» қорымен бірге пойыз транспортының саны артып, авиабилеттерге баға белгілеу мәселесі шешіледі. Сонымен қатар, елімізде агро және экотуризмді дамыту мақсатында жаңа жобаларды әзірлеу мәселесі де қаралды.

Ұлттық индустрия туризм қауымдастығының президенті Раушан Шамиль қазақстандық тур орталықтардың көбісі жеке меншікке тиесілі, сондықтан олардың бағасын тұрақтандыру және туристік маусымда бағасын төмендету мәселесі күрделі екенін айтады.

Курорттық жерлердегі интернет пен әжетхана жағдайы

Сарапшы Раушан Шамиль елдегі курорттық орындардағы интернеттің мәселесіне де тоқталды.

Көп жерде әлі күнге дейін интернет жоқ. Бұл туристер үшін қолайсыздық туғызады. Мысалы, туристер тауда жоғалып кетуі мүмкін. Ал тауларда байланыс жоқ. Бұл да туризмнің дамуына кедергі келтіреді. Өйткені басшылық, министрлік ауысады, ал жүйе сол қалпы қалады. Ал басшылыққа туризм саласы бойынша жұмыс істемеген, бұл саланы түсіне бермейтін адамдар қызметке келеді. Олар енді үйренісіп, саланы түсіне бастаған кезде қызметінен ауыстырып жібереді. Сол үшін де Қазақстанда туризм дамымай қалып жатыр, - дейді ол.

Туризм министрлігі берген ақпарат бойынша, 2019 жылы Қазақстан аумағында санитариялық-гигиеналық тораптарды зерттеу жұмыстары жүргізілген. Нәтижесінде 493 бірлік санитариялық-гигиеналық тораптың қажет екені анықталған. Бірақ бүгінде олардың тек 54%-ы ғана орналастырылған.  

«Барлығы 264 санитариялық-гигиеналық торап орнатылды: 2020 – 110 бірлік, 2021 – 38 бірлік, 2022 – 53 бірлік, 2023 – 63 бірлік. Осы мәселені толықтай шешу үшін Министрлік әкімдіктерге туристік маусым басталмас бұрын санитариялық-гигиеналық торап бойынша инвентаризация өткізуді ұсынады. Сонымен қатар, Министрлік 2022 жылдан бері туристік кәсіпкерлік субъектілерін ынталандыруға бағытталған 7 мемлекеттік қолдау шараларын жүргізіп келеді. Соның ішінде санитариялық-гигиеналық торап бақылауға кеткен кәсіпкерлердің шығындарын өтеуге мемлекеттен айына 83 300 теңге төленеді», - деп жазды редакциямыздың жіберген сауалына. 

Туризм саласы үшін гидтің қызметі қаншалықты маңызды?

Туризм және спорт министрлігі келтірген дерекке сәйкес, өткен жылы шетелден туристер Алматы (540 мың), Астана (287 мың), Шымкент қаласына (28 мың) және Маңғыстау облысына (40 мың) көп келген.

Бүгінде ресми дерекрге сәйкес, елімізде 400-ден астам гид, экскурсовод және туризм нұсқаушысы тіркелген. Олардың шамамен үштен бірі Алматы қаласында, қалғаны басқа өңірлерде қызмет көрсетеді.

Елімізде туризм саласының дамуында олқылықтар байқалғанымен, гид мамандарын даярлау жұмыстары қарқынды деуге болады. 2022 жылы Kazakh Tourism ұлттық компаниясы халықаралық деңгейдегі гидтерді даярлауға жәрдемдесу мақсатында WFTGA Дүниежүзілік туристік гидтер ассоциациялары федерациясының әдістемесі бойынша 12 ұлттық тренерді даярлап, Түркістан, Маңғыстау облыстарында және Алматы қаласында ұлттық тренерлерді тарта отырып, WFTGA әдістемесі бойынша жалпы 41 гид маманын оқытқан.

Қазіргі заңнамаға сәйкес, оқу курсын бітіріп, сертификат алған гидтер туроператорлық компанияларда жалдамалы қызметкер ретінде немесе жеке кәсіпкер ретінде жұмыс істей алады.

Дегенмен туризм саласының маманы Раушан Шамиль гидтерге арналған курстардың да өзіндік қайшылықтары барын атап өтті.  

Қазіргі таңда гидтерге арналған курстар, сертификатпен оқытатын орталықтар бар. Бірақ гидтарды 5 күнде оқытып шығу мүмкін емес. Бізде 5 күнде гидты оқытып, сертификатын беретіндер бар. Әрине, ол дұрыс емес. Мектепте де оқушыларға гид қызметін оқытуды ұйымдастыру керек деген ұсыныс та айтар едім.  Гид – біздің айнамыз. Оның өзінің қалай ұстауы, қандай киім кигені, қандай ақпарат бергенінін барлығы біздің жұмысымызға байланысты. Сондықтан елімізде гид мамандарының өте білімді, сауатты және тарихымыздың тереңдетіліп айтылғаны жақсы, - дейді сарапшы.  

Ұлттық индустрия туризм қауымдастығының президенті ретінде Раушан Шамиль бүгінде ұлы жібек жолы бойындағы 3 мемлекетпен гидтарды оқытуға үлкен мүмкіндік беретін арнайы жоба әзірлеп жатқанымен бөлісті.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға