Жаңалықтар

Туристік инфрақұрылымға жеткілікті түрде көңіл бөлінбей жүр - Kazakh Tourism өкілі

Туристік инфрақұрылымға жеткілікті түрде көңіл бөлінбей жүр - Kazakh Tourism өкілі
Фото: ©El.kz/Артем ЧУРСИНОВ 20.05.2024 17:39 557

Бүгінде еліміздегі жергілікті мәдениетке деген қызығушылық өсіп, туризм дамуының тарихы жаңа деңгейге көтерілді. Көптеген көрнекті жер қайта жөндеуден өтіп, жаңадан музейлер мен көрме орталықтары ашылып жатыр.  Мұның бәрі елдегі тарихи және мәдени туризм ежелгі жерлердің сұлулығын тамашалауға, зерттеуге мүмкіндік береді.El.kz ақпарат агенттігінің тілшісі Kazakh Tourism ҰҚ АҚ ресми өкілі Әлішер Тұрсынмен тілдесіп, еліміздің тарихи жерлеріне туристерді көптеп тарту мәселесі қалай жүріп жатқанын сұрады. 

EL.KZ: Әлішер,соңғы кездері тарихи орындарды насихаттау жұмыстары қарқынды жүріп жатыр. Мәселен, тарихи қала дегенде бірінші кезекте Түркістан еске түседі. Бірақ Өзбекстанмен салыстырсақ, еліміздегі тарихи жерлерді қарайтын туристер әлдеқайда аз. Отандық туризмді дамыту үшін қай бағытта жұмыс атқарылуы керек?

Әлішер Тұрсын:Отандық туризмді дамыту үшін бірнеше бағытта жұмыс атқару қажет деп ойлаймын. Мәселен, тарихи орындарды халықаралық деңгейде насихаттап, шетелдік туристердің назарын аудару үшін арнайы маркетингтік стратегиялар әзірлеу қажет. Әлеуметтік желілерде белсенділікті арттырып, көрмелер мен туристік жәрмеңкелерге қатысу маңызды. Сондай-ақ, туристік нысандарға апаратын жолдарды жақсартып, қоғамдық көлік қызметін арттыру, қонақ үй және мейрамхана инфрақұрылымын дамыту керек. Туристік гидтер мен экскурсоводтардың кәсіби деңгейіне аса мән беріп, оларды тарихи орындар туралы толық ақпаратпен қамтамасыз еткен жөн. Туристерге ұсынылатын қызметтер мен өнімдерді көбейту, мәселен, арнайы турлар, фестивальдар мен мәдени бағдарламаларды ұйымдастырған абзал.

EL.KZ: Тарихи нысандарды көру үшін жыл сайын қанша турист алыстан ат терлетіп келеді? Сандарды сөйлететін болсақ...

Әлішер Тұрсын: Түркістан облысындағы Қожа Ахмет Яссауи кесенесі және басқа да тарихи нысандарды көру үшін жыл сайын шамамен 1 миллионнан астам турист келеді. Айта кету керек, бұл көрсеткіштер жыл сайын өзгеріп отырады.

EL.KZ: Бүгінде Алматы облысы туризмді дамытуда көш бастап тұр. Жаз маусымында Алакөлге миллиондаған саяхаттаушы ағылып келеді. Былтыр шипалы көлге шомылмақ ниетте келген туристер санында өсім байқала ма?

Әлішер Тұрсын: Иә, былтыр Алакөлге келген туристердің саны айтарлықтай өсті. 2023 жылы жаз маусымында Алакөлге шамамен 2 миллионнан астам турист келген болатын. Бұл көрсеткіш 2022 жылмен салыстырғанда 15%-ға артқанын көрсетеді.

EL.KZ: ЮНЕСКО-ның әлемдік мұра тізімінде Қазақстанның 6 нысаны бар. Солардың бірі де бірегейі ретінде Қожа Ахмет Яссауи кесенесі, Айша бибі, Арыстан баб кесенелері, «Алтынемел» ұлттық саябағындағы Таңбалы Тас петроглифтерін айтуға болады. Бұл бағыттарға арнайы турлар ұйымдастырыла ма? Жұмыс жасайтын гид-экскурсоводтар қалай жүріп жатыр?

Әлішер Тұрсын: Соңғы жылдары осы құнды тарихи жәдігерлерді көруге ниет білдірушілер саны артып келеді. Мәселен, Қожа Ахмет Яссауи кесенесіне жыл сайын 1 миллионнан астам турист келсе, Таңбалы Тас петроглифтеріне шамамен 50 мың турист барады. Бұл бағыттарға арнайы турлар ұйымдастырылып отырады. Гид-экскурсоводтардың да саны жеткілікті. Бірақ олардың кәсіби деңгейін арттыру қажет деген ойдамын.

EL.KZ: Қазақстандағы танымал, тарихи аумақтарға жету үшін жұмсалатын көлік шығындарын жеңілдету үшін қандай жұмыстар атқарылуда? Визалық алымдар, қонақ үй тарифтерін реттеу мәселесі қарастырылып жатыр ма?

Әлішер Тұрсын: Айта кету керек, туристер үшін визалық рәсімдерді жеңілдету, электрондық визалар енгізу жұмыстары қолға алынып отыр. Бүгінгі күні 82 елмен визасыз тәртіп орнатылған. Бұл елдердің саны алдағы бірнеше жылда әлі де арта түспек. Көлік шығындарын жеңілдету мен қонақ үй тарифтеріне қатысты реттеу мәселелері кешенді талдау мен пысықтауды талап етеді. Бұл бағыттағы жұмыстар әлі де жалғасуда.

EL.KZ: Тарихи маңызы бар жерлерге қатынайтын көлік инфрақұрылысы (логистика) туралы айтсаңыз?

Әлішер Тұрсын:Тарихи маңызы бар жерлерге қатынайтын көлік инфрақұрылысы біршама жақсарғанымен, әлі де дамуды қажет етеді. Мысалы, Түркістан қаласына дейінгі жолдар жақсартылғанымен, кейбір алыс орналасқан нысандарға жету қиындық туғызуы мүмкін. Бұл бағытта қосымша инвестициялар мен инфрақұрылымдық жобалар қажет.

EL.KZ: 2020 жылы «Қазақстанның киелі жерлері географиясы» арнайы жобасы жүзеге асырылды. Бүгінде бұл жобаның жай-күйі қандай? Болашақта осы тектес бағдарламаларды енгізу жоспарда бар ма?

Әлішер Тұрсын: «Қазақстанның киелі жерлері географиясы» жобасы аясында көптеген тарихи және мәдени нысанның тізімі жасалды. Олар туралы ақпараттық ресурстар әзірленді. Бұл жоба әлі де өзектілігін жоғалтқан жоқ. Болашақта осы тектес бағдарламаларды кеңейту және дамытуға қолдау білдіретін боламыз.

EL.KZ: Түркістан облысындағы «Отырар», Алматы облысындағы «Таңбалы» сияқты музей-қорықтарын, Сарайшық, Сығанақ, Алтынасар сияқты ерте замандық, ортағасырлық қалашықтар мен  Бекет ата жер асты мешітін, басқа да объектілерді көргісі келетіндер бар ма? Осы бағыттарға туристік сапарлар жиі ұйымдастырыла ма?

Әлішер Тұрсын: Иә, бұл тарихи нысандарды көруге ниет білдіретін туристер саны артып келеді. «Отырар», «Таңбалы» және басқа да музей-қорықтары мен ортағасырлық қалашықтарға арнайы турлар жиі ұйымдастырылып тұрады. Ал Бекет ата жер асты мешітіне отандық туристердің қызығушылығы басым. Жалпы айтқанда, кез-келген тарихи маңызы бар туристік объектілерді жарнамалау мәселелерінде тарихшылар мен ғалымдармен бірлесе кешенді жұмыс жүргізуі келуші туристтерге сапалы туристік өнім ұсынуға жол ашады.

EL.KZ: Өзбекстандағы Самарқанд пен Бұқараға, Түркиядағы тарихи жерлерге келген туристер саны азаяр емес. Біздің рухани туризм орталығына айналған киелі орындарды туристер арасында танымал ету үшін қандай іс-әрекеттер жасалуы тиіс деп ойлайсыз?

Әлішер Тұрсын: Қазақстандағы киелі орындарды туристер арасында танымал ету үшін халықаралық деңгейде жарнама науқандарын жалғастыру, киелі орындарда халықаралық мәдени іс-шаралар ұйымдастыру, туристер үшін қолайлы жағдай жасау, көлік және қонақ үй инфрақұрылымын дамыту, киелі орындар туралы ақпараттық ресурстарды көбейту және мультимедиялық жобаларды іске қосу сынды бірқатар нақты жұмыс жүруі қажет. Бұл жерде басты назарды ең маңызды мәселелердің бірі ретінде ішкі туризмді дамытуға бағытталған туроператорлық қызметті айтар едім. Қалалық туризм секілді экотуризм де жақсы дамып келеді. Алайда мәдени-танымдық туризм дамуы әлі де лайықты деңгейіне жетпеген сыңайлы. Себебі туризм инфрақұрылымы көптүрлі қызмет түрлерін қамтиды: логистикадан бастап, гид-экскурсовод, интернет пен турларға арналған автобустармен қамтамасыз ету. Бүгінде мәдени ескерткіштер туризм обьектілеріне айналып отыр. Осыған орай құзырлы министрлік тарапынан тур операторлармен бірлескен жұмыс жүргізілуі қажет деп білемін. Экскурсиялық қызмет деңгейі мен тур маршрутын жасақтау жоғары дәрежеде болуы тиіс. Кейбір нысандарда ғаламторға қосылу мүмкіндігі жоқ. Бұл да – басты проблемалардың бірі. Шынтуайтына келгенде, туристік инфрақұрылым өте көп аспектерден тұрады және жеткілікті түрде көңіл бөлінбей жүр дер едім.

EL.KZ: Әңгімеңізге рақмет!

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға