Жаңалықтар

Ұлт зиялылары кімдер?..

Зиялы топ деген кімдер, олардың қатарына кімдер жатқызылады. Зиялы топты қай саладан, қандай топтың арасынан іздеу керек, басқалай атқанда, зиялы топ тек билік бағытында не болмаса экономика бағытында деген
01.03.2014 12:18 47219

Зиялы топ деген кімдер, олардың қатарына кімдер жатқызылады. Зиялы топты қай саладан, қандай топтың арасынан іздеу керек, басқалай атқанда, зиялы топ тек билік бағытында не болмаса экономика бағытында деген сияқты белгілі бір бағытта қалыптаса ма, әлде қалай?.. Өйткені халық ұғымында «зиялы қауым» дегенде алдымен ақын-жазушылар аталады. Біздің елімізде бір қарағанда қарапайым көрінгенімен мәселелің осындай қырларын айқындап, аражігін түсіндіретін ешкім жоқ. Әйтеуір «зиялы қауым», «зиялы топ өкілдері» дей береміз, ал астарына, егжей-тегжейіне бойламаймыз...

Кеңес дәуірі тұсындағы зиялылар дегенде ақын-жазушыларды елестетеміз. Тоталитарлық жүйеде ойыңды, пікіріңді ашық жеткізу болмады. Сол кезде ақын-жазушылар өзінің әдеби амал-тәсілдерімен қоғамдық шындықты көркем тілмен астарлап жеткізді. Мәселен, Шыңғыс Айтматов шығармасында әлемдік экология проблемасы, жарылыстар туралы айтылды. Тек әдебиеттің әдіс-тәсілі арқылы осындай әлеуметтік, қоғамдық, елдік проблемаларды көтеру маңызына ие болды. Ақын-жазушылардың зиялы қауым көрінуінің себебі содан болса керек.

Қандай да бір елдегі зиялы топтың қалай пайда болуы, қандай бағыт жолдар бойынша дамитыны турасында Хангелді Әбжанов, Мәмбет Қойгелді және т.б. сияқты белгілі қоғам қайраткерлерінің бергісі мақала, әрісі кітап жазып, түсіндірмелер беріп жүр. Десек те, осы мәселенің насихаттық, түсіндірмелік жұмыстар жағы жас ұрпақты тәрбиелеу бағытында жұмысын атқара алып жүр ме деген ойлар бүйірден түртпектейді. Осы орайда, зиялы кім, оларды қалай айтамыз деп уақыт жоғалтып жатудың қажеті жоқ. Зиялы топтың өзі интеллектуалды, мәдени, саяси, элиталық болып бірнеше түрге бөлінеді. Қайсысы ұлт үшін, халық үшін қызмет етіп жүрсе, халық оны өзі көреді. Қашанда күрескерлерді қолдайды. Атақты қаржыгер Джон Ло деген кісіден: «Ұлы Француз революциясын қалай бағалайсыз», – деп  сұраған екен, сол кезде ол: «Оны бағалау үшін әлі арада уақыт өту керек...» деген екен. Сондықтан қазіргі зиялылардың атқарып жатқан ісін бағалау үшін оған белгілі-бір уақыт өту керек. Біз қазір зиялы кім дегенде ХХ ғасырды бастаған Әлихан, Ахметтерден ұлттық күрескерлікті көреміз де бүгінгі таңда дегенде орнын сипап қалғандаймыз. Барлығын саралау үшін уақыт керек. Алаш қайраткерлерін айтқанда бұлар ХХ ғасырдың 17 жылдарында биліктен тайдырған кезде, ол кісілердің қолынан билік кетіп, жаппай шығармашылық жолына түсті. Мысалы: Әлихан Бөкейханов Мәскеудегі «Шығыс» баспасында «Қобыланды батыр», «Қыз Жібек» сынды рухани мұраларды зерттеп жариялады. Ахмет пен Міржақыптар «Оқу құралдарын» жазды. Ондағы мақсат – халықтың жадын, санасын тарихи тұрғыдан ояту арқылы рухани тәуелсіздікті қалыптастыру.

Күрескерліктің бірнеше формасы бар, ол тек билікпен бұйрықтың пәрменін жүргізу ғана емес, қолында үлкен күші бар қоғамдық пікір туғызу. Мәселен, бүкіл ғалымдар келісіп, «Біз қателесіп кеткен екенбіз, жер төрт бұрышты екен» десе, бұны Қазақстандағы 6 мыңнан астам бұқаралық ақпарат құралдары жарылса 1 ай жазса, адамның барлығының пікірі өзгереді. Зиялы қауым қолында шенеуніктің тетігі, билігі болмағанымен, оның аузында дуалы сөзі бар. Сөзі арқылы қоғамдық пікір қалыптастыра алады. Қазір де әлеуметтік тілдік, рухани елдік мәселелер тынбай күресіп жатыр.

...Қазақстанда жалғыз мемлекеттік тіл бар, және ол 300 жыл бойы отарлықты көрген, сорлаған қазақтың тілі. Оны қалпына келтіру үшін әлемдік державалық тілтермен теңестірмей, оны ат бойы озық, барлық тілден жоғары қою керек. Сонда ғана ол шамасы келгенше өсіп өнеді, дамиды, қалпына келеді.

Жылдар бойы жинақталған елдік проблеманы шешу жалғыз елбасының ғана қолынан келмейді. Біз бір адамды ғана кінәлай берсек, тағы да біз өзіміз түк істемейтін адам болып көрінеміз. «Сен не істеп жүрсің?» деген сұрау өзіңе де тиесілі. Осы ретте, біз ұлт үшін түгелдей күресуіміз керек. Елбасы бізге жолды ашып берді. Оның еңбегі 22 жыл бойы қазақ жерінде топалаң тудырмай, осыншама ұлттың басын біріктіріп, бейбітшілікті сақтап отыруымен ерекшеленеді. Ал бейбітшілік сақталып отырған жағдайда тілдік проблеманы шешу өз қолымызда.

Елбасы халыққа Жолдауында: «Қазақ тілі жаппай қолданыс тіліне айналып, шын мәніндегі мемлекеттік тіл мәртебесіне көтерілгенде, біз елімізді «ҚАЗАҚ МЕМЛЕКЕТІ» деп атайтын боламыз» деген сөзі тағы бар... Осыдан кейін өзіміз жақсылап ойланып көрелік.

Біздің еліміз алып территорияға, қуатты шикізат ресурстары мен теңдесі жоқ пайдалы қазба қорларына ие болып отыр. Ендігі жерде демократиялық, құқықтық мемлекет құруға ұмтылған кезде ұлттың ұлттық зиялы тобын тәрбиелеп шығаруға баса назар аударайық! 

 

Рысханым КАУМЕНОВА

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға