Жаңалықтар

Мемлекеттік сатып алу туралы шарттардың орындалуы қоғамдық бақылауға алынады

Мемлекеттік сатып алу туралы шарттардың орындалуы қоғамдық бақылауға алынады
Фото: parlam.kz 15.05.2024 12:25 418

Мәжіліс «Мемлекеттік сатып алу туралы» заң жобасын екінші оқылымда қабылдады, деп хабарлайды El.kz  ақпарат агенттігі.

Заң жобасын Экономикалық реформа және өңірлік даму комитетінің мүшесі Руслан Қожасбаев баяндады.

Жаңа заңға сәйкес, әсіресе құрылысқа байланысты жұмыстарға қоғамдық мониторинг институты енгізіледі. Мемлекеттік сатып алу (goszakup.gov.kz) веб-порталына жұмыстарды орындау кестелерін, шарттардың орындалуы бойынша есептерді (оның ішінде фото және бейне жазба) жалпы қолжетімді етіп жариялау ұсынылады. Мониторинг «Қоғамдық бақылау туралы» заңда көзделген тетіктерге сәйкес жүргізіледі, - деді ол.

Қожасбаев мемлекеттік сатып алу мерзімі қысқартылатынын атап өтті. Енді мемлекеттік сатып алу рәсімінің жалпы ұзақтығы 1 айға дейін қысқарады.

Заң жобасы негізінде жеткізушілердің де жауапкершілігі артады.

Әлеуетті жеткізуші, оның басшысы немесе құрылтайшылары бұрын сыбайлас жемқорлыққа қатысты құқық бұзушылық жасаған болса, мемлекеттік сатып алуға қатыса алмайды. Сондай-ақ еншілес компаниялардың сатып алуларға қатысуын шектеу шаралары, жеткізушінің шарттық міндеттемелерді тиісінше орындамағаны үшін жауапкершілік шаралары күшейтілді. Міндеттемелерді орындау сапасын арттыру үшін заңда қосалқы мердігерлік жұмыстың ықтимал көлемі 50 пайыздан 30 пайызға дейін қысқартылады. Тапсырыс беруші жұмыс орнында тіркелген жеткізушінің материалдық және еңбек ресурстарының болуын талап етуге құқылы, - деді Қожасбаев.

Мәжілісмен жұмыскерлеріне жалақысын төлемей, мерзімін өткізіп алған жеткізушілер конкурсқа қатыса алмайтынын жеткізді. Сонымен қатар сатып алынатын тауарлар мен қызметтердің сапасын арттыру үшін әлеуетті жеткізушілердің рейтингін енгізу ұсынылады. Оны ақпараттық жүйелердегі деректер мен мәліметтер негізінде веб-портал жасайды.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға