Жаңалықтар

«Құлыбаевтан басқа инвестор бар ма?». Депутат шекарада салынатын кешенге қатысты мәселе көтерді

«Құлыбаевтан басқа инвестор бар ма?». Депутат шекарада салынатын кешенге қатысты мәселе көтерді
Фото: ©El.kz 15.05.2024 11:40 4082

Мәжілісте қазақ-қырғыз шекарасында индустриялық сауда-логистикалық кешен салу талқыланды. Депутат Бақытжан Базарбек жобаның инвесторына қатысты бірқатар мәселені көтерді, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Бұл мәселе комитетімізде шу шығарды. Бастапқыда бұл жоба бойынша жер Тимур Құлыбаевтың «Кипрус» компаниясына рәсімделген. Мұны мен комитеттің жиналысында айтқанмын. Бастапқы жоба бойынша 36 гектар жер «Жоин Техноложи» компаниясына рәсімделген еді. Ал «Жоин Техноложистің» құрылтайшысы – «Кипрс» ЖШС. Шу шыққан кейін сіздер өзгерттіңіздер. Мен оған қуанып отырмын. Бірақ та қазіргі өзгертілген құжат бойынша 36 гектар жер «Қордай Даму» ЖШС-ға рәсімделген. «Қордай Даму» ЖШС-ның құрылтайшысы «Трейдинг Холдинг» ЖШС. Оның құрылтайшысы – «Меркури Проперити» ЖШС. Оның құрылтайшысы – «Кипрс» ЖШС, ал «Кипрстың» құрылтайшысы – Асқар Алтай Тимурұлы. Сіз басында «Басқаша болады. Өзгертеміз, басқа адамдар, инвесторлар келеді» деп айттыңыз. Бірақ бұрынғы инвестор сол қалпында қалған. Менің айтқаным, бос әңгіме емес. Деректер egov-тан алынған, - деді мәжілісмен.

Депутат осы мәселеге байланысты министрлікке бірқатар сауалын қойды.

Келісімшарт бойынша Тимур Құлыбаев бұл жобаға ақша құйса, ертең басқа жобаға инвестор келуі мүмкін бе? Болмаса, бұл жобаға басқа инвестор келуі мүмкін бе? Тимур Құлыбаевтан басқа инвестор бар ма? - деп сұрады ол сауда және интеграция вице-министрі Қайрат Төребаевтан.

Вице-министр аталған компаниялар жаңа жобаның негізгі мәселелерін талқылауға, даярлауға көмек көрсеткенін айтты. Төребаев конкурстық комиссия барысында осы мәселені депутаттан көтеруін сұрады.

Демек мен конкурстық комиссияның мүшесі ретінде «Ертең Тимур Құлыбаевтың «Кипрс» компаниясы инвестор болмасын, басқа компания инвестор болсын десем, конкурстық комиссиясы сондай шешім шығара ма? - деп сұрады депутат.

Қайрат Төребаев Конкурстық комиссияда Сауда және интеграция министрлігі жоқ екенін айта кетті.

Онда ашық конкурс арқылы мәслихаттың және Мәжілістің депутаттары бар. Сіздің сөзіңіз жерде қалмайды. Конкурстың басқа мүшелерімен таңдалады деп пайымдаймын, - деді Төребаев.

Айта кетейік, Мәжіліс Қазақстан мен Қырғызстан арасындағы «Қарасу» және «Ақ-Тілек» автожол өткізу пункттері ауданында индустриялық сауда-логистикалық кешен құру және қызметін реттеу туралы үкіметаралық келісімді ратификациялады.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға