Жаңалықтар

Өзбекстандағы қазақ журналисі Ұлттық марапатқа ие болды

Өзбекстандағы қазақ журналисі Ұлттық марапатқа ие болды
Фото: O'zbekiston Jurnalistlar Uyushmasi 15.05.2024 20:35 428

Журналистика – бұл тек ағымдағы оқиғаларды зерттеу және хабарлау ғана емес, сонымен қатар жаңалықты, қоғамда орын алған жайттарды, тарихи сәттерді  жеткізу өнері. Қазіргі ақпаратқа бай әлемде журналистердің рөлі барған сайын маңызды бола түсуде, олардың қызметі тек ағымдағы оқиғаларды ғана емес, сонымен бірге тарихи перспективаны да қалыптастырады.

Әрбір мақала, репортаж немесе сұхбат тарихқа қаланған кірпіш сынды. Журналистер оқиғаларды баяндау, талдау, сұхбат жүргізу арқылы тарих жадында қалатын уақыт шежіресін жасайды. Олардың сөздері болашақ зерттеушілер мен тарихшылар үшін негізгі дереккөз болып, өткенді түсінуге және түсіндіруге көмектеседі.

Бүгін Өзбекстандағы білікті журналистердің бірі, Өзбекстан Республикасы Парламентінің  "Народное слово" газетінің жауапты хатшысы Нұрлан Усманов "Алтын қалам" марапатының жүлдегері атанды. Ол тек өзі қызмет ететін газеттің ғана емес, бүкіл  өзбекстандық қазақтардың мақтанышы. Нұрлан ағай алғашқы еңбек жолын “Нұрлы жол” газетінен бастаған, сондай-ақ "Учитель Узбекистана" газетін көп жылдар басқарды. Осылайша білім саласында болған оң өзгерістерге мол үлес қосты.

Өзбекстандағы қазақ журналисі Ұлттық марапатқа ие болды

Сонымен қатар бүгінде ол  Өзбекстан журналистика және бұқаралық коммуникациялар  университетінде болашақ тілшілерге өзбек, орыс тілдерінде білім береді, іс жүзінде көмектеседі.

Журналистің тарихи көзқарасты қалыптастырудағы рөлі тек оқиғаларды жазумен ғана шектелмейді. Олар өткенді талдап, түсіндіруде де маңызды рөл атқарады. Журналистердің  түсініктемелері мен талдаулары,  репортаждары қоғамға  болашақты қалай құра алатынын түсінуге көмектеседі.  Нұрлан ағайдың жазған мақалалары да тек қазіргі сәтке  ғана емес, еліміздің өркендеуіне бағытталған. Оның  мақалалары  елдер арасындағы қарым-қатынастарды нығайтуға арналған. Сондай-ақ танымдық жазбалары халықтың көңілінен шыққан Өзбекстандағы ең мықты журналистердің бірі десек артық болмас.

Сондықтан болар оның көп жылдық еңбегі, шығармашылығы әрі ізденімпаздығы бүгін жоғары  бағаланды. Жылда дәстүрлі түрде өтетін "Алтын қалам" ХVІІІ Ұлттық сыйлығының жүлдегері атанды. Баспа бағытында ІІ орынды иелеп, қанжығасына 59 миллион сумды байлады.

Ақпарат үшін айта кеткен орынды биылғы байқауға 600-ге жуық жергілікті және шетелдік БАҚ өкілдері 4 мыңнан астам шығармашылық жұмыстарымен қатысқан. Атап айтқанда, телевидение бағытында Өзбекстандағы  мемлекеттік және мемлекеттік емес телеарналардан 98 журналист материалдарын тапсырған болса, радио бағытында 26, баспа БАҚ бағытында ең көп — 178, интернет басылымдары бойынша 75, “Шетелдік журналистердің Өзбекстан туралы ең жақсы материалы үшін” аталымында да жылдағыдан көп — 40-тан астам елден 100-ге жуық журналист қатысқан. 

Негізі Өзбекстанда адал еңбек бағаланбай қалмайды. Ақпарат майданында танымдық мақалаларымен көзге түскен Нұрлан ағай үш тілде яғни қазақ, өзбек және орыс тілінде қатар жазады. Оның жазған мақалалары мемлекеттік басылымдар мен сайттарда ғана емес, өзге елдердің де ақпарат құралдарында жиі жарияланады. Ол мұнымен шектелмеген, еліміздегі және қазақстандық қоғамдық ұйымдармен ынтымақтастық жасайды, халықаралық семинар-тренингтерде спикер, медиа-тренер ретінде қатысады.

Нұрлан Усманов тарихи оқиғалардың куәсі болумен қатар материалдарды дер кезінде жеткізе де біледі. Бұл оның жұмысын одан да мағыналы етеді, өйткені ол фактілерді ғана емес, сонымен бірге осы оқиғаларға байланысты халықтың эмоцияларын және қоғамдағы тұрақтылықты сақтауға да көмектеседі.

Сондықтан да журналистерді тарихтың куәгерлері ғана емес, оны белсенді жасаушылар рөлін атқаратындар деп атауға болады. Алтын қалам иелерінің жұмысы қазіргі ақпараттық ландшафтты, сонымен қатар біздің өткен және болашақ туралы түсінігімізді қалыптастырады.

Өзбекстан – көп ұлтты мемелекет. Бүгінде елімізде 130-дан астам ұлт пен ұлыс өкілдері өмір сүреді. Бұл әрбір азаматтан толерантты болуды талап етеді. Нұрлан ағай – мықты маман болумен қатар кез келген азаматпен конструктивті диалог құра алатын толерантты тұлға. Оның еңбек ететін ұжымы да көп ұлтты. Ұстазымыз өзінің адами құндылықтарының арқасында осындай сан алуан мәдениет иелерінің арасында өзінің лайықты орнын тапқанын ерекше атап өткен де орынды.  

Журналист үшін ең жақсы марапат, әрине, әріптестерінің, қоғам мен биліктің еңбегін мойындауы. Бұл кез келген саладағы әр адамның арманы деуге болады.

3 мамыр – Дүниежүзілік баспасөз бостандығы күніне орай өткен "Алтын қалам" ХVІІІ Ұлттық сыйлығына қатысқан және онда жетістікке жеткен Нұрлан Усманов бүгін әріптестерін, қоғамды және билікті мойындатты. Аталмыш байқау Өзбекстандағы озат журналистер мен нағыз қаламгерлер арасындағы жүзден жүйріктері қатысатын ең жоғарғы сайыс.

Журналистер – демократияның сақшылары, ақиқатты әшкерелейтін, әрекетке шақыратын, қоғамның жақсаруына көмектесетіндер. Журналист үшін ең үлкен марапат – өзінің жұмысының лайықты бағаланғанын, әділетті және ақпараттандырылған әлемге үлес қосқанын көру.

Сондықтан да журналистика біздің заманымыздың ең маңызды саласының бірі болып қала бермек. Журналистиканың негізін Нұрлан ағай сынды білікті мамандар, алтын қаламы бар журналистер қалыптастырады.

Айгүл ТЕШЕБАЕВА

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға