Жаңалықтар

Редакция саясатына араласқан шенеунік қызметінен кететін – Ерлан Бекхожин

Журналистердің республика күні жайлы естеліктері
Редакция саясатына араласқан шенеунік қызметінен кететін – Ерлан Бекхожин
Фото: turkystan.kz 11.10.2022 14:46 2732

 

1990 жылы 25 қазан күні «Қазақ Советтік Социалистік Республикасының Мемлекеттік Егемендігі туралы» Декларация жарияланды. Сол сәттен бастап-ақ егеменді Қазақстан өзіндік көзқарасы бар жеке мемлекет ретінде таныла бастады. Декларация Қазақстанның болашақ тәуелсіздігінің іргетасы саналды. Бұл құжат қазақ елінің талай уақыттан бері армандаған тәуелсіз мемлекет болуының алғышартын көрсетті. Бұл уақыт – Кеңес империясының ыдырай бастаған, оның саяси-рухани, экономикалық дағдарысқа ұшыраған кезі еді. Осылайша көп ұзамай-ақ әлемнің геосаяси картасында жап-жас 15 республика пайда болды.

Егемендігімізді алғалы елімізде 25 қазан – Республика күні ретінде тойланып келді. Алайда бұл күн мемлекеттік мерекелер тізімінен 2009 жылы алынып тасталды. Биыл Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық құрылтайдың отырысында осы мейрамды қайтару қажеттігін мәлімдеді. Нәтижесінде, «Қазақстан Республикасындағы мерекелер туралы» заңға өзгертулер енгізіліп, 25 қазан ұлттық мереке – Республика күні болып қайта бекітілді. Биыл егемендігімізге 32 жыл толып отыр. Егемендік алған тұстан бастап елімізде үлкен өзгерістер мен жаңалықтар, жаңа саясат пен қоғамдық пікірдің қалыптасқаны белгілі. Дәл осы кезеңдердегі саяси өзгерістердің куәгері болып, басы-қасында жүрген қоғам қайраткерлері, ардагер журналистер естеліктерімен бөлісіп, жаңалықты қалай жеткізгендерін айтып берді.

Жаңа мемлекеттілікпен қоса жаңа жүйе қалыптаса бастады. Бұрынғы социалистік-коммунистік жүйе талқандалып, сөз бостандығына тиым тоқтады. Қазақстанда жаңа ақпараттық кеңістік пайда болып, жаңа басылымдар жарық көре бастады. Солардың бірі «Түркістан» газетінде сол кездері қызмет еткен – Шәмшидин Паттеев. Осы басылым арқылы оқырманға замандастардың сөзін жеткізіп, қоғамның ойын айтуға тырысқан.

«Қазақстан жаңа әлемдік қауымдастықтың толыққанды мүшесіне айналды. Қазақстан азаматтарымен қатар біз де шетелдерге шығып, «қоғамдық қауымдастық деген не», «Қазақстан болашақта қандай мемлекет болады», «Ел мен елді байланыстыратын татулық, бейбітшілік қалай орнайды» деген секілді мәселелерде пікір алмастық, ой қорыттық. Сол ой-пайымды оқырманға жеткіздік. Халықаралық деңгейде саяси, рухани, экономикалық қарым-қатынастарды бекітуге арналған саяси-қоғамдық форумдарға қатыстық. Халықаралық кеңістікке шығып, ой-өрісіміз ұлғайды. Ал өзім қызмет істеген сала – қазақтың басылымы әр оқырманға осы ақпараттарды ұсынып, оқырман арқылы еліміздің азаматтарының да мүмкіндігін кеңейтуге жағдай жасады», – дейді «Қазақ газеттері» ЖШС бас директоры Шәмшидин Паттеев.

Ең негізгі жаңалық – сөз бостандығына жол ашылды. Жаңа ақпараттық кеңістік пайда болды. Егемендік елімізге сөз бостандығы ала келген күн болғанын атап өтті.

«Бұрындары елімізде төрт-бес журнал және телерадио саласында санаулы ғана мекеме болса, жаңа жүйе берген еркіндікке орай ақпараттық кеңістік ұлғайды. Сол жылдары қазақ баспасөзінің қатары «Ана тілі», «Өркен-Горизонт», «Заман-Қазақстан», «Қазақ елі», «Түркістан» сынды басылымдармен толықты. Көптеген баспа БАҚ нұсқаларымен қатар, жекеменшік телеарналар пайда болды, бірнеше радио тіркелді. Әлеуметтік желілердің ол кезде дамымаған кезі, халық пен биліктің аралығына сол уақыттағы БАҚ көпір болды. Ақпарат алу салысындағы ел азаматтарының мүмкіндігі кеңейді. Ақпарат беретін сала көбейгендіктен сөз бостандығы күшейді. Демократиялық үрдістер осылайша ретімен пайда болды. Қазақ тілінде жарық көрген БАҚ қатарының артуы елдегі қоғамдық-саяси саланың жаңғыруына да әсер етті. Қазақ баспасөзі сол жылдары әлемдік БАҚ саласындағы үдерістердің ешқайсынан да кем қалған жоқ деп есептеймін», – дейді Шәмшидин Паттеев.

Егемендік алған тұста саяси өзгерістерді студент ретінде бақылаған Зейін Әліпбек те өзгерістері қалай қабылдағанымен бөлісті.

«Бірден еске түсетіні - азық-түлік пен тауар тапшылығы. Қант, күнбағыс майы мен макаронды айына 200-300 граммнан артық сатып ала алмайтынбыз. Онда да тек талонмен берілетін. Әрине, бұл жағдайды тәуелсіздігін жаңа алған бұрынғы одақтас мемлекеттердің барлығы басынан кешті. Бір күні ауылдағы ата-анам сәлемдемеге ешнәрсе таппай кәдуілгі бидайды қуырып, бір дорба етіп салып жіберіпті. Ашқұрсақ студентке ол үлкен байлық еді. Бір ай азық қылдық...», – дейді журналист Зейін Әліпбек.

90 жылдар туралы көп нәрсені талқылауға болады. Дегенмен, ең басты құндылық егемендігіміздің елімізге сөз бостандығын әкеліп, БАҚ қызметкерлерінің жұмысын күшейткендігі болды.

«Есімде қалғаны – дүниенің көз ілеспес жылдамдықпен өзгергені. Күн сайын өмірімізге жаңа ұғымдар, сөздер, терминдер еніп жатты. Ол кезде БАҚ еркін болатын. Еңбекке 90-жылдардың ортасынан араласа бастадым. Алдыңғы буын ағаларымыз қазақ журналистикасының көрігін қыздырып жататын. Бірақ, материалдық-техникалық базасы ескіре бастаған еді. Телевизия саласындағы сол жылдардағы қолданылған камералар, студиялар мен жабдықтарды қазіргімен салыстыруға келмейді. Айырмашылығы жер мен көктей. Қазір елімізде соңғы технологиялар пайдаланылады», – дейді Зейін Әліпбек.

Көкейімдегі үнемі бір ойландыратын сауал – «біз осы тәуелсіздіктің 30 жылын қаншалықты толығымен пайдалана алдық?». Егер мүмкіндікті жіберіп алған болсақ енді ондайға жол берілмеуі тиіс. Республика күні мерекесі қарсаңында өткен қателіктердің қайталанбауын тілейтіндігін айта кетті.

Егемендік алған тұста журналистика саласында жаңалықтар қызметінде істеген Ерлан Бекхожин өзінің қызметіндегі қызықты оқиғаларымен бөлісті.

«Өзімнің кәсіби тұрғыдан өсіп, қалыптасуым жайлы айтар болсам, 1993 жылы Меккеге жасалған алғашқы ресми қажылық сапар ойға оралады. Әріптесіммен бірге тәуелсіз Қазақстаннан қажылыққа аттанған алғашқы топтың жүріп өткен жолын жұртшылыққа ұсыну үшін іссапарға шықтық. Олардың бізді қалай қарсы алғанын көрсеңіз ғой. Бұл бір ерекше оқиға, таңғажайып сәт еді. Сол жақта тұратын отандастарымыз аса тебіреніп, көздеріне жас алып, ерекше көңіл-күймен қарсы алды. Олардың айтуынша, бұған дейін қасиетті мекенге ұйғырлар, өзбектер, басқа да бауырлас халықтар келген екен. Қазақтардың алғаш келуі. Осылайша, біз Меккеге аяқ басқан алғашқы қазақтар екенбіз. Қандастарымыз үшін бұл үлкен қуаныш болды. Аталған оқиғаның тағы бір есте қалған тұсы бар. Әу баста іссапарымыз үш-төрт күнге ғана жоспарланған еді. Келіп, жұмысымызды істеп, қайта ұшып кетеміз деп ойлаған едік. Алайда қажылық басталған кезде шекара түгел жабылады да, ұшақтардың ұшып келуіне, ұшып кетуіне тыйым салынады екен. Сөйтіп, сол жолғы іссапарымыз он күнге созылғаны бар. Біз үлкен қажылықты түгелдей түсірдік, Мина алабында болдық, Шайтанға тас лақтыру рәсіміне, басқа да салт-жораларға қатыстық. Елге қайтып оралғанда бізді басқа жағдай күтіп тұрды. Себепсіз кешігіп, жұмыста болмағанымыз үшін бізді жұмыстан шығарып жіберді. «Қазақ телевидениесінің» директорына мәжбүрлі түрде кешіккенімізді түсіндірдік. Бірақ ескерілмеді. Тіпті, сол кезде бұл жағдай туралы «Комсомольская правда» газетінде мақала да жарияланды. Аталған жағдайды Шерхан Мұртаза естіп-білген екен. Ол кісі «Мемлекеттік Теле-радио» корпорациясының төрағасы еді. «Бұларың қалай, естеріңнен адастыңдар ма?! Жігіттерді құттықтап, сондай маңызды шараға атсалысқандарына қуанудың орнына, жұмыстан шығарғандарың қалай?!», деп үш күннен кейін жұмысымызға қайта алдырды. Әлі есімде, Мемлекеттік Теле-радио жүйесінің дәлізін бойлай кетіп бара жатсам егде әйелдер жаныма келіп, костюмымның етегінен сүйгені бар. Бұған қатты қысылып, «Не істеп жатырсыздар?» дегенімде, олар: «Әй, балам, сен өзіңнің қандай іс атқарып келгеніңді білмейсің де ғой», деп еді.

Рас, біздің қажылықтан дайындаған материалдарымызды халық жақсы ықыласпен қабылдады. Бұл жаңалықтар бағдарламасындағы қысқа сюжеттер болатын. Бірақ жұмыстан шығарып жіберген соң, бұл да аяқсыз қалды. Аталған репортаждарды әрі қарай көрсету туралы көптеген өтініш пен қоңыраулар да келіп түсті. Міне, бұл есте қаларлық тамаша сапар болған еді.

Бір жылдан соң Тұңғыш Президенттің іссапарларына ілесіп баратын болдық. Ватиканға жасалған ресми сапар кезінде Йоанн Павелмен кездестік. Сол кезде Рим Папасымен алғаш рет жолыққан болатынбыз. Мұнда да бір қызық жағдай болды. Біздің жігіттер менің қажылыққа барып келгенімді білетін. Олар қалжыңдап: «Сен қажылықтан соң Рим Папасымен қалай амандаспақсың?» деді. «Ол жақындаған кезде «Кешіріңіз, сізге қолымды бере алмаймын», деп ишарат жасаймын» деп қалжыңдаған едім. Бәрі күлкіге көміліп қалды. Бір уақытта Рим Папасы мен Президент кірді. Бізге Хаттама қызметі өзімізді қалай ұстауымыз керектігі жайлы ештеңе айтпаған болатын. Ресми делегацияға қарама-қарсы біз тұрдық. Ресми делегация Рим Папасымен амандасқаннан кейін, күтпеген үзіліс пайда болды. Сөйтсек, халықтың назары бізге ауған екен. Журналистерден бірінші болып тұр едім, ішімнен «Рим Папасымен амандасу мүмкіндігі енді қашан тиер екен...», деп ойладым да, барып қолымды беріп амандастым. Менің соңымнан өзге журналистер де амандасып шықты. Осылайша, журналистерді Рим Папасымен амандастырған сәтіміз бар еді», – деп Ерлан Бекхожин өзінің өміріндегі қызықты оқиғасынан үзінді айтып берді.

Ерлан Бекхожин егемендіктің алғашқы тұсында «Жеті күн» бағдарламасының жүргізушісі болған еді. Ол Тәуелсіздік алған тұста бойында абсолюттік еркіндік сезімі болғанын айтады.

«Өзім жүргізген «Жеті күн» бағдарламасымен байланыстырып айтсам, бізде ешқандай цензура, бақылау болған емес. «Ақордадан» әлдекім қоңырау шалып, ескерту айтады дегенді елестету де мүмкін емес еді. Ол кезде әлдебір шенеунік бізге қоңырау шалып, редакцияның саясатына араласатын болса, ертеңінде ол жұмыстан босатылатынына немесе отставкаға кететініне барынша кепілдік беруге болатын. Саяси өмірге араласып жүрген адамдардың көбі «Жеті күн» бағдарламасының шығарылымдарына сүйенетін. Өйткені олар уақыт пульсінен, уақыттың саяси трендтерінен біздің бағдарламалар арқылы хабардар болып отыратын. Көптеген елшілік қызметтер, олардың ақпараттық-сараптамалық орталықтары қабылдауларда біздің бағдарламаларды жазып алып, оларды талдап, қажет мәліметтерді солардан алып отыратынын естігенбіз, өзіме де талай мәрте айтқан болатын. Әлі есімде, сол кездегі бір әкім «жексенбі күні тауда жүрсем де, орманды араласам да сағат 9-да міндетті түрде теледидардың жанынан табылып, «Жеті күн» бағдарламасын қарап, өткен аптаның сараптамасын тыңдап-білетінмін», деп мойындаған болатын. Расында да, «Жеті күн» сол кездің беделді ақпараттық-сараптамалық бағдарламасы болды», – дейді ол.

 

 

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға