Жаңалықтар

Зәбір көрсең, Зуқаны ізде!

Елі үшін туған ер
15.06.2016 10:47 4955

ҚР Қарулы күштерінің әскери-тарихи музейінде ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығы қарсаңында Зуқа батыр Сәбитұлының 150 жылдық мерейтойына арналған «Тәуелсіздік арманы және Зуқа батыр» атты халықаралық ғылыми конференция өтті. Шара аясында тақырыптық көрме мен мерекелік концерт те ұйымдастырылды.

Зәбір көрсең, Зуқаны ізде!

Конференция Дүние жүзі қазақтарының қауымдастығы, Республикалық ардагерлер кеңесі, «TÜRKSOY» Түркі мәдениетін және өнерін дамыту халықаралық ұйымы және Астана қаласы әкімдігінің қолдауымен өтті.

Әскери-тарихи музей, Еуразия ұлттық университеті және «Зуқа батыр Сәбитұлы» қоғамдық қоры 14 маусымнан 14 тамызға дейін жалғасатын сол Тәуелсіздік үшін күрескен ерлердің батырлығын дәріптейтін көрме ұйымдастырып отыр.  Көрменің ашылуына орайластырылған «Мәңгілік ел арманы және Зуқа батыр Сәбитұлының өмірі мен күресі» атты халықаралық ғылыми конференцияға қазақ диаспораларының делегациялары, еліміздің белгілі ғалымдары мен қоғам қайраткерлері қатысты.

Зәбір көрсең, Зуқаны ізде!

Дүние жүзі қазақтары қауымдастығының бірінші орынбасары Талғат Мамашев жыл көлемінде Зуқа батырдың мерейтойына арналатын шаралардың тізіміне тоқталды:

– Жылдың басында Зуқа атамызға ұрпақтары ас берді. Мамыр айында «Ер Жәнібек» қоры Алматыда үлкен футбол турнирін өткізді. Оған әлемнің 8-9 елінен 26 команда қатысты. Батыр бабамыздың мерейтойы келесі айда өтетін Түркия қазақтарының кіші құрылтайы аясында да кеңінен атап өтілмек. Ал, қазан айында «Алматы – Тәуелсіздіктің алтын бесігі»  атты фестиваль аясында Зуқа батырға арналған мүшәйра өткіземіз деп отырмыз. Бүгінгі конференциядағы материалдар кейінірек бір жинақ болып жарық көреді.

Зәбір көрсең, Зуқаны ізде!

Ал, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Абай Тасболатов жас ұрпақтың бойындағы патриоттық сезімдерді өсіру үшін оларға батыр бабалардың ерлігін үлгі ету керектігін айтты. Батырдың ұрпақтарының атынан сонау Еуропадан ат терлетіп келген Өмірхан Алтын сөз сөйледі. Құттықтаулар одан әрі баяндамаларға және мерекелік концертке жалғасты.

Зәбір көрсең, Зуқаны ізде!

БАТЫР ЗУҚА ҚАЖЫ CӘБИТҰЛЫ (1866-1929) – көрнекті дін және ұлт қайраткері. Ол 1866 жылы Зайсан-Қалба аралығындағы Үлкен Қаратал, Қызылжар өңірінде  дін оқымыстысы отбасында дүниеге келген. Зуқаның ұлы атасы Нұрмұхамед Бұқар мен Уфада білім алған дін ғұламасын жұрт «абыз» деп пір тұтқан. Ел арасында «Зәбір көрсең, Зуқаны ізде!» деген сөз кең тараған. Өйткені, батыр адамдарды ұлтына, руына, нәсіліне бөлмей, бәріне көмектескен екен. Нұрмұхамед ұрпақтары Қазақстанның шығыс  өңірінен бастап Шыңжан мен Моңғолия қазақтары арасында дін қызметшісі, ел билеуге, төрелік жасауға араласқан  ықпалды әулетке айналған.

Зуқаның әкесі Сәбит (1823 ж. туған) Қазан қаласында  білім алған, шығыс тілдерін меңгерген. Өр Алтай қазақтарының арасына мұсылмандықты дамытуға келген қожалар ұрпағымен бірге келген Сәбит молда дін және ағарту қызметімен шұғылданған. Ол 1848 жылдары Сайқан өңірінде, кейін Қызылтауда және  Жайырда мешіт салдыртқан. 40 жылға жуық имамдық, дін насихатшысы қызметін атқарған Сәбиттен дәріс алғандардың арасынан кейін Алтай мен Еренқабырғаға танымал ел ағалары шыққан. Ел ардақтап, «Да молда» атаған Сәбит 1881 жылы дүние салған.

Ел ішінде беделі асқақтаған Зуқаны діндарлар мен ұлықтар қажылыққа баруға көндіріп,  оған қажетті қаражат (500 қой, 100 жылқы, алтын, күміс) жиып береді. Алайда, бұқараның қамын ойлаған тұлға жиналған мүлікті төңірегіндегілерге үлестіріп жібереді. Бірақ, келер жылында (1906 ж.) бірнеше мергенге бөкен аттырып, оның мүйізін саудалап,  қажылық сапарына  қаржы еткен екен.

Зәбір көрсең, Зуқаны ізде!

ХХ ғасырдың бас кезінде қалыптасқан саяси-әскери ауыр жағдай қазақты жан-жақты қысымға ала бастаған кез болатын: Столыпин аграрлық реформасы, 1916 жылғы Орта Азиядағы ұлт-азаттық күресі, азамат соғысы, ақ гвардияшылар мен олардың ізімен өкшелей қуған қызылдардың зобалаңы қазақ халқына қырғидай тиді. Бас сауғалағандар қалыптасқан шекарадан арлы-берлі өтуі жиіледі. Қалыптасқан аса күрделі жағдайларға  байланысты ырыздығы мол, дүниеге жомарт, ең бастысы халыққа қорған бола білген Зуқаны пана тұтушылардың қарасы көбейе түседі. Ел қорғаны бола білген, дана би, әрі батыр, һәм дін қайраткері Зуқаны дәстүрлі ұғым бойынша батыр деп таныды. Расында да, оның қарамағындағы ел отарлаушы саясат пен оның жергілікті атқарушыларының әділетсіз, озбыр іс-шешімдеріне қарсы шығып, діттегенін шариғат жолымен немесе дәстүрлі құқық нормалары бойынша, ал кейде күш қолдана отырып орындататын, аса ықпалды күшке айналады.

Алайда, Зуқаның істеген қылықтары мен саясаты қолайына жақпаған өкімет ебін тауып жала жауып, өлкедегі әкімшілік орталығы Сарысүмбеге  шақыртып, түрмеге қамап та көреді. Мұндай тұзақтан шешендігі мен білімдарлығы арқасында аман оралған соң Зуқаның қолдары ендігі кезекте ашық күреске бет бұрады. Алтайды билеген «төрт орын» аталатын билерге және манж, гоминдан өкіметіне салық төлемеуді, отаршылыққа көнбеуге үгіттейді. Зуқаның жер жарған даңқы мен өңірдегі билеушілердің зәресін алған айбыны қазан төңкерісінен қашып, 1921 ж. Шыңжан жеріне өтіп, халықты тонаған ақ гвардияшылдардың генералы Бакич қолынан Ертістің басындағы жұртты қорғап қалады. Өр Алтайға ойран салған түрлі әскери қосындар батыр қажының қолдарымен бетпе-бет келмей оның ықпалындағы аумақты айналып өткен. Осы оқиғалардан соң  әскери ойранның алаңына айналып, бағасы кетіп, аштыққа іліккен ел Зуқа қажыға үсті-үстіне келіп қосылады. Кектенген қолдар жемеңқор би, әділетсіз байдың малын барымталап, қарамағындағы елді асырайды. Мұнда олар күрестің бұл тәсілін есе қайтару немесе қарақшылық емес, керісінше, шариғат жолымен әділетті түрде, ел мен жердің таныштығы үшін белгілі жоспарлы саясатпен жүргізіп отырады. Ішкі, сыртқы жауларымен қарудың күшімен емес бейбіт мәмілемен тіл табысу жолын ұстанған Зуқаға билеуші өкімет дегеніне көндіре алмайды. Ендігі кезекте Шынжаң билеушілері қазақ билерімен ымыраласып, Зуқаның ізіне түседі, реті келсе оның көзін құртуды жоспарлайды. Бірақ, Зуқа қолдары үкімет әскерімен сан мәрте, қарсы келіп, Үрімжі мен Алтай арасындағы байланысты үзіп тастайды.

Зәбір көрсең, Зуқаны ізде!

1920-жылдардың соңынан қазақтардың жеріне орталықтан қытай шаруаларын қоныстандыруды көздеген саясатына қарсы қарулы көтеріліс өлкедегі саяси ахуалды шиеленестіріп жібереді. Әсіресе ықпалды топтың көсемі Зуқа қажы үкіметтің ардап-арбауы мен қарулы әрекетіне көнбеген соң айламен алудың жолына көшеді. Оның реті 1927 жылы Алтай аймағына келген жаңа билеуші Цзинь Шурен кезінде жүзеге асады. Зуқа ауылынан пана тапқан басқа ұлттың өкілінің (олардың арасында моңғол, ұйғырлар да болған) көмегімен батырдың өз басына қатысты құпияларды алып тұрады. Ақыры, қапияда қолдарынан алшақта, оңаша қалған кезінде аңдып ұрланып келген үкіметтің жүздеген қарулы қолы Зуқаның шағын ауылын қоршап, ажал құрығына іліндіреді. 

Батырдың басын кесіп алған  билік оны Сарысүмбе қаласындағы Қыран Ертіс өзені үстіндегі көпірде іліп қойған. Зуқа өзімен бірге оққа ұшқан 28 шәйітпен бірге Алтай аймағы, Көктоғай ауданы, Белқұдықтағы зиратта жерленген.

Зәбір көрсең, Зуқаны ізде!

 Зуқа қажының ұрпақтары Атақонысын тастап, Бұланай (Гималай) асып, Анадолыға жеткен қазақ көшінің ортасында. Қияметті көш Тибет (Таңғыт) жеріне барғанда, Зұқаның  бірнеше ұлы – Шерияздан молда, Шәдет, Жәлел, Қайса (барлығының құдай қосқан қосақтары да)  ажал құшады. Сонда Зуқа қажының бәйбішесі қайтыс болады. Зуқа батырдың ауылы Үндістанға бет алған шағында ұлдары – Қалел, Садырағзам, Нұрымхан, Шәһмардан өмірден қайтқан кезі болатын. Түркияға ең соңғылардың бірі болып жеткен (шамасы ауруын сезген болар дейді ұрпақтары) көшелі басшы, қайратты тұлға Зуқа батырдың үлкен ұлы Солтаншәріп 1955 жылы  мамырда дүниеден өтеді. Ыстанбұлдағы зиратта Солтаншәріптің інілері Қари, Шәми, Рамазан, Әлімбай, Зарқұм, Мапаян, Тәтей, Мұса, Қапсемет, Қизат қажылар (кейін олардың көбі ата жолымен дін ұстап, қажылық парызын өтеп қайтқан) дамылдап жатыр.

 Алаштың айбынды батыры Зуқа батыр туралы 2-3 тарихи роман және оннан астам кітап жазылған. Атап айтқанда, олар – Қажығұмар Шабданұлының «Пана» романы, Батырхан Құсбегиннің «Зуқа батыр» романы. Сонымен қатар, А. Мин, Р. Петров жазған «Черный Иртыш» тарихи романында да батыр жайлы айтылады. Алтайдың Көктоғай ауданында батырға арнап ескерткіш орнатылса, Баян-Өлгей аймағының орталық көшесіне батырдың аты берілген. Алматыда Зуқа батыр атындағы мешіт-медресе бар.


Роза СЕКСЕНБАЙҚЫЗЫ

Суреттерді түсірген – Жандос КОКУМБАЕВ

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға