Қандастар Ассамблея

Әлемнің мәні – әйелде

Тергеу абақтысында қызмет ететін әйелдер

Қазіргі таңда нәзік жанды аруларымыз қоғамдағы барлық жауапты қызметтерді ер-азаматтармен бір деңгейде атқарып жүргеніне куәміз. Көктем мерекесі қарсаңында Тергеу абақтысында қызмет етіп жүрген әйелдермен сұқбаттасқанды жөн көрдік.

Бүгінде Нұр-Сұлтан қаласындағы Тергеу абақтысында 74 әйел қызмет етеді. Оның ішінде 12 офицер, 34 сержант және 28 жалдамалы (погонсыз) әйел бар. Олар арнайы есеп, режим және күзет, кадр саясаты, медицина, тәрбие жұмысы мен жедел бөлімде қызмет етеді.


Тергеу абақтысындағы алғашқы әйел жедел уәкіл

Алла Бақбергенқызы Нұр-Сұлтан қаласы бойынша Қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің ЕЦ-166/1 мекемесінің Жедел бөлімінің жедел аға уәкілі болып қызмет етеді. Ол елордамыздағы Тергеу абақтысындағы алғашқы әйел жедел уәкіл. Ұлттық ұланның 2 дәрежелі, Қылмыстық-атқару жүйесі Комитетінің үздігі. Мінсіз қызметі үшін 10, 15 жыл, Қазақстан полициясына 25 жыл, Интернационалдық полициейлер ассоцациясы медальдарымен марапатталған. Алланың әкесі Бақберген Жұмадильдинов Қылмыстық-атқару жүйесі саласында ұзақ жылдар қызмет етіп, 2007 жылы құрметті еңбек демалысына шыққан.


– Әкемнің әскери киіммен жүргеніне қызыға қарайтынмын. Форма кию менің бала күнгі арманым еді. Медициналық лицейді тәмәмдап, мемлекеттік медицина Академиясына құжаттарымды тапсырдым. Өкінішке, әлде қуанышқа қарай грант бөліміне өте алмадым. Сол кезде әкем өзі қызмет атқарып жүрген мекемеге уақытша бір жыл мерзімге жұмысқа орналастырды. Санитар болып жұмыс істедім, – дейді Алла Жұмадильдинова. 

Осылайша 16 жастағы қыздың балалық шағы мен жастығы Тергеу абақтысында өтіп жатты. Алла сол жерде жүріп есейді. Одан кейін оқыды, қызметке орналасты.

– Тергеу абақтысында әйел адамның жұмыс істегені дұрыс деп санаймын. Себебі қылмыс жасайтындар тек ер азаматтар ғана емес, әйелдер де бар. Әйелдермен тек әйел қызметкерлер жұмыс атқарған дұрыс сияқты. Тергеу изоляторында біздер тек заңды, ережелердің орындалуын талап етіп қана қоймай, сотталғандардың кейбірімен апа, ана және қарапайым әйел ретінде сөйлесеміз. Кейбір психологиялық және тек әйелдерге тән жағдайларды шешуге тырысамыз , – дейді жедел уәкіл.


Алла Бақбергенованың айтуынша, қызмет барысында әр түрлі оқыс оқиғалар орын алады екен. Өмір бойы есірткі қолданған әйелдер қамауға алынған соң естерінен танып, дөрекі істер жасайды екен. Ал психикасы бұзылғандар, қызметкерлерді ұрып-соғуға кейде тіпті қастандық жасауға дейін баратындары да кездеседі.

– Тергеуде отырғандарға бәрібір. Олар сенің абақты қызметкерісің бе, бостандықтан ұстап қамауға алған қызметкерсің бе маңызды емес. Оларға барлығымыз бірдей болып көрінеміз, – дейді жедел уәкіл Алла Жұмадильдинова.


(Суретте: ЕЦ-166/1 мекемесінің Жедел бөлімінің жедел аға уәкілі Алла Бақбергенова)

Тергеу абақтысына кей кездері қамауға жүкті әйелдер де түседі. Оларды бағып, күту Тергеу абақтысының әйел қызметкерлеріне жүктеледі. Жедел уәкілдің айтуынша, оларды босандыру, босанған соң оларға моральды немесе психологиялық көмек көрсету, бұрын бала тумаған аналарға бала күтуге жәрдем жасау жүктеледі.

– Заңға бағынбайтын әйел қылмыскерлер де болады. Сені ұрғысы келіп, балағат сөздер айтады. Олармен жұмыс істеу әдісі әрине басқа болады. Қылмыскерлермен жұмыс жасап, олармен тіл табысу үшін әуелі психолог болуың қажет. Бұл қасиет, қызметте тек жылдар өте келе пайда болады. Мен 20 жылдан астам уақыттан бері Қылмыстық-атқару жүйесі саласында қызмет еткендіктен қылмыскердің бір сөзінен, көзқарасынан оның қандай адам екенін, не ойлап тұрғанын бірден түсінемін. Жас қызметкерлер кейде алданып қалады. Қылмыскерлер сенімен сөйлескен кезде өз жағдайын жақсартып алуды көздейді. Мысалы, үйіндегі баласымен, не анасымен сенің жанашырлығыңды пайдаланып, артынан сені өз мүддесіне пайдалануы мүмкін. Қылмыскердің алдап тұрғаны, не шын айтып тұрғанынын айыру қасиеті тек уақыт өте келе пайда болады, – дейді жедел уәкіл Алла Жұмадильдинова.


Кейіпкеріміздің айтуынша жұмыстың жауапкершілігі жоғары. Олар біріншіден қателескен не адасқан адамды түзу жолға қоя алады.

– Олар келешекте сенің әсеріңнен басқа қылмыстарға жол бермей, әдепті ана, қоғамда үлгілі өмір сүрсе, сол сенің жетістігің болып, сенің жұмысқа деген құмарлығыңды асырады. Ал қиындығы өзің анасың, сенің отбасың, жолдасың, балаларың, бауырларың бар. Бірақ сен мемлекетке ант берген соң, әскери киім кигеннен кейін, кейде жұмыста ер мінезді болып, бірнеше күн отбасыңды көрмей жұмыста жүретін кездер болады. Сондай-ақ, қызметте қатал мінезді болып, отбасында жұмсақ ана, сыпайы келін болуың керек. Жұмыста қалыптасып қалатын барлық негативті үйіңе, отбасыңа апармауың тиіссің. Жұмыстың бір қиыншылығы – сол деп ойлаймын, – дейді Алла Бақбергенқызы.


Тергеу абақтысында қызмет барысында әр түрлі оқиғалардың куәгері болған кейіпкеріміз тіпті өз-өзіне қол жұмсау, өз денесіне жарақат салу, төбелесу, жалған жүкті болу, жалған мылқау болу жағдайлары да кездесетінін айтты.

– Әр жұмыс күні әр түрлі оқиғаның куәгері боласың. Жедел уәкіл болып жүріп қылмыс ашу менің ең басты міндетім болып табылады, – дейді Алла.

Қызмет атқару барысында 1000-нан астам қылмыстың ашылуына үлесін қосқан Алла Бақбергенованың әр жұмыс күні бір-біріне ұқсамайды. Ол таңертең жұмысқа келген кезде қарамағындағы қылмыскер әйелдермен жұмыс істеумен басталады.

– Қылмыскерлердің біреуі түнде тәртіп бұзды, біреулері бір-бірімен ұрысып қалды, біреуге қылмыстық іс бойынша жаман жаңалықтар келуі мүмкін. Осының бәрін реттеп, жаңадан келген адамдармен жұмыс жүргізіп, оларды орналастырып, ішкі тәртіпті түсіндіріп, олардың құқықтары мен міндеттерін түсіндіремін. Адамдармен жұмыс істеуден басқа бөлімдегі ағымдағы қағаздарды жазу, есеп беру, бір күндік, апталық, айлық жоспарлар құру, сонымен басқа бөлімдермен өзара қарым-қатынасты ұйымдастыру, әйелдер кеңесіне қатысу, жеке құрамның арасындағы проблемалық мәселелерді жеткізу, оны шешу, осының бәрін кейде бір күнде үлгермейсің. Өйткені, таңертең сотқа кеткен айыпталушы, түстен кейін соттан келіп, оған сот үкіммен үлкен жаза мерзімін берген кезде, ондай адамдармен жұмыс істеу, кейде бір күніңді алады, – дейді Тергеу абақтысының жедел уәкілі.


Алла Бақбергенқызы Ішкі істер академияларының дәстүрлі дәрістеріне онлайн жүйесінде қатысып тұрады.

– ХХІ ғасырда кәсіби біліктілікті арттыру өте оңай. Қажет болған сұрақтарыңа ғаламтор желісі арқылы жауап алуға болады. Бірақ та басқа мекемелерге барып, олар қандай әдістермен жұмыс істейтінін, қандай жаңа технологияларыңды қолданатының және тағы басқа тәжірибемен алмасқымыз келеді, – дейді Алла Жұмадильдинова.

Жұмыстан тыс уақытының басым бөлігін отбасымен өткізетін кейіпкеріміз сұқбат соңында қызметіне түсінушілікпен қарап, әрдайым қолдап отыратын жолдасына алғысын білдірді. Тұрмысқа шыққан кезінде аға сержант болған кейіпкеріміз бүгінде майор шеніне дейін өскен. Бүгінде екі ұл,бір қыз тәрбиелеп отырған Алла Бақбергенқызы биылғы жылы отбасының 19 жылдық мерейтойын атап өтпекші. 

Әр саланың ауыртпалығы мен жауапкершілігі бар

Бақытгүл Терлікбаева Нұр-Сұлтан қаласы бойынша Қылмыстық-атқару жүйесі департаменті ЕЦ-166/1 мекемесінің Режим және күзет бөлімінің аға бақылаушысы. Жалпы құқық қорғау саласында 2005 жылдан бастап жұмыс жасап келеді.


(ЕЦ-166/1 мекемесінің Режим және күзет бөлімінің аға бақылаушысы Бақытгүл Терлікбаева)

– Тергеу абақтысында нәзік жандылардың қызмет атқаруына пікірім жақсы. Олай дейтін себебім жұмыстың оңайы жоқ. Қандай салада жүрсеңіз де өз ауыртпалығы, жауапкершілігі бар. Менің осы күнге дейінгі тәжірибемде  оқыс оқиғалар болған емес. Ол біздің ұжымдағы әйелдердің бір қатарда иық тіресіп тұрған ер азаматтардың қолдауы мен көмегінің арқасы. Қызметте ең бастысы – тіл табысу. Әдеп кодексінде көрсетілген талаптарды бұзбай, ішкі ережені сақтай отырып, оларға қойылатын талаптарды орындата білу. Осы күнге дейін көптеген сотталғандармен жұмыс жасағандықтан, психологиялық тұрғыда оларды түсінемін, – дейді Тергеу абақтысының бақылаушысы.




Әр түрлі тағдыр бар. Бірі өмірден адасып, күн көру амалы осы деп келген болса, бірі молшылықты көтере алмай келді. Алтын көрсе періште жолдан таяды, – демекші қаншама сондай адасқан, қателік жасаған жандарды көрген кезде қиналатынын айтты. Бақылаушы үшін қызметтің қызығы әріптестермен күліп-ойнап өтетін жұмыс күні.


– Жұмыс күні күнделікті таңғы 08:00-де таңғы тексеруден басталады. Одан кейін ауысымның әр қызметкері өздерінің посттарына барып, ондағы байланыс құралдарын, дабыл беру жүйесін, өрт-қауіпсіздік құралдарын тексеріп қабылдап алады. Сонымен қатар қанша сотталған отыр. Олардың қандай сұрақтары бар соларды толығымен шешуге тырысамыз. Олардың адвокатымен, туыстарымен кездесулерге алып шығуын қадағалаймыз. Серуенге шығарамыз. Бос уақыт табу көп бола бермейді. Демалыс күндері отбасымызбен табиғат аясында демалғанды жақсы көреміз. Осы жылы тұңғыш ұлым өз шаңырағын құрып, үйге келін келіп, ортамыз толып жатыр, – дейді Бақыткүл Сағатқызы.

Кейіпкеріміз болашақта жолдасымен немере сүйіп, әже болуды армандайды.

Сотталғандарға психологиялық көмек көрсетеді

Ақмарал Тұңғышбекқызы М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінде «Психолог» мамандығы бойынша білім алған. Тергеу абақтысында 2010 жылдан бері бүгінгі күнге дейін арнайы контингент арасында психологиялық қамтамасыз ету тобының инспектор-психологы қызметін атқарып келеді.


(ЕЦ-166/1 мекемесінің Психологиялық қамтамасыз ету тобының инспектор-психологы Ақмарал Тұңғышбекқызы)

– Қылмыстық атқару жүйесі саласына қызметке келуімнің себебі жоғарғы оқу орны қабырғасында жүргенде қылмыстық психологияның себеп-салдары мен алдын алу жұмыстары мені қызықтыратын. Алғашқы ғылыми жұмысым қылмыстық психология тақырыбында болғандықтан, сол кезде мен үшін қаншама жұмбағы шешілмеген сұрақтарым болатын. Енді сол сұрақтарыма жауабымды тапқандаймын, – дейді психолог.

Ақмарал 10 жылдан асқан тәжірибесінде арнайы контингентпен тікелей жұмыс жүргізу барысында азаматтарымыздың заң тұрғысынан сауатсыздығы, ер азаматтардың бас миларының зақымдануының өте жиі кездесуі, зорлық пен зомбылықты тәрбиенің бір бөлігі ретінде түсінетіні және өзінің, өзгенің өмірін бағаламауы айқын байқалатындығын айтты.



– Тағы да бір алаңдатқан себеп, ол – алкоголь. Қауіптілігі сонша орны толмас қайғыға душар ететіні. Мысалы қыз зорлау, зорлық, зомбылық, адам денесіне ауыр жарақаттар салу мен кісі өлтіру секілді ауыр қылымыстар сондай-ақ, жол апаттары секілді жеке тұлғаға бағытталған қылмыстардың жиі болуы осы алкогольдың салдарынан болып отыр. Осы еңбегімді болашақта текке кетірмей қылмыстық психологияның алдын алу мен күресу үшін психологиялық көмек көрсету құралдарымды жарыққа шығарғым келеді, – дейді Тергеу абақтысының психологы.  

Ақмаралдың айтуынша, нәзік жандылардың тергеу абақтысында жалпы Қылмыстық атқару жүйесі саласында қызмет етуі әрине бір жағынан қиын, екінші жағынан өте қажет.

– Тергеу абақтысында әйелдер мен жасөспірімдер бар. Әйелдерді нәзік жанды, бірақ жүйке жүйелерінің қызметі сезімтал болғанымен жандары өте берік деп айтар едім. Себебі ер азаматтарымызға қарағанда әйелдердің отбасы, балаға деген жауакершіліктері жоғары. Өздерінен бұрын жақындарын ойлап, солар үшін өздерін өзгертеді. Өздерімен жұмыс істейді, – дейді психолог.

Ақмарал Тұңғышбекқызының күнделікті жұмысы мекемеге жаңадан айып тағылып келген арнайы контингентті зерттеу сондай-ақ олармен жұмыс істеуден басаталады. Психолог олардың жеке істерімен танысып, толықтай зерттейді.


– Зерттеу барысында анықталған ауытқулары мен аутоагрессияға бейімділерді іріктеп алып, екі жақтың қауіпсіздігі үшін кәсіби көмегімді көрсетіп, шұғыл көмекке мұқтаж жандарға қайта психологиялық көмек көрсетіп, бақылауға алып, арыз-шағымдарына байланысты тиесілі мамандарға жіберіп отырамын. Қызметімнің қиындығы адам өмірін аман алып қана қоймай, әрмен қарай жаңа өмір бастауына психологиялық көмек көрсетумен түйінделеді, – дейді Ақмарал Тұңғышбекқызы.

Психологың айтуынша істі болу, айып тағылу, тергеу процестері мен сот үкімінің жазасын алу, бас бостандығынан айырылып, түзеу мекемелерінде жаза өтеу – бұл адам өміріндегі ең қиын кезеңдердің бірі.


– Өзіне немесе айналасына қапа болып кешіре алмауының салдарынан адам өз-өзіне қол жұмсауы мүмкін. Жаны қиналған адамның ойынша суицид жасаса мәселесі шешілетіндей көрінеді. Бірақ өз-өзін өлтіру – бұл мәселелерді шешу емес, олардан қашу, өз жауапкершілігін отбасының басқа бір әлсіз біреуіне аудару әрекеті. Өзін өлтіргісі келген адам мәселенің шешілмей тұқымқуалауына жол береді. Сондықтан әрбір адам өзінің өмірі үшін ғана емес, жақын адамдарының да өмірі мен амандығы үшін де жауапты екенідігін ескертеміз, – дейді психолог.

Сондықтан да психологтың кәсіби міндетім адам өмірін аман алып қана қоймай, ары қарай жаңа өмір бастауына көмек көрсету болып табылады. Ал жаңа өмір бастау тек әлеуметтік қажеттіліктерді қанағаттандыру мен ғана емес, ең бастысы өзіңмен жұмыс жасауды талап етеді. Бұл жерде нақты мақсат қойып, әрекетпен еңбек ету қажет.   


– Заманауи талапқа сай, көмекке мұқтаж жандардың сұранысына сай келу үшін жұмыстан тыс бос уақытымда өзімді дамытумен, шығармашылық жұмыстармен айналысамын. Көбіне психотерапиялық жұмыстар мен адам психикалық процестерін, күйлерін емдеу бойынша көмек құралдарын жазамын,– дейді Тергеу абақтысының психологы.

Ақмарал Ұлттық кітапханалар мен онлайн ЗУМ сабақтарына жиі қатысады. Өзге де саладағы психологтармен мәлімет алмасып, тәжірибе бөліседі. Одан бөлек ҚАЖ Комитетінің нұсқауымен жыл сайын мекемеден тыс ЖОО –нан біліктілігін арттырып отырады. Ақмарал Тұңғышбекқызы 10 жыл ішінде Президент жанындағы басқару академиясын 5 жыл бойы оқып халықаралық деңгейдегі сертификатын алған.

– Нарикбаев атындағы КАЗГЮУ университетінде жыл сайын білімімді дамытамын. Сонымен қатар, ҚР ІІМ Қостанай қаласының Академиясында біліктілігімді арттырып және Павлодар қаласы наркодиспансерінде медицина ғылымдарының докторларынан тәлім алдым. Адам құқығын қорғау бойынша форумдар мен семинарларға бірнеше рет қатысып Нұр-Сұлтан қаласының сот өкілдерімен ішкі істер органдарының тергеу қызметкерлерімен де бірнеше рет кездестім, – дейді мекеме психологы.


Отбасында бір қыз тәрбиелеп отырған Ақмарал барлық өмірін қызына арнайды. 

– Адамның қалыптасуына, болашақта кім болатынына отбасы мен ата-анасының тәрбиелік процесі өте қатты ықпал ететінін түсіндім. Қызыма не жасасам да есепсіз, қайтарымсыз жасағым келеді. Қызымның бақытты болуы үшін, өзімнің бақытты екендігімді көрсеткім келеді. Мен үшін бақыт ол – үздіксіз даму, қолымнан келгенше жақсылығымды көрсету мен болашақ ұрпағыма үлгілі ізімді қалдыру, – дейді Ақмарал Тұңғышбекқызы.

Сұқбат барысында кейіпкеріміз ҚАЖ саласына, қызметкерлеріне қаншама қиыншылық пен қуанышта қолдап, маман етіп қалыптастырып, мүмкіндік бергеніне үлкен алғысын білдірді.

Сөз соңында сотталғандармен жұмыс істеп жүрген әйелдер қауымына алғыс білдіреміз. Көктемнің алғашқы лебімен бірге келетін 8 наурыз Халықаралық әйелдер мерекесі құтты болсын дегіміз келеді.

Суреттерді түсірген:  Бақытжан Батырханұлы

Ұқсас материалдар