Жаңалықтар

Сатирик: Сатира тоқалдан туған бала сияқты

Сатирик: Сатира тоқалдан туған бала сияқты
Фото: Жеке мұрағаттан 25.07.2023 13:05 871

Қазақта сын-сықақтың соқасын сүйреп жүрген сақа сатириктер саусақпен санарлық. Сол аздың бірі – қостанайлық Дәмер Әбіш. "Жауынгер жанрдың" бүгінгі жай-күйі, қаламдастары, өз шығармашылығы туралы El.kz тілшісіне сұқбат берген еді.

El.kz: Қазақ сатирасының қазіргі ахуалы, беталысы жайында қандай пікір айтасыз?

Дәмер Әбіш: Әдеби жанр ретінде сатираның қадірі қалған жоқ. Оған жөнді мән берілмейді. Қашаннан да солай ғой. Сатира тоқалдан туған бала сияқты. Қалам ұстаған қауымның бұл салаға  қызыға бермейтіні содан шығар. Екіншіден, сатира жазуды оңай дүние деуге де болмайды. Ол күлкілі сөздерді тізбелеу немесе сыпырмай сынап, жүйесіз міней беру де емес. Өзінің бұлжымас талаптары болады. Қазір сатираны түсінбейтін, қара мақаладан айыра алмайтын оқырмандар көп. Мәселен, сайттарда жарияланып жатқан сатиралық шығармалардың астына жазылатын пікірлерді оқысаңыз, соған көзіңіз жетеді. Содан-ақ осы жанрға деген қызығушылықтың, сұраныстың төмендеп кеткенін байқауға болатындай.

Сатира әдебиеттің басқа жанрлары секілді еленіп-ескеріліп жатқан жоқ. Ақын, жазушы, драматургтердікі секілді байқау да жарияланбайды. Қазір сатиралық туындыларды басудан бас тартқан басылымдар бар. Сосын, осы күнге дейін бір сатириктің мемлекеттік сыйлық алғанын естіп көрдіңіз бе? Ол ол ма, қазақтың керемет сатириктерінің бірі, жасы 90-ға таяған қарт қаламгер Ғаббас Қабышев  "Алаш" сыйлығын 70-ке келгенде әрең алып еді. Оның қасында өңірлердегі сатириктер туралы мүлдем ауыз ашпай-ақ қоюға болады.

El.kz: Қазір өндіріп жазып жүрген қандай сатириктер бар? Жаңа буын қалыптасты ма? Олар қандай тақырыпта қалам сілтеп жүр?

Дәмер Әбіш: Ауыз толтырып айтарлықтай ешкім жоқ. Бәлкім, танымайтын болармын. Бар болса да саусақпен санарлықтай ғана шығар. Қазір зейнеткер болғандықтан, газеттің бәрін жаздырып алар мүмкіндіктің жоқтығынан бәрін шолып-қарап отыру қиын. Интернеттің тілін жетік меңгерген жанмын деп те айта алмаймын. Десе де, мүмкіндігімнің жеткенінше жастардың шығармаларын қалдырмай оқуға тырысамын. Кейбірінің ізденісі жақсы-ақ, енді біреулерінің туындыларында  сатира жағы олқылау түсіп жатады. Байқағаным, осы жанрда жазатын жас буынның қатары сирек. Сондықтан таңдау да аз.

Дегенмен өзіме соңғы шығармасымен ерекше ұнаған бір мықты сатирик бар. Мұхтар Шерім деген жігіт. Былтыр жемқорлықпен ұсталған Қайрат Сатыбалдының 6 жылға сотталуын сұмдық сынап жазған екен. Шеберлігіне риза болдым. Мен де соттың әділетсіздігі туралы қалай жазсам екен деп көптен ойланып жүрген едім. Іздегенімді тапқандай таңданып, ішек-сілем қатқанша күліп алдым. Сатирик деген солай болуы керек, сот па, басқа ма, шығармашылық миссиясына адалдықпен қарауы шарт. Әділетке жақтасып, бүгінгінің  бүлкілдеп тұрған мәселелерін  сын-садаққа ілуі қажет. Тақырып керек болса, қоғамдағы былық-шылық, ірік-шірік, тамыр жайған жемқорлық, ұрлық- қарлық, жағымпаздық деген кеселдерден көз тұнады. Осылардың төңірегінде бұрқыратып, шырқыратып жазатын қаламгер қанша болса да аздық етпес еді. Елдегі басылымдарды, оның ішінде жылт ете қалған әрбір сатиралық туындыны мүмкіндігінше мүлт жібермей келеміз... Енді, әрине, сатирада жеке тұлғаның кемшілік-сынын жазудан ары аспайтындар да болады. Кейбір сатириктер достық әзілдерімен, эпиграммаларымен танымал болып жатады. Бірақ сатираны, ең әуелі, анағұрлым ауқымдырақ мәселелерді қаузайтындықтан "жауынгер жанр" деп атайтын шығармыз. Түріктің Несиніндей болмаса да әр сатирик қаламын қоғамның барометріне айналдыруға тырысуы керек деп есептеймін.

El.kz: Сіздің сатираңыз қандай бағытта? Қандай танымал шығармаларыңыз бар? Республикалық басылымдарға шығып, сахналанған туындыларыңыз бар ма?

Дәмер Әбіш: Кезінде "Бауыржан шоу" театры байқау жариялап, соған үш әңгіме жібердім. Кейін олар республикалық "Егемен Қазақстан" газетінде жарық көрді. Сатира бөлімінің меңгерушісі Берік Садыров "шығармаларыңыз әдемі екен, жазып тұрыңыз" деп үнемі хабарласатын болды. Танылауыма сол кісі себепші болды. Кейінірек бір туындымды "Күлкі керуені" театры сахнаға шығарыпты. Оны өзім көргенім жоқ. 

Театр демекші, Қостанайда бір топ жігіттің қолқа салуымен 90-жылдары"Дәмір-думан" атты әзіл-сықақ тетары ашылды. Онда тек қана өзімнің шығармаларым сахналанды. Актерлерім қазақтың қыз-жігіттері, сол кездегі облыстық телеарна тілшілері болды. Ақша жоқ кез ғой. Ұжымның құлшынысымен жұмыс істеді. Сонда әр бағдарламамызға әзептәуір халық жиналатын. Алыс-жақын аудандарға гастольге де шығып тұрдық. Не керек, қаржылық қиындыққа байланысты, театрымыздың ғұмыры қысқа болды. Мұның жабылуына зиянды зиялылар да "көмектерін" тигізді.

Бірақ одан шығармалығымыз тоқтап қалған жоқ. "Қисықтың хикаялары" атты сатиралық шығармалар жинағын шығардым. Тағы бір кітапқа сұранып тұрған туындылар бар.

El.kz: Қазір  не жазып жүрсіз? Сізді қандай мәселелер толғандырады?

Дәмер Әбіш:Тақырып өзгерген жоқ – қоғамдағы кері қылықтар, кемшіліктер. Мен үшін ең үлкен мәселе – жемқорлық, ұрлық. Қоғамды құртып жатқан басты кесел сол. Тіл, діл, руханият, саясат... Тізе берсеңіз, тіленіп тұрған тақырып көп. Облыстық, республикалық басылымдарда, сайттарда жаңа шығармаларым жарық көріп жатыр. Ойда жүрген дүниелер де көп.

Жалпы, қоғамда қозғай берсең, қоздана беретін мәселе көп қой. Мысалы, латын әліпбиіне көшу жобасын алайық. Айналайын-ау, сол латыншамен қазақ мектебін бітір, колледж, университет аяқта, ал қайда барып жұмыс істейсің? Іс-қағаздың бәрі кириллицамен жүреді ғой. Орыстар бар жерде оны қалай латыншалайсың? Қазірдің өзінде қазақшалай алмай жүрміз ғой. Оны бүкіл профессор-ғалым "ой, ғажап, дамудың кілті" деп жарыса мақтайды, ақылға салып, зардабын ойлау деген жоқ. Әй, көшірсең, елді түгел көшір. Әйтпесе, бұл, меніңше, ақымақшылық. Ештеңе қабылданбай жатып, жаппай латыншаланып жатқандардің ісі тіпті есерлік.

El.kz: Өзіңіз өмір бойы облыстық газетте жұмыс істедіңіз. Сатириктік қағидаңызды журналистикада да ұстандыңыз ба?

Дәмер Әбіш: Талай жерді шулаттық қой. Сыни мақалалар, фельетондар көп жазылды. Мәселен, "Мемлекеттік тіліңе түкірдім" деген темір жол басшысы туралы жазып, артынан соттастық. Әуелі ол, кейін біз жеңіп шықтық. Сотты да сотқа берген кездерім болды. Қазақ ұлтына тіл тигізіп, көлдей мақала жазған орыс журналисімен жұлыстық. "Брагин не деп сандырақтайды?" деп газет бетінде айтыстық. "Ұшты, ұшты, бұзау ұшты" деген сынымызбен жергілікті биліктің шамына тидік. Айта берсек, бірталай дүние жазыппыз. Өткір мақаларымның бәрін жиып-теріп, бірер жыл бұрын кітап қылып бастырып шығардым.

El.kz: Сұқбатыңызға рахмет!

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға