Жаңалықтар

Ғұбайдолла Айдаров – майдангер

Ғ.Айдаров Ұлы Отан соғысына бастан-аяқ қатысқан майдангер еді. Кавказ, Қара теңіз аймақтарын жаудан азат етуде бұрынғы КСРО басшысы Л.И.Брежнев басқарған полк құрамында болды. 1943 жылы ұрыс кезіндегі ерлігі лайықты бағаланып, ол кісінің қолынан партия билетін алады. Бірнеше рет жараланды. 4-Украин майданы құрамында Венгрия жерін жаудан азат ету айқастарының бірінде басынан ауыр жарақат алып, Жеңіс күнін госпитальде қарсы алады. Інісі Тортай да өзінен кейін әскерге алынып, Сталинград майданында ерлікпен қаза табады. Анасы ­Томан соғыстың ел ішіндегі ауыр зардаптарынан қайтыс болады. «Ел іші алтын бесік» қой, зұлмат жылдарда әке-шешесінен, жалғыз бауырынан айырылып, бір әулеттен жалғыз қалған жігіт білімдарлығы, тынымсыз еңбегі арқасында бірқатар жауапты қызметтерді атқарады. Бекдаш кентінде, Жебел, Қошоба ауылдарында мектеп директоры болды, бір жылдай Красноводск облыстық оқу бөлімін басқарады. 30-жылдары Маңғыстаудан ауып барған сауатты қазақтардың бір өкілі Олжабай Жетекбаев Қарабұғазда «Қарабұғазкөл жұмысшысы» деген атпен қазақ тілінде газет шығарады. Осы газет 1945 жылға дейін латын әріптерімен, кейін қазіргі қазақ әріптерімен басылып, осы елдегі қалың қазақ қауымының рухани азығы, тірегіне айналады. Ғұбекең 1946-1947 жылдары осы «Жұмысшы» газетінің редакторы болып қызмет атқарды. Сол кездің өзінде-ақ ғылымға, шығармашылық жұмысқа бейімділігін танытып, шығыс әдебиетінің классикалық туындылары жайында мақалалар, түркмен жазушыларының әңгімелерін, түркмен ертегілерін қазақ тіліне аударып басты. Біздің әкемізбен сол жылдарда етене танысып, араласып тұрған екен. Бейнеубайдан қалған араб тіліндегі бірқатар шығармаларды әкеміз екеуміз оқып, астрология, медицина жөнінде қызықты мәліметтерге қаныққанын Ғұбекең майын тамыза айтып отыратын. Ғұбекең соғыста алған жарақатының әсерінен әрі ел ішіндегі ауыр тұрмыстан денсаулығы сыр беріп, дәрігерлер кеңесімен табиғаты қоңыржай өлкеге – Жамбыл облысына қоныс аударуға мәжбүр болады. Осындағы Свердлов ауданында мектеп директоры болып қызмет етеді. Шымкенттегі пединститутты, Алматыдағы ҚазПИ-ді бітірген зерек, жас бала Қазақ мемлекеттік университетінің аспирантурасына қалдырылады. Кеңес заманында қазақ халқының екі пайызы ғана сауатты деген теріс таңба басылып, өздерімізге де, өзге жұртшылыққа да осы пайым насихатталып келгені мәлім. Қызыл идеология өздері ойлап тапқан осындай теріс пайымдарын өскелең ұрпақ санасына күштеп енгізудің түрлі амал-шараларын, оңтайлы тетіктерін де ұмытқан жоқ. Өткен ғасырлардағы ғұламаларымыз бен сауатты азаматтарымыздың араб әріптерімен жазып қалдырған еңбектері діни кітаптар деген желеумен аяусыз жойылып келді. Сауатты адамдарымыз 30-жылдар ойранында жазықсыз жазаланып, айдалып-атылып кетті. Араб әліпбиіне кірпідей жиырыла қарап, мектептерде латын әріпімен оқытуды жолға қойды. Ұлы Отан соғысы басталар тұста латын әріптері фашистердің әріптеріне ұқсап кетті деп, оқыту жүйесін жаппай кириллицаға көшірді. Міне, осындай қылышынан қан тамған идеологияның әпербақан саясаты халқымыздың тарихи жадын жойып, ұлт болып ұйысудың тамырына балта шабуға көшкен кезде ана тіліміздің айбарын асыруға, ата тарихымыздың түп-тұқиянын зерделеуге ұмтылған ат төбеліндей азаматтарымыз болды. Өткен ғасырдың 50-жылдарында сталиндік озбырлықтың беті қайтқан тұста Қ.Сәтбаев, М.Әуезов, Е.Бекмаханов, Ә.Марғұлан сынды қазақ зиялылары тарихи жадымызды қалпына келтіруге ден қойды. Ұлтжанды арыстарымыздың осы бір ұлы шоғырынан дәріс алып, халқымыздың исі түркілік тарихының тамырына тереңдей бойлауға ұмтылған жас ғалымдардың алғы шебінде Ғұбайдолла Айдаров та болды. Ол Абай атындағы Қазақ педагогика институтының студенті, С.М.Киров атындағы Қазақ Мемлекеттік университетінің аспиранты кезінде-ақ түркі тілдес халықтардың тіл ерекшеліктері мен ұқсастықтарын зерттеп, алғашқы еңбектерін жариялай бастады. Осылайша түркі тілінің тереңіне бойлай түсуіне бір жағынан балалық шағында солақай саясат салған сергелдеңдер кезіндегі талай ұлттың өкілдерімен тағдырлас, әңгімелес, сырлас болып, тілдерін білуі себеп болса, екінші жағынан, өзінің туа біткен таланты мен еңбекқорлығы, алған ісін тындырмайынша тынбайтын қайсарлығы себеп болғанын Ғұбекең әрдайым әңгімелеп отырушы еді. Бұғанасы бекімей жатып тағдырдың қатал талқысынан өткен қайыңның қарсы біткен бұтағындай қайсар жас кеңес идеологиясының қазақты «сауатсыз халық» деп жүрген сандырағының күлін көкке ұшырып, сол сандырақ иелерінің өз етектерін жабуды енді үйреніп жүрген кезінде-ақ халқымыздың төл әріптері болғанын нақты айғақтармен дәлелдей бастады. Ғұбекең бабаларымыздың қорым-қойтастарға бәдіздеп кеткен сына жазуларының сырын ашып, оқып шығу екінің бірінің қолынан келмейтін қиын шаруа екенін білді. Оның үстіне түп тарихымызға тереңірек үңіліп, баба тамырымыздың бүлкілін балбал тастардағы бәдіздерден іздеуді кеңестік саясат хош көре қойған жоқ. Соған қарамастан, Ғұбайдолла Айдаров өзінің тынымсыз ізденістері арқасында түркі дүниесінің ата күлдігі, ту тіккен өңірі Орхон, Енисей, Талас өзендерінің бойларынан табылған ескерткіштердегі жазулар құпиясын алғаш рет ашып, бұл бәдіздер мен сына жазуларда қазақ тілінің тамыры жатқанын айдай әлемге танытты. Сөйтіп, кеңестік дәуірде түрлі бұрмалауға түсіп, додасы шыққан тарихымызды танудың төте жолын тауып берген еді. Тарих талқысында талай теперішті көріп, «мың өліп, мың тірілген» халқымыздың тарихи жадын қайта жаңғыртуға, тіліміздің түп-тұқиянына түрен салып, тасқа қашалған таңбалардан қазақтың алғашқы мемлекет құрған дәуренін дүйім жұртқа әйгілеп берген де Ғұбайдолла Айдаров болатын.     Есберген ІҢІРБАЙҰЛЫ, «Ана тілі» газеті
11.11.2013 04:43 4048

Ғ.Айдаров Ұлы Отан соғысына бастан-аяқ қатысқан майдангер еді. Кавказ, Қара теңіз аймақтарын жаудан азат етуде бұрынғы КСРО басшысы Л.И.Брежнев басқарған полк құрамында болды. 1943 жылы ұрыс кезіндегі ерлігі лайықты бағаланып, ол кісінің қолынан партия билетін алады. Бірнеше рет жараланды. 4-Украин майданы құрамында Венгрия жерін жаудан азат ету айқастарының бірінде басынан ауыр жарақат алып, Жеңіс күнін госпитальде қарсы алады. Інісі Тортай да өзінен кейін әскерге алынып, Сталинград майданында ерлікпен қаза табады. Анасы ­Томан соғыстың ел ішіндегі ауыр зардаптарынан қайтыс болады.
«Ел іші алтын бесік» қой, зұлмат жылдарда әке-шешесінен, жалғыз бауырынан айырылып, бір әулеттен жалғыз қалған жігіт білімдарлығы, тынымсыз еңбегі арқасында бірқатар жауапты қызметтерді атқарады. Бекдаш кентінде, Жебел, Қошоба ауылдарында мектеп директоры болды, бір жылдай Красноводск облыстық оқу бөлімін басқарады.
30-жылдары Маңғыстаудан ауып барған сауатты қазақтардың бір өкілі Олжабай Жетекбаев Қарабұғазда «Қарабұғазкөл жұмысшысы» деген атпен қазақ тілінде газет шығарады. Осы газет 1945 жылға дейін латын әріптерімен, кейін қазіргі қазақ әріптерімен басылып, осы елдегі қалың қазақ қауымының рухани азығы, тірегіне айналады. Ғұбекең 1946-1947 жылдары осы «Жұмысшы» газетінің редакторы болып қызмет атқарды. Сол кездің өзінде-ақ ғылымға, шығармашылық жұмысқа бейімділігін танытып, шығыс әдебиетінің классикалық туындылары жайында мақалалар, түркмен жазушыларының әңгімелерін, түркмен ертегілерін қазақ тіліне аударып басты. Біздің әкемізбен сол жылдарда етене танысып, араласып тұрған екен. Бейнеубайдан қалған араб тіліндегі бірқатар шығармаларды әкеміз екеуміз оқып, астрология, медицина жөнінде қызықты мәліметтерге қаныққанын Ғұбекең майын тамыза айтып отыратын.
Ғұбекең соғыста алған жарақатының әсерінен әрі ел ішіндегі ауыр тұрмыстан денсаулығы сыр беріп, дәрігерлер кеңесімен табиғаты қоңыржай өлкеге – Жамбыл облысына қоныс аударуға мәжбүр болады. Осындағы Свердлов ауданында мектеп директоры болып қызмет етеді. Шымкенттегі пединститутты, Алматыдағы ҚазПИ-ді бітірген зерек, жас бала Қазақ мемлекеттік университетінің аспирантурасына қалдырылады.
Кеңес заманында қазақ халқының екі пайызы ғана сауатты деген теріс таңба басылып, өздерімізге де, өзге жұртшылыққа да осы пайым насихатталып келгені мәлім. Қызыл идеология өздері ойлап тапқан осындай теріс пайымдарын өскелең ұрпақ санасына күштеп енгізудің түрлі амал-шараларын, оңтайлы тетіктерін де ұмытқан жоқ. Өткен ғасырлардағы ғұламаларымыз бен сауатты азаматтарымыздың араб әріптерімен жазып қалдырған еңбектері діни кітаптар деген желеумен аяусыз жойылып келді. Сауатты адамдарымыз 30-жылдар ойранында жазықсыз жазаланып, айдалып-атылып кетті. Араб әліпбиіне кірпідей жиырыла қарап, мектептерде латын әріпімен оқытуды жолға қойды. Ұлы Отан соғысы басталар тұста латын әріптері фашистердің әріптеріне ұқсап кетті деп, оқыту жүйесін жаппай кириллицаға көшірді.
Міне, осындай қылышынан қан тамған идеологияның әпербақан саясаты халқымыздың тарихи жадын жойып, ұлт болып ұйысудың тамырына балта шабуға көшкен кезде ана тіліміздің айбарын асыруға, ата тарихымыздың түп-тұқиянын зерделеуге ұмтылған ат төбеліндей азаматтарымыз болды. Өткен ғасырдың 50-жылдарында сталиндік озбырлықтың беті қайтқан тұста Қ.Сәтбаев, М.Әуезов, Е.Бекмаханов, Ә.Марғұлан сынды қазақ зиялылары тарихи жадымызды қалпына келтіруге ден қойды. Ұлтжанды арыстарымыздың осы бір ұлы шоғырынан дәріс алып, халқымыздың исі түркілік тарихының тамырына тереңдей бойлауға ұмтылған жас ғалымдардың алғы шебінде Ғұбайдолла Айдаров та болды. Ол Абай атындағы Қазақ педагогика институтының студенті, С.М.Киров атындағы Қазақ Мемлекеттік университетінің аспиранты кезінде-ақ түркі тілдес халықтардың тіл ерекшеліктері мен ұқсастықтарын зерттеп, алғашқы еңбектерін жариялай бастады. Осылайша түркі тілінің тереңіне бойлай түсуіне бір жағынан балалық шағында солақай саясат салған сергелдеңдер кезіндегі талай ұлттың өкілдерімен тағдырлас, әңгімелес, сырлас болып, тілдерін білуі себеп болса, екінші жағынан, өзінің туа біткен таланты мен еңбекқорлығы, алған ісін тындырмайынша тынбайтын қайсарлығы себеп болғанын Ғұбекең әрдайым әңгімелеп отырушы еді.
Бұғанасы бекімей жатып тағдырдың қатал талқысынан өткен қайыңның қарсы біткен бұтағындай қайсар жас кеңес идеологиясының қазақты «сауатсыз халық» деп жүрген сандырағының күлін көкке ұшырып, сол сандырақ иелерінің өз етектерін жабуды енді үйреніп жүрген кезінде-ақ халқымыздың төл әріптері болғанын нақты айғақтармен дәлелдей бастады. Ғұбекең бабаларымыздың қорым-қойтастарға бәдіздеп кеткен сына жазуларының сырын ашып, оқып шығу екінің бірінің қолынан келмейтін қиын шаруа екенін білді. Оның үстіне түп тарихымызға тереңірек үңіліп, баба тамырымыздың бүлкілін балбал тастардағы бәдіздерден іздеуді кеңестік саясат хош көре қойған жоқ. Соған қарамастан, Ғұбайдолла Айдаров өзінің тынымсыз ізденістері арқасында түркі дүниесінің ата күлдігі, ту тіккен өңірі Орхон, Енисей, Талас өзендерінің бойларынан табылған ескерткіштердегі жазулар құпиясын алғаш рет ашып, бұл бәдіздер мен сына жазуларда қазақ тілінің тамыры жатқанын айдай әлемге танытты. Сөйтіп, кеңестік дәуірде түрлі бұрмалауға түсіп, додасы шыққан тарихымызды танудың төте жолын тауып берген еді. Тарих талқысында талай теперішті көріп, «мың өліп, мың тірілген» халқымыздың тарихи жадын қайта жаңғыртуға, тіліміздің түп-тұқиянына түрен салып, тасқа қашалған таңбалардан қазақтың алғашқы мемлекет құрған дәуренін дүйім жұртқа әйгілеп берген де Ғұбайдолла Айдаров болатын.
 

 

Есберген ІҢІРБАЙҰЛЫ,
«Ана тілі» газеті

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға