Жаңалықтар

Астанада «Ұлыларға тағзым» концерті өтеді

Астанада «Ұлыларға тағзым» концерті өтеді
Фото: Қазақконцерт 04.05.2024 23:43 383

Роза Бағланова атындағы «Қазақконцерт» мемлекеттік академиялық концерттік ұйымының Классикалық өнер бөлімі Отан қорғаушылар күні мен Жеңіс күніне арналған «Ұлыларға тағзым» концертін ұсынады, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

2022 жылы Қазақконцерт ұлтымыздың ұлы тұлғаларының есімдерін ұлықтауға, шығармашылығы мен өнерін жаңа қырынан дәріптеуге бағытталған «Ұлыларға тағзым» жобасын жүзеге асырды. Осы орайда, биыл жоба аталған мереке аясында жалғасын таппақ.

Халқымыздың тарихы мен мәдениетінде есімі алтын әріппен жазылған, өмірі мен шығармашылығы әр азаматқа үлгі-өнеге боларлық көптеген тұлғалар бар.  Олардың өмірін баяндай отырып, шығармаларын насихаттау арқылы қазіргі қоғамды отансүйгіштікке, ұлтжандылыққа, бірлікке шақыруды мақсат тұтқан «Ұлыларға тағзым» концерті Кеңес Одағының батырлары, мерген Әлия Молдағұлова, Халық қаһарманы Сағадат Нұрмағамбетов, ақын-жырау, әнші, композитор, Кенен Әзірбаев, әнші, Қазақстанның халық артисі Жүсіпбек Елебеков, композитор, КСРО халық әртісі Сыдық Мұхамеджанов, Халық қаһарманы Рақымжан Қошқарбаев, ақиық ақын, жазушы, қоғам және мемлекет қайраткері Сәкен Сейфуллин, қазақтың көрнекті жазушысы Бейімбет Майлин сынды тұлғалардың мерейтойларына арналған. 

Классикалық музыка кеші Классикалық өнер бөлімінің көркемдік жетекшісі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, профессор Азамат Жылтыркөзовтің жетекшілігімен өтеді. Концертке Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері Медет Чотабаев, Бибігүл Жанұзақ, Салтанат Ахметова, «Құрмет» орденінің кавалері  Айзада Капонова, «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының иегері  Азат Мәлік қатысады.

Концерттік бағдарламада қазақ және шетел композиторларының әйгілі әуендері мен романстары, сондай-ақ соғыс жылдарындағы әндер шырқалады.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға