Жаңалықтар

Армия спортшылары қазақ күресінен Азия кубогында жүлделі болды

Армия спортшылары қазақ күресінен Азия кубогында жүлделі болды
Фото: Қорғаныс министрлігі 05.05.2024 02:08 333

Қарағандыда ересектер арасында қазақ күресінен «Сарыарқа батырлары» атты Азия Кубогының жарысы аяқталды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Ұйымдастырушылар бұл сайысты Қарағанды қаласының 90 жылдығына және Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген жаттықтырушысы Диханбай Биткөзовтың құрметіне арнады.

Жарысқа Қазақстан, Қытай, Қырғызстан, Моңғолия, Тәжікстан және Өзбекстаннан 170 спортшы қатысты.

Қазақстан құрама командасының сапында ҚР Қорғаныс министрлігінің Спорт комитеті – Орталық спорт клубының әскери қызметшілері мен қызметкерлері бағын сынап көрді. 

Биыл алғаш рет «Qazaq kuresi» қауымдастығының қолдауымен Орталық спорт клубы жеке команда шығарды. Біз бұны Қарулы күштердегі ұлттық спорт түрлерін дамытудағы тамаша мүмкіндік деп санаймыз, – деп атап өтті ҚР Қорғаныс министрлігінің Спорт комитеті төрағасының орынбасары Еркебұлан Түсіпханов.

Қарулы күштердің қызметкері Жұмажан Қожамбеков 74 келіге дейінгі салмақта қазақ күресінен чемпион атанды. Клуб резервіндегі Ержан Еренғайыпов 60 келіге дейінгі салмақта жеңіске жетті. 100 келіден аса салмақта Орталық спорт клубының спортшылары аға лейтенант Марат Байқамұров пен кіші сержант Әділ Оразбаев күресті. Тиісінше алтын мен күмісті екеуі бөлісті. Қарулы күштердің қызметшісі Нұрдәулет Бақтыбайұлы 82 келіге дейінгі салмақта қола жүлдеге ие болды.

Екі күнгі жарыстың қорытындысы бойынша Қазақстан жалпыкомандалық есепте бірінші орын иеленді. Бұл тұрғыда халықаралық бәсекеде ел атынан лайықты өнер көрсеткен армия спортшыларының еңбегі мақтауға лайық. Екінші орынды Өзбекстан құрамасы еншілесе, үшінші тұғыр Моңғолияға бұйырды.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға