Жаңалықтар

Ақтөбе облысының әкімі болашақ сарбаздарды әскер қатарына шығарып салды

Ақтөбе облысының әкімі болашақ сарбаздарды әскер қатарына шығарып салды
Фото: Ақтөбе облысының әкімдігі 05.05.2024 01:21 318

ҚР Қорғаныс министрлігінің №30238 әскери бөлімінде әскерге шақырылған ақтөбелік азаматтарды салтанатты шығарып салу рәсімі өтті. Шара 7 мамыр – Отан қорғаушылар күніне орайластырылған, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Өңір басшысы Асхат Шахаров жастарды өмірлеріндегі жауапты және маңызды кезеңмен құттықтап, сәт-сапар тіледі. 

Бүгін міне Сіздер, әрбір азаматтың борышына айналған Отанымызға қалтқысыз қызмет ету және оны қорғау үшін әскерге аттанып барасыздар. Әскерде жүріп, күш-жігерді бойларыңызға сіңіріп, батыл әрі шыдамды болуға үйренесіздер, Отанға адал қызмет ету деген ұғымды өзгелерге үлгі етесіздер. Отан алдындағы қасиетті борыштарыңызды үздік, абыроймен атқарып, әскери анттарыңызға адал болыңыздар, - деп атап өтті облыс әкімі.

40 жас Отан алдындағы борышын өтеу үшін Семейдегі №30127 әскери бөліміне аттанды. Бұл азаматтар әскерге аттанардан бұрын медициналық комиссиядан, психологиялық тестілеуден және кәсіби іріктеуден өткен. Аталған іс-шараға болашақ сарбаздарды ата-аналары, достары мен жақындары шығарып салуға келген.

Біз сіздердің әрқайсыларыңызды мақтан тұтамыз. Әскерге бару – жауапты қадам. Қызмет қызықты болсын, елге, үйге қайсар азамат болып,  аман-есен оралыңыздар, - деді Эльмира Құлманова.

Сонымен қатар, салтанатты шарадан соң, «Ашық есік күні» шарасы өтіп, заманауи әскери техника мен қару-жарақ көрмесі мектеп оқушылары, балабақша тәрбиеленушілеріне таныстырылды.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға