Жаңалықтар

ПІБ Медорталығы тыл ардагерлерін құттықтады

ПІБ Медорталығы тыл ардагерлерін құттықтады
Фото: ҚР ПІБ 04.05.2024 21:34 410

9 мамыр – Жеңіс күні қарсаңында да ҚР ПІБ Медициналық орталығы ауруханасының ұжымы қалыптасқан дәстүр бойынша өз қамқорлығындағы тыл ардагерлерін арнайы құттықтады, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Біздің ұжымымыз қан майданда от кешкен, тылда жан аямай тер төккен ардагерлерімізді, қаршадайынан зауытта бейнет кешкен ата-әжелерімізді назардан тыс қалдырған емес. Мәселен, 15 жасында зауытқа барып, станокта жұмыс істеген Алима Лапина биыл 98 жасқа толды. Бүгінде 93 жасты еңсерген қариялар Муслима Мусина, Күліш Жүнісбекова, Сағира Рахметовалар 10 жасынан бастап еңбекке араласуға мәжбүр болған. 88 жастағы Смағұл Жұмабеков те осы қатарда. Үйінде шұлық, қолғап тоқып, майданға жіберген 87 жастағы тыл ардагері Клара Рахмадиева,  86 жастағы Шарипа Сексенбаева, сондай-ақ балалығын соғыс жылдарында өткізген 84 жастағы Владимир Котелин мен холокост құрбаны, 82 жастағы Жаннета Дунаевалар да Медорталық ауруханасының қамқорлығына алынған, – дейді емханалық қызмет басшысы Жазира Тұңғышбаева.

ҚР ПІБ МО ауруханасының ұжымы ардагерлердің денсаулығына әрдайым көңіл бөліп, қажетті медициналық тексерістерден өткізіп, олардың үйіне арнайы дәрігерлік бригадалар жіберіп тұрады.

Мереке қарсаңында 9 ардагерге арнайы құттықтау бағдарлама әзірленіп, ұжым мүшелері қариялардың шаңырағына ат басын тіреді, түрлі сый-сияпат жасады. Ерен еңбегі мен ерлігі үшін бүгінгі ұрпақ атынан шынайы алғыс білдірді.

Тыл еңбеккері, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген экономисі, 65 жыл еңбек өтілі бар Смағұл Жұмабековтің де балалық шағы соғыс жылдарына тап келді.

Балалығымыз ерте аяқталды, колхоздың егістік алқабында өстік. Көкөніс жинадық, бидайдың масағын тердік, шөп ордық. Шыдадық, шыңдалдық. Сол үшін «Тыл еңбеккері» атағын берді. Кейін өмір бойы қаржы жүйесінде қызмет атқардым. Ақмола облысы қаржы басқармасының басшысы, облыстық Салық басқармасының төрағасы, салық қызметінің ІІ дәрежелі мемлекеттік кеңесшісі болдым. Еңбек сіңірген экономист атандым. Іс басқармасы Медорталығының ауруханасына ризамын. Медициналық қызметіне көңілім толады. Бұл жерде керемет адамдар жұмыс істейді. Дәрігеріміз Алмагүл Сайлауқызы мен мейірбике Роза үнемі көмектеседі, шипажайға жолдама алуға жәрдемдеседі. Осы аурухананың пациенті ретінде дән ризамын, - дейді қария.

98 жастағы тыл еңбеккері Алина Лапина да аурухана ұжымының қызметкерлерін қуана қарсы алды. Соғыс жылдарындағы естеліктерін айтып, көңілі босады.

Жұрт менен қалай ұзақ жасадыңыз деп сұрайды. Менің өмірім Қазақстанның тарихы сияқты деп жауап беремін. Елмен бірге көп қиындықтан өттім, елмен бірге бақытқа жеттім. Құттықтап келген, мені ұмытпайтын Аурухананың ұжымына рахмет. Пульмонология бөлімінде жатып, Наталья Яковлевнада емделдім, қолынан келмейтіні жоқ. Кардиология бөлімінде де емделдім. Жақында ғана ана өмірдің табалдырығынан дәрігерлер қайтарып алды. Осы Ауруханадағы үлкен-кішінің бәріне ризамын, алғысым шексіз, – дейді Алима Лапина.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға