Жаңалықтар

Білім берудегі соңғы технологиялар: АҚШ тәжірибесі

Біз қоғамда цифрлы сауаттылыққа баса назар аударуымыз керек, бұл адамдар үшін өте маңызды
Білім берудегі соңғы технологиялар: АҚШ тәжірибесі
Фото: bsh.kz 23.10.2022 03:05 4864

Бүгінде адамзат жаңа технологияның мүмкіндіктерін барлық салада қолдануға тырысып жатыр. Әсіресе, жастарды тәрбиелеу, білім  беру секілді сфераларда кеңінен пайдаланыла бастады. Жаһанды жайлаған пандемия мұны тездетті, өйткені барлық білім беру ұйымы қашықтан оқытуға көшкен болатын. Білім саласы бастапқыда біраз қиындықтармен бетпе-бет келді, дегенмен жаңа технологияларды пайдалану жұмысты барынша жеңілдетті. Осыған байланысты қазіргі таңда әлем елдері білім беру технологияларын дамытуға күш салып жатыр. Жуырда өткен M.E.T.A. EdTech форумының кезекті бір сессиясы да осы тақырыпқа арналды. Онда технология мен білім саласының сарапшылары «АҚШ-тың білім беру технологиясы – озық тәжірибелер мен тенденциялар» тақырыбы аясында Қазақстан бұл елдің тәжірибесінен нені үйренуге болатыны жөнінде талқылады. Мамандар Қазақстанның білім беру саласына пайдалы болатын инновациялық жобалар мен әлемдік трендтер туралы айтқан еді.

Алғашқы болып сөз алған АҚШ Сауда министрлігі өнеркәсіп және жеткізу тізбегі, кәсіби және іскерлік қызметтер бойынша маманы Рэйчел Аларид АҚШ-тың білім беру технологияларына тоқталды. Британдық RS Components компаниясының есебіне сәйкес, АҚШ – білім беру технологияларының әлемдегі ең ірі нарығы саналады. Мысалы, 2022 жылы білім беру технологиялары компаниялары секторға 8,2 миллиард доллар инвестиция тартқан. Бұл төрт есе көп, өйткені инвестиция көлемі 2020 жылы – екі миллиард доллардан сәл асқан.

Бұған қоса АҚШ Сауда министрлігі мен оның Экономикалық талдау бюросының мәліметтері бойынша, білім беру қызметтерінің экспорты екі есеге жуық өскен. 2019 жылы Құрама Штаттардан 2,3 миллиард білім беру қызметі экспортталды, бұл 2018 жылмен салыстырғанда 16%-ға көп. Дегенмен елде білім беру қызметтерінің импорты да артып келеді. Рэйчел Аларид елдің білім беру технологиялары индустриясыны көлемінің үлкен екенін атап өтті.  

«Вирджиния университетінің сарапшыларының айтуынша, пандемияға дейін мектептер жыл сайын білім беру технологиясына 26-дан 41 миллиард долларға дейін жұмсаған. Пандемияның орта мектеп жүйесіне әсерін ескере отырып, 2020-2021 оқу жылында білім беру технологиясына жұмсалатын шығындар 50 миллиард доллардан асқан»,-деді ол.

АҚШ-тың цифрлы теңдікті қалыптастыру бағытындағы тәжірибесі

АҚШ-тың Қазақстандағы Дипломатиялық миссиясының білім беру технологиялары бойынша коммерциялық маманы Әлия Шайхина да Рейчелдің сөзімен келісіп, тең инфрақұрылымды қамтамасыз ету кез келген технология үшін өте маңызды, бірақ білім беру үшін ерекше маңызды екенін атап өтті. Бұл ойды АҚШ Білім департаменті Білім беру технологиясы кеңсесінің маманы Джоди Лоуренс жалғастырды, ол технология білім беру жүйесіндегі әрбір процесте негізгі құрамдас бөлікке айналатынын тілге тиек етті. Спикердің айтуынша, цифрлық инфрақұрылымның жұмыс істеуін қамтамасыз ету өте маңызды. Бірақ бұл жеке ақпарат пен балалардың қауіпсіздігі мен қорғалуын қамтамасыз етуді, сондай-ақ жүйелі өзгерістерді қолдауды талап етеді. Сондықтан АҚШ Білім департаментінің Білім беру технологиялары кеңсесі штат басшылары мен мектеп директорларының кәсіби білім алуына қолдау көрсетіп, трансформациялық оқытуға қол жеткізуге жәрдемдесіп жүр. Сонымен бірге цифрлық инклюзияның маңызды басымдықтарының бірі - интернетке қолжетімділікті қамтамасыз ету екенін де баса айтып өтті.

Америка Құрама Штаттарының 2017 жылғы Ұлттық білім беру технологиясы жоспарына сәйкес, білім саласындағы елдің алдында тұрған негізгі миссия - азаматтар арасындағы цифрлық және жас айырмашылығын жою. Мақсатқа жету үшін үш бағытта жұмыс істеліп жатыр:

- практикалық нұсқаулықтарды жариялау;

- стратегиялық инвестициялар;

- қызықтыру, ынталандыру және ұжымдық әрекет;

Америка Құрама Штаттары цифрлық теңдік пен әділеттілікке басымдық беріп отыр. Джоди Лоуренстің сөзінше, соңғы екі жылда технологияның маңыздылығына назар аударылды. «Сондықтан инвестиция тарту арқылы жаңа технологиямен студенттерді, әсіресе пандемиядан зардап шеккен әлеуметтік топтарды қамтамасыз ету қажеттігі бірінші орынға шығып отыр. Тұрғындар арасындағы мұндай цифрлық алшақтық пандемия кезінде, үйден интернетке қол жеткізу мәселесі туындаған кезде айқын болды. 2021 жылдың басындағы жағдай бойынша, 15 миллионнан 16 миллионға дейінгі орта мектеп оқушысы интернетке қол жеткізудің жеткіліксіздігінен зардап шеккен»,-деді ол.

Ол бұл цифрлық алшақтық мәселесін шешудің бірнеше нұсқасы бар екенін атап өтті. АҚШ-та үйде отырып-ақ штаттармен бірлесіп жұмыс істеуге, оқу деректерін жинауға бағытталған стратегия жолға қойлыған. Осындай арнайы нұсқаулықтар бар. Тіпті мектептерден тыс сымсыз желілерді қалай пайдалануға болатыны жөнінде аналитикалық құжат бар. Сонымен бірге цифрлық теңдікті қалыптастыру мақсатында Америка Құрама Штаттарындағы барлық адамдардың ақпараттық және коммуникациялық технологияларға қол жеткізуін қамтамасыз ететін арнайы іс-шаралар жүзеге асырылады.

«Біз қоғамда цифрлы сауаттылыққа баса назар аударуымыз керек, бұл адамдар үшін өте маңызды, әсіресе біз технологияны көбірек пайдалана бастаған тұста. Біз цифрлық сауаттылық дағдыларының жетіспеушілігі елде жалған ақпараттың таралуына әкелетінін көріп отырмыз. Жалған ақпаратпен күресу үшін азаматтар арасындағы цифрлы технологияны пайдалану көрсеткішін арттыру керек. Сондықтан цифрлық сауаттылық дағдыларын дамыту – қазіргі уақытта біздің менеджментте жүзеге асырылып жатқан және мен қатысатын жобалардың бірі. Сонымен бірге біздің басшылық экожүйелерді құру мәселесіне басымдық беріп отыр. Біз цифрлық инфрақұрылымға назар аударамыз, жүйелердің өзара әрекеттесуін қамтамасыз етуге тырысамыз, технологиялардың бір-бірімен «сөйлесе» алатынына, ақпараттың өңделетініне көз жеткіземіз. Сонымен қатар сіз ақпаратпен толық қамтылу үшін  технологияны қаншалықты білу керек екенін түсінуіңіз керек», - деді Джоди Лоуренс.

Бұдан бөлек ол Білім департаментінің педагогтермен бірлесіп жұмыс істейтінін, оларға кәсіби білім алу мүмкіндіктерін жасайтынын, сонымен қатар отбасылармен және қауымдастықтармен жұмыс істейтінін атап өтті. «Американдық нарықта білім беру технологиялары көп болғандықтан, шамамен 15500 түрлі механизм мен құрал бар, міне, олардың өзара байланысуын қамтамасыз ету қажет. Экожүйенің барлық элементтерін бір-бірімен өзара байланыса алатынын талқыға салу керек»,-деді ол.

Білім беру технологиялары: маркетплейс, «қозғалысты түсіру» технологиясы

Ал сессияға қатысқан техника ғылымдарының докторы, EON Reality Inc. білім бөлімінің директоры Рена Вольцингер цифрлық технологиялардың маңызды тұстарының бірі – адам құқықтары мен білімге қолжетімділік екенін еске салды. Интернетке қолжетімділік мәселесі өте маңызды, ал білім беруде оның қауіпсіздік мәселесі де одан кем түспейді. «АҚШ-та интернет жылдамдығы да, жаңа технологияларға қолжетімділік те өте маңызды. Интернет пен жаһандық технологиялар неғұрлым қолжетімді болса, соғұрлым студенттер жаңа құралдар мен маркетплейстерді пайдалануды тез үйренеді. Маркетплейстерге келетін болсақ, олар өте тез өзгереді - соңғы алты айда маркетплейске бес миллионнан астам жаңа 3D үлгілері қосылған. Айтайын дегенім, контенттің ауқымы өте үлкен және бұл мұғалімдер мен студенттер үшін өте пайдалы»,-деді ол.

Мәселен, студент немесе мұғалім каталогтан өзіне қажетті үлгілерді таңдайды және оның телефонында немесе компьютерінде тақырыпқа қатысты қосымша мәліметтер пайда болады. Мысалы, жүздеген миллион жыл бұрын жердегі өмір туралы айта отырып, динозаврлар жайлы видеоконтентті қосуға болады.  «Сонымен қатар дәрістерді, бейнеконтентті және 3D фигураларды қоса алғанда, желіні тек мұғалім ғана емес, сонымен қатар студенттердің де сабақ немесе дәріс туралы өз ойларын қосуға мүмкіндігі бар. Бұл бәрін бірдей қамтуды және қолжетімділікті қамтамасыз етеді. Мұнда, мысалы, барлығын үлкейтуге және саусақтарыңызбен экранда жылжытуға болады»,-дейді ол.

Бұдан бөлек ол цифрлы білім берудегі тағы бір сәтті технологияға тоқталды.  Ол – «motion capture», қозғалысты түсіру технологиясы. «Бұл инновациялық технология кинематографияда қолданылады, мәселен, актер қандай да бір ертегі немесе мифтік жаратылыс рөлін ойнап, оған өзінің эмоциялары мен мимикаларын береді. Мысалы, қозғалысты түсіру көмегімен мұғалім операцияның кезеңдерін көрнекі түрде көрсете алады»,-деді сарапшы.

Білім беру саласындағы жасанды интеллектінің мүмкіндіктері

Одан кейін сөз кезегін Vantage Labs вице-президенті Пол Эдельблут алып, АҚШ білім саласындағы жасанды интеллектінің тиімділігі туралы айтты. Оның айтуынша, ЖИ (жасанды интеллект) адамдарға қарағанда әлдеқайда жылдам жұмыс істей алады және соңғы бірнеше жылда бұл процеске бірнеше қызықты мүмкіндіктер қосылды. «Көптеген цифрлы процестер сияқты, ЖИ-дің қарқынды дамуына коронавирус пандемиясы қатты әсер етті. Адамдарға оффлайн жиналыстарға қатыспай, жаңа технологияны пайдалана отырып, әлемнің түкпір-түкпіріндегі әріптестерімен электронды пошта не бейнеқоңырау арқылы көбірек байланысуға тура келді. Сондықтан Vantage Labs жасанды интеллектінің автоматты бағалау және кері байланыс жасау мәселесімен жұмыс істеді.

Сарапшылар студент туралы ақпаратқа және әрбір студенттің жазу стиліне негізделген жедел және жекелендірілген кері байланысты қамтамасыз ету үшін «бейімделген» оқыту мүмкіндігін ұсынған. «Яғни, әр адамның жеке ерекшеліктеріне бейімделген бірнеше бағалау мен кері байланыс бірден беріледі. ЖИ грамматикалық және тағы басқа қателерді бағалайды. Мысалы, Қазақстандағы білім саласында ЖИ-ді жергілікті мұғалімдерге көмек беру үшін қолдануға болады. Адамдар кейбір тапсырмаларды баяу орындайды, ал машина бұл тапсырманы жылдамырақ және сапалырақ орындайды»,-дейді ол.

ЖИ-дің білім беру саласындағы мүмкіндіктерін зерттеу үшін Vantage Labs компаниясы 40 түрлі штаттан келген жеті мың студентке тәжірибе жүргізген. «Сарапшылар автоматты түрде кері байланыс алған студенттердің нәтижелері 16%-ға жақсаратынын байқады. Өйткені ЖИ адам сияқты ойлайды және қолайлы сәтте кері байланыс алуға мүмкіндік береді. ЖИ мидың барлық сегменттері мен ерекшеліктерін ескереді: ол қай бөлікке жауапты екенін нақты біледі, мысалы, ұзақ мерзімді немесе қысқа мерзімді есте сақтау үшін. Зерттеулер көрсеткендей, студенттер лезде кері байланыс алған кезде ұзақ мерзімді оқыту айтарлықтай жақсарған»,-деп атап өтті Пол Эдельблут.

Бұдан бөлек Пол Эдельблут білім беруде ЖИ-ді қолдану бойынша ұсыныстармен бөлісті:

- жаңа технологиялардан қорықпайтын және жедел кері байланысты бағалайтын оқушылар мен студенттерге сенім арту;

- педагогтарға және олардың технологияны меңгеруіне инвестиция салу;

- ЖИ-ді қолданатын әрбір елдің қажеттіліктерін ескеру - Қазақстанға АҚШ-қа керек дүние қажет болмауы мүмкін. Мемлекет қажеттіліктеріне негізделген ЖИ-ді және басқа технологияларды локализациялау қажет;

- әрқашан алға ұмтылу - технологиялық әлемде 20 жылға арналған статикалық жоспарлар жарамсыз болып қалуы мүмкін. Бұл сала тым тез өзгереді, сондықтан барлық жоспарларға үнемі түзетулер енгізіп, дамытып отыру қажет.

«Мұғалімдердің әлеуетін арттырған жөн»

Сондай-ақ сарапшылар ЖИ-дің білім беру саласындағы мүмкіндіктерін талқылай отырып, оны мұғалімдердің өз жұмысында қолдануды қаламауы мәселесіне көшті. Бұл сұраққа Гарвард Жоғары білім мектебінің оқыту технологиясының профессоры Доктор Крис Диди жауап беруге тырысты. Оның айтуынша, қарапайым лекциядан гөрі тәжірибе жасау арқылы білім алу тиімдірек болатынын түсіну керек. «Америка Құрама Штаттарында және жалпы әлемде коронавирус пандемиясы мұғалімдердің жұмысын қиындатты. Оның алдында оқытылатын материалды бекіту ретінде оқушы мен мұғалім арасында бетпе-бет қарым-қатынас болды. Содан кейін көптеген мектептер жабылып, симуляторлар маңызды рөл атқарды, бұл мұғалімдерге балалармен «виртуалды» жұмыс істеуге мүмкіндік берді. Мұғалімдер әрқашан сөз арқылы сабақ беретін: олар сөйлейді - оқушылар тыңдайды. Сондықтан мұғалімдердің әлеуетін арттыру үшін көп жұмыс қажет, осылайша олар студенттермен виртуалды ортада немесе т.б. жұмыс істеудің не екенін түсінеді. Бұған дейінгі спикерлердің барлығы да мұғалімдердің әлеуетін дамыту қажеттігі туралы айтты. Олар үшін оффлайннан онлайнға көшу оңай жұмыс емес, соны ескеру керек. Сондықтан оларға көмекші ретінде жасанды интеллектінің мүмкіндіктерін қосқан тиімді болар еді»,-деп сөзін түйіндеді Крис Диди.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға