Жаңалықтар

"Киіз үй – көшпелі архитектураның модулі"

Қазір Ұлы Дала өркениетімен өзектес дәулетіне сәулеті сай  көрікті құрылыс нысандарын тұрғызу басты назарда
"Киіз үй – көшпелі архитектураның модулі"
Фото: almatycrafts.kz 23.10.2022 02:11 4592

Жандарбек Мәлібеков – Өзбекстанның еңбек сіңірген сәулетшісі. 1982 жылы Қарақалпақстанның астанасы Нүкіс қаласының орталығын абаттандыруға байланысты Кеңес Одағы бойынша өткізілген байқауда бірінші орын алған. 1985-1990 жылдары Кеңес Одағында өткізілген бірнеше архитектуралық байқаулардың жеңімпазы. Наманган, Самарқан, Әндіжан, Ферғана, Ташкент қалаларының орталықтарын безендіру мақсатында өткізілген бәйгеде жеке авторлық еңбегі үшін І және ІІ дәрежелі сыйлыққа ие болған.   

Ол Астана қаласының сәулетіне де сүбелі үлес қосқан азамат. «Нұр Астана» мешіті, Кардиологиялық орталық, Еуразиялық университеттің бірқатар корпусы, «Астана опера» опера және балет театры, «Алатау» тұрғын үй кешені, «Егемен Қазақстан» редакциясы ғимараттарында да Жандарбек ағаның қолтаңбасы жатыр.

Қазір Ұлы Дала өркениетімен өзектес дәулетіне сәулеті сай  көрікті құрылыс нысандарын тұрғызу басты назарда. Бабалар дәстүрін дәріптеген еліміздің ең таңдаулы сәулетшілері бүгінде сән-салтанаты жарасқан жаңа жобаларды дүниеге әкелуде. Солардың қатарында Жандарбек Мәлібеков те бар.                         
Жандарбек Мәлібеков бала жастан қоршаған ортаға қызыға қарап, табиғатпен сырласып, қолына қағаз бен қарындаш түссе сол тылсым дүние сырын суретке түсіруге асығатын. Болашағын алыстан болжап жүргенде ол арқа сүйер әкесінен айырылып, енді күнкөріс қамын ойластыра бастады. Төрт жасынан анасы жоқ оны әке қазасы қатты қайғыртты. Не істеу керек? Көрінгенге қол жаю қанына жат Жандарбек табысы тарықтырмайтын мамандық іздестіре бастады. Жолға қажетті қаражатты да жаз бойы еңбектеніп өзі жинады.

"Біз тұрған ауылға Ташкент жақын еді. Онда үш мезгіл тамақ, жатар орын беретін суретшілер училищесі бар дегенді естідім. Өлместің күні ғой әйтеуір. Сөйтіп жүріп жетілермін деген ой. Бірақ тағдыр мені сол қаладағы архитекторлар даярлайтын институттың есігін қақтырды. Жай жігіттерге еріп барғанмын, қалауым болып түсіп кеттім. Қалтамда бір тиын ақша жоқ. Не істеу керек?! Сөйтіп жүргенде жұмыстың табыла кетпесі бар ма. Бір кісі үй салғалы жатыр екен, соған жалданып бір өзім 13-14 күнде 10 мың кесек құйдым. Тапқан ашқама киіндім, өзге де кәдеге жараттым", - деп өткенін еске алады сәулетші.

Иә, содан бері талай жыл жылжыды. Кешегі қиындықты басынан кешірген жетім жігіт бүгінде ортасы таныған, елі құрметтеген үлкен тұлғаға айналды. Ұлтымыздың сан ғасырлық сәулет өнерін танып, тарихи танымына үңілген ол – мемлекеттік Елтаңбаны өмірге әкелгендердің бірі. «Қазақта сәулет өнері бұрын болмаған» деген жаңсақ пікірлер жиі айтылып жүр. Мен бұған келіспеймін, – дейді Жандарбек аға. Тарихқа зер салсақ, қазақ даласында құрылыс ерте кезден-ақ дамыған. Оған кең байтақ жеріміздің қай өңірінде болмасын, ежелгі және орта ғасырлық қалалардың орын тепкені толық дәлел. Бірақ, жойқын жаугершілік жылдары дала өркениетінің жемісі болған көптеген көрікті қалалар мен сәнді сарайлар жойылып кетті. Оған тарих куә.

«Қазақ сәулеті сонау сақ дәуірінен дамыған. Соны айтсаң біреулер жоққа шығарғысы келеді. Тіпті бәстесуге бар. Біз осы өзіміздің тарихымызды түгендеп, құндылықтарымызды құптауға келгенде неге сараңдық танытамыз. Бағзы заманда салынған шаһарлар, қорғандар, кесенелер бар. Оларды қалай жоққа шығарамыз. Тіпті киіз үйді алайық. Ол – жайлаудан жайлауға қоныс аударып отырған бабаларымыздың көшпелі архитектурасының модулі. Сәулет өнерінің нағыз үлгісі емес пе. Мұнда таусылмайтын тәрбие көзі, ескірмейтін өмір өлшемдері жатыр. Соны ұрпаққа үйрету арқылы қазақтың болмысын танытуымыз қажет. Дүние жүзіндегі ежелгі архитектуралардың өзі киіз үйді алмастыра алмайды. Тарихы да тереңде жатыр. Мынаны ұмытпауымыз керек, сол киіз үйдің ішінде тіліміз де, мәтениетіміз де, ұлттық болмысымыз да қалыптасты. Қанымызға біткен кеңпейілділік, бауырмалдық та осыдан бастау алған. Ендеше біз киізүйдің құрылысын әлі де зерттеуіміз керек», – дейді  Жандарбек Мәлібекұлы.

Қазақстанның текті  сәулет өнерін қалыптастыру үшін, ең алдымен,  ұлы далаға тән ұлттық тәрбие қажет. Бұл Жандарбек Мәлібекұлының өзіндік пікірі. Өзге елдердің аркитектурасынан үйрену ләзім, алайды шыққан тегіңнен айнымаған абзал. Сонда ғана қазақ сәулет өнерінің өресі өседі.
«Біз текті халықпыз. Ендеше, біздің әр ісіміз, болмысымыз, ұғымымыз текті болуы керек. Ұлттық стиліміз даламен үндес, табиғатипен тілдес. Онда кеңшіліктің, еркіндіктің, бостандықтың бояуы жатыр. Ою-өрнектеріміздің өзі оқылмай жатқан қазақтың өмір әлемі, дүниетанымы. Ол тұтас бір ұлттың тіршілік тіні, қайталанбас мәдени болмысы. Сыр-сұхбатқа толы ата-бабамыздың текті тұрпаты жатыр. Ендеше, ою-өрнекті дәріптеуіміз керек. Онымен сөйлесіп, салиқалы ойдың оралымдарын оқумыз керек. Архитетура саласында ізденіс жасап жүрген жастарымыз анаған бір қарап, мынаны бір шұқиды. Ойларында қарама-қайшылқ көп. Неге десең, өзінің ұлттық негізін ұқпаған соң, оларға осылай болады. Жалпы, түсінген адамға сәулет – саяси ұғым. Сондықтан қазіргі жастарды қазақ сәулеті өнерінің тың бастамаларына жетелеуіміз керек», – дейді ол.

Расында да, жастарды туған елінің ұланы етіп тәрбиелеу үшін толып жатқан жолдар бар. Соны адаспай тапсақ жақсы. Рас, қазір бұқаралық ақпарат құралдары ұлттық тәрбиені жиі-жиі айтып жатыр. Бірақ, онымен шектеліп қалуға болмайды. Әсіресе, әр ғасырда өмір сүрген ұлы дала өкілдерінің өмірі мен ұстанымын ұрпақ тәрбиесінің құралы етуіміз керек.

«Архитектруа – ұлттық идиология. Дамыған елдер архитектурадан саясат жасап жүр. Мысалы, Бәйтерек – Астананың символы. Ал Астана әлем елдері басшыларының мәмілеге келетін ордасына айналды. Сондақтан да біз, алдымен, өзімізді өзіміз зерттеуіміз керек. Қазақтың сөз сәні мен тіл тәлімі, ән әрі мен саз сыры – қазылмай жатқан құнды кеніш. Оны өзіміз құрметтей алмасақ, онда бізді ешкім құрметтемейді. Алдымен, жастарға ұлттық болмыстың не екенін ұғындырғанымыз құнды. Әйтпесе, болмыссыз бала қарны тойған жаққа қашады. Сананы өзгертпей, сапаны өзгерте алмаймыз. Біз жастарға ұлттық ойлау қабілетін қалыптастыруымыз керек", – дейді ол.  

Иә, талай биікті өз еңбегі, табан ақы, маңдай тері арқылы бағындырған азамат Жандарбек ағаның айтар ойы осы. Әр адам алғыс арқалау керек, ел-жұртынан алған алғысқа толы бірауыз жылы лебізді жаныңа – жалау, арыңа – қалау еткеннен артық бақыт жоқ!

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға