Жаңалықтар

Сенаторлар Қазақстан мен Өзбекстанның ынтымақтастығын кеңейтуге бағытталған заңды мақұлдады

Сенаторлар Қазақстан мен Өзбекстанның ынтымақтастығын кеңейтуге бағытталған заңды мақұлдады
Фото: ©El.kz/Артем ЧУРСИНОВ 25.04.2024 15:32 252

Бүгін Сенаттың жалпы отырысында «Қазақстан Республикасы мен Өзбекстан Республикасы арасындағы одақтастық қатынастар туралы шартты ратификациялау туралы» ҚР заңы қаралып, мақұлданды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Шарттың мақсаты — екіжақты өзара іс-қимылдың барлық әлеуетін жүзеге асыру. Сенат депутаты Алишер Сатвалдиевтің айтуынша, шартты жасасу жоғары деңгейдегі уағдаластыққа және 2021 жылғы 6 желтоқсандағы елдеріміз арасындағы одақтастық қатынастар туралы Декларацияның 17 пунктіне сәйкес, Қазақстан Президентінің 2022 жылғы 22 желтоқсанда Өзбекстанға жасаған мемлекеттік сапары аясында жүзеге асырылды.

Шартта саяси, әскери, сауда-экономикалық, транзиттік-көліктік, энергетикалық, мәдени-гуманитарлық, азаматтық қорғаныс және энергетика салаларында ынтымақтастықты кеңейту ескерілген. Трансшекаралық су ресурстарын ұтымды пайдалану және қорғау, сондай-ақ экологиялық және азық-түлік қауіпсіздігі мәселелері де назардан тыс қалмаған. Халықаралық аренада өзара іс-қимылды нығайту қарастырылған, — деді Сенат депутаты.

Сондай-ақ бұл құжатты қабылдау арқылы екі мемлекеттің парламенттері, саяси партиялары мен қоғамдық ұйымдары арасындағы байланыстарды нығайту қарастырылған. Шарт аясында мемлекет басшылары жетекшілік ететін Жоғары Мемлекетаралық кеңес құрылады, және оның қызметін үйлестіру Сыртқы істер министрлерінің кеңесіне жүктеледі.

Өткен жылдың соңында Өзбекстан президенті шартты ратификациялау туралы Жарлықты рәсімдеді. Өзбек жағы Шарттың ратификацияланғанын 2023 жылы 1 желтоқсанда ноталық тәртіппен хабарлады. Өзбекстанмен ғасырлар бойы достық, рухани тамырлар, тарихтың ортақтығы мен өзара қолдау көрсетумен байланысып келеміз. Өзбекстан — Қазақстан үшін сенімді одақтас, әрі маңызды серіктес мемлекет. Екі ел байланысы теңдікке, өзара құрмет пен сенімге негізделген толық форматты екіжақты өзара іс-қимылды қалыптастырды. Мемлекетаралық және парламентаралық байланыстардың барлық спектрі бойынша тұрақты және тығыз диалог орнатылды. Бұл Шарт халықтарымыздың түбегейлі мүдделеріне сай келеді деп есептеуге болады, — деді ол.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға