Жаңалықтар

«ХХ ғасырдың ғұлама адамы» атанған» 87 жастағы қазақ ғалымымен сұхбат

«ХХ ғасырдың ғұлама адамы» атанған» 87 жастағы қазақ ғалымымен сұхбат
Фото: Коллаж El.kz 12.04.2024 15:01 6596

Ғұмырын ғылымға арнаған, дүниежүзіне әйгілі физик біздің елде тұрады. Ғылымның жілігін шағып, майын ішкен әлем физиктері оның ашқан жаңалығын түгел мойындады. Бұл – ғасыр адам атанған Темірғали Көкетай. Бүгінде 87-ге аяқ басқан қарағандылық ғалыммен El.kz ақпарат агенттігінің тілшісі тілдесіп, жүріп өткен өмір жолы мен ғылым жайында әңгіме өрбітті.

Өмір кездейсоқтық заңдылықтан тұрады

Сұхбаттарының көбісінде Темірғали Көкетай өмірінде талай кездейсоқ жағдайлар болғаны туралы айтып жүреді. Алдымен бұл салаға қалай келгенін сұрадық. «Менің пайымдауымша өмір деген кездейсоқтық заңдылықтарынан тұрады», деп бастады әңгімесін тұңғыш қазақ физигі.

 1938 жылы өмірге келдім. Маған дейін анамыздың бес баласы жас кездерінде шетіней беріпті. Содан туған-туысқандар арасында «бұл келіннің бір ауруы бар шығар, еліне апарып тастайық» деген сөз шыққан екен. «Келесі баласын күтейік, ол болмаса құтылайық» деп шешіпті. Осылайша кездейсоқ  дүниеге келсем керек, менен кейін алты бала туып (үш ұл, үш қыз) өсіп өніппіз, – дейді ғалым. 

1946 жылы мектепке барып, 1 сыныпты бітірген соң біздің үйді Қызыл ағаш деген жерге әдейі қой бағу үшін қоныс аудартады. Көкетайдан аштық кезінен тірі қалған үш баланың үлкені менің әкем Әбілда екі інісіне Төлеген, Әбілмажанға «сендер әріқарай оқыңдар, қалаға барыңдар, мен мұндағы отбасы, Көкетайдың әулетін, туған-туысқандарды асырайын» деп ауылда қалады.

Содан 1950 жылы Алматыдан әкейдің кіші інісі Әбілмажан кездейсоқ ауылға келіп қалып, мені алып кетіп Алматыдағы №18 ербалалар оқитын мектеп интернатына орналастырады. Мектепте төрт пәнді математика, физика, тарих, орыс әдебиетін сүйіп оқыдым. 7 сыныпта оқып жүрген кезім болатын. Қысқы демалыстан оралғанда 3 тоқсанда математикадан бұрынғы мұғалімнің орнына кездейсоқ жаңа ұстаз келді. Ол кісі соғысқа қатысып, екі рет контузияға түскен екен (оны кейін білдік).

Сабақ түсіндіріп тұрғанда сұрақ қойып қалсаң, кекештеніп қалады. Оны одан сайын кекештендіремін деп әдейі сұрақ беремін. Ол кекештенсе, біз күлетін едік. Менің мектепте тәртібім жақсы болмады. Үш рет мектептен қуылып қала жаздадым. Қысқасы, сол мұғалім екеуміздің арамыз жаман болды да мен бірден физикаға ауысып кеттім. Егер математика мұғалімі ауысып кетпегенде мен физик емес, математик болар едім.

Төртінші курс оқып жүргенде әкей ауырып Алматыға келді. Тастақ деген жерге әкейді емшіге апарып келе жатқан едім, таксист бір автобуспен соғысып қалып, жүргізуші сол жерде қайтыс болды. Мен ауруханада есімді жыйып кездейсоқ тірі қалдым. Өйткені мен көліктің артқы орнында отырдым.

Егерде мен алдыңғы орында отырсам, тірі қалмас едім. 1976 жылдары «эпилепсия» деген ауру пайда болды. Ленинградтағы Бехтерев атындағы психо-неврологиялық институтқа (Бөкетовтың Мәскеуден рұқсат алуының арқасында) ота жасатуға бардым. Ота кезінде «клиникалық өлім» дегенге ұшырап, 3 сағаттан соң кездейсоқ қайта тірілдім. Одан тіріліп кетпесем, қазір тірі жүрмес едім. Өмірімде бірталай осындай «кездейсоқтықтар» болды.

«Қазақ деген ұлы халықтың баласымын» 

Темірғали Көкетай Түркия, Жапония, Қытай, Эстония, АҚШ, Англия, Германия тағы басқа елдердің мықты университеттерінде дәріс оқыды. Содан болар  әлем физиктері мойындаған. 

Біраз шетелде болдым. Мені көбінесе физикадан ашқан жаңалығыма байланысты профессорларға семинар өткізуге шақыратын, кейде дәрісімде магистранттар, докторанттар, жоғары курс студенттері де қатысатын. Англияның Оксфорд университетінде дәріс оқығанда аудиторияда Англия, Жапония, Франция, Германиядан 70-ге жуық профессорлар мен 10-15 шақты студенттер қатысты. Оларға 5 дәріс бердім. Дәріс тура 50 минут өткізілді, кейін 30 минут сұрақ-жауапқа қалды. Жалпы сол шақтың тәртібі солай болды. Әр күні бір ғана дәріс болады, - дейді ол. 

Маған келген алғашқы хатта қай тілде сөйлейсіз деген сұрақ болды. Мен қазақ тілінде сөйлеймін дедім. Олардың 2 ай шамасында тікелей қазақ тілінен ағылшын тіліне аударуға мүмкіндіктері болмады, басқа қай тілде оқисыз дегенге «орыс» тілі деп жауап берсем, ертеңінде келіскен жауап келді. Аудармашы өздерінен болды. Ол Мәскеудің Ломоносов университетінде физикадан кандидаттық диссертация қорғаған ағылшын қызы екен. Дәріс кезінде байқағаным мені «орыс» деп ойлады. Десе де, ағылшынша дәріс оқымағаныммен ептеп болсын білемін ғой.

Бесінші дәріске бес минут қалғанда «мені қандай ұлт деп ойлайсыздар?» деп бәрінен сұрадым. Бәрі орыс екенімді айтты. Мен орыс емеспін «қазақ» деген ұлттың баласымын деп жауап бердім. Көбісі таңғалып қарап қалды. Ендеше қазақ ұлты, Қазақстан деген мемлекет туралы дәріс оқып берейін дедім. Мені шақырған физика колледжінің (оларда факультет дегенді солай атайды) кураторы «болмайды сіз ақша төлеуіңіз керек» деп айтты. Мен төлейтінімді айтқан едім, отырғандардың бәрі орындарынан тұрып тыңдауға дайын екені жөнінде ишара танытты.

Аудармашы маған «сіз демала беріңіз, кешке мен барып айтамын» деді. Ертесінде мен екі сағат бойы қазақ халқы, мемлекетіміз туралы дәріс оқыдым. Үш сағат бойы сұрақ-жауап болды. «Біз қысқа сұрақтар береміз сіз асықпай толық жауап беріңіз», деді профессорлар.

Ол жерде еліміз жайында қаншама сауалдар болды. Жапониялық бір профессор «Таза қазақ тілінде бір сөйлем айтыңызшы» деді. Залдың бәрі тым-тырыс күтіп отыр. «Қазақ деген ұлы халықтың баласымын» деп едім,  Оксфорд университетінің профессоры мағынасын түсіндіруімді сұрады. «Вам читает лекцию о своем открытии по физике сын великого казахского народа, которых русские считали полудикими». Аудармашы ағылшын тіліне аударып берді. Өмірімде бірінші және соңғы рет рет мақтанғаным шығар.

Дәріс біткеннен кейін үш күн бойы талапкерлердің оқуға түсуге дайындығын, қалай емтихан тапсыратынын, студенттер оқуға түскеннен бастап бітіргенге дейін оқу процесінің қалай өтетін бүкіл (бакалавр, магистрлар, PhD-лердің қалай қорғауын) түгел таныстым.

Шетелде неге тұрақтап қалмады

Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында бір топ ғалымдармен Түркияға барғанымда, ең бірінші Стамбул университеті барлық жағдайымды жасайтынын айтып, қалуымды өтінді. Германиядағы Мюнхен университеті және тағы басқа да 3-4 университет, өзіміздің Еуразия ұлттық уинверситетінің 4 ректоры шақырды. Бірақ мен өзім қолыммен ашқан зертхананы тастап кете алмадым.

Рас, қазір талай жас ғалымдарымыз шетел ғылымын өркендетіп, дамытып жүр. Біздің мемлекет басшыларымыз ғылымды дамыту үшін емес, оны құрту үшін ашық жұмыс істеді ғой. Ғылым академиясын жауып тастау нағыз қастандық болды. Оның қасіретін қазір көріп жатырмыз. Жастар шетелге неге кетіп жатыр? Себебі ғылым жасауға мүмкіндік жоқ. Мен қазір тегін ұмытып тұрмын. ҚазҰУ бітірген қазақтың біраз 40-45 жастағы біраз жігіттері қазір Американың ең құпия зертханасының меңгерушісі болып қызмет атқарып жүр. Қазақтың керемет қабілетті, талантты жастары Жапонияда, Германияда Америкада, Канадада, Францияда дүниежүзінің көптеген университеттерінде жемісті еңбек етуде. Жақында қазақтың азаматы Қазақстанға келіп, еш жерден жұмыс таба алмай, шетелге қайтып кетті. Ол онда барып, ғылыми жұмысын жалғастырып қазақ елі жөнінде мағлұматтар кездесетін географиялық карталар тауып, елдің тарихына жөнінде жаңалықтар  ашты. Осылайша, елін аңсап келген қандасымыз Қазақстанның талай ғылым деген ұйымдарының есігін қағып, отбасын асырай алмай шетелге кетті.

Шетелдегі аса қабілетті, талантты азаматтарды елге қайтару оңай шаруа емес. Бұл мәселені терең ойлап, тиянақты шешу үшін алдымен ғылымға оның қарыштап дамуына шын жаны ашитын адам, мекеме-ұйым қажет.

Келешекте әлі де орындалуға тиіс мақсат бар

Адамның арман-мақсаты жас өскен сайын өзгеріп тұрады ғой деймін. Бала күнімде қаладан, аудан, тіпті ұжымшардың орталығынан алыста жүрсемде,  мал дәрігері болсам деуші едім, ал Алматыдағы мектепті бітірген соң физика мұғалімі болуды, кейін жоғары оқу орнын бітірген соң профессор болсам деп армандадым. Одан кейін физикадан алған білімді жастарға беріп, оларды ғылым жолына түсіріп, елімнің дамуына қызмет істеуді мақсат еттім. Осындай арманға жету барысында 32 ғылым кандидатын, 8 физика-математика ғылымдарының докторын, 2 PhD  докторын дайындадым. 500-ден аса ғылыми мақала, 8 оқулық, 4 монография жазылды және 6 авторлық куәліктің иесімін, отанымыздың ғылымын әлемдік дәрежеге көтеріп, дүниежүзі ғылымына елеулі еңбек сіңіріп жүрміз.

ХХ ғасырдың аяғында Жапон ғалымдарының ұсынуымен және әлем ғалымдарының қолдауымен физикадағы ашқан жаңалығым үшін «ХХ ғасырдың аса көрнекті адамы» (Outstanding People of the 20th Century) деген атақ берілді.

Жоғарыда көрсетілген еңбектің нәтижелерінің арқасында біраз мақсат орындалды деп олаймын. Десе де, келешекте әлі де орындалуға тиіс мақсат бар.

Елімізде ғылым деңгейінің төмендеп кетуінің себебі көп

Ақиқатында қазіргі уақытта елімізде ғылымды дамыту мен ғылымдарды қолдауға қатысты нақты жүйелі саясаттың болмауы және оны тиімді басқаратын құзырлы құрылымның жоқтығы ғылымның әулетін айтарлықтай әлсіретіп жіберді.

Елімізде ғылым деңгейінің соншама төмендеп кетуінің себебі көп. Негізгісі – ғылым академиясының қасақана әдейі жабылуы. Бұрынғы ғылым академиясы барлық ғылыми жұмысты басқаратын бас мекеме болды. Ол ғылымға байланысты барық мәселені жоспарлап қорытынды шығаратын. Қанша ақша, қандай кадрлар керек екенін болжап, өкіметке тікелей бағынатын өз алдына мекеме еді. Қазір Ғылым және жоғары білім беру министрлігіне бағынатын болды. Дүниежүзіне белгілі ғылыми зерттеу институттары жабылды немесе алдын ала дайындықсыз жоғары оқу орындарына бере салды.

Онда істеліп жатқан жұмыстар, ғылыми кадрлар, не істерін білмей абдырап қалды. Мықты жас ғылымдар шетелге кетіп қалды. Көп жылғы қалыптасқан ғылыми мектептер жабылды. Ғалымдар күн көре алмайтын жағдайға жетті. Бұл қателік емес, әдейі қасақана істелген жауыздық болды. Жалпы ғылым туралы айтқанда кемшіліктер мен  олқылықтар өте көп оның бәрі жазылыпта, айтылыпта жатыр. Егер айтқанды еститін құлақ, жазғанды көретін ғылымға жаны ашитын адам болса, мұны жақсы түсінер.

Тәуелсіздік алғалы 10-15 ғылым және білім министрі ауысты. Тіпті ғылым, білімде хабары жоқ адам да министр болды. Кейінгі министр Асхат Аймағамбетов еліміздің экономикасының шарықтап дамуына, отан қауіпсіздігі үшін аса қажеттілігін түсініп ғылымға шын жанашырлық жасап, жақсы істерді бастап жатыр еді, енді ғылымның еңсесі көтерілеме деген үміт бола бастап еді, оны неге екені белгісіз  ауыстырып жіберді.

Еліміздің президенті Қасым-Жомарт Кемелұлының пәрменімен аңсаған ұлттық ғылым академиясын да аштық. Енді ғылымды басқаратын үшінші ұйым пайда болды. Бұрын Ұлттық ғылыми кеңес және Ғылым және жоғары білім беру министрлігіндегі ғылыми комитеті бар еді.

Жаңа ашылған академияның президенті тағы ауысып кетіпті. Енді ғылымның келешегін кімнен сұраймыз? Қазақтың  «Қойшы көп болса, қой арам өледі» деген мақалын еске түсіріп тұрған сияқты. Өзі тұралап тұрған ғылымның жағдайына кім жауап береді? Ғылым қалай дамиды, жығылған үстіне жұдырық болмай ма деген сан түрлі сұрақ бар.

Ғылымды өзінің бұрынғы қалпына келтіру үшін..

Ғылымды тиімді басқару, ұйымдастыру, тікелей қаржыландыру саясатын оңтайлы жүргізу үшін арнайы жеке өкіметтік орган қажет. Ол үшін басқа екеуін қысқартып Қ.И.Сәтбаевтың кезіндегідей, өз алдына бюджеті бар Астанадан ғылым академиясын құру керек. Яғни, ешбір министрлікке бағынбайтын, тікелей Президентке немесе премьер-министрге бағынатындай болу қажет.

Қазіргі уақытта дамыған елдердің экономикасындағы бəсекелестіктің артықшылығы – білім, ғылым жəне жаңа технологиялар. Сондықтан елімізде де ғылым дамуының жаңа деңгейіне түбегейлі шығуы қажет. Ол үшін еліміз жоғарғы мемлекеттік деңгейде ғылыми-технологиялық дамудың стратегиясын (ҒТДС) жасауы қажет. Бұл маңызды құжаттың жобасын ғалымдар, ғылыми мекемелер, инженерлер, технологтар жəне ғылым жанашырларының қатысуымен егжей-тегжейлі кеңінен талқылап, Президент бекітіп, қабылдауы қажет. Осындай стратегия əлемнің дамыған елдері  (АҚШ, Жапония, Қытай, Еуропа жəне т.б.) бəрінде қабылданған.

Мұны бекіткен елдердің ғылыми-технологиялық дамуының стратегиясы өзінің маңыздылығы жағынан мемлекеттің қауіпсіздік стратегиясымен бір деңгейде тұрады. Əлі күнге дейін ҚР ғылыми-технологиялық дамуының стратегиясы əзірленбеген жəне қабылданбаған. Ғылыми-технологиялық дамуының стратегиясын қабылдау қажеттілігі Қазақстанның əлемдегі дамыған елдер қатарына кіруін қамтамасыз ететін көптеген бағдарламалық құжаттармен негізделеді.

Ресей мұндай маңызды құжатты кеңінен талқылап, 2016 жылдың желтоқсан айында қабылдаған. Оларда ғылыми-технологиялық дамуының стратегиясын қабылдаудың маңыздылығы динамикалық жəне үдемелі ғылыми технологиялық даму қажеттілігінің іргелі себептеріне ғана емес, сонымен қатар оның экономикалық дамуына елеулі əсер ететін санкциялардың күшеюі де ескерілген.

Қазақстан ғылыми-технологиялық дамуының стратегиясын əзірлеген кезде, басқа мемлекеттердің тəжірибесін ескергеніміз жөн жəне қазақстандық ірі ғылыми-зерттеу институттары, зертханалар мен университеттердің жетекші ғалымдары осы маңызды стратегиялық құжатты талқылауға қатысып, əлемнің дамыған елдерінің ғылыми стратегияларының нұсқаларымен салыстырмалы түрде талдау жүргізуі тиіс. Еліміздің ғылыми-технологиялық дамуының стратегиясын тыңғылықты дайындап тез арада қабылдап алмай, ғылым ешқашан дамымайды, қалпына келмейді. Бұл маңызды құжатты 20-25 жылға дейін қабылдап алсақ, ғылым ешқандай министрдің, жеке бастың әсерінсіз сол сара жолмен дами береді. Әр бес жылда қайта қаралып толықтырылып отырады.

Ұлттық ғылыми зертханалар немесе технопарктер құру қажет

Әр өңірде бір университет жанынан мемлекет қажеттілігінен туындайтын, қауіпсіздігін қамтамасыз ететін, ішкі мүмкіндіктерді игеруге негізделген, нәтижелері қоғамдық сұранысқа ие болатын ғылым бағыттарын үнемі дамытып отыратын ұлттық ғылыми-зерттеу зертханалар немесе технопарктер құру қажет. Оларды қымбат тұратын құрал-жабдық қондырғылармен қамтамасыз ету керек. Сонда еліміздің кез-келген ғалымы өзінің зерттеу жұмысын жүргізуге мүмкіндік алады.

Қазіргі заманда зерттеу жұмыстарын жүргізетін қондырғылар өте қымбат әр университет оны алуға қаражаттары жетпейді. Мысалы, балтық жағалауының елдері Литва, Латвия, Эстония, Финляндия елдері бірігіп, біреуі бір қымбат қондырғы алса, басқасы қаржы шашпайды, барлығы сол қондырғыны пайдаланды.

Қазақстанның ғылымы мен технологиясының қарыштап дамуы үшін жән толық сенімді ақтай алатындай дәрежеге жету үшін әлі 10-15 жыл керек-ау.

Ғылымға жастарды тарту үшін не істеу керек?

Қазіргі заманда дүниежүзі бойынша ғылым саласында қатаң бәсекелестік орнады. Жалпы бір мемлекет қанша мықты, бай болсада ғылым мен технологияның барлық бағыты бойынша әлемде жетекші орынға ие бола алмайды. Бір сала бойынша басым болғанымен, ғылымның басқа бағыттарында әлсіздеу болуы мүмкін. Соған байланысты дарынды ғалымдар, әсіресе, талантты жастарға ашық түрде талас жүріп жатыр.        

Жастарды ғылымға тарту үшін оларға жағдай жасау қажет? Жалпы ғылымды дамыту үшін алдымен ғылымның дәрежесін көтеру керек. Қазақ тілінде жастарға арналған ғылым туралы журнал шығарып, сол журналда Қазақстанда ғылым бағытында ашылып жатқан жаңалықтармен дүниежүзіне таныту қажет деп ойлаймын. Мектептерде ғалымдармен жиі кездесулер өткізген дұрыс.

Қазір физика терминдерімен айналысып жүрмін

Баяғыда бала кезімізде әкелеріміз әңгімелесіп отырғанда «өмір қысқа, қамшының сабындай, қас қағым» деп айтып отыратын. Қазір 86-ға толып 87-ге аяқ басқанда сол әке-аталарымыздың сөздері еске түседі. Баяғы үлкендердің айтқандарының дұрыс екенін білдік. Өмірдің қалай өтіп кеткенін білмей қалыппыз. Сол кезде олардың сөзіне күлмей, терең ойлануым керек екен ғой деп ойлаймын. Талай уақыт ақмақтықпен босқа кетіпті. Уақыт деген адам өміріне ең қымбат сәттер екен.

Басқаның бәрін қайтаруға болады, бірақ өткен уақыттың бір кішкене сәтінде қайтара алмайсың. Бұл жасқа келгенде шығармашылық жайында айту қиын шығар. Бірақ бүкіл өмірің ұстаздықпен ғылым жолында өткендіктен, алдыңа арман болмаса да, мақсат қоясың. Кеш болса да қазақ деген халықтың ұлы екенін, тарихын оқып, осы халықтың азаматы ретінде оның өркендеуіне аз да болса үлесім бола ма деп, қазір физика терминдерімен айналысып жүрмін. Мақсат – орысша-қазақша, ағылшынша-қазақша физика терминдерінің сөздігін шығару.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға