Жаңалықтар

Дархан Қыдырәлі қандастарға арналған квота санын көбейтуді ұсынды

Дархан Қыдырәлі қандастарға арналған квота санын көбейтуді ұсынды
Фото: facebook.com/darhan.hidirali 25.04.2024 16:55 348

Крокуста болған қайғылы жағдайдан кейін елімізге ағылатын еңбек мигранттарының саны артатыны болжанып отыр. Дархан Қыдырәлі өзінің депутаттық сауалында олардың біздің елімізге заңсыз келуіне байланысты ұлттық қауіпсіздікке әсер ететін проблемаларды көтерді, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Мигранттар туралы жүйелі әлеуметтік зерттеулер жүргізу қажет. Миграция – адамдардың бей-берекет қозғалысының механикалық процесі ғана емес. Ол, ең алдымен, бейімделу үрдісі, әлеуметтік жағдай мен өмір салтының өзгеруі. Сондықтан еңбек мигранттары мен қоныс аударушыларға ақпараттық, заңнамалық, тілдік, мәдени қызмет көрсететін арнайы бейімдеу орталықтары болуы керек, - деп атап өтті сенатор.

Заңсыз еңбек мигранттары мәселесіне де назар аударған сенатор қандастарды көшіру және олар үшін квоталарды ұлғайту мәселесін де қозғады. Депутат Еңбек және әлеуметтік қорғау министрлігі әзірлеген «Ата жолы» картасын қандастар мәртебесімен теңестіру қажет деп санайды.

Еңбек және әлеуметтік қорғау министрлігі әзірлеген «Ата жолы» картасының мүмкіндіктері заңды түрде бекітілуі тиіс. Бұл карта этникалық қазақтарға берілетін қандас мәртебесімен теңестірілуі керек. Қандастарға берілетін квотаны да көбейту қажет. Мәселен, Ақмола облысына бөлінген 285 квота қаңтар айында, Рудныйға бөлінген 200 квота ақпан айында игеріліп қойылған. Қазақстанға келгендердің басым бөлігі Маңғыстау өңіріне тұрақтағанын ескерсек, солтүстікке қоныс аудару бағдарламасына оңтүстік бірге батыс аймақтарды да қосқан абзал деп ойлаймыз. Сонымен қатар солтүстік өңір әкімдіктері халық көбірек көшетін аудандарда фронт-офис түрінде өкілдіктер ашып, түсіндіру жұмыстарын арттырғаны жөн, - деді Дархан Қыдырәлі.

Сенатор Үкімет басшысы Олжас Бектеновке осы проблемаларға назар аударуды және оларды шешу үшін тиісті шара қабылдауды сұрады.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға