Жаңалықтар

"Құлагер" фильмінің 16 қателігі

Өнер атаулы, оның ішінде кино өнері не үшін керек? Кім үшін керек? Әсіресе, белгілі бір ұлт өнері алдымен сол ұлттың өзіне керек пе, жоқ әлде өзге ұлтқа керек пе?
03.03.2014 05:33 7442

"Құлагер" фильмінің 16 қателігі

Өнер атаулы, оның ішінде кино өнері не үшін керек? Кім үшін керек? Әсіресе, белгілі бір ұлт өнері алдымен сол ұлттың өзіне керек пе, жоқ әлде өзге ұлтқа керек пе? Белгілі бір ұлттың өнері алдымен өз болмысын көрсетуге керек пе, жоқ әлде өз болмысынан кіндік үзіп, жалпы адамзаттық дейтін әсіре патетикаға бой алдырғаны жөн бе? Өнердің парқы мен нарқы ұлттық талғам таразысына түскені жөн бе, жоқ әлде сырт көз сыншының айтқанына көніп, айдауына жүргені дұрыс па? Тарихи тақырыпты игерудегі талғам-талап өресі қандай болу керек? Тарихи тұлғалардың өмірбаяны қай шек-шекараға дейін әсірелеуді көтере алады? Тарихи оқиғалар ше? Әсіресе, тарихи этнография өнер тілінде қалай көрінуі тиіс? Өнер тіліне арқау болатын тарихи тақырыптың жұртшылықты қызықтыратыны неліктен? Тарихи этнографияның таным-тағылымдық ықпалын сезінуіміз қалай? Ешбір халық өзінің өткен тарихы үшін ұялмауы керек екенін өнер жасаушылар қай деңгейде сезінеді? Өткенге топырақ шашу ғана емес, өткенді жаңсақ елестетудің өзі рухани сабақтастықтың үзілуіне себепші болатынын білеміз бе? Бұл орайда өнердің жауапкершілігі бірінші кезекте екенін қаншалықты сезіне алып жүрміз?...

Осы сияқты сұрақтар фильмнен соң жүрекке шаншудай қадалады. «Қазақфильм» өнімі демесе, қазақ актерлерінің ойнап жүргені болмаса, фильмде қазақ болмысының нышаны да жоқ. Тарихи этнографияны шыншылдықпен сақтау арқылы ғана тарихи тақырып шынайы өнер деңгейінде игеріледі. Фильмді қоюшылар бұл талапқа керісінше әрекет етіп, ойларына келген өтірікке малданған.

Не айтуға болады, жағаңды ұстар сұмдық өтіріктерді тізіп шығудың өзі ауыр.

1. Сағынайдың асынан басталатын оқиға қалың бейіт-қорымның ортасында өтеді. Ал қазақ дстүрінде асқа мейлінше қолайлы, оты-суы мол, шымдауыт, шаңы шықпайтын жер таңдалатын болған.

2. Сағынайдың бәйбішесі күйеуінің қағазға жазып кеткен аманат-өсиетін Батырашқа оқып береді. Онда бір жігітті дарға асып, біраз адамды сабап, дарға асылған жігіттің жас баласын жат жұрттық етіп, тегін ұмыттыру тапсырылған. Бұл да көшпелілер тарихында болмаған сұмдық. Ас беру игі тілектің, аруақты сыйлаудың жоралғысы болған.

3. Ас беріліп жатқан жердегі бейіт пен киіз үйдің ортасына бір отар совет мериносын айдап келіп, оны өңшең жалақтаған жүгенсіз жігіттер қан сасытып соя бастайды. Мүлде қисынға келмейтін жабайы көрініс. Қазақ дәстүрінде асқа келген  адамдарға сойылған малдың қанын көрсетпейтін болған.

4. Күреңбай сыншының шашы иығын жауып жүр. Бұл да қазақ дәстүрінде жоқ үрдіс. Шаш қойған екен айдар етіп қою керек. Айдар Біржан салда болған.

5. Ас үстінде Батыраш тақтан түспейді. ХІХ ғасырда қазақ хандарының өзі тақтан айырылғанда, бар болғаны даланың сасық байы Батырашқа қайдан келген тақ. Ол аз дегендей-ақ, Батыраш қолынан қылышын тастамайды. Бұл қайдан шыққан рәсім?

6. Батыраштың қолында ноқталы қара құлдың басжібі отырады. Қара құл ит сияқты тақ түбінде жатып, тақалған адамға гүж етіп ұмтылады. Мұндай түпсіз өтірік қайдан алынған? Барша тарихи-этнографиялық деректерде көшпелі қоғамда құлдықтың болмағаны бірауыздан мойындалады.

Фильмде Батыраш перғауын сияқты бейнеленген. Қай қоғам, қай орта, қай ел, қай заман екенін білу мүмкін емес. ХІХ ғасырдың тарихи шындығы жайына қалған.

7. Батыраштың алдында француз корольдарының жанында жүретін шут сияқты бір шайқымазақ жүреді. Ол білгенін істейді. Бұл да қазақ қоғамында болмаған әлеуметтік тип.

8. Фильмдегі сал, би, батыр сияқты әлеуметтік типтер мейлінше дәрмесіз, құр әншейін қара көрсетіп жүреді.

9. Ортаға қойылған тайтүзген қазанға қара май құйып, оның түтінін будақтатып өртеумен болады. Бұл да мүлде өтірік, дәстүрге жат көрініс.

10. Бәйгеге қосылатын аттарды тізгін-саулығынан тартқылап, ас беріліп жатқан үйдің алдында кезек-кезек ойнақтатады. Қазақ дәстүрінде бәйге аттарының көрмесі оңаша болған.

11. Бәйгеге шабатын балалар қолдарына бір-бір факел ұстап, оттарын лаулатқан қалпы ауылдан аттанады. Қазақ «от шығарма», «от шашпа», «от айналма», «жерошақ аттама» дейтіні отты киелі санағандықтан. Әлгіндей сұмдық көшпелілердің ұзына тарихында болмаған.

12. Киім-декорациясы нағыз қойыртпақ-масқара. Салдың үстінде көбелек бант тағылған фрак, басында тік кемерлі шляпа. Ал Ақан серінің үстінде кәдуелгі жылқышылар киетін бешпент пен жеңсіз тайжақы. Басында күнқағар, масадан қорғайтын салпыншақ күләпара. Ақан сері бұлай киінбесе керек-ті.

13. Қайдан келгені белгісіз, кім екені белгісіз, кімнің қызы екені белгісіз «девушка-джигит» деген бір қыз қолына қанжар ұстап, себеп салдарсыз би билеп, ән айтады. Оған Ақан сері ғашық боп қалып, оны өмір бойы елестетіп өтеді. Ол қызды ойда жоқта белгісіз біреулер ұрлап әкетеді. Бұл неғылған сұрауы жоқ қыз?

Қазақ дәстүрінде «қыз-жігіт» деген әлеуметтік тип жоқ. Рас, ұлы жоқ үй кейінгі туған қызын еркекшора етіп тәрбиелеп, ер балаша киіндіріп, ұл көру үшін ырымдап жасайтын дәстүр болған.

14. Қамыс ішіне жасырынып, Құлагерді мылтықпен атпақшы болып отырған қарақшы «ой, сүйер ме еді тамағынан» деп үздігіп, қайдағы бір ғашықтық әнін сұңқылдатады. Қарақшының да ұлттық ерекшелігі болуы тиіс. Себебі ол да бір әлеуметтік ортаның өкілі ғой.

15. Ат бәйгесі негізгі оқиғаның өзегі ғой. Алайда ат бәйгесінің дәстүрлі рәсім-тәртібі мүлде сақталмаған.

16. Ең өкініштісі, фильмде Ақан серінің тағдыры жоқ, Ақан серінің әні жоқ, биік өнері жоқ, нәзік сезімі жоқ. Бақыт та, Нұрғали де жақсы әншілер. Өзіндік үн өрнектері бар, жұртшылыққа сүйікті әншілер. Бірақ, Ақан серінің әнін айтатын әншілер емес.

Фильмді қоюшылар тарихи-этнографиялық деректі қазақ өмірінен алмаған, үндістер мен папуастар туралы түсірілген шет елдік кинолардың этнографиясына көбірек еліктеген. Бұған қоса өздерінің мүлде қате талғамы-түсініктеріндегі қайдағы бір қияли елестерді киліктірген.

Ақселеу СЕЙДІМБЕК, 22.09.1987 жыл.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға