Жаңалықтар

ҚАШАҒАН КҮРЖІМАНҰЛЫ ШЫҒАРМАЛАРЫНДАҒЫ ФОЛЬКЛОРЛЫҚ ҮЛГІЛЕР - 1

Ақмарал ОТАРОВА, филология ғылымдарының кандидаты, Ш.Есенов атындағы КМТжИУ доценті
03.03.2014 05:19 8056

Ақмарал ОТАРОВА, филология ғылымдарының кандидаты, Ш.Есенов атындағы  КМТжИУ доценті

ҚАШАҒАН КҮРЖІМАНҰЛЫ ШЫҒАРМАЛАРЫНДАҒЫ ФОЛЬКЛОРЛЫҚ ҮЛГІЛЕР

            Маңғыстаудың сөз киесінің қатепті қара нары іспетті Қашаған Күржіманұлы шығармашылығы кең арналы, сан салалы деуге болады. Қай саладағы туындыларын қарасақ та бәріне ортақ бір сарын – таза халықтық әуен. Мазмұн жағынан ел мұңын, халық тірлігін көтерсе, түр, стиль жағынан фольклорлық сарынды сақтайды.

Арғы бастауын көне  түрік әдебиетінен  алған адам өмірін кезең-кезеңге бөліп сипаттау  дәстүрі қазақ поэзиясында жалғастығын тауып келеді. Араб, парсы әдебиеттерінің классикалық мұраларында адам өмірінің барлық шақтары жайында даналық тұрғысында айтылған небір асыл поэзиялық үлгілерді кездестіреміз. Мәселен, Рудакидің «Кәрілік туралы элегия» туындысында адам өмірінің соңғы кезеңі туралы ой қозғап қана қоймай, жалпы өмірдің мәні  туралы философиялық түйіндер түйеді.

Жыр жүйрігі Қашағанның  ауыз әдебиетіне жақындығы оның дастандарынан ғана емес, арнау өлеңдерінен, фольклорлық жанрлар аясында шығарма тудыруынан да көзге түседі. «Жетпіс беске келгенде», «Осы күн жолдас болдым сексенменен», «Қартайған шағында айтқаны», «Бұл өмірдің мысалы», «Бұл дүниеде не жетім» деген бір топ өлеңдерінде  өмір мәні туралы толғанады. «Жетпіс беске келгенде» өлеңінде:

Жетпіс беске келгенде

Құртады екен әліңді,

Сорып алады екен қаныңды,

Кім көріпті мұндай залымды?!

Жетпіс беске келгенде

Әл кетеді екен жағыңнан…

Немесе,

Осы күн жолдас болдым сексенменен

Кез болды кәрілік шіркін сескенбеген.

Қартайсаң, күнің қандай аянышты,

Талтақ бұт, ойдық желке, күржік жауырын,

Тартылып бауыр шандыр, бүкшеңдеген…  («Осы күн жолдас болдым сексенменен»)- деп кәрілік шақты қуат, қайраттың кеміп, өмірдің қуанышынан гөрі қайғы сын көбірек  ойлар  кез ретінде суреттегенмен, бұл өмірдің өткінші екендігін жақсы біледі.

Кесірі болады екен қартайғанның,

Өлеңді  қартайғасын айта алмадым.

Айт деген қатар құрбы, жеңгейлердің

Назарын ол күндерде қайтармадым…

            («Осы күн жолдас болдым сексенменен»)

Көңілің келмес көнгісі,

Жетпіс бес бірақ тыңдай ма?!

Сыбырласып, сыңқылдап,

Баяғы күліп ойнайтын күн қайда?

деп  кәрілік кезінде  өмірлік жан қалауы – талант жырдың өзінен алыстай бастағанына көңілі құлазып, жаны жабырқап, жастық  шағын армандай еске алады. Адам өмірінің екі кезеңін салыстыра суреттеумен шектелмей,  жасы ұлғайған кезде адам өмірінің өзіндік мәні барлығын насихатайды. Халық ауыз әдебиеті үлгісінде төгілте жыр толғап,  шебер сөз кестелейді. Ақын тілі бейнелі де өткір.

Өпірім болу не керек,

Бақ-базарың ауған соң.

Бәсеке ету не керек,

Бастан билік кеткен соң.

Бұлаң сұлаң не керек,

Ақ  бетіңнен нұр тайып,

Жер ортадан асқан соң.

Елең-селең не керек,

Жас елуден кеткен соң.

Жалтаң-жұлтаң не керек,

Жігіттік бастан өткен соң…

Бұл өмірдің мысалы

Кешегі көрген бүгін жоқ,

Ұшып кеткен көбелек,-

деп ақын өткінші өмір мәні ожарлық, тәкаппарлыққа салыну, бәсеке байлық, жағымпаздық емес, ақ сөйлеп, адал жүру деген түйін айтады. Жалған дүниенің қайшылығы мен қасиетін терең ашып, жарқырата көрсетеді.Ол тіршілікті қалай болса солай өткізетіндермен келіспей, мазмұнды тіршілік кешуді қалайды. Қашаған ақынның бұл өлеңдерінде адам өмірі  туралы өзіндік философиялық толғау бар. Осы орайда ауыз әдебиетінің байырғы теңеу, метафоралары да тапқырлықпен орынды пайдаланылады.

Сонау ықылым заманнан, сан ғасырлар бойы халықтың өзімен бірге жасасып, ұрпақтан-ұрпаққа мұра болып жалғасып келе жатқан- халқымыздың салт-дәстүрі мен әдет- ғұрпы. Ақын жыраулар поэзиясында  салт-дәстүрдің, әдет-ғұрыптың алатын орны ерекше. Қашағанның да бірқатар өлеңдері тұрмыс-салт тақырыбына арналған. Олардың қатарында «Аралбайды жұбатуы», «Қонақкәде», «Тойбастар», «Ұзатылып бара жатқан қызға берген батасы» туындыларын атай аламыз.

жалғасы...

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға