«Пышақ сабын арқар мүйізінен жасаймын»: қазақ ұстасының қайталанбас қолөнер туындылары

«Пышақ сабын арқар мүйізінен жасаймын»: қазақ ұстасының қайталанбас қолөнер туындылары
Фото: AI көмегімен жасалды

Темірді иіп, пышақ соғып, қамшы өрген ұсталардың еңбегі қазақ тұрмысында қашанда ерекше бағаланған. Бүгінде осы көне кәсіпті жетінші ұрпақ болып жалғастырып келе жатқан Оразбек Жақайұлы жарты ғасырдан астам уақытын ұсталық өнерге арнаған. Қазір ол шағын шеберханасында ата-бабасынан үйренген әдіспен түрлі бұйымдар жасап, кәсібін өз күшімен жүргізіп отыр. Оның ендігі мақсаты – шеберханасын кеңейтіп, шәкірт тәрбиелеу.  El.kz интернет басылымының тілшісі Оразбек Жақайұлымен кездесіп, ұсталықтың қыр-сыры, қолөнерге деген бүгінгі сұраныс пен ата кәсіптің болашағы туралы әңгімелесті.

Жеті ұрпақтан жалғасқан кәсіп

Оразбек Жақайұлы ұсталықты бала күнінен әкесінің қасында жүріп үйренген. Темірді қыздырып, оны өңдеу, пышақтың жүзін шығару, сап жасау секілді жұмыстардың бәрі оған жастайынан таныс. Уақыт өте келе әкесінен көргенін өз тәжірибесімен ұштастырып, ата кәсіпті жалғастырған.

Шебердің айтуынша, ұсталық олардың әулетінде жеті ұрпақтан бері жалғасып келеді. Бұрын ата-бабалары қазақтың күнделікті тұрмысына қажетті түрлі бұйымдарды жасаған.

Біздің жеті атамыздан бері ұсталықпен айналысып келе жатырмыз. Өзім осы кәсіпті әкемнен үйрендім. Бұрын Қытайда тұрған кезімізде қазаққа не керек болса, соның бәрін жасадық. Шаңырақ, ер-тұрман, пышақ, бәкі секілді бұйымдардың бәрі қолдан жасалатын. Әкем де шаңырақ жасайтын. Ол кезде мұндай дүниелерге сұраныс көп еді, – дейді Оразбек Жақайұлы.

Алайда уақыт өте келе тұрмысқа қажетті заттарды жасау тәсілі де, халықтың сұранысы да өзгерген. Бұрын ағаш пен темірден қолмен жасалатын бұйымдардың орнын зауыттан дайын күйінде шығатын тауарлар баса бастаған.

Ұстаның айтуынша, әсіресе Қытайда жаппай өндірілген арзан бұйымдар көбейгеннен кейін дәстүрлі қолөнерге деген сұраныс азайған.

Бұрын ер-тұрманды да, шаңырақты да өзіміз жасайтынбыз. Кейін темір киіз үйлер, дайын ерлер шыға бастады. Адамдар қолдан жасатқаннан гөрі дүкеннен сатып алатын болды. Пышақ пен бәкі де солай. Қолмен жасалған бұйым мен зауыттан шыққан заттың айырмашылығы бар, – дейді шебер.

Соған қарамастан, Оразбек Жақайұлы ата кәсібін тастаған емес. Бүгінде ол Қоянды ауылындағы шағын шеберханасында темір өңдеп, тапсырысқа түрлі бұйымдар дайындайды.

<em>Фото: El.kz/Амангүл Тілейқызы</em>
Фото: El.kz/Амангүл Тілейқызы

Бір пышақтың өзіне үлкен еңбек қажет

Шеберханада әртүрлі көлемдегі пышақтар, бәкілер, олардың саптары мен қындары, сондай-ақ бұйым жасауға қажетті құрал-жабдықтар бар. Мұндағы әр заттың өзіндік қызметі мен жасалу ерекшелігі байқалады.

Ұстаның айтуынша, қазақ тұрмысында пышақтың бірнеше түрі қолданылған. Мәселен, мал бауыздауға арналған пышақ пен күнделікті ет кесуге пайдаланылатын пышақтың көлемі мен пішіні бірдей болмайды.

Мал бауыздауға арналған пышақтың жүзінің ұзындығы шамамен 17-18 сантиметр болады. Мұндай пышақпен мал соямыз, терісін сыпырамыз, қалың етті кесеміз. Ал мынау – табаққа қоятын пышақ. Қонақ келгенде ет кесуге пайдаланылады. Кішкентай пышақтардың да өз қызметі бар. Қазақ әрқайсысын қажетіне қарай қолданған, – деді ол.

Шебер пышақтың жүзін ғана емес, сабы мен қынын да өзі дайындайды. Әсіресе сап жасауға пайдаланылатын материалға мән береді. Оның қолындағы кейбір пышақтардың сабы аң мүйізінен жасалған.

<em>фото: El.kz/Амангүл Тілейқызы</em>
фото: El.kz/Амангүл Тілейқызы

Мынау – арқардың мүйізі. Пышақтың сабын жасауға жақсы материал. Бірақ мұндай мүйіз көп кездесе бермейді. Табылған кезде алып, қажетімізге жаратып отырамыз. Әр пышақтың сабын өзіне лайықтап жасаймыз. Қынын да өзім дайындаймын. Тапсырыс берген адамның аты-жөнін жазып беретін кездерім болады, – дейді ұста.

Оның қолында әкесінен қалған көне бұйымдар да сақталған. Солардың бірі – 1990 жылы жасалған пышақ. Бұйымның бетінде жасалған жылы көрсетілген жазу бар.

Оразбек Жақайұлы үшін мұндай заттардың құндылығы тек жасалған материалында емес. Олар – әкесінің еңбегін, әулетінің кәсібін еске түсіретін жәдігерлер.

Ұста бұйымдарын дүкендерге өткізбейді. Негізінен жеке тапсырыспен жұмыс істейді. Оған бұрыннан танитын адамдар, жасаған заттарын көргендер және жақындарына сыйлық іздеген тапсырыс берушілер хабарласады.

Дүкендерге апарып сатпаймын, тек тапсырыспен жасаймын. Көбіне білетін, бұрын жасаған заттарымды көрген адамдар келеді. Бір адам алады, кейін басқаларға көрсетеді. Сөйтіп ел бір-бірінен естіп, өздері хабарласады. Кейбіреулер сыйлыққа беру үшін арнайы жасатады, – дейді ол.

Шебердің сөзінше, қолмен жасалатын бұйымның бағасы оған жұмсалған уақыт пен еңбекке байланысты. Кейбір жұмыстардың құны 15-20 мың теңгеден басталады. Өйткені бір затты дайындаудың өзіне тұтас бір күн кетеді.

<em>Фото: El.kz/Амангүл Тілейқызы</em>
Фото: El.kz/Амангүл Тілейқызы

«Бәкі – атадан балаға қалатын мұра»

Оразбек Жақайұлы бәкіге ерекше мән береді. Оның айтуынша, қазақ халқы бұл бұйымды күнделікті тұрмыста кеңінен пайдаланған. Мал баққан, жол жүрген адам бәкісін жанынан тастамаған.

Қазақта ер жігіт құр қол жүрмейді деген сөз бар. Бұрын мал қайырып жүргенде бәкі жанымызда болатын. Қажет кезде ет кесеміз, басқа да жұмысқа пайдаланамыз. Сондықтан бәкі әр адамның өзімен бірге алып жүретін қажетті құралы болған. Оның қынын да өзім жасаймын, – дейді ұста.

Бәкі тек тұрмыстық құрал емес, ұрпақтан ұрпаққа қалатын мұра екенін айтады. Кейбір адамдар шеберге ондаған жыл бұрын жасалған бәкілерін әкеліп, тозған бөліктерін жаңартып беруді сұрайды.

Маған елу жыл пайдаланған бәкісін алып келетін адамдар бар. Сабы тозып қалса, жаңасын жасап беремін. Сонда ол бәкі тағы елу жыл қызмет етуі мүмкін. Жүз жыл сақталса, атадан балаға қалған мұра болмай ма? Қазақтың кішкентай ғана бұйымының өзінде осындай үлкен мән бар, – дейді Оразбек Жақайұлы.

Шебердің ойынша, қолөнердің құндылығы да осында. Сапалы жасалған зат ұзақ уақыт пайдаланылып қана қоймай, оны жасаған адамның еңбегі мен шеберлігін кейінгі ұрпаққа жеткізеді.

<em>Фото: El.kz/Амангүл Тілейқызы</em>
Фото: El.kz/Амангүл Тілейқызы

Қазақтың қамшысы қандай болуы керек?

Оразбек Жақайұлы пышақ пен бәкіден бөлек, қамшы да жасайды. Оның айтуынша, бүгінде қамшыны күнделікті пайдаланудан гөрі үйдің төріне ілу немесе сыйлыққа тарту үшін жасататындар көп.

Шебер қамшының өрімі мен жасалу тәсіліне ерекше тоқталды. Оның сөзінше, қазақ шеберлері қамшыны әртүрлі таспамен өріп, сабын да түрлі материалдармен әшекейлеген.

<em>фото: El.kz/Амангүл Тілейқызы</em>
фото: El.kz/Амангүл Тілейқызы

Қазақта алты таспа, тоғыз таспа қамшы деген бар. Төрт қыр, алты қыр, сегіз қыр, он екі қыр етіп өрген. Оның бәрі адамның қолының шеберлігіне байланысты. Бұрын қамшының сабын күміспен әшекейлеген шеберлер де болған. Қамшыны жай ғана зат ретінде емес, ерекше өнер туындысы ретінде жасаған, – дейді ол.

Ұста әр бұйымның өзіндік ерекшелігі болғанын қалайды. Сондықтан қамшының өріміне, түсіне, сабының пішініне мән береді. Алдағы уақытта мүмкіндік болса, күміспен әшекейленген қамшыларды да көбірек жасағысы келеді.

Әр қазақтың үйінің төрінде бір қамшы болғаны жақсы. Қамшының түрі көп, оны әртүрлі етіп жасауға болады. Егер кәсібімізді дамытып, мүмкіндік көбейсе, сабын күміспен әшекейлеп, одан да ерекше бұйымдар дайындауға болады. Қолымыздан келгенше әр заттың өзгеше болғанын қалаймыз, – дейді шебер.

Шеберханасын кеңейтуге мүмкіндік іздеп жүр

Оразбек Жақайұлы ұсталықпен жарты ғасырдан астам уақыт айналысса да, кәсібін кеңейту оңай емес екенін жасырмайды. Оның айтуынша, сапалы бұйым жасау үшін арнайы құрал-жабдықтар мен қажетті материалдар керек. Ал олардың бағасы жылдан-жылға қымбаттап барады.

Шебер кейбір жабдықтарын Қытайдан алдырады. Мәселен, қажетті құралдарының біріне 400 мың теңге жұмсағанын айтты. 

<em>фото: El.kz/Амангүл Тілейқызы</em>
фото: El.kz/Амангүл Тілейқызы

Қазір алпыс жасқа келдік. Қажетті заттың бәрі қымбат. Бір құралды Қытайдан 400 мың теңгеге алдырдым. Шеберханадағы жабдықтардың көбін өз қаражатыма сатып алдым. Осы уақытқа дейін ешқандай мемлекеттік грант алған жоқпын. Бәрін өз күшіммен жасап келемін, – дейді ол.

Оразбек Жақайұлы мемлекеттік қолдау бағдарламаларына қатысуға қарсы емес. Керісінше, тиісті мүмкіндік болса, кәсібін дамытып, шеберханасын кеңейтуді көздейді. Алайда әзірге қандай бағдарламаға қатысуға болатыны және қажетті қаржыны қалай алуға болатынынан бейхабар.

Шеберханамды үлкейтіп, жұмысымды кеңейткім келеді. Қолдау болса, қажетті құрал-жабдықтарды алып, бұйымдардың түрін көбейтуге мүмкіндік туар еді. Бірақ грантты қайдан, қалай алуға болатынын толық білмеймін. Әзірге өз күшіммен жұмыс істеп жатырмын», – дейді шебер.

Ол ұсталықты тек табыс табудың көзі деп қарастырмайды. Сондықтан кәсібін дамыту туралы айтқанда, ең алдымен ата-бабасынан қалған өнерді сақтап қалуды ойлайды.

<em>Фото: El.kz/Амангүл Тілейқызы</em>
Фото: El.kz/Амангүл Тілейқызы

«Шәкірт тәрбиелеп, білгенімді үйреткім келеді»

Шебердің алдағы ең үлкен мақсаты – өзінен кейін ұсталықты жалғастыратын шәкірт тәрбиелеу. Ол бұл өнердің бір адамның қолында қалып қоймай, кейінгі ұрпаққа жеткенін қалайды.

Оразбек Жақайұлының айтуынша, ұсталықты үйренуге ниетті жастарға мүмкіндік жасау маңызды. Әсіресе денсаулығына байланысты қозғалысы шектеулі, бірақ қолымен жұмыс істей алатын адамдарға кәсіп үйретуді ойластырып жүр.

Болашақта шеберханамды кеңейтіп, шәкірт тәрбиелесем деймін. Мүмкіндігі шектеулі, бірақ қолынан іс келетін адамдар болса, оларға да осы өнерді үйреткім келеді. Бір кәсіп меңгеріп алса, өзіне де пайдасы тиеді. Ұсталықты дамытып, кейінгі ұрпаққа қалдыру – менің мақсатым, – дейді.

Бұл ойды жүзеге асыру үшін шеберхананың жағдайын жақсартып, қосымша жабдықтар алу қажет. Сондықтан ол алдағы уақытта мемлекеттік қолдау мүмкіндіктерін қарастыруды жоспарлап отыр.

<em>Фото: El.kz/Амангүл Тілейқызы</em>
Фото: El.kz/Амангүл Тілейқызы

Егер мемлекет тарапынан қолдау көрсетілсе, осы кәсібімді кеңейтер едім. Қазақтың ата-бабасынан қалған өнері ғой. Оны жоғалтпай, әрі қарай дамытқым келеді. Шәкірттер тәрбиелеп, білгенімді үйретсем деймін. Қажетті қаражат пен жағдай болса, мұның бәрін жасауға болады, – дейді Оразбек Жақайұлы.

Жарты ғасырдан астам уақытын ұсталыққа арнаған шебер бүгінде шағын шеберханасында жұмысын жалғастырып келеді. Кезінде әкесінің жанында жүріп үйренген кәсібі қазір оның күнделікті тіршілігінің бір бөлігіне айналған. Қолынан шыққан әр пышақ, бәкі мен қамшыда жеті ұрпақ бойы жалғасқан әулеттік өнердің ізі бар.

Оразбек Жақайұлының ендігі тілегі – осы өнерді үйренемін деген жастардың табылуы. Өйткені жеті ұрпақ бойы үзілмеген кәсіптің келешегі оны жалғастыратын шәкірттерге байланысты.

Оқи отырыңыз