Жаңалықтар

Тегін адвокат жалақысымен ауылда жұмыс істеу мүмкін емес - Мейірбек Дауылбаев

Тегін адвокат жалақысымен ауылда жұмыс істеу мүмкін емес - Мейірбек Дауылбаев
Фото: El.kz 25.02.2023 11:00 1508

Республикалық адквокаттар алқасының мүшесі «тегін» адвокаттардың жағдайы мүшкіл екенін жеткізді, деп хабарлайды El.kz  ақпараттық агенттігі.

Адвокаттар адам құқығын қорғап жүргенімен, өздерінің құқығы тапталып жатқанын Әділет департаментіне жеткізе алмай отыр. Қанша жыл қатарынан өтініштері қаралмай келе жатқан адвокаттар алқасы БАҚ өкілдері арқылы билікті құлағдар етуді дұрыс деп тапты.

Мейірбек Дауылбаев мемлекет кепілдік берген заң көмегін көрсететін адвокаттардың жағдайы мен ауылдық жерлердегі азаматтардың қолайлы адвокаттық қызмет ала алмай отырғандығын ашып айтты. Соңғы үш жылда аталмыш көмекті беретін адвокаттар саны 62,5%-дан 39%-ға төмендеген.

«Мемлекет кепілдік берген заң көмегін көрсететін адвокаттар. Олар халық арасында – «тегін адвокат» деген атауға ие. 2022 жылы 169 мың азамат адвокаттардан мемлекет кепілдік берген заң көмегін алған. Қоғам мұндай көмектің сапасы нашар деп көп шағымданады. Ал адвокаттың осы мемлекетпен кепілдендірілген заң көмегі аясында төленетін жалақысы негізсіз төмен, мысалы 2023 жылға бұл төлем сағатына 0,56 АЕК яғни 1932 теңгені құрайды.

Тәжірибелі сұранысқа ие, білікті мамандар мемлекетпен кепілдендірілген заң көмегі аясында істерге қатысуға мүдделі емес. Яғни бұл дегеніміз – өз кезегінде, халықтың аз қамтылған топтарын қиын өмірлік жағдайларда сапалы және білікті заң көмегін конституция кепіл берген деңгейде алу құқығынан айырады», – дейді ол.

Сонымен қатар, онсызда төмен төлемнің мөлшерін сот және тергеу органдары адвокаттың жұмсаған уақытын минутпен есептейді. Айтуынша, бірде бір нормативтік құқықтық акт минуттарды ескере отырып төлем жүргізуді қарастырмайды. Алайда осыған қарамастан бұл мәселе әлі де актуалдығын жоғалтпай тұр дейді.

«Бұл проблеманы адвокаттар бірнеше түрлі деңгейлерде көтеріп келеді, бірақ ешқандай реакция жоқ. 2022 жылы Павлодар облыстық адвокаттар алқасының адвокаттары осы мәселеге байланысты Павлодар облысының Әділет департаментін сотқа берген. Біршама уақытқа созылған сот процесіне Жоғарғы Сот нүкте қойып, минутпен есептеу тәжірибесінің заңсыздығы бекітілді. Соған қарамастан мемлекеттік органдар осы күнге дейін аталған минутпен есеп жүргізуді тоқтатпай келеді. Сондықтан заңнамаға өзгерту енгізу қажет», – дейді адвокат.

Тағы бір өзекті мәселе – ауыл тұрғындарының заң көмегін алу құқығын жүзеге асырудағы қиындықтар (төмендегі кестеде ауылда қанша маман бар екені көрсетілген). Конституцияның 13-бабына сәйкес «әркімнің білікті заң көмегін алу құқығы бар». Алайда адвокаттардың ауылдық жерлердегі тұрғындарға осындай көмек көрсетуіне кадр жетіспеушілігі кедергі келтіруде. Жасыратыны жоқ кадр ғана емес жағдай жасалмауының да әсері тиюде.

Тегін адвокат жалақысымен ауылда жұмыс істеу мүмкін емес - Мейірбек Дауылбаев

«Адвокаттық қызмет туралы Заңның 54-бабы ауылдық елді мекендерде кәсіби қызметті жүзеге асыратын адвокаттар үшін жеңілдікті көздейді. Алайда тәжірибе көрсеткендей ауылда біздің кеңселер жоқ. Осы жерде неге адвокаттардың ауылдық жерлерде қызмет көрсетуге қызығушылығының жоқ екенін айта кеткен жөн, өйткені басқа сала мамандары сияқты адвокаттарда ешқандай қолдау жоқ.

Халыққа көмек көрсету үшін адвокаттар қызметтік тұрғын үймен қамтамасыз етілмейді. Ал ауылдық елді мекендер халқының едәуір бөлігі табысы төмен адамдар және әлеуметтік осал санаттағы азаматтар. Тегін көмекке алуға олар мұқтаж. Жергілікті атқарушы органдарға ауылдық елді мекендерде жұмыс істейтін адвокаттарды қызметтік үй жайлармен қамтамасыз етуді ұсынамыз».

Адвокат дәйекті дәлел келтіріп, сөзінің растығын айқындай түсті.

«Мысалға, Алматы облыстық адвокаттар алқасы 38,7 мың тұрғыны бар Райымбек ауданында заң консультациясын құрды және аталған ауданда білікті заң көмегін көрсету үшін бір адвокат жіберді. Адвокат Алматы облыстық сотының меншігіндегі пәтерді жалға алған болатын. Алайда 2021 жылдың соңында адвокат оны босатуға мәжбүр болды. Кейінірек аудандық сот ғимаратындағы кабинетті де босатуын да өтінді. Осындай жағдайдан кейін қандай адвокат ауылға жұмыс істеуге барады?», – дейді Мейірбек Дауылбаев.

Кадр жетіспеушілі айқын байқалады. Аймақтық адвокаттар алқасының ақпараты бойынша облыстардың жекелеген аудандарындағы адвокаттар саны өте төмен. Мысалы:

- Алматы облысы Еңбекшіқазақ ауданының 26 ауылына заң көмегін тек 2 адвокат көрсетеді. Басқа аудандарда адвокаттар мүлдем жоқ.

- Ұлытау облысы Жаңаарқа ауданында 35,6 мың адамға 3 адвокат көмек көрсетеді. Оған қоса облыс орталығына дейін қашықтық – 324 км.

- ШҚО Күршім ауданының 12 ауылдық елді мекенінде 4адвокат, оның ішінде аудан орталығында 3 адвокат, Марқакөл ауылында тек 1адвокат бар.

Статистика көңіл қуантпайды. Егер қылмыстық іске іш немесе одан да көп адамның қатысы бар болса, ауылдағы қорғаушылар қорғаушыларға жеткіліксіз. Осы ретте республикалық адвокаттар алқасы қалалық және ауылдық жерлерде заң көмегін қамтамасыз етудің теңсіздігін жою үшін келешекте «Дипломмен ауылға» бағдарламасы секілді әлеуметтік қолдау шараларын ұйымдастыру қажет екенін айтылды.

«Жас мамандар ауылға барып тәжірибе жинау арқылы үлкен істерді жүргізуге мүмкіндік алады, қызығушылықтары артады. Адвокат мамандығы да мұғалім сияқты қоғамға маңызды мамандықтардың бірі. Осылайша кадр тапшылығы да ақырындап шешімін табады», – дейді ол.

Республикалық адвокаттар алқасы дайындаған «Ұлттық баяндама» арқылы әділеттілікке жететіндеріне мүдделі.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға