Жаңалықтар

Саяси дода жақындаған сайын науқан қыза түсуде

Саяси дода жақындаған сайын науқан қыза түсуде
Фото: El.kz 03.03.2023 18:00 4090

Биылғы саяси дода әдеттегіден бөлектеу. Депутаттыққа үміткерлердің де қатары қалың. Оның үстіне кешегі партия өкілдерінің арасындағы пікірсайыс науқанды тіпті қыздыра түскендей. Бұл тұрғыда саясаттанушылар қандай пікірде екен? Сұрап көрдік.

Халық алдындағы жауапкершілікті ұмытпау керек

Саясаттанушы Мақсат Жақаудың пікірінше, сайлауға түсетіндер ең бірінші халық алдындағы жауапкершілікті ұмытпау керек.

«Партиялық тізіммен Парламентке ену сайлаудағы ең оңай жол болғанымен, кандидаттар үшін ертеңгі күні депутат болған жағдайда өзіндік партиялық және халықтық жауапкершіліктердің бар екендігін ұмытпау керек. Себебі, партиялық шешіммен кейін де ротациямен не өз қызметін дұрыс атқармағаны үшін мандаттан айыру мүмкіндіктері болады. Ал бұған қоса, халықтың алдындағы жауапкершілігі екі есе болуы тиіс», – дейді.  

Айтуынша алдағы сайлауға партиялар өз тізімдерін ұсынды. Оның барлығы Парламентке немесе 50 пайыздық квотамен маслихаттарға енеді деген сөз жоқ.

Саяси дода жақындаған сайын науқан қыза түсуде

«Сайлаудан 5 пайыздық межеден өткен партиялар ғана әрі қарай қанша кандидаты депутаттық мандатқа ие болатынын ішкі шешімдерімен анықтайды. Меніңше, бұл сайлауда ең алдымен партиялық мүшелері басым және еліміздің саяси өміріне атсалысып келе жатқан партиялардың мүмкіндіктері мол. Бәрібір тәжірибе мен біліктілік құр сын мен сөзден көрі дауыс беруші шешім қабылдағанда өз маңыздылығын көрсетеді», – деді ол.

Саясаттанушы танымалдылықпен дауыс жинаған партия, өз құрамының мүшелерінің тұлғалық танымалдығына қарай электоратын жинайды деп отыр.

«Мұндай тізіммен жұмыс істеп жатқан партиялар бар. Кейбір партиялар бұған онша мән бермеген, құрамында мүлдем белгісіз адамдар жүр. Бұл енді саяси қателік болып есептеледі. Бағдарламалары мен ұрандарына келсек, барлық партияда ерекшелеп айтатын ұсыныстары аз, әрқайсысы еліміздегі бәріне белгілі проблемаларды әртүрлі сөзбен көмкеріп, түрлі киім кигізгендей ғана өзгертіп ұсынуда. Яғни, міне дейтіндей, керемет ұсыныстар жоқ. Парламентке өтетін партиялар тәжірибелі әрі өз электоратымен жұмыс істеген уақыты бар ұйымдар болуы тиіс. Ал мәслихаттарда барлық жеті партияның жүруі қисынды болу керек. Неге? Себебі, барлық әлеуметтік мәселелер жергілікті аймақтарда. Төменнен жоғары қарай саяси шешімдерге сайлауға түскен партиялар ықпал ететін бәсекелестік орнауы қажет. Бұл дұрыс даму көрсеткіші болмақ», – деді.

Мұндай ашық әрі қызу дебат соңғы 20 жылда болмады

Ал саясаттанушы Қазбек Майгелдиновтің пікірінше, кешегі дебат олардың әлеуетінің қаншалықты екендігін көрсетті деген пікірде.

«Алғашқы екі апта өтсе де, жеті саяси партия өз деңгейінде сайлауалды үгіт-насихат жұмыстарын әр аймақта жалғастыру үстінде. Әрине, әр партияның әлеуеті әртүрлі. Мәселен «Amanat» партиясында адам саны көп, 800 мыңнан астам қолдаушысы мен мүшелері бар. Бұдан бөлек, өңірлерде өзінің филиалдары болғаннан кейін бұл тұрғыдан алған кезде басымдығын көрсетіп отыр деуге болады», – дейді.  

Саясаттанушыдан партиялардан қандай ерекшелік байқағанын сұрадық.

Саяси дода жақындаған сайын науқан қыза түсуде

«Алдымен екі жаңа саяси партия «Respublica», «Байтақ» жасылдар партиясына келсек, олар адам саны тығыз орналасқан Алматы, Түркістан, Шымкент, Қызылорда сияқты аймақтарда өз жұмыстарын белсенді түрде жүргізіп жатқандығын көруге болады. «Respublica» партиясы әсіресе, жастарға баса назар аударса, «Байтақ» партиясы экологиялық мәселелері бар өңірлерге көп көңіл бөлуде. «Ақ жол» демократиялық партиясы мен Қазақстан Халық партиясы да қала мен облыстарда үгіт-насихат жұмыстарын қолға алғаны белгілі. Екі жаңа партияға қарағанда аталған партиялар өзінің бір имиджіне қандай да бір нұқсан келтірген жайттары бар. Бүгінде «Ақжол» партиясының құрамы 10-15 жылда өзгермегенін көруге болады. Яғни, жаңа адам, жаңа тұлғалар тұрғысынан элоктараттың алдында қаншалықты тартымды болатыны үгіт-насихат жұмысында өз әсерін тигізбей қоймайды», – дейді.

Өздерін тікелей оппозиция ретінде жария еткен Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясы және «Ауыл» партиясының жұмысын әлеуметтік желіден және БАҚ көргенде, жастарды көбірек тарту арқылы өз әлеуетін жандандырып жатқанын байқауға болады.

«Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясы 2021 жылы бойкот жариялап қатыспағаннан кейін, бұл партияның жұмысы бір жағынан қаншалықты тиімді болады деген сұрақ туындайды. Себебі, элоктарат әрдайым белсенді болмағаннан кейін партияға деген қолдау мен сенім төмендеуі әбден мүмкін», – дейді ол.

Сондай-ақ, саясаттанушы кешегі саяси партия өкілдерінің арасында өткен пікірсайықа қатысты да өз пікірін білдірді.

«Ұлттық арнада жеті саяси партия өкілдерінің саяси дебаты өтті. Бұл пікірсайыс көрсеткендей бір жағынан өте қызу, эмоцияға толы болды деуге болады. Екінші жағынан алып қарасақ, пікірсайыстың рекламенті сақталмай, дебат ережесіне сәйкес бұзушылықтар да болғаны мәлім. Дегенмен біз бір нәрсені ескеруіміз керек. Мұндай ашық, қарқынды, қызу дебаттар бізде соңғы 20 жылда болмады. Қанша дегенмен саяси технологиялар тұрғысынан қарағанда ол әрине шоу ғой. Сондықтан кешегі дебаттар өзінің әлеуетін көрсете алды. Бірақ алдағы уақытта саяси сауаттылық деген дүниелер қажет-ақ. Десе де, пікрсайыс форматы шын мәнінде саяси күштердің қауқарын көрсететін саяси алаңға сай болу керек. Яғни, өз-өзін ұстауы, алаңда нақты дәйектер көрсете алуы және басқа да мәселелер алдағы уақытта Мәжілісте көрінеді. Өлшеуіш құралы деп айтуға толық негіз бар. Осындай пікрсайыстарды жиі өткізген дұрыс деп санаймын», – дейді саясаттанушы.

Дебаттың нәтижесінің шындыққа қаншалықты жанасатынын саясаттанушыдан сұрағанымызда, нәтижені нақты көрсеткіш деп санамайтынын айтты.

«Пікірсайыстың алғашқы нәтижесін көрдік. Бұл нәтижені нақты көрсеткіш деп айтпас едім. Өйткені, Q-кодты кім қосты, кім қоспады және қолдана алатындар мен қолдана алмайтындар да бар. Сол сәтте қаншалықты көрермен оны көрді. Оның ішінде қанша жас аралығы мен қай аймақтар болды деген сынды сұрақтар өте көп. Бұл сол дебаттың алғашқы межесін ғана көрсетті», – деді саясаттанушы Қазбек Майгелдинов.

Мәжілісте халық үніне құлақ асатын азаматтар отыруы тиіс

Саясаттанушы Қайрат Айтбай халықтың жартысы сайлауға қандай партия қатысатынын білмейтінін айтады.

«Күні кеше партия дебаты өтті. Оған жеті саяси партияның өкілдері қатысты. Бәріміз тыңдадық. Пікірсайыста қойылған сұрақтардың өте қызу талқыға түскенін көрдік. Сауалдары сырт көзге қарағанда, мәдениетті болып көрінуі мүмкін. Десе де, пікірталастың қызғаны соншалық, бір-бірінің сөзін бөліп, дәлелдегісі келіп жатты. Бәлкім дебат осымен де қызық шығар. Сайлаушылар әр партияның бағдарламасымен таныс болуы тиіс деп ойлаймын. Кімге дауыс беріп жатқанын білуі керек. Шыны керек, халықтың жартысы сайлауға қатысатын партияларды білмейді. Тіпті, кешегі дебаттан ғана естіп-біліп жатқандар бар», – дейді.

Айтуынша, мұндай пікірсайысты жиі ұйымдастыру керек.

Саяси дода жақындаған сайын науқан қыза түсуде

«Арасында қарсы тараптар бір-бірінің сөзін тыңдамай шулап кетті. Қарсы тарап сұрақты тыңдап, жауабын нақты берген жағдайда дұрыс көрінеді.  Екінші жағынан көзіқарақты қарапайым көрерменге не айтып жатқаны түсінікті болар еді. Саясатты бірі түсінер, енді бірі түсінбес. Өз тіршілігімен жүрген аудитория да бар. Осылардың бәріне қарай келе, сұрақтардың да салмағын өлшеуге болады», – деді.

Саясаттанушы бұрыннан келе жатқан партиялар сол бағдарламамен қалғанын тілге тиек етті.

«Он жыл бұрын айтылған сөздері әлі бар. Қазір қарапайым халықтың көзі ашық. Баяғы жартас, сол жартас болғасын оны тыңдамайды. Жауыр болған мәселені қаншама жыл естіп келеді. Әділетті Қазақстан дейміз, соған сай заңға да өзгерістер еніп жатыр. Партияның да бағыт-бағдары өзгеруі керек. Ата заңға енген өзгерістер әлде оларды қызықтырмай ма? Екінші жағынан біле тұрса да, қозғағысы келмеген сыңай танытқаны ма деген ойлар келеді», – дейді саясаттанушы.

Оның айтуынша,біздің өміріміз, жүріс-тұрысымыздың барлығы Конституцияға байланысты. Заңға өзгеріс енгізуге үлкен саяси тағдыры бар құбылыс ретінде қарау қажет.

«Ал Парламентте бұрыннан отырған депутаттар мұны жақсы түсіну керек. Ескі партиялар мәселені осыдан бастай ма деп күткен едік. Ал жаңа партиялар Мәжілісте отырмағанына қарамай, өз ұсыныстарын айтып, түсіндіруге тырысты. Былайша айқанда, жас бала мен үлкен кісінің тәжірибесі әртүрлі. Бір жағынан оларға сұрақты сол тәжірибесіне қарап қою керек сияқты», – деп пікір білдірді.

Сондай-ақ, ол дебаттан еш жаңалық күтпегенін айтты.

«Олардың бағдарламасы мен жоспарынан не болмаса, жауап бергенінен еш жаңалық күтпедім. Атынан да затынан да еш өзгеріс байқалмады. Бір сөзбен айтқанда, көңілім толмады. Керісінше, жаңа партиялар қызық. Неге десеңіз, олардың жаңа талаптары мен ұсыныстары бар. Бір өзгеріс енгізуге талпынып жатқанын көруге болады. Жаңа Қазақстанға жаңа партиялар келетін болса, олардың көзқарастары да жаңа болмақ. Яғни, жаңа адамдардың Парламентке жаңа партия арқылы жаңа кандидаттардың келгенін дұрыс көремін», – дейді.  

Бұдан өзге бір партиядан екінші партияға ауысып жүретіндер туралы да ойын жасырмады. 

«Оларға партияны ауыстыру, болмаса көше атауын ауыстыру деген дүниелер оңай сияқты. Ертеңгі күні көзқарастары тұрақты болатынына кім кепіл? Сол себепті, билікке келетіндер айтқан сөзіне берік болуы қажет. Ұшып-қонып жүрген адамға халықтың сенімі де болмайды. Халықтың үніне құлақ асатындай азаматтар болса деймін. Жаңа өмірге жаңа талпыныспен қадам басатындар керек», – дейді саясаттанушы Қайрат Айтбай.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға