Жаңалықтар

Қазақстанда балалардың құқығы қорғалған ба?

Елімізде балалардың құқығын қорғау қандай ұлттық модельге негізделген? 
Қазақстанда балалардың құқығы қорғалған ба?
31.05.2018 16:44 13551

Ертең 1 маусым – балалардың құқығын қорғау күні. Мереке қарасаңында  Балалардың құқықтарын қорғау комитетіне ресми хат жолдап, бізді толғандырған бірнеше сауалға жауап алдық.

Әуелі Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігіне қарасты  Статистика комитеті ұсынған ресми деректі келтірер болсақ, 2018 жылғы 1 сәуірдегі көрсеткіш бойынша еліміздегі халықтың саны 18 212,8 мың адамға жеткен. Соның ішінде қалалықтардың саны – 10 459,2 мың (57,4%) болса, ауыл тұрғындары – 7 753,6 мыңға жеткен (42,6%). Бұл көрсеткіш 2017 жылғы 1 сәуірмен салыстырғанда халық саны 237,7 мың адамға яғни 1,3% өскенін көрсетіп отыр.

Тағы бір ресми дерекке сүйенсек, елімізде 80 мыңнан астам жетім балалар бар. Статистика агенттігі ұсынған деректе 2017 жылы Қазақстан Республикасында 390 262 бала өмір келгені айтылады.  

Ал, осы 2018 жылы қаңтар-наурыз айларында дүние есігін ашқан сәбилердің саны 92,6 мың адамды құраған. Бұл сандарды 2017 жылғы қаңтар-наурыздағы көрсеткішпен салыстырар болсақ, туу көрсеткіші 0,3% ұлғайғанын көрсетіп отыр. Туудың жалпы коэффициенті 1000 адамға шаққанда 20,57 пайызды  құрайды.

Әңгіменің әлқисасы балалардың құқығы туралы болғандықтан, жетім балалар туралы да ақпарат бере кеткеніміз абзал. Ресми деректерге сүйенсек, 1999 жылдан бері 8169 қазақстандық бала шетел асқан, яғни шетелдік азаматтар асырап алған. Соңғы он жылдың ішінде қазақстандық жәудіркөз жетімдер әлемнің 30 еліне жол тартқан. Бізден бала асырап алудан бірінші орында – АҚШ (6406 бала), екінші орында – Испания (600), үшінші орында Бельгия (343) тұр. Одан әріде немістер – 173, канадалықтар – 167, ирландықтар – 140, француздар 131 жетімімізді бауырына басқан.  

Шекара асқан 8169 тұл жетімнің 3752-сі – қазақтың жәудіркөздері (45,9 пайыз), 4057-сі – орыстар (49,7 пайыз) және 360-ы басқа ұлттар (4,4 пайыз) екен.

Енді Балалардың құқықтарын қорғау комитеті ұсынған «2017 жылғы Қазақстан Республикасындағы балалардың жағдайы туралы» баяндамада келтірілген бірқатар деректерге назар салайық. Баяндамада соңғы 10 жылда ана мен бала өлімі айтарлықтай азайғаны, балалар мекемелерінің желісі қалпына келтіріліп жатқандығы, көптеген жаңа мектептер бой көтеріп,  балалардың мектептен тыс жұмыстардың жаңа түрлеріне тартылып отырғандығы, сондай-ақ қосымша білім беру ұйымдарында мәдени іс-шаралар арқылы балалардың ой-өрістері мен қабілеттерін кеңейту мүмкіндіктері қаралып отырғандығы айтылады.

Дей тұрғанмен, комитет ұсынған мәліметтерде көп балалы және аз қамтылған отбасылар, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар, экологиялық, зорлық-зомбылық қауіпіне түскен, оның ішінде отбасында зорлық-зомбылық көрген, интернет және т.б. орындарда теріс психологиялық әсерлі жағдайларға ұшыраған балалар үшін қауіп әлі де сақталып отырғандығы сөз болады.

Балалардың құқықтарын қорғау комиететі мамандарының айтуынша, баяндама көптеген мемлекеттік органдар ұсынған мәліметтерге жүргізілген талдаулар, әлеуметтік зерттеулер негізінде дайындалған. Нақтырақ айтар болсақ, ҚР Ұлттық экономика министрлігі Статистика комитетінің, ҚР Бас прокуратурасының Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитетінің, ҚР Жоғарғы Сотының деректері; еңбек және халықты әлеуметтік қорғау, денсаулық сақтау, білім және ғылым, қаржы, ұлттық экономика, мәдениет және спорт, ішкі істер, ақпарат және коммуникациялар, әділет, сыртқы істер, инвестициялар және даму министрліктерінің және олардың аумақтық бөлімшелерінің оперативтік мәліметтері пайдаланылған.

Мамандар «2017 жылғы Қазақстан Республикасындағы балалардың жағдайы туралы» баяндаманы әзірлеу барысында алдымен әлеуметтік зерттеу жүргізген. Зерттеу жұмысына Қазақстан Республикасының барлық облыстарынан 8-17 жас аралығындағы 5500 бала жұмылдырылса, оның ішінде сауалнамаға осал топтағы 1200 бала, 2,5 мың ата-ана, балалармен жұмыс жасайтын 1200 маман (білім беру, денсаулық сақтау, әлеуметтік қорғау салаларындағы, кәмелетке толмағандардың ісі жөніндегі инспекторлар) және ҚР-ның оқу-тәрбие беретін мекемелеріндегі 167 директор/оқу ісінің меңгерушісі, сондай-ақ ҚР БҒМ Балалардың құқықтарын қорғау комитетінің сайты арқылы 120 бала қатысқан.

Елімізде халықаралық стандарттарға сай институционалды және заңнамалық деңгейде құрылған бала құқықтарын қорғаудың ұлттық моделі қалыптасқан.

Ол келесідей нормативтік құқықтық құжаттарға негізделеді:

Қазақстан Республикасы Конституциясы

«Қазақстан Республикасындағы баланың құқықтары туралы» ҚР Заңы

«Кемтар балаларды әлеуметтiк және медициналық-педагогикалық түзеу

арқылы қолдау туралы» ҚР Заңы

«Отбасы үлгiсiндегi балалар ауылы және жасөспiрiмдер үйлерi туралы»

ҚР Заңы

«Қазақстан Республикасындағы арнаулы мемлекеттік жәрдемақы туралы»

ҚР Заңы

«Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» ҚР Заңы

«Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы» ҚР Заңы

«Кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтардың

профилактикасы мен балалардың қадағалаусыз және панасыз қалуының

алдын алу туралы» ҚР Заңы

«Балалы отбасыларға берілетін мемлекеттік жәрдемақылар туралы» ҚР

Заңы

«Білім туралы» ҚР Заңы

«Арнаулы әлеуметтік қызметтер туралы» ҚР Заңы

«Тұрмыстық зорлық-зомбылық профилактикасы туралы» ҚР Заңы

«Дене шынықтыру және спорт туралы» ҚР Заңы

«Мемлекеттiк жастар саясаты туралы» ҚР Заңы

«Ең төмен әлеуметтік стандарттар және олардың кепілдіктері туралы» ҚР

Заңы

Қазақстанда адам құқықтарына қатысты 60-қа жуық халықаралық құжат ратификацияланса, оның 15-інен көбі балалардың құқықтарын қорғауға арналған құжаттар.

Қазақстанда ратификациялаған құжаттар:

БҰҰ-ның бала құқықтары туралы конвенциясы

Нәсiлдiк кемсiтушiлiктiң барлық нысандарын жою туралы конвенция

Балаларды саудалауға, балалар зинақорлығына және балалар

порнографиясына қатысты факультативтік хаттама

Балалардың қарулы жанжалдарға қатысуына байланысты факультативтік

хаттама

Адамдарды сатуға және үшiншi тұлғалардың жезөкшелiктi пайдалануына

қарсы күрес туралы конвенция

Азаматтық және саяси құқықтар туралы халықаралық пакт

Экономикалық, әлеуметтік және мәдени құқықтар туралы халықаралық

пакт

Балалар еңбегiнің жаман түрлерiне тыйым салу және жою жөніндегi

шұғыл шаралар туралы ХЕҰ конвенциясы

Ананы қорғау туралы ХЕҰ конвенциясы

Адамдарды, әсіресе әйелдер мен балаларды сатудың алдын алу мен

жолын кесу және ол үшін жазалау туралы хаттама

Балаларды қорғау және баланы шетелдік асырап алуға қатысты

ынтымақтастық туралы конвенция

Балаларды халықаралық ұрлаудың азаматтық-құқықтық аспектілері

туралы конвенция

Мүгедектердің құқықтары туралы конвенция

Білім беру саласындағы кемсітушілікке қарсы күрес туралы конвенция

Балаларға алименттерді және отбасын күтіп-бағудың басқа да

нысандарын өндіріп алудың халықаралық тәртібі туралы конвенция және

Алименттік міндеттемелерге қолданылатын құқық туралы хаттама

Демографиялық үрдістер

Соңғы үш жылда (2014-2016 жж.) жыл сайын елімізде 400 мыңға жуық сәби дүниеге келген.

Ресми дерекке сүйенсек, Қазақстандағы халықтың жалпы санынан балалардың үлесі –31% құрайды екен. Оның ішінде қалалық жерде – 28,7%, ауылдық аймақтарда – 33,8%3. Ең қызығы бұл санды облыстарға шаққанда олардың саны әртүрлі екенін көрсетіп отыр. Республика бойынша балалардың ең төменгі үлес салмағы Қостанайға (23%) тиесілі, Солтүстік Қазақстан (24%) және Павлодар облыстарында (25%), ең жоғарғы үлес салмағы Оңтүстік Қазақстан (40%), Маңғыстау (38%), Қызылорда (37%), Жамбыл (37%) және Атырау (36%).

Мамандардың пікірінше, балалардың үлес салмағы 35%-дан жоғары облыстарда әлеуметтік инфрақұрылымға күш түседі. Ал, үлес салмағы 25%-дан төмен облыстарда, әсіресе ауылдық жерлерде жұмыссыздық мәселесі кездеседі. Салыстырмалы түрде қарастырар болсақ, туу көрсеткіші Солтүстік Қазақстан облысына қарағанда Оңтүстік Қазақстан облысында 10 есе жоғары. Мәселен, Оңтүстік Қазақстан облысында 2009 жылы 73 888 адам болса, 2016 жылы – 81 456-ке жеткен. Жыл сайынғы өсімге байланысты мектептер мен балабақшаларға қосымша 1000-нан астам орын қажет. Алматы облысында да дәл осындай жағдай. Астана қаласында да мектепке дейінгі мекемелер мен мектепке 1800-ден аса жаңа орын, Алматы қаласы мен Маңғыстау облысына 800-900 жаңа орын, Ақтөбе және Атырау облыстарына 300-500, Қарағанды және Батыс Қазақстан облыстарына 100-200 жаңа орын қажет.

Балаларды мемлекет тарапынан тамақтандыру

Жоғарыда атап өткеніміздей, комитет тарапынан жүргізілген әлеуметтік сауалнама нәтижесі елімізде балаларды тамақтандыру бойынша сұраққа жауап берген   ата-аналардың 74%-ы балаларының өте жақсы тамақтанатынын айтқан. Ата-аналардың бестен біріне жуығы (21%) бала уақытылы тамақтанады, алайда тағам түрлері аз десе, 4%-ы керісінше, тағам түрлері көп болғанмен уақытылы тамақтанбайды деген пікірде. Ал, ата-аналардың 0,5%-ы балалардың тамақтануына көңілі толмайды. Сауалнамаға қатысқан балалардың жауабына көз жүгіртсек, 75%-ы күніне үш және одан көп рет тамақтанатынын айтса, 20%-ы тұрақты түрде уақытылы тамақтанбайды және 2,5% бала ешқашан уақытылы тамақтанбағанын айтқан.

Әлеуметтік қолдау

Бала құқықтары туралы Конвенцияның 26-27 баптарында «Әрбір бала әлеуметтік қамтамасыз ету игіліктерін пайдалану, оның ішінде өмірін әлеуметтік сақтандыру құқығына да ие», ал «Мемлекет өздерінің балаларына қажетті жағдайларды жасауға мүмкіндіктері жоқ ата-аналарға көмектесуі қажет» деп көрсетілген. Бұл ұлттық заңда тайға таңба басқандай жазылған.

Балалы отбасыларды әлеуметтік қолдаудың ұлттық моделінің негізгі басымдықтары:

1) бала тууға ынталандыру;

2) көп балалы аналардың беделі мен мәртебесін арттыру;

3) мүгедек балалары бар отбасыларды қолдау;

4) аз қамтылған отбасыларды қолдау14 болып табылады.

Бұл басымдықтар балаларды жан-жақты қолдауға бағытталған жәрдемақы жүйесіне негізделген. Нақтырақ тоқталар болсақ, ата-аналарды бала туу бойынша бір жолғы жәрдемақымен және бала күтімі бойынша жәрдемақымен ынталандыру; көп балалы аналардың беделін арттыру мақсатында  наградалармен марапаттау және көп балалы ата-аналарға жәрдемақы тағайындау, мүмкіндігі шектеулі жандарға қолдау көрсету бағытында – мүгедек жандарды күтіп-бағуға арналған жәрдемақылар беру, аз қамтылған отбасыларға 18 жасқа дейінгі балаларды мемлекеттік көмекпен қамтамассыз ету, ал, негізгі үлесі көп балалы отбасылар болып табылатын аз қамтылған отбасыларға атаулы көмек тағайындау.

Ана мен бала өлімі

Жоғарыда сөз еткеніміздей, «2017 жылғы Қазақстан Республикасындағы балалардың жағдайы туралы» баяндамада тәуелсіздік алғалы уақыттан бастап елімізде ана мен бала өлімі айтарлықтай төмендегені баяндалады.  Денсаулық сақтау органдары берген мәліметке сүйенсек,  2010-2016 жылдар аралығында ана өлімінің тұрақты түрде азайғаны байқалды. Мәселен, экономикалық өзгерістерге байланысы Алматы (29-дан 4,8-ге дейін), Маңғыстау (49-дан 5-ке дейін), Солтүстік Қазақстанда (35-тен 0-ге дейін) азайған. Десе де әлі күнге дейін ана өлімінің көрсеткіші Атырау облысында (30,1) жоғары деңгейде қалып отырса, 2016 жылы Қостанай, Батыс Қазақстан облыстарында (23-25) күрт өссе, Оңтүстік Қазақстан, Қарағанды, Павлодар және Ақтөбе облыстарында (15-18) қалыпты жоғары деңгейде сақталып отыр.

Ал, бала өлімі 2016 жылға қарай соңғы 7 жылда 8,8%-ға дейін (тірі туылған 1000 балаға шаққанда 9,5-ке дерлік), 2015 жылмен салыстырғанда 0,3 промиллеге төмендеген. Мамандар 2017 жылғы 9 айдағы жағдай бойынша бала өлімі себебінің 53,8%-ы перинатальды мерзімде пайда болған, 24,4%-ы туа біткен дамуындағы кемшіліктерге, 4,9%-ы қайғылы оқиғаға, 4,4%-ы жұқпалы-паразиттік, 3,7%-ы тыныс алу органдары және басқа да (8,8%) ауруларына қатысты болды деп түсіндіреді. Өкінішке қарай, елімізде қайғылы оқиғалар, жұқпалы-паразиттік және тыныс алу органдарының аурулары бала өліміне бірден-бір себеп болып отыр.

Ресми деректерде, балалар өлімінің негізгі үлесі нәрестелерге тән екенін көрсетіп отыр. Өмірден ерте кеткен сәбилердің 81,3%-ын 0-1 жас аралығындағы сәбилер болса, 9,9%-ы 1-2 жас аралығында, ал 8,8%-ы 2-5 жасында өмірмен қош айтысқандар. Ал, енді осыған ұқсас динамиканы қарар болсақ 5 жасқа дейінгі балалардың өлімі азайғанын аңғарамыз. Соңғы 7 жылда 19,5-тен 10,8-ге дейін төмендеген.

Денсаулық сақтау министрлігі тарапынан жедел ұсынылған ақпаратқа сай  2017 жылғы 9 айдағы жағдай бойынша балалардың өлімі 9,7%-ды құраған. Өкінішке қарай Қостанай облысында балалар өлімінің көрсеткіші республика бойынша өте жоғары деңгейде қалып отыр.

Жол-көлік оқиғасынан зардап шеккен балалар

Ресми деректерде соңғы үш жылда жол-көлік оқиғасынан зардап шеккен балалардың саны айтарлықтай азайғаны айтылады. Мәселен, 2014 жылы 4632 бала жол-көлік оқиғасынан зардап шексе, бұл көрсеткіш 2016 жылы 4235-ке түскен.

Десе де, қайтыс болғандардың саны 4%-ға өсіп отыр. Жол-көлік оқиғасынан зардап шеккен балалардың ең жоғары үлесі Оңтүстік Қазақстан облысына тән. Одан кейінгі орындарда Жамбыл (22%), Қызылорда (21%), Маңғыстау (20%) облыстары сондай-ақ Алматы қаласы тұр (19%).

Білім және ғылым министрлігі ұсынған дерекке сенсек, 2010-2017 жылдары Қазақстанда мектепке дейінгі ұйымдар саны 2,05 есеге өссе, 2017 жылы 9828 жеткен.

Кезектілік

Өкінішке қарай, Қазақстанда мектепке дейінгі ұйымдардың саны жыл сайын өссе де, кезектілік мәселесі қоғамның өткір проблемасы ретінде қалып отыр.  2017 жылғы 1 қазандағы жағдай бойынша балабақшаға кезекке тұрғандардың саны 539 066 мың бала. Ал салыстырмалы түрде алар болсақ, мектепке дейінгі ұйымдарға баратын балалардың саны 862,3 мың екенін айтуымыз керек.

Кезекте тұрған балалардың 80,0%-ы қалалық бүлдіршіндер. Республика бойынша ең жоғарғы көрсеткіш Астана (85773 адам), Алматы (59720 адам) қалалары және Оңтүстік Қазақстан облысы (51460 адам) үлесінде.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға