Жаңалықтар

ОРАЛДА VI ОБЛЫСТЫҚ ҚОҒАМДЫҚ КЕЛІСІМ КЕҢЕСТЕРІНІҢ ФОРУМЫ ӨТТІ

ОРАЛДА VI ОБЛЫСТЫҚ ҚОҒАМДЫҚ КЕЛІСІМ КЕҢЕСТЕРІНІҢ ФОРУМЫ ӨТТІ
01.12.2018 03:24 1768

Оралда VI облыстық қоғамдық келісім кеңестерінің форумы өтті.

Аталмыш іс-шараға барлық деңгейдегі Қоғамдық келісім кеңестерінің төрағалары мен мүшелері, аналар мен ақсақалдар кеңесі, этномәдени бірлестіктер, мемлекеттік органдардың басшылары, аудан және қалалық және аудандық ішкі саясат бөлімдері, БҚО ҚХА кафедрасы, ғылыми-сараптамалық топ мүшелері, «Жаңғыру жолы» жастар қозғалысының өкілдері қатысты.

Форум жиынында облыс әкімінің бірінші орынбасары Игорь Стексов Елбасының биылғы жылғы Жолдауынан туындаған маңызды міндеттер және БҚО ҚХА Қоғамдық келісім кеңестері жүйесінің қызметтерін оңтайландыру туралы баяндама жасады. Сондай-ақ жастардың барлық санатын қолдауға бағытталған ұсыныстарды ортаға салды.

Облыс әкімінің бірінші орынбасары атап өткендей, Жастар жылын өткізу туралы Жол картасы аясында Plogging форматында «Open air» спорттық, экологиялық акциялар, «Жастардың алтын бесігі» тақырыбында ауылдық елді-мекендердегі оқушылардың табысты тұлғалармен, «100 нақты есім» жобасы жеңімпаздарымен кездесулері, «Тарихтан тағылым, өткенге тағзым» халықаралық жобасы, «Цифрлы азамат» форум-тренингі және басқа да ірі жобалар жүзеге асырылады.

Бұдан әрі Ақжайық аудандық Қоғамдық келісім кеңесінің мүшесі Орынша Ермұханова бұған дейінгі жарияланған Жолдаулардың стратегиялық жалғасы ретіндегі «Қазақстандықтардың әл-ауқатының артуы: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» Жолдауы еліміздің, өңіріміздің дамуына серіпіліс беретінін айтты. Жолдаудағы агроөнеркәсіп кешенін дамыту бағытындағы міндеттер туралы өз ойымен бөлісе келе, аудандағы Азынабай-Тайпақ су құбырын жаңғырту мал шаруашылығын алға жылжытуға, шаруа қожалықтарының көбірек ашылуына септігін тигізерін атап өтті. Бөрлі ауданы Қоғамдық келісім кеңесінің хатшысы Зумрат Менешова аудандағы Қоғамдық келісім кеңестерінің құрылуы бұған дейін бөлек жұмыс жасап келген Ақсақалдар, Аналар, Жастар кеңестерін бір арнаға тоғыстырғанын жеткізді.

Сонымен қатар форум барысында Зеленов, Қазталов, Қаратөбе, Теректі, Тасқала, Шыңғырлау, Сырым аудандары Қоғамдық келісім кеңестерінің жұмысы тыңдалды. Республикалық «Жаңғыру жолы» жастар қозғалысы төрағасының орынбасары А.Сатыбаев Жастар жылын өткізуде атқарылатын жұмыстарды ортаға салды.

Жиын соңында Батыс Қазақстан облысы Қазақстан халқы ассамблеясы Қоғамдық келісім кеңестерінің VI облыстық форумының қарары қабылданып, Қоғамдық келісім кеңестерінің белсенді мүшелері марапатталды.

Форум «Туған жерім – тірегім» атты облыстық Достық фестивалімен қорытындыланды.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға