Жаңалықтар

Кәсіптік білім беруді дамыту қалай жүзеге асып жатыр

Қазіргі нарықтың сұранысына орай жаңа мамандық түрі көбеюде.
Кәсіптік білім беруді дамыту қалай жүзеге асып жатыр
Фото: aikyn.kz 30.09.2022 13:16 3668

Бүгінде заман ағымына сәйкес сұраныста болған мамандықтар саны азайып, кейбірі тіпті еңбек нарығынан кетіп жатыр. Сондықтан қазіргі нарықтың сұранысына орай жаңа мамандық түрі көбеюде. Сол себепті де жастар бәсекеге қабілетті болуы үшін замануи мамандықтарды игеруі керек. Тіпті кейбір салаларда қазіргі заманғы машиналар, станоктар мен жабдықтар операциялардың бір бөлігін адамдардың көмегінсіз-ақ орындай бастады. Сондықтан техникалық және кәсіптік білім берудің (ТжКБ) әлеуетін пайдалану тиімділігін үнемі арттырып, оны модернизациялау қажет дейді мамандар. 

Осы мақсатта 2019 жылы Қазақстанда «Жас маман» бағдарламасы іске қосылған еді. Оның мақсаты – сұранысқа ие 100 мамандықты жаңғырту және білікті мамандарды даярлаудың халықаралық тәжірибесін енгізу. Осыдан-ақ мемлекеттің бұған баса назар аударып отырғанын байқауға болады.

Жуырда еліміздің бас қаласы Астанада өткен білім беру технологияларының төртінші халықаралық форумында сарапшылар еліміздегі техникалық және кәсіптік білім беру туралы, сонымен қоса батыстың білім беру технологиясы Қазақстандағы ТжКБ саласының дамуына қалай әсер ете алатыны және де олардың ерекшеліктері мен артықшылықтарын талқылаған болатын. Онда мамандар біздің елдегі техникалық және кәсіптік білім беруді дамыту үшін Ұлыбританияның тәжірибесін қолдану керек деген тоқтамға келді. Осыған байланысты Тұманды Альбионда ТжКБ беру қалай жүзеге асып жатыр, оның ерекшеліктері мен мүмкіндіктері қандай, Қазақстан қандай артықшылықтарын ала алатыны жөнінде материал дайындауды жөн көрдік.

Британдық тәжірибе: техникалық және кәсіби білім беру саласы

ТжКБ мәселесі көтерілген сессияға «Talap» ҚЕАҚ жетекшісі Олжас Ордабаев модераторлық етті. Ол аталған сессияның маңыздылығына тоқталып, Қазақстан экономикасы колледж түлектеріне көбірек мұқтаж екенін атап өтті. Статистикаға назар аударсақ, жұмыс берушілердің 79%-дан астамы жұмысшы біліктілігін қажет ететінін айтқан. Соңғы жылдары Қазақстан бұл бағытта бірқатар жетістікке жетті. Мәселен, 2019 жылдан бері «Жас маман» бағдарламасы жүзеге асырылып, оның аясында 180 колледж күрделі құрал-жабдықтар сатып алып, мемлекеттен қаржылай қолдау көріп отыр.

«Қазақстанның аймақтарын алып қарасаңыз, бағдарлама барлық жерде 100% жүзеге асып жатқан жоқ. Бірақ оған алғашқы қадамдар жасалуып жатыр. Десе де қазір «академиялық еркіндік» деген тұжырымдама енгізілген, ол арқылы әрбір колледж жұмыс берушінің талаптарына бейімделіп, еңбек нарығының қажеттіліктерін қанағаттандыруға мүмкіндігі бар. Осы тұста батыстың, әсіресе Ұлыбританияның тәжірибесі Қазақстан үшін маңызды болып отыр»,-деді Олжас Ордабаев.

Ұлыбритания сауда департаменті ТжКБ бөлімінің басшысы Джонатан Леджердің айтуынша, сапалы және кәсіби жұмыс күшін құрудың жаңа жолдарын табу туралы жан-жақты талқылау қажет. Бұл мәселе Ұлыбританияда бірінші өнеркәсіптік революциядан бері әрдайым өзекті. Қарқынды дамып келе жатқан әлемде өзгеріске тез бейімделетін жұмысшылар қажет.

«Жастар өз болашағына бей-жай қарамауы тиіс. Олардың болашағына бүгінннен бастап алаңдауымыз қажет. Сонымен қатар біліктілігі жоқ адамдар біліктілікке ие болып, олардың танымдық дағдыларын дамыту қажет. Сондықтан да қазіргі кезде кәсіби біліктілік пен дағдыларды қамтамасыз ету өте маңызды»,-деді ол.

Бөлім басшысының айтуынша, білім және еңбек нарығының мәселелері, әлеуметтік қорғау және өңірлік даму мәселесі маңызды элементтер болып саналады. Олар жабылып қалған жұмыс орындары мен дағдылар арасындағы сәйкессіздікті жоюға көмектеседі. Ал талап етілетін дағдыларды сұранысқа сәйкестендіру үшін жұмыс берушілерге қайсысы қажет екенін нақты анықтау қажет. Содан кейін оқытудың қажетті әдістері мен тақырыптарын әзірлеу керек.

«Ұлыбритания академиялық және техникалық кәсіптік білім берудің бір-бірімен өзара әрекеттесуін қамтамасыз ету үшін бірнеше жыл бойы көп жұмыс істеді. Ұлыбританиядағы студенттер қазір математика және инженерия бойынша алдыңғы қатарлы дағдыларды игеріп жатыр. Тиісінше, біз олардың колледжді бітірген кезде көбірек дағдыға ие болғанын қалаймыз. Жұмыс берушілер де білім беру жүйесінің белсенді болуына және студенттерге маңызды дағдыларды беруге мүдделі. Біз жұмыс берушілерден оқу бағдарламаларын әзірлеу және түлектерімізді бағалауды жүзеге асыруды сұраймыз. Жұмыс берушілер оқыту жүйесінің бір бөлігіне айналды. Біздің мақсатымыз - магистратура деңгейі секілді практикалық тағылымдамадан өтуге мүкіндік беру Тағы бір айтарым, тағылымдамадан өту арқылы ғылыми дәреже алу жолын ұстанатындар саны да артып келеді»,-дейді Джонатан Леджер.

Бұдан бөлек ол академиялық оқу орнында 5-6 жыл оқып, білім ордасында біраз қаражатын жоғалтудың орнына тәжірибеден өтуді қалайтын адамдар саны көбейіп келетінін тілге тиек етті. 

«Тәжірибе жинау мақсатындағы оқу ақысын жұмыс беруші төлейді. Жұмыс берушілер осыны дамыту үшін қосымша қаржы бөледі. Сонымен қатар Ұлыбритания өмір бойы білім алу принципін ұстанады, сондықтан бізде жасқа шектеу жоқ. Жоғарыда айтылғандардың барлығын ескере отырып, Ұлыбритания кез келген бастамаларды іс жүзінде жүзеге асыру үшін Қазақстанмен одан әрі ынтымақтастық жасауға дайын»,-деді ол.

«Тағылымдамадан өтудің дуальды моделін ұйымдастыру керек»

Ал NOCN Халықаралық бизнесті дамыту бөлімінің басшысы (Ұлыбритания) Тим Докинз кәсіптік техникалық білім беру сапасын қамтамасыз етудің стандарттары мен тәсілдеріне тоқталып өтті. Ол түлектердің біліктілігі мен жұмысқа дайындығы арасында алшақтық бар деген пікірге қосылады. Бірақ ол бұл мәселенің шешімі ретінде тағылымдамадан өтудің дуальды моделін ұйымдастыру керек екенін атап өтті. Оқытудың теориялық бөлімі білім беру ұйымының базасында, ал практикалық бөлігі өндірісте өтеді.

«Ұлыбританиядағы мұндай тағылымдамалар жұмыс берушінің қажеттілігіне орай туындаған болатын. Түлектерді қалай бағалау керек және осы тағылымдамалар үлгісіне нені енгізу керектігі туралы айту керек. Ұлыбританияның аккредиттеу ұйымы сегіз жылдан бері 22 елде жұмыс істейді. Бұл ретте стандарттар әрбір жеке елдің ерекшеліктері мен қажеттіліктерін ескере отырып өзгертіледі. NOCN құрылыс секторына және еңбек өнімділігіне қатысты біліктілікке маманданған. Оның үстіне бұл процесс үкіметтен емес, жұмыс берушілерден өздеріне қажетті біліктілікті қалыптастырудан басталады»,-деді ол.

«Атамекен» ҰКП Адами капиталды дамыту департаментінің басқарушы директоры Азамат Бейсенбенов бизнес үшін өзекті мәселе – кадр дайындау екенін айтып өтті. «Британдық ұйымдар сияқты «Атамекен» палатасы біліктілік жүйесін арттыру мәселелерімен айналысады. «Жұмыс берушілердің талаптары кәсіби стандарттарда да көрініс тапқан. Одан әрі колледждер мен университеттер өздерінің білім беру бағдарламаларын осы стандарттар негізінде қалыптастырады. Ал келесі қадам - ​​сертификаттау. «Атамекен» ҰКП-да 37 сертификаттау орталығы бар, бірақ әзірге барлық кәсіп пен біліктілік бойынша емес. Дегенмен кәсіптік біліктілік туралы заңның қабылдануы бұл бағытқа үлкен серпін береді. Сонымен қатар қазақстандық колледждер мен жоғары оқу орындары өздерінің білім беру бағдарламаларына көшті. Әр колледж білім беру бағдарламасын жұмыс берушінің кез келген талаптарына сәйкес келтіруге құқылы»,-деп атап өтті ол.

Дегенмен оның айтуынша, Қазақстанда кәсіптік мамандықтарды бітірген мамандар болса да, өз саласында жұмыс істеп жүргендер саны аз. Мысалы, 2020 жылы бітірген студенттердің 10 пайызы ғана мамандығы бойынша жұмысқа тұрған. «Яғни қазақстандық түлектер, тұтастай алғанда, жақсы жұмыс табады, бірақ өкінішке қарай, олар мақсатты жұмыс берушіге жете алмайды. Денсаулық сақтау мен білім беруде мамандар жұмыспен қамтылған, ал металлургия мен ауыл шаруашылығы саласында істегісі келетіндер саны аз. Қазақстандық жұмыс берушілер дипломсыз, бірақ халықаралық сертификаттары бар түлектерді қабылдауға дайын екенін айтқан болатын. Сондықтан оқу орындарының халықаралық сертификаттау орталықтарымен интеграциясы құпталады»,-деді палата өкілі.

Азамат Бейсенбеновтің пікірінше, Қазақстан Ұлыбританияның ірі кәсіпорындар мен ШОБ субъектілерінің оқу орындарындағы тәжірибені өзімізге бейімдеп, пайдалануы керек. «Республикада 11 колледж осы бағытта жұмыс істеп жатыр және «Атамекен» бір-біріне сәйкес келетін оқу орындары мен кәсіпорындарды таңдаудың кепілі болып отыр. Әр мектепте кәсіптік бағдар берілетін болса, мамандық таңдау және оның болашағын түсіну саналы түрде болушы еді. Сондай-ақ әлеуметтік желілер мен БАҚ арқылы белгілі бір мамандықтарды насихаттау маңызды. TikTok пен Instagram желісіндегі бейнероликтер арқылы мектеп оқушыларының назарын сантехник және тракторшы мамандықтарына аударып, олардың болашағы мен жақсы табысы бар екенін түсіндіруге болады»,-деді ол.

Сертификаттау тақырыбын Еуропадағы Pearson-нің аймақтық менеджері Эдди Конор жалғастырды. 25 жылдан астам уақыт бойы компания студенттермен, мұғалімдермен, үкімет және ата-аналармен тығыз байланыста жұмыс істеп жатыр. Оның айтуынша, Ұлыбританияда 12 жастан асқан оқушылардың 65 пайызы маңызы жоқ мамандықтарды алады. Сондықтан оқушылар мен студенттерге болашақта табысқа жетуге мүмкіндік беретін жеткілікті дағдылар жиынтығын алуға көмектесу қажет. Pearson-нің философиясы - жұмыс берушілер үшін пайдалы және ыңғайлы бағдарламаларды әзірлеу.

«Бізде халықаралық деңгейде мойындалған білікті мамандар бар. Бұл біздің студенттеріміздің әртүрлі елдерде жұмыс істеуге қабілетті екенін білдіреді. Дегенмен бір де бір білім беру жүйесі мұғалім мен оқушыны қатар дамытпай, жұмыс істей алмайды. Сондықтан жұмысты серіктестікке бұру қажет. Бұл үдеріске білім беру мекемелері де, білім алуға мүдделі тараптар да атсалысуы керек»,-деді Эдди Конор.

«Қатты дағды мен жұмсақ дағдыны қатар дамыту керек»

Сонымен қоса сессияға қатысқан «AITAS KZ» АҚ білім беру бағдарламаларының менеджері Ермек Күзенбаев Қазақстан Республикасының колледждері озық білім беру қағидатына көшу керегін айтты.

«Білім беру мекемелері жұмыс берушінің артынан ермеуі керек, өйткені оқуды оның сұраныстарына сай ету процесті кешіктіреді. Колледждер мен университеттер білім беру мен еңбек нарығындағы барлық өзгерістерді қамтуы керек. Мысалы, бұрғылау мен ұңғымаларды жөндеудің халықаралық стандарты бар. Егер сізде сертификат болса, диплом талап етілмейді, ал студент міндетті түрде жұмыс табады, өйткені жұмыс беруші сертификатталған стандарттарға сенім білдіреді. Колледж халықаралық сертификат беріп, мамандарды даярлауда стандарттарды қолдана алса, онда көптеген салалардың дамуы қарқын алады»,-деді ол.

Сонымен қатар ол жалақы деңгейі сол немесе басқа мамандықты таңдауда әрқашан шешуші фактор бола бермейтінін атап өтті. Оның айтуынша, мүмкін, кәсіптік бағдар берумен және тіпті мамандыққа құрметпен қарауды насихаттау керек. 

«Әдетте, колледждер студенттердің бойында қатты дағдыларды (hard skills) – техникалық дағдыларды қалыптастырады. Бірақ оқу жұмысының бір бөлігі ретінде колледждер студенттер оқу бітіргеннен кейінгі өмірге дайын болып, ел экономикасына үлес қосуы үшін жұмсақ дағдыларды (soft skills) үйретуді қолға алуы керек. Сондай-ақ сыни тұрғыдан ойлау студенттер үшін өте маңызды, сол үшін топтық жұмыс және сұхбатты қалай тиімді өтуге болатыны туралы нұсқаулар берілуі тиіс. Сондықтан оқушыларда қатты дағдылар мен жұмсақ дағдыларды қатар дамыту маңызды. Мұндай дағдыға ие болған түлектер, ең болмаса өз болашағын саналы түрде анықтап, қайда жұмысқа, қай жұмыс берушіге бару керектігін түсінетін болады»,-деді сарапшы.

Кейіннен колледж өкілдеріне сөз берілді. Линкольн колледжінің халықаралық операциялар бөлімінің басшысы Рик Лонг оқу орнының жұмыс берушімен қарым-қатынасты қалай құратыны және жүйелі түрде оқыту туралы айтып берді. Линкольн колледжінің дағдыларды қалыптастыру мен білім беру бойынша 130 жылдан астам тәжірибесі бар. Он жылдан астам уақыт бойы колледж Қытай және Таяу Шығыстағы колледждермен бірлесіп жұмыс істеп келеді. Сонымен қатар Линкольн колледжі 20 жыл бойы халықаралық студенттерді өз кампусында оқуға шақырып, түрлі компаниялармен және Норвегиядағы, Румыниядағы, Кариб бассейні елдеріндегі, сондай-ақ Өзбекстандағы білім беру ұйымдарымен тығыз байланыста.

«Колледж әлемде түлектердің өзі оқымаған мамандық бойынша жұмыс істейтін үрдіс бар екенін байқап отыр. Сондықтан колледж алдымен адамның қандай мамандықта жұмыс істегісі келетінін анықтайды. Содан кейін келесі кезең – еңбек нарығына шығу немесе оқытудың басқа деңгейі үшін қандай дағдылар қажет екенін белгілейді. Оқыту нәтижелері қандай болуы керек екені белгілі болғаннан кейін, сертификатталған оқыту шеңберінде тәжірибені үйрену үшін білім беру ұйымдарымен және жұмыс берушілермен жұмыс істейді. Осылайша, түлектер табысқа жету үшін қажетті білім мен дағдыны ала алады»,-деді ол.

Бұдан бөлек Қарағанды ​​жоғары политехникалық колледжінің директоры Жанар Рахимова оқу орындары мен ірі бизнес арасындағы серіктестіктің маңыздылығына тоқталды. 90 жылдық тарихы бар колледж бүгінде 20-дан астам техникалық мамандық бойынша мамандарды дайындайды. Ең бастысы, жұмыс берушілер оқу үдерісіне белсенді түрде қатысып, студенттерді де, оқытушыларды да тәжірибеден өтуге көмектеседі. 2018 жылдан бастап колледжде openspace орталығы ашылып, жеті бағыт бойынша жұмыс істейді.

«Жас Маман» бағдарламасы аясында колледж 365 миллион теңгеге құрал-жабдықтар сатып алды. Алайда материалдық-техникалық базаны нығайтудан да маңызды аспект – сессияда көп талқыланған жұмсақ дағдылар екенін айтар едім. Оқудың алғашқы күндерінен бастап студенттермен сенімді қарым-қатынас орнату - үлкен жұмыстың бір бөлігі. Біз студенттерге психологиялық қолдау көрсетумен қатар, әңгімелесуден өту, түйіндеме жазуды үйретеміз. Сонымен қатар мектеп оқушыларымен кәсіптік бағдар беру жұмыстарын жүргіземіз. Бұл өте маңызды. Сонымен бірге біздің келесі бастамамыз халықаралық аккредитациядан өту болып отыр. Біздің колледж бизнес саласымен жұмыс істеуге дайын», - деді Жанар Рахимова.

Сессия соңында сарапшылар саланы дамытуға қатысты бірлесіп жұмыс істеуді қолға алу керек деген шешімге келді. Бұл жалпы адами капиталды, оған қоса экономикамызды дамытуға мүмкіндік берер еді.


Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға