Жаңалықтар

Нұр-Сұлтанда еліміздің көмір өнеркәсібіне арналған форум өтіп жатыр

Нұр-Сұлтанда еліміздің көмір өнеркәсібіне арналған форум өтіп жатыр
Фото: Қазақстан Республикасы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің баспасөз қызметі 17.06.2022 15:07 1658

Елордада Қазақстанның көмір өнеркәсібінің III форумы өз жұмысын бастады, – деп хабарлайды El.kz порталы Қазақстан Республикасы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Халықаралық «Astana Mining & Metallurgy» тау-кен металлургия конгресі аясында ұйымдастырылған алқалы жиында көмір саласын дамыту мәселелері талқыланды.

Форумда ҚР ИИДМ Индустриялық даму комитетінің төрағасы Тұрар Жолмағамбетов бүгінгі отандық көмір өнеркәсібі саласының ахуалы төңірегінде баяндады.

– Қазіргі таңда еліміздің көмір саласы электр энергиясының шамамен 70 пайызын өндіріп, кокс-химия өндірісінің толық жүктемесін қамтамасыз етеді. Сондай-ақ коммуналдық-тұрмыстық сектор мен ел халқының отынға қажеттілігін толық қанағаттандырады. Салада 30 мыңға жуық адам еңбек етуде, – деді Т.Жолмағамбетов.

ҚР ИИДМ Индустриялық даму комитетінің төрағасының сөзінше, соңғы 30 жылдан астам уақытта отандық кәсіпорындар 2,7 млрд тоннадан астам көмір өндірген. Шамамен 0,8 млрд тонна жақын және алыс шетелге экспортталған. Қазіргі таңда елімізде көмір өндіру бағытында 30-ға жуық кәсіпорын жұмыс істейді. Олардың қатарында «Богатырь Көмір» ЖШС, «Восточный» разрезі, «Шұбаркөл Көмір» АҚ, «АрселорМиттал Теміртау» АҚ, «Қазақмыс Коал» АҚ, «Қаражыра» АҚ, «Майкубен Вест» АҚ сияқты ірі кәсіпорындар бар.

Тұрар Жолмағамбетовтің айтуынша, Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі үшін ішкі нарықты, оның ішінде халық пен коммуналдық-тұрмыстық секторды көмірмен қамтамасыз ету өте маңызды.

– Өткен жылыту маусымында министрлік сіздермен бірлесе коммуналдық-тұрмыстық секторды және халықты көмірмен қамтамасыз ету бойынша ауқымды жұмыс атқарды. Әрине, бұл жұмыс сіздердің қолдауларыңыздың және өндірістік процестерді тиімді басқарудың арқасында орындалды. Осылайша, тұтынушыларды көмірдің қажетті мөлшерімен қамтамасыз еттік. Біздің министрлік үшін көмір саласындағы әлеуметтік әріптестік маңызды болып табылады , – деді Тұрар Жолмағамбетов.

Бүгінде министрлік жанында әлеуметтік әріптестік бойынша салалық комиссия жұмыс істейді. Онда көмір саласы кәсіпорындарының өзекті мәселелері, қауіпсіз еңбек жағдайларын жасау және өндірістік жарақаттануды төмендету бойынша компаниялардың оң тәжірибесі қарастырылады. Сонымен қатар комиссия әлеуметтік жобалар, кадр және басқа да мәселелерді зерделейді.

Сондай-ақ Тұрар Жолмағамбетов көміртекті бейтараптылық бағыты Қазақстанда көмірді терең кешенді қайта өңдеу жобаларын іске асыруға және көмір химия саласын дамытуға мүмкіндік беретіндігін атап өтті. Оның пайымдауынша, көмірден сұйық және газ тәрізді отын алу стратегиясына баса назар аудару қажет.

Өз кезегінде министрлік қосылған құны жоғары өнімдерді алу үшін көмірді терең кешенді өңдеуге бағытталған саясатты әрдайым қолдайтын болады.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға