Ядролық қарудан азат әлем құру – адамның ең жоғары игілігі

29 тамыз – Ядролық сынақтардан бас тартудың халықаралық күні

1991 жылы 29 тамызда Семей полигоны ресми түрде жабылды, бұл еліміздің әлемдегі ең ірі ядролық арсеналдардан бас тартуының бастамасы еді.

2009 жылдың 2 желтоқсанында Біріккен Ұлттар Ұйымы Бас Ассамблеясының алпыс төртінші сессиясы №64/35 қарарды бірауыздан қабылдап, 29 тамызды Халықаралық ядролық сынақтарға қарсы іс-қимыл күні деп жариялаған болатын.

2020082909404459801_68de70e94a8a369c4a1f6c39b159ff57_xl.jpg

Аталған қаулы адамдарға «ядролық сынақ жарылыстарының және кез келген басқа ядролық жарылыстардың салдары туралы және оларды тоқтату қажеттілігі туралы» ядролық қарудан азат әлем құру мақсатына жету үшін белсенді түрде білім беруге және ақпараттандыруға шақырды.

Бұл мәселе бойынша қаулы жобасын ең алғаш Қазақстан Респбуликасы ұсынды. Сондай-ақ қарарға Армения, Беларуссия, Тәжікстан және Түркменстанды қоса алғанда 26 мемлекет бірлескен автор болды.

1991 жылы дәл осы 29 тамызда ҚР Тұңғыш Президенті, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың жарлығымен Семей полигоны ресми түрде жабылды, бұл елдің әлемдегі ең ірі ядролық арсеналдардан бас тартуының бастамасы еді.

Бұрынғы Семей ядролық полигоны 1949 жылы алғашқы кеңестік ядролық қондырғыны сынақтан өткізу үшін құрылған. Бұл Жердегі екінші ядролық полигонға және әлемдегі төртінші ядролық арсеналға айналды.

1949 жылдан 1989 жылға дейінгі қырық жыл ішінде Семей ядролық полигонында кем дегенде 468 ядролық сынақ өткізілді. Ал 1949-1963 жылдары Семей полигонында сыналған ядролық зарядтардың жалпы жиынтық қуаты Хиросимаға тасталған атом бомбасының қуатынан екі жарым мың есе жоғары болған. Онда, сонымен қатар, 55 әуе мен жердегі жарылыстың радиоактивті бұлттары және 169 жерасты сынақтарының газ фракциясы полигон шегінен шықты. Ластанудың салдары апатты жағдайға соқтырып, жақын маңдағы ауылдардың көптеген тұрғындарында қатерлі ісік аурулары жиілеп, дүние есігін ашқан сәбилер ауытқулармен, генетикалық аурулармен туылды.

Осындай аса жоғары зардаптарды ескере отырып, 1989 жылы ақын Олжас Сүлейменов полигонды жабу үшін күрескен Невада-Семей қозғалысын құрды. Аталған қозғалыс ядролық сынақтарға қарсы күрескісі келетін КСРО мен АҚШ халқын біріктірді. «Невада-Семей» қозғалысының құрылуы жайлы Олжас Сүлейменов былай деген екен:

photo_273904.jpg

- Біздің қозғалыс 1989 жылы 28 ақпанда – қыстың соңғы күні дүниеге келді. Бірақ бұл біз үшін ядролық қыстың соңы болды. Сондықтан бір күндері тарихшылар атап өтетіндей, «Невада-Семей» әлемдегі ең белсенді және ең ауқымды ұлттық қозғалысқа айналды. Құрылған алғашқы аптада ғана біздің Семей полигонын жабуды талап еткен үндеуіміз бойынша қазақстандықтардың екі миллионнан астам қолы жиналды! Мұндайға соғысқа қарсы ұйымдар ешқайда және ешқашан қол жеткізген емес.

Мен ядролық жарылыстар жер астына көшірілген 1963 жылға дейін сынақтарға тыйым салу қажеттілігі туралы өлеңдер жаздым. Кейін бәрі енді халық үшін қауіпсіз болатынын айтып тынышталды. Оған жұрт 1989 жылдың ақпанына дейін сеніп жүрді.

Сол күндері мен КСРО Жоғарғы Кеңесіне келесі сайлауға Алматыдан баратын болғандықтан радиодан сөз сөйлеуім керек еді. Дауыс берушілер Алматы қаласының ауасын тұрақты түтіннен тазартуға көмек сұрап, өтініш айтты. Он бес минуттық тікелей эфирде мен атмосфераны тазарту жоспарлары туралы айтқым келді. Жаңа жағдайлар мені бұл тақырыпты кейінге қалдыруға мәжбүр етіп, мен полигонды айтып кеттім. Он бес минут тез аяқталды. Мен тыңдаушыларға Жазушылар одағында «28-і күні, сағат 11-де айтайық» деп жалғастыруды ұсындым. Шынымды айтсам, ешкім бұл ұсыныстан осындай кең ауқымды дүние болады деп күткен жоқ. Жазушылар одағының мәжіліс залына барлығы бірдей сыймай, ғимараттың сыртында бірнеше мың адам жиналды! Тіпті Семейден де адамдар келді. Олардың бірі мінберге шығып, оның отбасында он үш адам қатерлі ісіктен қайтыс болғанын айтты. «Бұл радиация еді!» Сол жердегі кездесуде антиядролық қозғалыс құрылып, «Полигон жойылсын!» деген талап қойылды.

Қозғалысты, алдымен, Америкадағы антиядролық күштер өздерінің ұйымын «Семей» деп атайды деген үмітпен, «Невада» деп атауды ұсындым. Мен жердегі осы екі ірі полигонды сиам егіздерімен салыстырдым. Олар бір-біріне тәуелді еді.

Нәтижесінде сол жылы жоспарланған он сегіз сынақтың он бірі тоқтатылды. Жетінші жарылыстан кейін жүз отыз мың қарағандылық шахтерлер ереуілге шықты. Олжас Омарұлы бұл митингілердің қарарын Мәскеуге әкеліп тапсырды. Онда кеншілер келесі жарылыс жаппай ереуілге себеп болатынын, сондай-ақ, оны бүкіл еңбекші Қазақстан қолдайды деген. Депутат Олжас Сүлейменов сессияда қаулыны оқып берді. Ал 1989 жылы 20 қарашада Жоғарғы Кеңес «КСРО Үкіметі Семей полигонын жабу туралы мәселені қарау туралы» қаулыны қолдап дауыс берді. «Невада-Семей» қозғалысы мен қоғамдық қолдаудың нәтижесінде, Қазақстан Республикасы тәуелсіз мемлекет деп жарияланғаннан кейін көп ұзамай Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев полигонды жабу туралы жарлыққа қол қойды.

Шынында да жоғарыда айтылғандай, бір жылдан кейін «сиам егіздері» теңеуі жұмыс істеді. 1992 жылы тамызда АҚШ пен Англия өз «өнімдерін» сынап жатқан Невада штатындағы полигон сынақтары ресми түрде тоқтады. Содан кейін Франция мен Қытайдың полигондары жабылды.

Бүгінде, шамамен, бір миллион үш жүз мыңға жуық адам полигондағы сынақтардың құрбаны ретінде ресми түрде танылған. Полигонға жақын жерде тұратын адамдар қырық жылдық сынақ алаңының кесірін әлі күнге дейін бастан өткеруде. Қазірдің өзінде Семей өңірінде өлім-жітім көп, онкологиялық аурулар жоғары деңгейде, көптеген балалар кемтарлықпен туылады, мұнда көп жағдайда өмір сүру ұзақтығы қырық-елу жастан аспайды.

Ядролық қарудың адамзатқа қандай қауіп төндіретінін бүкіл әлем түсінеді. Сондай-ақ бұл күні көптеген елдерде жарылыстардың жойқын салдары туралы айтылатын митингілер, бейбітшілік акциялары, түрлі тәрбиелік шаралар өткізіледі. Газет-журнал басылымдары, теледидар мен радио хабарлары осы тақырыпқа арналған. Осы маңызды күнге орайластырылған халықаралық форумдарда үкіметтік делегациялар ядролық қарудың таралуына жол бермеу шаралары туралы шешім қабылдайды.

29 тамыз – адамзатқа ядролық қаруды қолданудың қорқынышты зардабы туралы, сонымен қатар, саясаттың адам мен табиғаттан жоғары емес екенін еске салу күні. Бұл үшін қандай құн төленгенін және әлі де төленіп жатқанын ешқашан ұмытпауымыз керек.

(Суреттер ашық интернет желісінен алынды)

Ұқсас материалдар