Жаңалықтар

Қазақ тарихын көркем туындыға айналдырған шетелдік суретшілер (I бөлім)

Олардың шығармашылығы туралы не білеміз?
Қазақ тарихын көркем туындыға айналдырған шетелдік суретшілер (I бөлім)
Фото: © El.kz 31.03.2021 16:28 6664

Қазақ тарихында жазба дереккөздер жарияланып жүргенімен, оған қатысты бейнелеу өнерінің туындылары толық зерттеле қоймаған. Яғни үлкен иллюстрациялық қор еліміздің мұражайларына енді жинақталып жатыр. Біз бүгін «Қазақстан тарихы мен мәдениетінің үлкен атласына» сүйене отырып, халқымыздың мәдениеті мен тарихын жарқырата көрсететін, бұрын тасада қалып келген бейнелеу өнерінің тың туындылары жайлы сөз етеміз.

 

Қазақстан мұрағаттар мен мұражайларда жатқан тарихи туындыларды анықтау, зерделеу жұмыстарына 2006 жылы кіріскен болатын. Сол жылы ғалымдарымыз Мәскеу мен Санкт-Петербург қалалаларынан Ресей мемлекетті кітапханасы мен ұлттық кітапханасының, Орыс географиялық қоғамы мен мемлекеттік Эрмитаждың және Материалдық мәдениет тарихы институтының материалдарымен танысып, арасынан сапалы заманауи көшірмелерін әкетуге мүмкіндік алды. Осылайша «Қазақстан тарихы мен мәдениетінің үлкен атласы» және «Қазақтар. Тарих және мәдениет» кітаптарында көркем бейнелеу өнерінің үлкен шоғыры алғаш рет жарияланды.

Без-имени-4.jpg

 

Сыздық сұлтанның шайқасын бейнелеген Верещагин

 

Аталған деректерге сүйеніп шетелдік қылқалам шеберлерінің қазақ жерін, тұрмысын бейнелеуі туралы айтар болсақ, орыстың атақты суретшісі Василий Васильевич Верещагиннің 1842-1904 аралығындағы сериялы еңбектеріне назар аударуымызға болады. Суретші-баталист әрі XIX ғасырдағы көптеген тарихи оқиғалардың куәгері Верещагин өз шығармаларында заманының қайталанбас тарихи образын, соғыс трагедиясын көрсетті. Ол тек Ресей империясындағы этностардың ғана емес, әлемнің өзге де елдеріндегі түрлі халықтардың этнографиялық кескін-келбетін қағаз бетінде айшықтады. Ресей әскерінің жорықтарына белсене қатысып, түрлі шайқастардың бел ортасында жүрген ол орыс-жапон соғысы кезінде Порт-Артурға таяу жерде тұрған «Петропавловск» бронды кемесінің жарылысынан қаза тапты. 1860 жылдары Верещагин Түркістан өлкесіне екі рет келген еді. 1867 жылы жас суретші Түркістан генерал-губернаторы К.П. Кауфманның қол астына қызметке жіберілді. Мұнда жүріп жергілікті халықтың мәдениеті, тұрмыс-тіршілігімен жете танысты. Соның нәтижесінде осы өңірді мекендейтін қазақтар мен басқа да этностардың өмірін, қалалары мен кенттерін, бекіністері мен тарихи ескерткіштерін майлы бояумен салып шықты. Қылқаламмен салынған кескін портреттері де осы кезеңде дүниеге келді. Самарқанда қоршауда қалған кезде Верещагин қаламын қаруға да айырбастады. Сөйтіп қала қорғанысына қосқан үлесі үшін кейін төртінші дәрежелі Георгий кресті орденімен марапатталды. Әскери іс-қимылдарға қатысқаны оның шығармашылығынан айқын көрініс тапты. 1871 жылы Верещагин Мюнхенге кетіп, Түркістан сапарындағы еңбектерін тиянақтады, ал арада екі жыл өте Лондон қаласында жұртшылыққа әйгілі Түркістан сериясын ұсынды. Бұл көрмеге он үш картина, сексен бір этюд және жүз отыз үш кескін кірді. Кейін оны түгелдей әйгілі П.М. Третьяков сатып алды. Верещагин өз шығармаларында жеңіс буына масаттанғандарды емес, соғыс ауыртпалығын тартып жатқан екі жақтың қатардағы қарапайым жауынгерлерінің азабы мен қиыншылықтарын көрсетуге ұмтылды. Түркістан сериясында негізгі орынды жеті полотнадан тұратын «Варварлар» тобы құрады. Жалпы жұртшылыққа кеңінен мәлім бұл картиналарға өнертанушылар тарапынан әлденеше рет тыңғылықты сараптама жасалды. Біз соның ішіндегі 1871 жылы майлы бояумен салынған «Күтпеген шабуыл» суреті аса маңызды этнографиялық деталіне назар аударғымыз келеді. Суретшінің айтуынша, бұл полотноның дүниеге келуіне «әйгілі Садықтың шағын орыс жасағына кездейсоқ шабуылы» түрткі болған. Бұл тұста сөз – Кенесары Қасымұлының баласы Сыздық туралы. Сыздық сұлтанның 1837-1847 жылдар аралығында Ресей империясына қарсы қазақ халқының ұлт-азаттық күресін бастап шыққан әкесінің ісін әрі қарай жалғастырғаны мәлім. Әкесі өлтіріліп, көтеріліс күшпен басылғаннан кейін бауырлары Тайшық пен Ахмет Ресейге қызмет етуге бел буғанда, «Ата-бабам жүрген жолды қойып орыстарға бармаймын. Орыстар Қоқанды алса Бұхарға кетемін, Бұхарды алса, басқа мұсылман елдері көп. Бірақ әкемнің жолын тастай алмаймын» деген Сыздық сұлтан қарсылығын жалғастыра берді. Әрі қарай өз бетімен, кейде Орта Азия билеушілерінің жасақтарымен бірге әрекет етіп, орыс әскерімен бірнеше мәрте шайқасты. Верещагиннің картинасы Сыздық жасағының орыс лагеріне тұтқиыл шабуылдарының бірін бейнелейді. Мылтық, зеңбірекпен қаруланған орыстарға қарсы мұндай тәсілдерді ол талай қолданған. Суретші қазақ қылышы мен найзасын асынған қазақы киімдегі Сыздық сарбаздарын мейлінше дәл бейнелеген. Сыздық жасағында түрлі рудың байрағын ұстаған ту ұстаушылар көп болғаны белгілі. Картинадан жібек матадан тігілген көк, жасыл, қызыл және ақшыл сұр ондаған туды көруге болады. 1864 жылы шілденің 15-індегі Ақбұлақ шайқасына Сыздық сұлтанның өзі ту ұстап шыққан. Бірақ үш жүз мылтықты бір мезгілде атқан орыстар Сыздық сұлтан мен Әлімқұл молданың жасағын ойсыратып өткен. Сыздық сұлтан кейінгі естелігінде «соған қарамастан туды жықпай орыс шебінен жүз қадам жерде бір сағатқа жуық тұрғанын» айтады. Әскерлердің үсті-үстінен атқан оғынан ту шұрқ тесік болса да сұлтанның өзі аман қалған. Бұл жағдайды сұлтан «Алла сақтады» деп еске алған екен. Кейіннен қоқандықтар оны қаза болған Әлімқұлдың орнына әскер әмірі етіп, Қоқан хандығы мен қазынасын табыстады. Міне, осылайша, шайқасқа қатысқандардың естеліктері суретшінің көркем майлы бояумен салынған суретінде көрініс тауып, Түркістан сериясының деректі жанр екенін тағы бір аңғартып өтті.

 

Верещагиннің шығармашылығы түрлі жанрдағы картиналардан құралады. Соның ішінде тек қана этнографиялық тұрғыдағы тамаша туындылар аз емес. Бұл ретте «Сұңқар ұстаған ауқатты қазақ» (Мюнхен, 1871) мен «Шу жағасындағы қазақ киіз үйлері» (1869-1870 жылдары салынған) айрықша туындылар.

 

Верещагиннің кейбір картиналарындағы «қырғыз» этнониміне тоқтала кетейік. Ресейлік және еуропалық деректемелерде қазақтарды «қырғыздар» деген атаумен жазып келгені мәлім. Қазақтар туралы сол кезеңдегі неғұрлым толыққанды зерттеудің авторы, Шоқан Уәлиханов «қазақ халқының Геродоты» деп ат берген Алексей Левшин 1832 жылы жарық көрген үш томдығының алғашқы тарауын осы мәселеге арнады. Оның пікірінше, еуропалықтар қазақтарға «қазақтың өзі де, Ресейден басқа көршілері де атамайтын ат берген». Соған қарамастан «қырғыз» деген қате атау кеңес өкіметінің алғашқы жылдарына дейін қолданылып келді, тіпті, кеңестік алғашқы қазақ автономиясы да Қырғыз АССР-і деп аталды. Левшиннің айтуынша, қазіргі қырғыздарды «қара қырғыздар, бураттар, жабайы, тас қырғыздар» деп атаған. Бұл жайтты Верещагиннің жоғарыда аталған картиналары туралы сөз болғанда ескерген жөн.

 

Алғашқы картинада киіз үй ішінде қолына сұңқар қондырып отырған қазақтың аңшы байы бейнеленген. Мұндағы аңшының киімі, мылтығы мен бәкісі секілді бұйымдардың барлығын да Қазақстан мұражайларының бүгінгі этнографиялық экспозицияларынан көруге болады. Атап өтерлік жайт, киім үлгісіндегі кейбір ерекшеліктер тек қазақ киімінде ғана емес, сол кездегі Түркістан халықтарының көпшілігінде кездеседі. Кейіпкердің антропологиялық кескінінде азиялық ерекшеліктің аздығы оның Түркістаннан шалғайда, Мюнхенде салынғандығы себеп болғанға ұқсайды. Туындыда этнографиялық сипаттарының неғұрлым дәл берілуі суретшінің жеке басының талантын ғана емес, сонымен бірге түркістандықтардың шынайы өмірімен жақсы таныстығы да басты себеп болуы мүмкін. Верещагиннің этнографиялық шығармашылығын зерттеушілер автордың этникалық колоритті, ұлттық тұрмыс-тіршілік болмысын бұзбай жеткізе алғанын айтады.

 

Екінші картинасында қазақ киіз үйінің әшекейлері алдыңғы жоспарға шыққан. Суретші бейнелеген Шу өзенінің жағасындағы шағын ауыл Алатау етегінде жатқан сияқты. Сарғайған шөп, түнерген тау, алыстан менмұндалап көрінетін шың басындағы қар мен бірнеше адамның ғана сұлбасы өзеннің екі жағасына қоныстанған бұл ауылдың қыстауға түскенін білдіреді. Картиналардың көркемдік ерекшелігін Верещагин мен орыстың суретші-баталистерін зерттеуші Владимир Садовень былайша сипаттайды: «Артқы планда жұмсақ сызықтармен кескінделген киіз үйлер, сол үйлердің есіктерін жауып төгіліп тұрған қолдан тоқылған кілемшелердегі көркем оюлардың нәзік те жқмсақ үйлесімі, әрі жайлау, өзен мен тауларды бейнелеген алтын және көгілдір түстер. Этюдте кілемшедегі оюлары айқын көрінетін киіз үй тұсында жеңіл сұлбалары ғана байқалатын адамдар бейнесі өзіндік үйлесім тапқан. Бұл этюдте Верещагиннің Орта Азия халықтарының туа біткен көркем талғамдарын көрсететін безендіру өнерінің бұйымдарына деген сүйіспеншілігі сезіледі.

 

Верещагиннің қарындашпен салған «Қазақ киіз үйлері», «Қожалар ауылы», «Түркістан қаласындағы Қожа Ахмет Яссауи мешіті» және тағы да басқа кескін суреттері көз тартады. «Ұлттық бас киімдегі Орынбор төңірегінің қазағы», «Ходжакенттен Букуге барар жолда В.В. Верещагинде атқосшы болған, аң терісінен тігілген киім киген қазақ (Бәкіш)» деп аталатын суреттерінде қазақ жігітінің антропологиялық келбеті мен ұлттық бас киімі айқын көрініс тапқан. Қазақ әйелдерінің образын, ойлы жүздері, әдемі орамалдары мен бұрымдарын да суретші мейлінше дәлдікпен жеткізе алған. Оған айқын дәлел ретінде «Бетін жауып тұратын орамал байлаған қазақ қалыңдығы», «Қашқарлық бас киімдегі қазақ қызы», «Ұлттық орамал тартқан қазақ қызы» және тағы басқа суреттерін айтуымызға болады.

 

Кіші жүз ханы Әбілқайырдың портретін салған Джон Касл

 

XVIII ғасырдың алғашқы жартысындағы қазақ-орыс қатынастарында «Орынбор экспедициясы» айрықша рөл атқарды. Оны 1734 жылы Ресей үкіметі статс-кеңесші И.К. Кириловтың жобасымен құрған. И.К. Кириловтың ұсынысымен экспедиция құрамына «үш жылдық келісімшартпен көркемсурет шебері, гамбургтік Яган Кассель» де енгізілген. Осы экспедиция құрамында жүріп суретші өз бастамасымен қазақ ханы Әбілқайырдың ордасына барған. Сөйтіп сондағы бастан кешкендерінің барлығын күнделікке түсіріп отырған. Сондықтан бұл күнделік қазіргі уақытта өте құнды тарихи дереккөз болып саналады. Ол алғаш рет 1784 жылы неміс тілінде жарияланды. Аталған басылымда автордың күнделік жазу кезінде қағаз бетіне түсірген кейбір кескін-сұлбалары да жарық көрді. Алайда Ресей тарихы бойынша сирек кездесетін материалдарға қосымша ретінде тіркелгенімен, ол бір жарым ғасырдан астам уақыт зерттеушілер назарынан тысқары қала берген. XIX ғасыр мен XX ғасырдың бас кезінде кейбір еңбектерде ғана күнделік пен оның авторы туралы ішінара еске алынды. Мысалы, 1861 жылы Нил Попов «В.Н. Татищев пен оның дәуірі» деген кітабында Орынбор экспедициясында қызмет еткен «ағылшын Джон Кэстль Кіші Орда жеріне дейін барып, өте қызықты саяхат жасады. Сібірге оралған соң сапарын егжей-тегжейлі сипаттады» деп жазады. Бұл автор ол сипаттамалардың Сыртқы істер министрлігінің Мәскеудегі мұрағатында сақтаулы тұрғанын және олардың жоғарыда аталған материалдарда жарық көргенін айта кетеді. XX ғасырдың бас кезінде белгілі жаратылыстанушы ғалым, академик В.И. Вернадский «XVIII ғасырдағы Ресей жаратылыстану тарихынан очерктер» атты еңбегінде «еуропалықтардың жаңа көшпенділер әлемімен «таныстығы» Орынбор эскпедициясына қатысқан суретшінің еңбегінде көрініс тапқанын» айтады. Ол сонымен қатар «Кириловтың экспедициясындағы суретші ағылшын Джон Кестль 1736 жылы «қырғыз-қайсақтарға барып, өз сапары туралы қызықты сипаттама қалдырды» дейді. Ағылшын суретшісінің еңбегі арада жүз жетпіс жыл өткеннен кейін кеңестік тарихшы П.Е. Матвиевскийдің «Қазақтардың этнографиясы мен тарихының қайнар көзі болған Джон Кэстлдің күнделігі» деп аталатын еңбегінде бірінші рет арнайы зерттеу нысанына айналды. Мұнда тарихшы он үш гравюра бар екенін көрсете келе, әрбірінің бейнесін сипаттап, тізіп шыққан. Бұл тізімде ерекше көзге ілігетіні «Ералы сұлтан, Бұхар ахуны және сұлтанның бас қызметшісі, қару-жарақ асынған Күдері батыр» дейтін алғашқы гравюрасы мен «Әбілқайыр ханның портреті» дейтін он үшінші гравюрасы. Баспадан шыққан күнделікте суретшінің аты-жөні John Castle деп жазылған. Күнделіктің неміс тілінде жарияланғанын ескерген бұрынғы зерттеушілер оны Джон Кэстль (Кестль) деп транскрипциялаған екен. Сол кезеңдегі орыс құжаттарында Яган Кассель деп жазылғанын жақсы біле тұра, Матвиевский Джон Кэстль деп жазып, бірақ бұл туралы ескертпеген. Бұл тарихшының мақаласы жарияланған күнделікте солай қолданылған. Бірақ Орынбор экспедициясы мен И.К. Кирилов туралы сериялы еңбектердің авторы, кеңестік тарихшы М.Г. Новлянская Орынбор экспедициясында қызмет еткен ағылшын суретшісі Джон Каслдың сол кезеңдегі орыс құжаттарында Яган Кассел деп жазылғанын атап өткен. Осылайша Касл-Кассель-Кэстль атты аты-жөндердің бір адам екені белгілі болған. Сондай-ақ тарихшылар Мемлекеттік Третьков галереясы мен Мемлекеттік Орыс мұражайындағы сақтаулы тұрған Кассельдің суреттері мен Кэстлдің жоғарыда аталған гравюраларын салыстырып, галереядағы «Башқұрт» картинасы мен мұражайдағы «Жас башқұрт» гравюрасы Ералы сұлтанның образымен сай келетінін байқаған.

 

Тарихшылардың бұл болжамын Джон Каслдың өз күнделігінде жазған мәліметі де растайды. Оның Әбілқайыр хан суретін тікелей өзін көріп отырып салғаны белгілі. Ол жөнінде суретші: «Хан бәйбішесінің сеніміне кіру үшін қалтамнан алдын ала дайындап қойған бояу мен былғарыны суырып алдым да, суретін сала бастадым. Бейне өте ұқсас болып шықты. Оны көрген ханшайым қатты таңғалды» деп жазады. Оның үстіне Джон Касл ханшайымға Әбілқайыр хан екеуінің ұлы, Орынборда аманатта қалған Ералы сұлтанның суретін сыйлаған. Бұл туралы ол тағы да: «Бопай ханша шыдай алмай суретті қайта-қайта сүйе берді. Ал мен оны ұлы мәртебелі императордың жарлығы бойынша салғанымды айтқанымда мүлде толқып кетті» дейді. 1741 жылы суретші Санкт-Петербургке келіп күнделігін Ресей императорына сыйға беріп, оған қоса «Әбілқайыр мен оның Орынбордағы ұлы Ералы сұлтаннан аумайтын бес портретін ұсындым» деп жазады. Екі сурет Гатчина сарай-мұражайына сол кезде түскен деген болжам жасауға болады. Екінші суреттің сыртындағы жазуға қарағанда оған дейін аз уақыт «Граф Шуволовтың» жеке коллекциясында тұрақтағанға ұқсайды.

 

Міне осылайша, күнделікте айтылған сөздер бүгінде екі мұражайда екі бөлек тұрған картиналар туралы деуге толық негіз бар. 1874 жылғы басылымда сол картиналардан гравюра әзірленген. Тарихшылар жорамалын тәуелсіз сарапшылардың қорытындылары да растап отыр. Габитологиялық, яғни портреттік зерттеулер жөніндегі маман «алғашқы пастель (жұмсақ қарындашпен салынған салынған сурет) мен алғашқы гравюрадағы образдарда бір адам бейнеленген болуы мүмкін» деген, бірақ жазбаша берген кеңесінде «бұл ретте әңгіме адамның сыртқы келбетін шамамен бейнелейтін субъективті портреттер категориясына жататын бейнелеу өнерінің туындысы туралы болып отырғанын, портреттік сараптама фотосуреттерге ғана жасалатынын» құлағдар еткен. Әбілхан Қастеев атындағы Мемлекеттік өнер мұражайының директоры Бақыт Серәлиев пен аталған мұражайдағы Қазақстанның бейнелеу өнерін зерттеу жөніндегі ғылыми сектордың меңгерушісі, өнертану ғылымдарының кандидаты Әмір Жадайбаевтың сараптамалық тұжырымында алғашқы пастель мен он үшінші гравюрадағы бейнелердің «бір адам, яғни Кіші жүз ханы Әбілқайырдың бейнесі екені» көрсетілген. XVIII ғасырдағы пастельдік портреттермен арнайы шұғылданушы, мәскеулік өнертанушы Е.Г. Перованың жеке пікірінде былай дейді: «Пастель мен гравюрада бір адам бейнеленеген. Әсіресе, мұны Ералы хан образынан айқын аңғаруға болады. Тіпті гравюра пастельден алынған сияқты. Әбілқайыр хан бейнесі салынған екінші гравюра да иконографиялық көзқарас тұрғысынан қарағанда бір адам екені күмән туғызбайды. Гравюрадағы кейіпкер пастельдегіге қарағанда ересектеу көрінеді, сондай-ақ қатаң стилімен ерекшеленеді. Алайда оған гравюра техникасы себеп болуы әдбен мүмкін».

 

Қазақ ханы Әбілқайыр мен оның ұлы Ералы сұлтанның мұндағы түрлі-түсті бейнелері олардың гравюрамен жасалған бұрынғы образдарын айтарлықтай толықтырады. Техникалық ерекшеліктеріне байланысты гравюра бере алмайтындетальдар пастельмен салынған түрлі-түсті бейнеде біршама анығырақ бедергенген.Джон Каслдың пастелінде сезім мен көңіл-күй өте жақсы аңғарылады. Гравюрада Әбілқайыр образы беліне дейін көрсетілсе, түрлі-түсті портретте иығына дейін ғана қамтылған. Пастельде көзге ілінетіндей артық бөліктер жоқ. Онда хан әдеттегі қазақ шапаны мен үшкіл бөрік киген. Осы арқылы суретші ханның келбетіне назар аудартқысы келген сияқты. Өткір көз, сәл дөңгелек қас, селдір сақал мен мұрт – мұның барлығы да ханның ішкі жан-дүниесін танытуға ұмтылғанын байқатады. Бір қарағанда алдыңызда жас жігіт тұрғандай көрінуі де мүмкін. Ал жас сұлтан әкесі секілді кеудесіне дейін қызғыш-күлгін шапан мен жанында сызығы бар бөрік киіп, омырауына дейін күңгірт фонда бейнеленген. Ералының портреті арқылы Касл оның бозбала шағындағы бет-пішінін көрсеткен. Орнықты және тіпті аздап көңілсіз көзқарас, балалық ерін – мұның барлығы да суретші мен кейіпкер арасындағы орныққан өзара сенімді, бозбаланың мінез-құлқын береді. Күнделікте де Касл мен Ералының достық қатынасы туралы айтылады.

(Жалғасы бар...)

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға