Жаңалықтар

Шырайлы Шымкенттің саябақтары

Шаһар тұрғындарының сүйікті орындары
Шырайлы Шымкенттің саябақтары
Фото: Фотосуреттерді түсірген автор 21.08.2017 11:42 25562

Шымкенттегі Дендросаябақ, «Тәуелсіздік», «Жайлаукөл», «Қиял әлемі», «Абай», «Орталық», «Кең баба», «Жеңіс», тағы басқа саябақтар мен «Шәмші гүлзары», зообақ, қала тұрғындары мен қонақтарының сүйікті демалыс орнына айналған. Біз бүгін осы саябақтар жайында сөз қозғамақпыз.

Дендросаябақ

Жасыл желек жамылған дендросаябаққа ат басын бұратындар көп. Өйткені, жаздың аптап ыстығында жанға сая. Тыныштықты жаны сүйетіндер үшін бой сергітіп, таза ауамен тыныстауға таптырмас орын. Жап-жасыл. Құстардың сайраған үні жаныңды сергітеді. Шымкент дендрологиялық саябағы 1979 жылы белгілі қоғам және мемлекет қайраткері Асанбай Асқаровтың бастамасымен құрылған. Оған дейін қаланың бүкіл қоқысы мен қалдығы осы аумаққа әкеліп төгілетін. Бастамашы топ оларды тазалап, сырып, орнына жас шыбық қадап, көктеп-көгеруіне, жайқалып өсуіне бар күш-жігерін жұмсайды. Нәтижесінде, бірер жылда дендросаябақ бой көтерді.

Бұл дендросаябақ Оңтүстік Қазақстан өңіріне отандық және дүниежүзілік дендрофлора түрлерін интродукциялау, оларды сақтау, кешенді түрде зерттеу және тиімді пайдалану жолдарын анықтау мақсатында құрылған. Ағаш-бұта өсімдіктерін өңірімізде интродукциялауды жоспарлы түрде жүргізген алғашқы ғылыми мекеме болып есептеледі. Дендросаябақтың аумағы Қазақстан және Орта Азия зонасы, Еуропа, Қырым, Кавказ, Қиыр шығыс, Сібір, Шығыс Азия және Солтүстік Америка және көшеттерді өсіруге арналған көшеттік және көл деп 5 флористикалық аймаққа бөлінген.

О баста, ашылған сәтінде дендросаябаққа ағаштың 1360-тан астам түрі отырғызылса, бүгінде олардың 200-ден астам түрі ғана қалыпты. Дендросаябақтан елге есімі белгілі Дінмұхамед Қонаев, Асанбай Асқаров, Жазылбек Қуанышбаев, Ыбырай Жақаев, Нұрсұлтан Назарбаев, Шерхан Мұртаза, сынды біртуар азаматтардың өз қолымен отырғызған ағаштарын кездестіресіз. Бүгінде тал-дараққа айналған.

90 жылдары тоқырау кезінде күтімсіз қалып, жабайы тоғайға айналған саябақ 2009 жылы қайта еңсе тіктеді. Сол жылы облыс әкімі болған Асқар Мырзахметовтың қолдауымен «Шымкент мемлекеттік дендрологиялық саябағы» мемлекеттік коммуналдық қазыналық кәсіпорны болып қайта құрылып, қаржы бөлініп, абаттандыру жұмыстары қолға алынды. Су жүйелері, саябақ ішіндегі ішкі жолдар, атпен және велосипедпен серуендеу жолдары қалпына келтіріледі. Кіреберіс қақпасы қайта жөндеуден өтті. Осылайша тынығушылардың көрікті демалыс орнына қайта айналды. 

Дендросаябақта отау құрып жатқан жастардың сүйікті жеріне айналған «Жас жұбайлар» мен «Ардагерлер» аллеясы бар. Мұнда шаңырақ көтерген екі жас өмірінің ең бір шуақты  кезеңінен естелік қалу үшін фотосессия жасап, көпір үстіндегі темірге ырым ғып құлып тағып кетіп жатады. 

Жуырда жалпы аумағы 120 гектардай жерді алып жатқан саябаққа іргетасын өзі қалап, қаланың өсіп-өркендеуіне өлшеусіз үлес қосқан, Шымкент облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы қызметін атқарған Асанбай Асқаровтың есімі берілді.

Дендросаябаққа кіру құны –23 теңге.

«Жайлаукөл» саябағы

Шырайлы қаланың келбетін ту биіктен тамашалағыңыз келе ме, онда «Жайлаукөл» саябағына тартыңыз. Мұнда «Shymkent altyn eye» деп аталатын үлкен айналмалы аттракцион бар. Қала қонақтары мен тұрғындары 50 метр биікке көтеріліп, Шымкенттің келбетін айқын көре алады. Бұл айналмалы шеңберде 18 жабық кабина бір мезетте 108 адамға қызмет көрсетеді. Әрбір кабинада қыста жылу, ал жазда салқындататын арнайы желдеткіш орнатылған. Сол себепті қыстың салқын күндері де тоқтап қалмай, жұмыс істей береді. «Shymkent altyn eye»-ға міну құны – 500 теңге.

Алып әткеншектен бөлек бұл саябақта 22 ойын аттракционы бар. «Шытырман айна», «Су шары», «Кенгру», «Қызықты паравоз», «Сегізаяқ», «Тікұшақ», «Түймедақ» тағы басқа ойын аттракциондары саябаққа келушілердің қызығушылығын тудырады. Ал олардың бағасы 300-400 теңге аралығында.

Сондай-ақ, көл бетінде катамаран, қайықта тербетіліп, сырласып жүрген жастар көп. Көлдің дәл ортасында ғашықтарды «Махаббат аралы» шақырады. Мұнда орындыққа жайғасып, ас-суға тапсырыс беріп, романтикалық көңіл күйге бөленуге болады. 

«Тәуелсіздік» саябағы

Тәуелсіздігіміз бен ұлт­тық құндылық­тары­мыз­дың қадір-қасиетін танытатын саябақ ел тәуелсіздігінің 20 жылдығына арнап ашылған. «Тәуелсіздікке» «Алтын көпір» арқылы көтерілесіз. Қарсы бетте Қа­зақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздері алаңына қарсы алады. Рәміздер алаңы 2009 жылы салынды. 50 метр биіктікте көк ту желбіреп тұр. Тудың көлемі – 8 х 16 м. Ал найзалардың биіктігі –  25 метр.

Тап осы тұстан Шымкент алақандағыдай болмаса да, қаланың біраз бөлігі көрінеді. «Рәміздер алаңында» еліміздің картасы бейнеленген. Сондай-ақ Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев пен «Қазақстан Республикасының мемлекеттік Тәуелсіздігі туралы» 1991 жылғы 16 желтоқсандағы Қазақстан Республикасының Конституциялық заңынан үзінді жазылған.

Саябақтың дәл орта тұсында «Ел бірлігі» монументі орын тепкен. Шаңырақты 137 тіреу ұстап тұр. Бұл елімізді мекен еткен барлық ұлт өкілдерінің татулығын, ынтымағын бейнелейді. Ал саябақтың орталық ал­леясын бойлай граниттен жасалған тақ­тайшаларда еліміздің тәуелсіздік жылдарында болған ең елеулі оқиғалар жазылған. Жаттығу алаңы денеңді шынықтырса, классикалық және заманауи әндермен әуелейтін әуенді субұрқақ санаңды сергітеді.

2014 жылы «Тәуелсіздік» саябағының авторлары Асқар Мырзахметов, Бақытжан Әшірбаев, Насир Рустамов, Әмірхан Шүменов, Нұрлыжан Бөкебаев мемлекеттік сыйлықтың иегері атанды.

Саябаққа кіру – тегін.

Этносаябақ

«Қазына» этно-тарихи кешенінде орналасқан «Этносаябақтың» ел игілігіне берілгеніне көп уақыт өте қойған жоқ. Десе де қаланың у-шуынан, мазасыз тіршілігінен бір сәт бой жазу үшін мұнда ағылатындар көп. Жасыл желекпен көмкерілген баққа келушілердің көпшілігін әуенмен мың бұрала билейтін субұрқақ қызықтырады.

Ол күнделікті кешкі сағат 19:00 мен 22:00 аралығында қосылып, қала тұрғындарына керемет көңіл күй сыйлайды. Сәл жоғары көтерілсеңіз екі сарқырамаға көзіңіз түседі. Тау төбесінен құлап аққан судың сыңғырлаған үні жаныңызға тыныштық сыйлайтыны рас. Сонымен қатар «Этносаябақта» 20-дан астам тарихи-сәулет ескерткіштің макеті қаз-қатар боп тізілген. Түркістандағы Қожа Ахмет Ясауи, Отырар, Баба түкті Шашты Әзіз, Кемеқалған әулие, Арыстанбаб, Үкәш Ата, Қарашаш ана секілді киелі орындардың көшірмесі тарихқа терең бойлатады.  

Саябаққа кіру – тегін.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға