Жаңалықтар

Бектау ата: сұлулыққа табындырар қасиетті орын

Саяхаттауға шақырар мекен
Бектау ата: сұлулыққа табындырар қасиетті орын
13.06.2017 11:20 22955

Елімізде көрікті орындар көптеп кездесетінін ескерсек, бүгін біріміз біліп, біріміз естіп көрмеген Бектауа ата тауы туралы сыр шерпекпіз. Алыстан қарағанда мұнартып, ақ қаладай көрінетін тау Балқаш қаласынан 60 шақырым жерде орналасқан.

Ол оңтүстік-шығыстан солтүстік-батысқа қарай созылып жатыр. Таудың биік шыңы 1215 метрді құрайды екен. Аталған тауда адам өміріне қауіпті шатқалдар мен терең құздар кездеседі. Бектау атада өсімдіктің жүздеген түрін таба аласыз, оның кейібірі қызыл кітаптың тізімінде тұр. Халық аузында жүрген мынандай аңыз бар: «Бектау ата және Беғазы деген екі әулие болған. Олар қашып келіп, осы тауды панлаған».

Балқаш маңайын зерттеген ғалым П.Сарычев өз еңбегінде былай  дейді:  «Бектау ата – оңтүстік пен солтүстікті жалғас­тыратын нысана іспетті керуен жолдың бойында тұрған «шамшырақ». Оның ең биік төбесі Балқаш көлінің оңтүстік жағалауынан көрінеді. Көлдің астынан жарып шыққандай сұстиып тұрады және «бері тарт» дегендей ишарат білдіреді. Сол таудың астында үлкен үңгір бар. Ол мөп-мөлдір тұщы суға толы. Су бетінің деңгейі әрдайым бір қалыпты: жоғары көтерілмейді, төмен түспейді».

Таудың бұлай аталуына байланысты жиһангер Асан қайғының саяхаттап жүріп, таң ата бастағанда жұмбақ екі бәйтеректің өсіп тұрғанын көріп, бәйтерек өскен тауды «Бектау ата» атап кетіпті дейді. Бұл атаудың қайдан шыққаны туралы нақты ғылыми дерек жоқтың қасы. Ал халық аузында жүрген аңыз-әңгімелер жетерлік.

Тағы бір аңызда жауынан қашқан Атабек атты кісі осы таудағы үңгірге жасырынып қалады. Ары-бері іздеген дұшпандары оны таба алмай, кері қайтыпты. Құайдың құдіретімен сол үңгірдің ішінде мөлдір бұлақ пайда болған деседі. Сол бұлақтан шөлін қандырып отырған Атабек осылай аман қалған екен. Бұл орынды сондай-ақ, Әулие ата деп те атайды. Киелі жер болғандықтан осындай атауға ие болса керек.

Енді ауызша таралған дерекке тоқтала кетсек. Қазақстан өңірлеріне картография жүргізілген кезде Әулие ата атауының өзгеріп кететіндігінен қорыққан бір қария Бектау деп айтып жіберген дейлінеді. «Бек» деген сөздің өзі ерекше, тұлғалы мағынасында қолданғандықтан, таудың басқалардан өзгеше болғандығынан да осы атау лайық деп тапса керек.

«1993 жылы жарыққа шыққан көрген «Қазақ бақсы-балгерлері» деген кітаптың 43 бетінде «...Бектау-ата Бек ата, Бекіш-ата, қолдай кері...» деген бақсы сарыны бар. Мұндағы «Бектау-ата Бек ата» осы әулие болуы әбден мүмкін. Бұл жағы әлі зерттелмеген» – деп жазады Қ.Сәденов.

Бектау ата тауының батыс жағында саяхатшылардың назарын аудартатын үңгір бар. Үңгірдің ұзындығы – 45-48 метрдей. Ал кіре берістің биіктігі үш метрдей, ені болса бір жарым метрді құрайды. Үңгірге кіріп, ары жүре берсеңіз көлшікке тап боласыз. Суы мөп-мөлдір. Тау қуысы жоғарыға қарай, мұржа секілді тар тесік секілді айналып жерге шығады.  

Үңгірден 200-300 м төменірек әулие шошаласының орыны бар. Үлкендер ол шошаланың біраз ғасырлар бойы тұрғанын, ыдыс-аяқтар да қаз қалпында сақталғанын айтады екен. Кеңес үкіметі кезінде ол шошала құлатылып, ыдыстары сынып жоғалып кетті.

Бұрынырақ Бектау ата үңгірі ауруға шалдыққан адамдар, бала көтермей жүрген әйелдер басына түнеп, сыйынып, құрбандық шалып, көп келетін орын болған. Ал бүгінде саяхатшылар тамашалайтын мекенге айналып кетті.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға