КҮН ТӘРТІБІНДЕ – ҰЛТАРАЛЫҚ ҚАРЫМ-ҚАТЫНАС МӘДЕНИЕТІ

07.11.2018 756

Қазіргі жаһандану дәуірінде алуан түрлі ұлттар мен ұлыстардың өзара қарым-қатынасын қандай да бір саяси тетіктер арқылы реттеу мүмкін емес болып барады.

Тіпті, саясат ұлтаралық қатынастарды одан әрі шиеліністіріп жіберетін сияқты.

Сондықтан әлем халықтарының өзара қарым-қатынас мәдениетін қалыптастыру мәселесі бүгінгі күн тәртібінде өзектілігін жоғалта қоймас. Бүгінгі күн тәртібінде дегеніміз - соңғы онжылдықтардағы миграциялық дағдарыс.

Әсіресе, Батыс Еуропада бұл проблема өрши түсуде. Кезінде Францияда "мультикультурализм" идеясы жария етіліп, бұрыңғы африкалық отарларынан ағылған босқындарды еуропалықтардың өміріне бейімдеу саясаты іске асырыла бастаған еді. Бұл ел осы бағытта біршама жетістіктерге жеткен тәрізді болды. Дей тұрғанмен, бүгінгі таңда ұлтаралық татулық орнады, елге ағылып келген босқындар қысым көрмейді деп дөп басып айту қиынға соғады. Бұған дәлел - осыдан бірер жыл бұрын Франция қалаларында орын алған жан түршігерлік лаңкестік актілері.

Сырт көзге тату тәтті, ауқатты қоғамда осындай оқыс оқиғалардың орын алуы проблема толығымен шешімін таппағанын білдірсе керек. Яғни, түрлі ұлттардың бір-біріне деген көзқарасы өзгерген жоқ, қоғамда төзімділік жетіспейтіні байқалды.

Бұл ретте, ел билігі "мультикультурализм" саясатын жарияласа да, ұлтаралық "қарым-қатынас мәдениетін" толық қалыптастыра алмады. Себебі нағыз, шынайы бірлік пен татулық дәл осы қарым-қатынас мәдениетімен тығыз байланысты.

Кеңес Одағы ыдырап кеткен кезде, ойда жоқта тәуелсіздік алған республикаларда ұлтаралық қарым-қатынас мәселесі өте күрделі проблемаға айналды. Бірқатар елдерде тым қатты сезілмеген де болар, себебі оны мекен еткен халық құрамы бірқалыпты болған. Алайда, бірнеше республикаларда тұрғындарының этникалық құрамы алуан түрлілігімен ерекшеленді. Міне, сол елдерде ұлтаралық араздық мәселесі өрши түсті, тіпті, кей жерлерде қарулы қақтығысқа дейін барды.

Бақытымызға орай, Қазақстанды мұндай келеңсіз жәйттер айналып өтті. Қазіргі таңда біздің елімізде қалыптасып, нығайып, дами түскен ұлттық мәдениет ықпалдастығы бүкіл дүниежүзіндегі ұлтаралық қатынасты дамытудың негізіне айналды.

Тәуелсіз Қазақстан тарихы – бұл қиын-қыстау кезеңдерде ізгілік дәстүрлерін, ынтымақтастықтығын және өзара көмекті сақтап қалған, әрбір соққыға қарсы ұйысып, бірлік арқылы жеңген ұлттың тарихы. Себебі әрбір қазақстандық үшін Тәуелсіздік - бұл ең алдымен еліміздің ұлттық байлығын еселей түсетін, өскелең ұрпақты Отанға деген шексіз сүйіспеншілікте тәрбиелейтін барлық адамдардың жалпыға ортақ еңбегі. Осы идеялар қазақстандық қоғамның басты құндылығына айналды. Оған қоса Қазақстан Республикасы Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың саяси ерік-жігерінің арқасында біздің мемлекетте бүкіл әлемде кеңінен танымал қазақстандық этносаралық толеранттылық пен қоғамдық келісімнің бірегей үлгісі орнықты. Бірнеше жылдың көлемінде осы үлгінің негізінде ұлтаралық қарым-қатынас мәдениеті қалыптасты. 

Бүгінгі таңда ұлтаралық қарым-қатынас мәдениеті дегеніміз - тек қана өзара сыйласу емес. Қазақстандық қоғамда қалыптасқан рухани құндылықтар зайырлы мәдениетке, азаматтық қоғам нормаларына, білімге, еліміздің қоғамдық-саяси өміріне терең еніп кетті. Көпұлтты және көпконфессиялы қоғам Қазақстанның даму стратегиясының ресурсына айналды. Бейбітшілік пен татулықты нығайту, діни төзімділік, қайырымдылық, жалпыұлттық сананың, мұраттың қалыптасуына, жалпы азаматтық және демократиялық құндылықтар негізінде қоғамның ұйысуын қазіргі таңда ұлтаралық қарым-қатынас мәдениетіне жатқызуға болады. Қазір еліміздің алдына қойылып отырған үлкен мақсат - барлық тұрғындар үшін ортақ құндылықтар мен қағидаттар жүйесін тануға бағытталған бірлікке жету болып табылады. Халықтың бірлігі – Қазақстанның барлық жетістіктерінің кілті. Мұны бүгінгі таңда ел тұрғындарының дені бойына сіңірген десек артық айтқандық емес.  Бейбітшілік пен тұрақтылық – күн сайынғы еңбекпен қорғап, нығайтуды қажет ететін жалпыхалықтық жетістік. Көзі ашық, көкірегі ояу азаматтарымыз мұны жақсы түсінеді. Сондықтан болар, бүгінгі таңда Қазақстан ұлтаралық татулықты сақтап, ұйытып отырған бірегей мемлекет ретінде дүниежүзіне танылып, өзгелерге үлгі болатындай дәрежеге жетті.

Бұл ретте Елбасымыз, Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың ерең еңбегін елемеу мүмкін емес. Оның бастамасымен Қазақстан халқы Ассамблеясы құрылды. Сол Ассамблея аясында көптеген ұлттық-мәдени орталықтар жұмыс істеп келеді. Осы орталықтар ұлтаралық қарым-қатынас мәдениетін қалыптастыруда айрықша роль атқаруда. Себебі солардың арқасында алуан түрлі ұлт пен ұлыстардың салт дәстүрі, мәдениеті насихатталып, барша халықты төзімділікке, өзге құндылықтарды құрметтеуге тәрбиелейтін іс-шаралар кеңінен насихатталып отыр.

Жасыратыны жоқ, әрбір айтулы дата сайын ұйымдастырылатын дүйім шаралар кейбіреулердің көңілінен шықпай қалуы да ықтимал. Бәлкім, біреулер мұны ысырап деп қабылдауы мүмкін. Алайда, түрлі себептермен, тіпті, себепсіз де әр ұлт өкілдерінің басын қосу, ортақтасып мәдени іс-шараларға араластыру - бұл да халықтардың бір-бірін сыйлауға, құрметтеуге тәрбиелейтіні сөзсіз.

Бұл құндылықтардың барлық түрін ашатын шаралар ұлттық тарих пен мәдениетті дамытуға және зерттеуге, тарихи сананы нығайтуға, мәдениеттердің өзара сабақтастығын, мемлекеттік тілдің әлеуметтік және коммуникативті түрлерін күшейтуге, әлемдік қоғамдастықтың интеграциялық құралы ретінде ағылшын тілін үйренуге, орыс тілін сақтауға, этностардың тілін дамытуға бағытталуы қажет.

Демек, ұлтаралық қарым-қатынас мәдениетін қалыптастырудың қазақстандық моделі бүгінгі таңда ең тиімді әрі нәтижелі болып табылады. Себебі жоғарыда атап өткеніміздей, бұған дейін бірнеше дамыған мемлекеттерде мұндай құлшыныстар болғанымен, айтарлықтай нәтиже бере қойған жоқ. Ал, қазіргі таңда одан бас тарту идеялары көп тарала бастады. Бұл орайда Қазақстан тәжірибесінің дүниежүзіне кеңінен таралуы аса маңызды екенін ескерген абзал сияқты.      

Асан ҚАЛИАХМЕТ

 

Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Қазақстан халқы Ассамблеясы порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Авторизация бойынша ank_portal@assembly.kz мекен-жайына хабарласыңыз.